• Cұхбаттар
  • 20 Қазан, 2022

БАТЫРЛАР ЕРЛІГІ ҰМЫТЫЛМАСЫН ДЕСЕК...

Ертай Жомарттың мамандығы – мәдениеттанушы. Бірақ ол – бала кезінен төл тарихымызды білуге ден қойған азамат. Қазір мерзімді басылымдарда Жетісу өңірі тарихы туралы еңбектерін жариялап та жүр. Ертай Жомартпен әңгімеміз де ол зерттеген тақырыптар төңірегінде өрбіді.  

– Өзіңіз білесіз, кең-байтақ қазақ жерін патшалы Ресей жаулай бастағалы халқымыздың тыныштығы бұзылды. Жетісу аймағына орыс бекіністері қай жылдардан салына бастады?

– Патшалы Ресей, алдымен, шағын отрядтардан құралған шолғыншы әскерлерін, олардың құрамына географ, зерттеуші ғалымдарын қосып жіберіп, бекініс салу үшін қолайлы жерлерді қараған, елімізді зерттеген. Өздеріне керек мәліметтерді жинаған соң, арнайы жоспар құрып, бекініс сала ­бастайды. Алғашқылардың бірі болып Гурьев бекінісін салады. Ол бекініске орнығып алған соң, Ресейден қаржы, азық-түлік, қару-жарақ, әскер алдырып, Жәміш бекінісін, Омбы, Семейдегі бекіністің іргесін қалайды. Бұл аралықта Ақмола, Орталық Қазақстан, солтүстік, батыс өңірлерде де бекіністер бой көтере бастаған. Жетісуда Қапал, Верный, Лепсі, Қастек бекіністерін салады. Кейін Перемышельскийдің отряды Талғар өзенінің Ілеге құяр жеріне «Іле бекетін» орнатады. Олар бекініс салу арқылы отарлауға жол ашты. Яғни осы бекіністер кейін әскери-әкімшілік жүйенің орталығына айналды.

– Өзіңіз көп зерттеген Жетісудағы қалмақ­тар қай жылдары толық жойылды?

– Жетісудағы қалмақтардың толық жойылуы XVIII ғасырдың екінші жартысына тура келеді. Жетісу жерін қалмақтардан азат ету жорықтарында Райымбек батырдың ерлігі ерен. Торыайғыр мен Сөгеті тауларының аралығындағы «Ойрантөбеде» болған шайқаста Райымбек батырдың сарбаздары қалмақтардың тоз-тозын шығарады. Іле бойындағы ұрыстардың бірінде атының екі жағына қамыс байлап Іле өзенінен өтіп, қалмақтарға тұтқиылдан соққы беріп, тұтқындағы қазақтарды құтқарады. Осы оқиғадан кейін ел «Қарасу жол берген Райымбек» деп, батырды қадір тұтқан. Райымбек батыр Торыайғыр тауларының маңындағы шөлейт жердегі шайқас кезінде жауынгерлері судан тарыққанда, топырақ қыртысын әбден бақылап, жерасты суының жер бетіне ең жақын тұрған жерін өсімдік жамылғыларынан біліп, сол жерге найзасын шаншып қазса, су шығады. Райымбек батыр Жетісуға бекінген қалмақтың ­Сары-Манжа, Секер, Ағанас сынды батырларын жекпе-жекте жеңіп, жеріне кеңдік, еліне теңдік әперген. Қазақтардың ауыр соққысынан кейін Жетісудан қашып, Ілеге барып тығылған қалмаққа Чиң армиясы шабуыл жасайды. Жоңғар жасағын Давашы бастап, жойқын соғыстар болады. Екі жақ арасында болған «Орой-Жалату» және «Хурунги» шайқастарында жоңғарлар жеңіледі. Әмірсанамен болған «Қорғас шайқасында» Әмірсана жеңіліп, қазақ жеріне қашып өтіп, Сарыарқаға барып Абылай ханнан көмек сұрайды. Міне, осылайша Жетісу екіге бөлініп, оның шығысы (Іле өңірі) Чиң билігіне тәуелді болады. Чиң үкіметі Ілеге 9 әскери бекініс салып, оның сыртында 1764 жылы қиыр шығыстағы Хилұңжияң мен Лияуниңнен 4 мың сібені (манжу-тұңғұс тілдес ұлт) Ілеге көшіріп әкеліп, шекара күзетуге қояды. Осы мезгілдерде Ішкі Моңғол мен Чиңхайдан бірнеше мың Чахар қалмақтарын да Іле мен Бұраталаға көшіріп, шекара қарауылдығына бекітеді. Іледе тұрақты 14 мың әскер ұстады. ­1771–1772 жылдары Еділ бойынан ауып келген 15 мың түтін торғауыт-қалмақтарының да басым бөлігін Ілеге орналастырып, шекара күзеттірді. Тағы бір айта кетерлігі, 1758 жылы Жоңғар хандығы, яғни билігі жойылғанымен, оның халқы толық жоқ болып кетпеген еді.

– XIX ғасырдың екінші жартысында Жетісу мен Іленің саяси жағдайы қалай еді?

– 1840 жылдардан бастап, Жетісудың саяси жағдайы аса күрделі кезеңге аяқ ­басты. Бұл өлкенің басым бөлігі ешкімге бағынбаған бейтарап аймақ болғандықтан, Ресей, Қоқан, Қытай сынды үш үлкен империя өлкені отарлауға кірісті. Қоқандықтар қазіргі Ұзынағашқа дейін жетіп, Қаскелең өзенінің жағасына Таушүбек бекінісін салды. Ресей күштері Семейден Қапалға дейін бекініс салып, тұтас Жетісуды өзіне қаратуға ұмтылды. Шығыстан Қытай қазақтың төре-сұлтан, билеріне шекпен жауып, шен беріп, өзіне бағындыруға тырысты. Қытай шекарасын күзететін қарауыл қалмақтар ара-тұра қазақ ауылдарын шауып, елді тонап тұрды. Ел мен жердің тағдыры шешілгелі тұрған қиын сәтте, билердің билік айтатын шешуші кезеңі туды. Қалай болған күнде де қазақ жерінің тұтастығы ең маңызды болды. Қазақтың би-сұлтандары ақылдасып, патшалық Ресеймен саяси қарым-қатынас туралы құжатқа мөр басады. Тазабек батыр және өзге де би-сұлтандар халқы үшін басқа шығар жол таппағандықтан, патшалық Ресейдің билігін мойындайды. Ресей өзіне қараған елдің басшыларына шен беріп, қызмет ұсынады. Олар Тазабек батырды Батыс Сібір әскери корпусының Жетісу бөлімшесіне қызметке орналастырып, 1859 жылы 19 қыркүйекте прапорщик шенін ұсынып, подпоручик етіп тағайындайды. Тезек төреге капитан шенін беріп, шекпен жауып, Батыс Сібір генерал-губернаторының ұйғарымымен албандардың аға сұлтаны етіп бекітеді.

Деректерге сүйенсек, Тезек төренің төңірегіндегі билер Қытай мен Қоқанға қарсы тұру үшін патшалық Ресейді жақтап, Ресейдің Қоқан басқыншыларына қарсы іс-қимылдарына қолдау білдіреді. Осындай мүмкіндіктерге ие болған патшалық Ресей 1851 жылы 25 шілдеде Қытаймен Құлжа сауда келісімін жасайды. Ресей Қытаймен болған сауда жолдарының қауіпсіздігін қорғауды сылтауратып, өздері тағайындаған Ұлы жүз приставы майор М.Д. Перемышельскийдің отрядын қорған тұтып, 1853 жылы Талғар өзенінің Ілеге құяр жеріне «Іле бекетін» салды. 1854 жылы көктемде сол отряд Верный деп аталған бекіністің іргетасын көтерді. Жетісуда түйіліскен Ресей мен Қытай жаңа шекара айыру мәселесін көтеріп, бірнеше келісімдер жасады. Қазақтардан қолдау тапқан патшалық Ресей 1851 жылы мамырдың ортасында Қоқанға қарасты Таушүбек бекінісін алу тапсырмасын Қапалдан аттанған подполковник Карбышев тобына жүктеп, 1851 жылы шілденің 7 күні Таушүбек бекінісі соғыссыз беріледі. Осылайша 1855 жылы Ұлы жүз приставының резиденциясы Қапалдан Верныйға ауыстырылады. Қазақ билері Ресей күшін Қытай мен Қоқанға қарсы ұтымды пайдалана алды. 1860 жылы күзде патшалық Ресейдің қарулы жасағы Ұзынағашта Қоқан хандығының 10 мың сарбазын ойсырата жеңеді. Алайда патшалық Ресей билігі бастапқы келісімді бұзып, күш қолданды. Олардың озбырлығына шыдамаған қазақтар Қапал уездік бастығының аға көмекшісі Здоренкоға шабуыл жасап, 18 жерін жарақаттап, 15 жылқысы мен қомақты ақшасын тартып алады. Халқының ауыр жағдайын көзімен көріп, одан ары төзбеген Тазабек батыр Ресейдің шенінен бас тартып, оларға бағынбай, қарасылық көрсетеді. Саурық батырды қолдап, бірнеше рет Ілеге өтеді.

– Саурық пен Тазабектің әскері орыстың жазалаушы отрядымен қанша уақыт соғысқан?

– Тарихи деректер былай сөйлейді: Саурық пен Тазабек батырдың Жетісу қазақтарының патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы бас көтеруі 1857–1858 жылдары басталған. Осы жылдары Қожеке Назарұлы бастаған қазақтар отарлаушы патшалық Ресейдің билігіне қарсылық көрсетеді. Қытай деректерінде 1862 жылы Іледе жүрген Саурық батыр туралы мәліметтер кезігеді. Саурық батыр 1867 жылы қолға түсіп, оны Верный түрмесіне қамап, ату жазасына кеседі. Алайда кейін Кауфман босатып жібереді. Олар алда үлкен соғыс боларын білді ме екен, қазақтарды Ілеге орналастыруды көздеп, Іледегі қарауыл қалмақтарға шабуыл жасап, тас-талқынын шығарып жеңіп, Іледегі Чиң билігін аударып тастайды. Тіпті осы кезеңде Тезек төре де Ілеге барып паналаған. Ал Тазабек батыр патшалық Ресей жасақтарымен орайлы сәттерде соғысып, шегіне жүріп Ілеге өтеді. Саурық батырды 1871 жылы Текестің Суасу деген жерінде атып кетеді.

Хатқа түскен деректе былай айтылады: 1871 жылы 18 сәуірде есаул Герасимов 32 казак және 1 урядниктен, 100 казактан тұратын отрядты бастап, Мойнақ деген жерде орналасқан Тазабек ауылына соғыс ашады. Осы кезден бастап, ашық соғыс басталады. Тазабек батыр Ілеге өтеді. Жетісу облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Колпаковский Іле сұлтаны Әлаханға 7 күн ішінде, яғни 1871 жылдың 3 мамырына дейін Тазабекті ұстап беруді талап етіп, хат жазады. Колпаковский 3 мамырда Әлаханнан жауап болмаған соң, подполковник Елинский мен Ждан-Пушкиннің жасақтарын жабдықтап, соғысқа дайындайды. Оларға Тазабек пен Әлаханның біріккен жасағы қарсы тұрады. Соғыс екі айдан астам уақытқа дейін жалғасады. Тазабек батыр мен патшалық Ресей армиясының генералы Г.А. Колпаковский арасындағы соғыс 1871 жылдың 18 сәуіріндегі Кегеннің Қулық тауынан бастап есептегенде, 1871 жылдың 22 маусына дейін 66 күн болып, Тазабектің қолға түсуімен  тоқтайды. Тазабек батырды Алматыға әкеп, түрмеге қамайды. Тазабекпен бірге Сауырық батырдың інісі Шалтай да қолға түседі.

Колпаковский император II Алек­сандрдың тапсырмасы бойынша Әлахан сұлтанның жеке қауіпсіздігіне, оның мен­шігіне қол сұғылмауына және Құлжа тұрғындарына «бейбітшілік пен қауіп­сіздікке» кепілдік береді. Әлаханды 1871 жылы 17 шілдеде Верныйға жеткізіп, қазіргі Айнабұлаққа орналастырады. Дала сотына кесілген Тазабек Пұсырманұлы түрмеде 1872 жылы наурызда тергеу ісі бітпей жатып, қаза табады. Ілені тартып алған Ресей оны ұзақ жыл ұстап тұра алмады. Ілені Қытайға қайтарып беру үшін 1879 жылы 20 қазанда Ливадия келісімін жасап, нәтижесінде қытайлар 4 миллион рубл өтемақы төлеуге келіседі. Көп ұзамай бұл келісімнің күші жойылып, 1881 жылы 12 ақпанда Ресей мен Қытай Петербург келісімін жасап, келісімге сәйкес Қытай Ресейге өтемақы ретінде 9 миллион рубл төлеп, Ілені қайтарып алады. Осылайша қазақтың біраз шұрайлы жерлері Қытайға өтіп, ондағы қазақтар да солардың қарамғында қалған.

Тазабек пен Саурық және Жетен батырлар бастаған 1860–1871 жылдардағы соғысты Жетісу жерінде патшалық Ресейге қарсы жасаған алғашқы ұлт-азаттық соғыс деп бағалауға болады. Отарлаушы империялардың ешқайыссына да иілмей, елінің теңдігі мен бостандығы үшін азулы алыптармен арпалысып, азаттық жолында жанын құрбан болған батырлар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрболат  АБАЙҰЛЫ

2158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы