• Ақпарат
  • 15 Қыркүйек, 2022

Ауған соғысы ардагерлері студенттермен кездесті

Кеңес-ауған соғысының аяқталғанына да 33 жыл толыпты. Бұл соғысқа 22 мыңнан астам қазақстандық аттанып, олардың мыңға жуығы соғыс даласында ажал құшқан. 21 адам із-түссіз жоғалғандардың санатында. Елімізде осы күні есепте тұрған ауған соғысы ардагерлерінің ұзын саны 18 мыңға жетіп жығылады.

Сол ардагерлердің бірі – Болат Құрамысов. Ол қазір Наурызбай аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесін басқарады. Болат аға Алматыдағы Жазушылар кітапханасында өткен кездесуде студенттерге өзінің соғыста басынан кешкендерін әңгімелеп берді. «Мен авиация саласында қызмет еттім. Бізді ол жаққа аяқ асты жіберді. Ол жаққа бара жатқанымызды бастапқыда ешкім айтқан жоқ. Шыжыған күннің астындағы таулы далаға жеткенде ғана, Ауғанстанға келгенімізді хабарлады» дейді ол. Алайда, ол соғыста көрген қиындықтарына еш өкінбейтінін, қайта шыңдала түскенін айтып, ағынан жарылды.

Студенттердің бірі ол кісіден отан алдында әскери борыш өтеудің маңыздылығы туралы сұрағанда, Болат Әнуарбекұлы «Наполеонның мынадай сөзі бар «Өз елінің армиясын асырай алмаған ел өзге елдің армиясын асырауға мәжбүр болады» деген. Сендер сияқты азаматтар борышын өтемесе елдің жағдайы қандай болмақ? Әскерде әлімжеттік бар екені рас. Бірақ соған бола елді қорғау міндетінен бас тартуға бола ма? Демократиялық елдердің бәрінде кәсіби әскер бар. Сондықтан әскери борышты өтеу – әр азаматтың парызы» деді ауған соғысын басынан кешкен ардагер.

Ауған соғысының тағы бір ардагері Әмірбек Шиырбаев та қаладағы колледждердің біріне бас сұғып, ондағы студенттермен өз тәжірибесін бөлісті. Оның айтуынша, солдаттар ауған соғысынан әртүрлі көңіл-күйде оралған. Бірі мемлекеттік қызметте өссе, бірі денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалған, енді бірі тасы өрге домалап ісіне береке қонса, енді бірі ішімдікке салынып кеткен. Ал Әмірбек ағаның өзі қазір кәсіпкерлікпен айналысады екен. «Осы уақытқа дейін әртүрлі қызметтер атқардым. Тіпті қорықшы да болдым. Әрекет еткен адамның ісінде берекет болады. Кейде қайырымдылық жұмыстарымен айналысып, демеуші де боламын», – деді ол.

«Қаһараман ұрпақ» ұйымының төрағасы Арман Арынханов та соғыс ардагері. Айтары көп азамат болғандықтан, ол да жастардың алдына келіп өз ойын ортаға салды. «Қарап отырмын мына жерде бәрің ер азаматсыңдар. Мына ел, жер бәрі болашақта сендерге аманат болады. Сол себепті қазірден бастап сендер мықты жігіт, маман, ең бастысы қайсар, саналы адам болуларың керек» деп өсиетін білдірді.

Айта кетейік бұл кездесулердің барлығын Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық борыш» жобасы аясында «Social project management» орталығы ұйымдастырды.

1515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы