• Ақпарат
  • 21 Қыркүйек, 2022

Ауған соғысы ардагерлері өз ойларын ортаға салды

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Ауған соғысының тарихына арналған конференция өтіп, өзекті мәселелер ортаға салынды. Ауған соғысы ардагерлерімен қатар тәжік-ауған қақтығысына қатысқан ардагерлер, офицерлер, жастар бас қосқан жиынды тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан жүргізді. «Құрметті, конференцияға қатысушы қонақтар, кеңес-ауған соғысының тарихқа түсірген таңбасы әлі толық зерделеніп болған жоқ. Кеңес әскері онда ауған билігінің сұрауы бойынша кірді. Бір жылда аяқталады деп болжанған соғыс он жылға созылды» деді модератор. Ол конференция басында жиналғандарға ауған соғысы тарихына қатысты жасаған презентациясын таныстырды.

Алғашқы болып сөз алған Ауған соғысы мен өзге де әскери қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектерін үйлестіру кеңесінің төрағасы Мурат Абдушукуров өз сөзін жастарға қарата айтты. «Сол кезде Ауғанстанға аттанған солдаттар өздеріңіз сияқты небәрі 18-20 жастағы жігіттер еді. Оларға паркке барып қыдыру, кинотеатр көру, демалу арман болды. Денсаулығымен қатар жастық шақтарын құрбан қылды. Көбі елге мүгедек болып оралды» деді ол. Одан кейін сөз кезегі Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, толыстағы полковник Мұхамеджан Тоқтағұлға тиді. «Жауынгерлік рух қазақ халқының бойында әуелден бар. Біздің тарихта не көп соғыс көп. Соңғы үш жүз жылда 392 рет көтеріліс жасаппыз. Кеңес өкіметі не себепті 22 мың қазақстандықты Ауғанстандағы соғысқа аттандырды. Себебі ол жақтағы тау-тасқа, ыстық күнге қазақстандықтар мен ортаазиялықтардан басқа ешкім шыдай алмайтын еді. Міне, талай ғасыр батырлығымен әлемді таң қалдырған қазақ жігіттері бұл соғыста да асқан ерлік көрсетті. Солардың бірқатары арамызда отыр» деп, полковник ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп қойды.

Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектерінің басын қосатын «Ардагер» қоғамдық одағының өкілі Жұмат Құнанбайдың айтуынша қазіргідей саяси ахуал күрделі заманда әр азамат азаматтық борышына жауапкершілікпен қарау қажет. «Мемлекет мен үшін не істей алады демеңдер, мен мемлекет үшін не істей аламын деп өз өздеріңе сұрақ қойыңдар» деп ардагер жастарға ақыл айтты.

Конференцияға тәжік-ауған соғысына қатысқан ардагерлер де келгенін жоғарыда жаздық. Еске алар болсақ, 1992 жылы Тәжікстанда азаматтық соғыс тұтанып, ол соғыс тәжік-ауған қақтығысына ұласып, ол жаққа басқа мемлекеттермен қатар Қазақстан да бітімгершілік күштерін аттандырған еді. «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қоры сол қақтығысқа қатысқан жауынгерлердің басын біріктіріп отырған санаулы ұйымдардың бірі. Қор төрағасы Арман Арынханов «Бұл конференцияның мақсаты не деп ойлайсыздар?», деп ортаға сұрақ тастады. «Бұл конференцияның мақсаты – соғыстың қасірет екенін түсіндіру. Бірақ қауіпсіздік мәселесі әрқашан бірінші орында тұруы керек. Біздің кезімізде әскерге бармаған жігіттерді қыздар менсінбейтін. Қазір бәрі өзгерді. Құндылықтардың орны ауысты» деді ол.

Айта кетейік, конференцияны Алматы Қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық борыш» жобасы аясында «Social project management» орталығы ұйымдастырды.   

3774 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы