• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

СОҢҒЫ ХАННЫҢ АМАНАТЫ НЕМЕСЕ ТЫНЫШТЫ АЛҒАН КИЕ. СЕРТ. РУХ

Кеше ғана Алматыдағы Ұлттық кітапханада тұсауы кесілген «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның авторы, белгілі жазушы, халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлымен шағын сұхбат. 

– Роман жазудың өзі көп уақытты қажет етеді. Сіз «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясын жазуға қанша уақыт жұмсадыңыз?

– Кітаптың кейіпкерлері жөнінде ұзақ жылдар бойы ой кешіп жүрдім. Ал отырып жазумен алты жыл арпалыстым.

– Жазу үстінде ләззатты жағы көп болды ма әлде қалам жүрмей қиналған кездер жиі ұшырасты ма?

– Жаның сүйген ісіңмен шұғылдану – азапқа сала қоймайды, титықтап шаршағаныңның өзінен қуат аласың. Мұнда қалжырасаң, кейде тығырыққа тіреліп, ұштығын таба алмай қойғанда қара тұяқтан хәл кетіп, қалжырайсың. Қалам жүрмей «қамалу» әрі-сәрілікке ұрындырады. Ондай сәттер болмады дей алмаймын.

– «Қылыш үстінде серт жүрмейді» деген сөз бар еді, кітаптың аты неге «Семсер жүзіндегі серт»?

– Ол кезде жауынгер бабаларымыз бүкіл сертін қылыштың жүзін сүйіп бекіткен екен. Кенесары да қылыштың жүзін сүйіп, елінің азаттығын қорғауға атқа қонады. Ал басы шабылар сәтінде ол «Бірақ сендер астымдағы атымнан, қойнымдағы қатыннан, алдымдағы асымнан, иығымдағы басымнан айырсаңдар да, бойымдағы қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар! Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» деп, қалың дұшпан ортасында ұрпағына Тәуелсіздік жөнінде аманат қалдырды. Романның «Семсер жүзіндегі серт» деп аталуы сондықтан.

– Кенесары тақырыбы қиын та­қырып, солай бола тұра оған қалай келдіңіз?

– Мен Кенесарының есімін алғаш рет ата-анамның аузынан 9 жасымда естідім. «Жауға шапқанда жарықтықтың атының басы мен жалы ғана көрінеді екен» деді. Басқа тұлғасы жоқ. Ақылыма сыйдыра алмай «неге көрінбейді?» дедім. «Кие ғой, балам, сырт көзден қорғаштап бара жатқан» деді анам. Сосын үнсіз отырып қалдым. Көзіме құба түзде заулап, жұлдыздай аққан аттың басы мен желбіреген жалы елестеді. Ғаламат көрініс біржола көкейімде қалып қойды. Осы мифтік елес мені ұдайы Кенесары ханның бейнесіне алып кеп отырды. Ақыры қолыма қалам алдым. Қазақтың соңғы ханының ұрпағына қалдырған аманаты мені тыныштандырмады. Кие, Серт, Рух қалам алмасыма қоймады.

– Қазақ әдебиетінде роман жанры азайып, трилогия деген тіпті тоқтап тұр еді. Кейбір қаламгерлер әңгімесін хикаят, хикаятын роман деп жүр. Мына үш томдық романда қандай жаңалық бар?

– Мен жазуды өзіме парыз етіп алған шығарманы бітірдім. Бітірдім де, халықтың қолына ұстаттым. Патша көңілді оқырман талғамының таразысына тартып, өздері бағасын бере жатар. Сол кезде жаңалығы болса, жақсылығы болса, айтылмай қалмас.

– Кітаптың тұсаукесерінде «шығарманы қолжазбадан оқыдым» деген адамдар көбіне сөз алды. Жазу барысында кеңесіп, қолжазбаны көрсетіп отырған адамдарыңыз болды ма?

– Әлбетте. Қолжазбаны белгілі адамдарға ұсынып, пікірін біліп отырдым. Олардың қатарында қазақтың көрнекті қаламгері Төлен Әбдікұлы, Шәрбану Қонақбайқызы, ақын Ғұсман Жандыбай, жазушы Мамытбек Қалдыбайұлы, Жұмабай Шаштайұлы және өз әріптесім Президент Әкімшілігінде істейтін Бөкейхан Қожабекұлы, ғалым Дүкен Мәсімханұлы және Абай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қайрат Сабырбай сияқты азаматтар бар. Олардың біраз ескертпелері мен ұсыныстарын қабылдадым. Кейбір ағаларым мен інілерімнің қолы тимей, оқымағандары да бар.

– «Семсер жүзіндегі серт» қазақ әдебиетінің биылғы жылғы жаңалығы деп есептеймін. Осы уақытқа дейін әдебиеттегі айтылмаған тақырып, күлбілтелеп жеткізудің аясынан шығып кеткен тәрізді.

– Бұл кітап Кенесары ажалын көтере отырып, қазақ пен қырғыз арасында араздықты қоздыру мақсатында жазылмаған. Керісінше екі елдің ортақ трагедиясын көрсетуге арналған. Тақырып өте шетін, бұған сол себепті жазушылар қалам тарта қоймаған деп ойлаймын. Кенесары жайын айта отырып, сырт жұртты былай қойғанда, өз ішіңнен жау тауып аласың. Көп жайттар қазақ халқының рулық ой-пайымнан биік тұрып, ұлттық сана деңгейінен қарауын қажетсінеді.

«Жайыл қырғынынан» кейін қырғызбен арадағы жанжал тоқтаған еді. Азулы Абылай хан бұл жанжалдың шешуін тапты. Әйткенмен екі елдің татулық пен ымырада өмір сүруі сыртқы аларған көзге тиімді емес еді. Олар қайта араға от тастап, бір кезде өшкен күлді қоламтаға айналдырып, қоламтадан өрт тұтатты. Қазақтың тәуелсіздік туын жықпаған, от пен судан тайынбайтын көкжалы – хан Кенеге қарсы қырғызды айдап салды. Ақыры, боз үйлі қос ағайындының арасынан қисапсыз шығын шығып, аяусыз қан төгілді.

– Осы жайттарды жазудың қиын­дығы, оңайлығы, қажеттігі неде?

– Бүгінде өмірден озғанына екі ғасырға таяу уақыт өткенде Кенесары хан мен оның жақын үзеңгілестеріне кесілген өлім жазасын екшеу әрі қиын, әрі оңай. Қиын болатыны – екі жақтың бірін ақтап, бірін қаралауға ұрынатынымыз.

Қатыгез де қасіретті үкімнің біздің дәуі­рімізден алшақ жатуы – сол бір қым-қуыт шаққа салқынқандылықпен қарауға мүмкіндік береді. Оңай жағы – осы. Озбырлардың итермелеуімен өрбіген әділетсіз соғыстың ауанында бір-біріне қайшы келетін дүдәмалды тұстар мен төбе құйқаны шымырлатар жайттар жетерлік...

Басқыншылыққа ұмтылған отарлау саясатының арандатуы мен сатқындыққа, жағымпаздыққа, табансыздыққа көзіміз жеткен сайын, Кенесарының қазасы қос халықты одан ары араздастырмай, татуластыра түсетін ортақ трагедия екенін ұғынамыз... Қажеттілігі осында.

– Қазақтың қабырғалы жазушы­ларының бірісіз, әдебиетке қомақты дүние бергеннен соң, иығыңыздан жүк түсіп, тынысыңыз бір кеңіп қалған болар?

– «Қомақты дүние бердім» деп айта алмаймын, оның салмағын оқырман безбендей жатар. Иә, иығымнан жүк түскендей болғаны рас, алайда  әдеби қауымның райынан байқайтыным, мен әлі әдебиетке келген жоқ сияқ­тымын.

– «Әдебиетті ардың ісі» деп жүрміз, сіздің ойыңызша әдебиет деген не?

– Әдебиет – ұлт мүддесінің жоқтаушысы. Пендеәуи тіршілік пен азаматтық сананың тоқтаусыз ғазауаты немесе бақилық үн.

– Жазушыға ең қиыны не?

– Қазанның құлағын ұстағандардың қасақана көзге ілмей қоюы.

– Қазақ әдебиеті ендігі уақытта қалай қалыптасады деп ойлайсыз?

– Тілсіз және сынсыз қалыптасады. 

– Әңгімеңізге рақмет! Бүгін ғана тұсауы кесілген «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияңыз ұлт мүддесін жақтаушы екеніне еш шүбәсізбіз. Адам­заттың бақилық үніне айнала берсін.

– Рақмет! Тәңір жарылқасын!

Сұхбаттасқан

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы