• Руханият
  • 03 Қараша, 2022

«АЛАКӨЛДІҢ АҚПАРАТ МИНИСТРІ» ДЕУШІ ЕДІК

1981 жылы  КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген түлектердің де өзге әріптестері тәрізді ұлт баспасөзінің дамуына сіңірген еңбегін айрықша атап өтуге болады. Солардың бірі Азат Мәкетайұлы Жақыпбеков еді.

Азат университетті бітіре салысымен Алматыда аялдамай, бірден елге тартты. «Мен ең алдымен ата-анама, одан соң оқытып, тоқытқан туған топыраққа қарыздармын. Туған жерге туымды тігіп, елге қызмет етіп, парызымды өтеуім керек» дегені бар еді. Өмір бойына сол ұстанымынан айнымай, туған топырақтан тамыр үзбей, жергілікті баспасөздің байрағын желбіретіп, жанкешті жұмыс істеген сол бауырымыздан айырылып қаламыз деп кім ойлаған?!

Өңір журналистикасының өрге басуына өлшеусіз еңбек сіңірген Азаттың тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыратын  едік. Еңбек жолын Алматы облысы Алакөл аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газетінде бөлім меңгерушілігінен  бастаған ол редактордың орынбасары, «Толқын» студиясының директоры болып сатылап өсті. Өмірінің соңына дейін жергілікті баспасөздің басын біріктірген «Алакөл айнасы» ЖШС-нің директоры-бас редакторы болды.

Азаттың ел ішіндегі абыройы, әріптестерінің оған деген айрықша құрметі бізге де жетіп жататын. Ол баспасөздің қыруар жұмысынан бөлек, бай тәжірибесін жастармен бөлісуге де уақыт тауып, қаламы қарымды шәкірттер де тәрбиеледі. Сондай шәкіртінің бірі, дарынды ақын Жангелді Немеребай: «Менің жолымды ашып, алғаш қауырсын қаламыма қанат бітірген Азат ағам еді.Тіпті бірде ешкімнің батылы бара бермеген Арқангерген оқиғасына байланысты өлеңімді басқаны қалай есімнен шықсын» – дейді. Жақсының жарығы деген осы.

«Ұяда не көрсең,  ұшқанда соны ілерсің» деген ғой. Азат Жақыпбеков аса зиялы, өнегелі отбасында өсті. Мәкетай ақсақал ағарту саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, ауданның оқу бөлімін басқарып, облыс көлеміне кеңінен танылған аузы дуалы, сөзі уәлі дегдар кісі еді. Ауызша әңгіменің қас шебері, шежіреші, бір өзі бір қазына болатын.Оның үстіне әзіл-қалжыңды да қапысыз айтатын ақсақал «Қадыр Мырзалиевтің курстасы тегін болсын ба» деп күлдіріп отыратын.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Азат та ел сыйлаған әке жолын қуып, сөз ұстады, сенімін ақтады, елге абыройлы жұмыс істеді. Ауданның Құрметті азаматы атанып, облыс әкімінің Құрмет гроамотасымен марапатталды.Ол студент кездің өзінде-ақ үнемі іргелі ізденістерге ұмтылып, ойы озықтығымен ерекшеленіп тұратын. Заман өзгеріп, нарық келгенде де ол сол қасиетінің арқасында оның талабына тез бейімделді.Жергілікті баспасөздің басын біріктіріп, жаңа технологияларды игеруде облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып  көш бастады. Біз оған «Алакөлдің ақпарат министрі» деп қалжыңдаушы едік. Десе дегендей, жүрегіне иман жиған, ойлы да бойлы, үнді актерлеріндей ажары асқан ардақтымыз еді Азат. Осындай арда азаматтың да дегдар дидарын енді қара жер бізден жасырады-ау.

Көңіл қанша сенбесе де тағдырдың ісіне не амал бар?! Азаттың асыл жары Ұлбалаға  – Ұлташқа, ағайын-бауырларына ата жолымен көңіл білдіреміз.

Курстастар атынан  –

Қали СӘРСЕНБАЙ,

Дәуітәлі ОМАШҰЛЫ,

Уәлихан ТОҚПАТАЕВ

769 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы