• Руханият
  • 13 Қазан, 2022

ҚАЗАҚҚА КЕРЕК БЕС ТОМДЫҚ

«Ана тілі» газетінің тұңғыш Бас редакторы, зерттеуші-журналист Жарылқап Бейсенбайұлының 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Көптомдыққа қаламгердің ең үздік деген туындылары енген.

Алғашқы томда өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары оқырман қауым жылы қабылдаған әлемдік бейнелеу өнері тарихындағы Жаңаша дәуірдің ұлы шеберлері мен қазақтың саңлақ суреткерлері жайындағы эсселер шоғыры жинақ­талған «Буырқанған бояулар», сондай-ақ ұлтымыздың озық әдеп-дәстүрлері мен халықаралық этикет ережелері сабақтастырыла қарастырылған «Әдеп әлемі» кітап­тары қайта өңделіп, толықты­рылып берілген. Автордың тарих көші, баба жұрттар ізімен шетелдерге барған жолсапар жазбалары да осы томда кеңінен қамтылған.

Екінші томды көп жылдар бойы Шоқан Уәлихановтың өмірін зерделеп, ұлы ғалымның 1856 жылы жасаған Ыстықкөлге  сапарының ізін қайталай жүріп өткен, ол еңбек етіп, ғұмыр кешкен мекен­дерде арнайы болған қаламы қарымды жазу­шы­ның жаңа ғылыми, мұрағаттық құжат­тармен байытылған, көлемі 743 беттік «Шоқан» тарихи-ғұмырнамалақ роман-эссе кітабы құрайды.

Үшінші томға автордың «Қазақ шежіресі»», «Арғы түріктер ақиқаты ізімен» атты еңбектері, «Шоқан Уәлиханов – ауыз әдебиеті мен ортағасырлық жазба мұралар зерттеушісі» және Жошы ұлысының әйгілі бектербегі, қазақтың этнотектік тарихында елеулі орны бар «Нағанай би» ғылыми зерттеулері енген.

Төртінші томға қаламгер ғалымның Халықаралық Түркі академиясының жобасы бойынша «Қазіргі түркология» сериясымен 2015 жылы елордадағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Орталық Азиядағы арғы түрік сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» атты ауқымды монографиясының өңделіп, толықтырылған соңғы нұсқасы да басылған.

Бесінші томға ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен баспасөз саласының көрнекті өкілдеріне қатысты эсселері, өзі қызмет еткен ақпарат құралдары туралы мақалалары, берген сұхбаттары, кітаптары мен зерттеулеріне қатысты рецензиялар, автор туралы лебіздер, аудармалары топтастырылған.

Жұлдыз ӘБІЛ

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы