• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

«ТҮГЕЛ ТҮРКІ ЖИНАЛЫП, ТОМСЕНГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙСАҚ...»

«Ана тілі» газетінің өткен №31, 33, 35, 36, 38 сандарында жоғарыдағы тақырыппен шыққан мақалаға қатысты даниялық ғалымға ескерткіш қою қолдау тауып, қызу талқыланды. Бұл жолы да ғалым тарихқа қатысты маңызды деректер келтіріп, орынды ойлар айтты.   

ТАҢБА МЫҢДАҒАН  ЖЫЛДЫҚ АҚПАРАТТЫ САҚТАУҒА ҚАБІЛЕТТІ

«...Ұлы Теңрі: «Менің бір тайпа қосыным (әскерім) бар, оларды күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді1 соларға қарсы саламын» депті.

Бұл жай олардың (төрүктердің) басқа жұртқа қарағанда үстем екендігін көрсетеді. Сондықтан да Теңрінің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең әуесі таза шұрайлы өлкелеріне орналастырған да, оларды «өз қосыным» [«өз қолым»] деп санаған. Оның үстіне түріктер [төрүктер] көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие» (Қашқари Махмұт. Түрік [Төрүк] тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ат-түрүк). I том. /қазақ тіліне аударған А. Егеубай. – А., «ХАНТ», 1997, 408-б.).

Демек, XI ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқари дерегі бойынша төрүк ұлысы Дүниенің Жаратылуынан бар екендігіне куәлік береді. Теңрінің төрүк жұртын қосынына балауы, бейнелі тілмен қолы екендігін меңзеп тұр. Жасаған Иенің сол сенімді қолы төрүктерге жердегі ұлыс арасындағы бекзаттық тәртіпті қадағалау миссиясы жүктелгенін еске салады. Теңрінің өзі төрүк деп ат беріп, орналастырған ең биік жері «Теңрітағ таулары» екенін, жалпы, осы ақпарат астарын Халел Досмұхамедұлы «Диуани лұғат ат-төрүк» атты мақаласында айырықша мән беріп, шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысудың сәті туған шақта үлкен еңбек жазбақ ниетін білдіреді (Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. (Избранное). – А.: Ана тілі, 1998, 160-162-беттер). Жер-су атауларын арнайы зерттеген география ғылымының докторы Эдуард Макарович Мурзаев «Ішкі Азиядағы түріктілдес халықтар ежелден бұл тауларды Алатау немесе Алатоо және сирек те болса Теңрітағ – «Аспан тау» деп атайды. Оның басты шыңы Хан-Теңрі – «көктің ханы» атауымен салыстырыңыз. Сондықтан қытайша Тянь-Шань сөзінің тұлғалық пішіні төлтума нұсқасы емес, төрүктің Теңрітағ атауының көшірмесі (калькасы) екендігін мойындаған жөн» (Мурзаев Э.М. Очерки топонимики. – М.: Мысль, 1974. – С. 221.), – деп пайымдайды. Рухани мәдениетіміздің білгірі, академик Әлкей Хақанұлы: «... Алтай, Қанғой тауларында мәдениеттің қанша бай дүниесін қалдырса, ғұндардың көп жебелеген көркем өлкесінің бірі Теңрітау, бергі кезде Алатау, қытайлар оны өз тіліне аударып, Тянь-Шань деп атаған...» (Марғұлан Әлкей. Ежелгі жыр, аңыздар: Ғылыми-зерттеу мақалалар... – А.: жазушы, 1985, 29-б.), – дейді. Орыс тарихшысы Н.М. Карамзин еңбегінде төрүктекті ұлыстарды торки дейді (Қараңыз: Карамзин Н.М. История государства Российского в 12 томах. Том 1. М.: 1989). Бағзы руна жазба мұраларымызда төр сөзінің мағынасы – үкімет ұғымын білдіреді. Бүгінгі моңғол тілінде «төр» лексемасы үкімет мағынасында қолданылады. Араб шапқыншылығынан соң төлтума төрүктік бірсыпыра  рухани сөздерді тілімізде қолдануға цензура тиым салды. Қазақта құрметті, елге сыйлы, ардақ тұтқан азаматын, қадірлі ақсақалын төрге шығару әдебі бар. Тәңірдің ұлысқа төрүк деп ат беруінде ойланған жанға ерекше мән бар екен. Тіліміздегі этникалық түрүк атауы мықты деген мағынаны білдіреді. Ал түркі тілі, түркі мәдениеті дегендегі түркі атауы кеңестік отаршылдық дәуірде енгізілген жасанды термин. 

Зады, жазу мәдениеті – өркениеттің белгісі. Жазуы бар халық пен жазуы жоқ халықтың арасы жер мен көктей. Өзіне тән жазуы бар ұлт – жасампаз, ал біреудің рухани игілігін пайдаланатындар «дайын асқа тік қасық» масыл халық саналады. Демек, Вильгельм Томсен төрүктің рухани жасампаздық қуатын дәлелдеді.  

Британ археологтары Ниневиидегі үлкен кітапхана орнында жүргізген қазба жұмыстары кезінде сақталған он екі қыш тақта табады. Тәураттан мәлім жер бетін топан су басқанда адамзат пен аң-құс, жан-жануардың тұқымын жойылып кетуден аман сақтап қалған Нұқ пайғамбар кемесі туралы мифтік аңыз-әңгіме бар. Осы мифтік сюжеттің желісі ежелгі Шумер мәдениетіне тән қыш тақтаға сына жазуымен жазылған Гильгамеш [Білгемеш] эпостық жырынан алынғандығын, Тәуратпен салыстыра зерттеу нәтижесінде Британ музейінің қызметкері Джордж Смит тұңғыш рет нақты деректермен дәлелдейді. 1872 жылы Джордж Смит сынған тақталардағы Гильгамеш (Білгемеш) эпостық жырының конструкциясын қалпына келтіру барысында, он бірінші тақтадағы бір фрагментті толықтыратын мәтіннің 13 жолы жетпейтінін анықтайды. Ол «Дейли Телеграфпен» қазба жұмыстарын жүргізуге Ниневииге экспедиция құрамында аттану шығынын қаржыландырудың орнына, табылған сенсациялық жаңалықты басылым бетінде жариялауға алдын-ала келісімшартқа отырады. Смит ­Ниневи­­иге барып, санаулы күннің ішінде қыш тақтаның жетпей тұрған фрагментін тауып, жыр мәтінінің 17 жолын толықтырады. Өз бетімен сына жазуының құпиясын игерген тынымсыз ізденістің нәтижесінде Джордж Смит, топан су туралы мифтік сюжеттің ежелгі еврей нұсқасы, Вавилон нұсқасына негізделгенін дәлелдеп шығады. Осы жаңалық ғылым әлемінде теңдесі жоқ Ұлы оқиға болды. Джордж Смит есімі күллі Жершарына жайылды.

Египет иероглифінің құпиясын ашқан Жан Франсуа Шампольон, Америкадағы майя тайпасының жазуын дешифровка жасаған Юрий Валентинович Кнорозов, осылармен бір сапта Вильгельм Томсен есімі де ғылымға баға жетпес үлес қосқан, қадау-қадау даналар қатарында аталады. Бағзы дәуірдің жазуын білу арқылы ғалымдар адамзат қоғамының рухани өсу, дамуына байланысты алуан түрлі ақпараттарды айқындау мүмкіндігіне ие болады. Соның нәтижесінде сол географиялық ортада өмір сүрген аборигендердің таным-түсінігі, мінез-құлқы, наным-сенімі, қоршаған табиғатпен қарым-қатынас мәдениеті, кәсібі мен шаруашылығы, мекенжай тұрағы мен баспанасы, тілі мен ділінің ерекшелігін сипаттайтын маңызды деректер жинақталады. Бұл зерттеулердің құндылығы сол аумақтағы автохтонды халықтың  генетикалық заңды жалғасы саналатын бүгінгі  ұрпағының тілі мен этнографиялық тұрмыс-тіршілігін тереңірек игеруге септеседі. Міне, жоғарыдағы ғылым тарихында өшпес із қалдырған жарық жұлдыздар еңбегі – сол салада жаңадан қуатты серпіліс туғызған ізгіліктің бастау бұлағы болды. Ғасырлар қойнауындағы материалдық-рухани қазынаның бойына бүккен жұмбақ астарын ашып, мылқау дүниеге тіл бітіру, сөйлетуден асқан даналық, жасампаздық бола ма, сірә?!

Шындығында, Вильгельм Томсеннің Орқұн өзені бойынан табылған Күлтегін руникалық тасбітігінің мәтінін тұңғыш рет оқып, оның құрамындағы дыбыс таңбаларының саны мен артикулляциялық-акустикалық жуан-жіңішкелік белгілеріне сәйкес фонетикалық жүйесінің классификациясын жасап және әрбір таңбаның төрүк тілдеріндегі үндестік заңына қарай сөйлеу тактісіндегі комбинациялық орнына байланысты мағынасын айқындаған. Демек, жазу үдерісіндегі дыбыстың тиісті бинарлық жұбына байланысты таңбалануы мен орфографиялық заңдылығына қатысты қыр-сырын ашып берген. Бұл әлемдегі бізге мәлім жазу үлгілерінің ешбіріне ұқсамайтын, салыстырарлық аналогы жоқ емле жүйесі екеніне тәнті боларлық құбылыс.

Қысқасы, дат оқымыстысы Вильгельм Томсеннің төрүк руника жазуының сиқырын күллі төрткүл дүниеге мәлімдеуі – төрүктекті ұлт пен ұлыстардың ғылымы мен өнерінің, тілі мен дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының дамуына игі ықпал еткен және төрүк өркениетінің мүлдем зерттелмеген жаңа бір қатпар қабатын ашуға жол салған орасан зор жаңалық болғаны ақиқат. Сондай-ақ бұл төрүктекті ұлт пен ұлыстың тұтынған тарихи төлтума жазуы мен діни наным-сенім ұстанымын анықтап берді. Ендеше, осы архаикалық тас бітіктен бүгінгі электронды жазу мәдениетіміз аралығындағы уақыт кеңістігінде, төрүктекті ұлт пен ұлыстың рухани-заттық жасампаздығының даму динамикасын сипаттайтын ақпарат қордаланған. Вильгельм Томсен арқылы төрүк жұрты ежелгі ата-бабаның рухани мұрасымен қауышып, оны тереңдетіп зерттеу жасауына қызығушылығы оянды. Ғұлама ғалым төрүктекті ұлт пен ұлыстың этникалық тарихи танымының үзіліп қалған сабақтастық тінін жалғастыруына себеп болды. Төрүктекті этностың беймәлім болып келген өткен шағына, көрші қонған елдермен арадағы бейбіт қарым-қатынас, жаугершілік шапқыншылықтар, жер-су атаулары, алыс-беріс, жат жұрттардың аттары, жүргізген саясаттары хақындағы мәліметтер ұлттық өз пайымдауымыз бен пікір сабақтауымыз үшін өте маңызды. Төрүк руника пішігі күллі төрүктекті ұлыстардың рулық таңбалары мен белгілерінен құралған. Ендеше, руника пішігі – барша төрүктекті этностың ортақ мәдениеті екені шүбәсіз. Жалпы, ру сөзінің түп-төркіні «ұрұғ» ұғымынан қалыптасқан бір атадан тараған ұрпақ дегенді білдіреді. Яғни «руна» терминдік атауының табиғаты төрүк тілінің төл сөзі. Сол сияқты «пішік/бічік» ұғымы жазу дегенді білдіретін атау. «Жазу/иазу» лексемасы мәтінді мәңгілендіру, яғни ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтау барысында қатты затқа, көбіне табиғи тасқа, сүйекке, ағашқа, түсті металға бәдіздеуге дайындар алдында тұтынатын материал бетінің кедір-бұдырын тегістеп, жазу үдерісінен қалыптасқан пішік сөзіне мәндес, синоним сөз. Араб шапқыншылығы заманында пішік сөзінің орнына жазу атауы белсенді қолданысқа түсті. Пішік ұғымынан орыс тіліндегі «пишу» термині қалыптасты. Демек, бағзы төрүктің рухани жазба мәдениетінің дәуірлеп, шарықтаған шағындағы дүмпуі Еуроазия кеңістігіне, шекаралас орыс, табғаш, монғол тіліне жойқын ықпалын тигізуі табиғи құбылыс. Солай бола тұра, патшалы Ресей мен кеңестік қызыл империя Вильгельм Томсеннің соқырға таяқ ұстатқандай дәлелді тұжырымына қарамастан, төрүктекті ұлттар мен ұлыстарды «жазуы жоқ халық» санатына қасақана қосып, «идеологиялық ғылыми қисындап» тарихи адастыруға ұдайы тырысты. Кеңестік қызыл империяның құлауымен төрүктекті ұлттар мен ұлыстарды «пішігі, яки жазуы жоқ халық» санатына қосқан «идеологиялық ғылыми қисынның» күлпаршасы шықты.

Таңбатану – зияткерлік өре мен терең жан-жақты білімді, білімпаздық қабілетті қажет етеді.

Таңба композициясы – таңылған ойды білдіру мен ақпарат беретін байырғы төрүктердің графикалық пішіні.

Таңба – этникалық ұрығтың, яки рудың меншігі мен аумақтық шекарасын айқындайтын төлқұжаты.

Таңбатану ілімі, яки руна ­концепциясы – заманауи цифрлы технологияның, инновациялық жаңалықтың негізі.

Бір ғажабы, руна пішігі қанға жазылатын генетикалық код. Төрүк руна пішігінің табиғаты – төрүк ұлты мен ұлысының рулық таңбаларынан құралған. Мәселен, қазақ, түрікмен, башқұрт, татар, қарақалпақ, байырғы түрік пен ұйғыр, тағысын тағылар. Соның ішінде басым бөлігі қазақ құрамындағы рулық таңбалар. Демек, бағзы руна пішігіне күллі төрүктекті ұлт пен ұлыстың рухани үлесі бар дегенді меңзеп тұр. 

Таңбаның қалыптасқан мағыналық және ақпараттық тұрақтылығы, өзгер­мейтін консервативтік қырымен ерек­ше­ленеді. Сондықтан таңба мыңдаған жылдық ақпаратты сақтауға қабілетті. Таңба адамзат мәдениетінің жетістігі ретінде ежелгі көшпелі төрүктердің ұлығ жасампаздығы саналады. Бұл белгі­лердің криптографиялық астарында өте құнды ақпарат қабаты сақталған. Демек, бұл таңбаның кодталған, яғни шифрленгендігін, құпия жұмбақтал­ған­дығының белгісі.

Вильгельм Томсеннің ежелгі төрүк руна пішігінің сыр-сипаты мен құпия жұмбағын шешіп, бірінші оқуы – ғылыми әлемді дүр сілкіндіруі заңды құбылыс еді. Өйткені төрүк өркениетінің құдіреті – ғұндар дәуірінде күллі Еуропаны рухани ағарту миссиясының құралы болғаны анық. Бүгінгі дүниежүзіне танылған алдыңғы қатарлы Еуропа жұрты рухани ағарғаннан соң, руна пішігін үлгі-өнеге тұтып, өздерінің грек, латын алфавитін түзді. Сондықтан жыл санауымыздың X ғасырынан былай сыртқы күштердің, соның ішінде семиттердің Орта Азия, Қазақияға отаршылдық жойқын шап­қыншылығының зардабынан, төрүктекті ұлыстардың тарихи жадынан өшірілген руна пішігін, Вильгельм Томсеннің, іле-шала В.В. Радловтың алғаш оқуы – бұл рухани мәдениеттің олардың тарихи санасына әбден сіңгендігінің айғағы еді.

Сонымен Вильгельм Томсен төрүк жазуы мен өркениетін ғылыми тірілткен ұлығ есім. Төрүктану ғылымының қалыптасуы Вильгельм Томсеннің төрүк рунасын дешифровка жасаған еңбегінен бастау алады. Адамзат мәдениетінде Вильгельм Томсен есімі атала қалса, төрүк жазуы мен өркениетін қайтадан жаңғыртқан ғылыми ерлігі көпшіліктің көкейінде тұра қалады. Ендеше, дат ғалымы Вильгельм Томсеннің төрүктекті ұлт пен ұлыстың рухани-мәдени кеңістігіндегі орны айрықша елеулі. Елімізде ғалым атын ұрпақ санасында мәңгі сақтайтын іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Біз Вильгельм Томсен есімін лайықты ардақ тұтып, төрүк жазуының құпия сыр-сипатын шартарапқа мәшһүр еткен 25 қараша күнін жыл сайын атап өту парызымыз. Әсіресе «қазақтың төлтума жазу мәдениеті, тарихы жоқ» деп беталды байбалам салып, жалған беделқұмарлықпен популизммен ұпай жинауға әуес жауларымыздың арам ниетіне тосқауыл қоюға «Төрүк жазуы күнін» атап өтудің мән-маңызы ерекше. Әрі ол ұрпақ санасын тәрбиелеудің құралы болар еді. Егер төрүктекті ұлт ­республикаларында Вильгельм Томсеннің ғылыми ісін жалғастырып, жалпы білім беретін орта мектептен жоғары оқу орындарында руна пішігінің қыр-сырын түсіндіретін оқулықтар мен оқу құралдары, түрлі әдістемелік технологиялар арқылы арнайы пән жүретін болса, болашақ ұрпақтың жазу үлгісін таңдауы мен қалауы атажазуына ойысары сөзсіз ақиқат. Бағдарламаға енуге тиісті руна пішігіне машықтанатын шәкірт буынның флешмоб акциясы – жас өскін ұрпақтың отаншылдық сана-сезімін түйсінтетін аса тиімді әдіс. Өйткені зерделеген ­идеяны қолмен синхронды қағазға таңбалау үдерісі мидың жасуша нейрондарын оятып, ой қызметін жақсартады. Ата жазуды игерудің нәтижесі – тарихтың бұралаң жолында тарыдай шашылған төрүктекті ұлт пен ұлыстың рухани бірігуіне, тұтас саяси күшке, әлеуметтік кемелденген озық мемлекеттерге айналуына негіз болмақ. 25 қараша халықаралық «Төрүк жазуы күні» ретінде ресми бекітілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Алматыда, Елордада, облыс орталықтарында Вильгельм Томсенге көше, даңғыл аттарын беріп, көрікті мүсін ескерткішін орнату ұлттық парызымыз. Бұл рухани оқиға ұлығ ғалым Вильгельм Томсен алдындағы иісі төрүктің қасиетті борышы. Сондай-ақ  Дания мемлекетімен арадағы достық, әріптестік байланысқа дәнекер боларлық ізгі қадам.

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

төрүктанушы ғалым

1166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы