• Тарих
  • 03 Қараша, 2022

АЛЫСТАН ТІЛ ҚАТҚАН АТА ТАРИХ

Осыдан отыз бес жылдың алдында «Балқан тауға барғандар» деген қанатты сөзді тақырып етіп, жирма бес жастағы жас жігіт Тұрсынхан Зәкенұлы ежелгі ғұндардың өмірінен тұңғыш рет тамаша хикаят жазып, «Шұғыла» журналына жариялаған болатын. «Барар жерің балқан тау, ол да біздің барған тау» дейтін осы бір жұмбақтау, сырлы тіркестің мәні мен мағынасын біз сонда барып түсінгендей болып, жоғалған асылымыз табылып, тұнықтан су ішкендей, қайырлы бір күй кешіп едік. Сөйтсек, Балқан тауға барып, (Балқан-Альпі тауы екен ғой) оның басына шығып, бауырында шаңдатып жүргендер басқа біреу емес, қазірде мажарлар атанып жүрген (қыпшақпыз дейтін) өзіміздің ата-бабаларымыз екен. Отыз бес жылдың алдында осы бір шағын хикаят бізге ежелгі жауынгер ғұндардың көркем әдебиетте әдіптелген, ғажайып әлемінің есігін айқара ашып беріп еді. Содан бері қарай Тұрсынхан Зәкенұлы алыста қалған аталар заманына тіл бітіріп, сөйлетіп, оның ғажайып шежіресін бізге шертумен келе жатыр. «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгі тас», «Балқан тауға барғандар» сияқты кесек тарихи шығармалар соның куәсі ретінде, міне, біздің алдымызда жатыр. 

Тұрсынхан тарихқа әуесқой көптің бірі емес, өзі кәсіби тарихшы, тарих ғылымының докторы. Тарихты аққаптал болған аңыздармен астастырып жазып та жүрген жоқ. Бізге беймәлім, алыстан жаңғырығы ғана естілетін көктүрктердің, қазақты қалыптастырған әйгілі ірі тайпалардың (найманның, керейдің, жалайырдың, меркіттің, қоңыраттың т.б.) Шыңғысхан заманындағы басып өткен ұлы жорықтарының құдыретті көріністері Зәкенұлының көркем сөзбен әдіптеген қалам қуаты арқылы бүгінгі заманға, бізге жеткендігін қазақ руханиятына қосылған үлкен олжа деп білген дұрыс. Бұл – құдіретті, көркем, ғажайып шежіре. Бұл кейбіреулердің ойлағанындай көркем болжалмен, аңыз-әңгімелерді арқау етіп қиыстырған хикаяттар емес, нақтылы тарихи деректерге табан тірей отырып, бабалар өмірінен ойып алып, «мәңгі тас» мүсін реушті сомдап шыққан шалқар шығармалар. Біз арғы ата-бабалар заманының сыры мен сыйпатын Зәкенұлының осы шығармалары арқылы білдік.

Ерлікті, ерлік дәуірді жырлау кешегі кеңес әдебиетінде бояуы солғын тартып, «қарапайым еңбек адамын қарапайым халықтық тілмен жырлау» дейтін ұран болып, көмірді, темірді, еккен егін, баққан малды жаппай жырлап жатқан кезде Т.Зәкенұлының көк тулы, көк сүңгілі толағай кейіпкерлері біздің еңкейіп кеткен еңсемізді бір көтеріп тастады. Тәуелсіздіктен кейін ата-бабаларымыздың жерінен жеті дария аман өткен, қилы заман, қиын күндерін жаңғырта жазу үрдісі қалыптаса бастағандығы белгілі. Отаршылдар бұрмалап, басын аяғына айналдырып жіберген тарихымыздың осынау ақтаңдақ беттерінен тазартып, қалпына келтіруге талпыныс жасап, рухани, тарихи зердеміздің жаңғыруына үлкен үлес қосқан қаламгер қауымның алдыңғы легінде осынау құнарлы шығармаларын ұсынып Тұрсынхан Зәкенұлы тұр.

Халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан белгілі азаматты жас шамасына қарай, мерейлі кезеңінде құрметтеп атап өтетін қазақ елінің абзал дәстүрі бар. Құдайға шүкір. Осындай жоғары талаптың таразысына жазушы, тарих ғылымының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлына алпыстың асқарына шыққан мерекелі күндерінде көзіміз ерекше қадалып, қарап отырған кезіміз бұл.

Тұрсынхан Зәкенұлы 1993 жылдың ерте көктемінде Қытай елінен атамекенге қарай бет алған алғашқы көштің бұйдасын ұстағандардың қатарында Алматыға келіп қоныстанды. Міне, содан бері өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ елінің руханият дүниесімен байланыстырып келе жатыр. Өскемендегі, Астанадағы жоғары оқу орнында сабақ беріп, қазақтың әлденеше буын шәкірттерін тәрбиелеп шығарды. Ғылыми монографиялар, оқулықтар жазды. Қазақ даласында, қазірде қытай шегінде қалып қойған қазақтың үш үлкен өлкесінде (Іле, Алтай,Тарбағатай) ту тіккен тұңғыш мемлекет «Шығыс Түркістан республикасының» дүниеге келуі мен күйреуінің тарихын жазды. Қытай ғалымы Су Бейхайдың «Қазақтың мәдениет тарихы», «Қазақтың жалпы тарихы» атты көп томдық еңбектерін қазақ тіліне аударды. Міне, осынау еңбектерін елі мен ел басшысы бағаламай қалған жоқ. Өткен жылы ғана Президент Қ.Тоқаев ғалымның кеудесіне «Құрмет» орденін тақты.

Т.Зәкенұлы көпіртіп көп жазған жазушы емес. Жазушы қазірге дейін «Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгі тас», «Балқан тауға барғандар» деп аталатын арғы бабалар заманының шежіресін шерткен кесек шығармалар берді. Зәкенұлының аталған тарихи шығармаларының құндылығы –оның әдеби көркем шығарма болумен қатар, тарихтағы көк түрік пен қазақты қалыптастырған ежелгі ірі тайпалардың, ғұндардың алыста қалған таңғажайып тарихын танытуға қосқан үлкен үлесінде жатыр.. Оның тарихшылдығын да, жазушылығын да танытқан алғашқы шығармасы «Көк бөрілердің көз жасы» атты романы. Бұл шығарма Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына жарияланған жабық бәйгені жеңіп алды. Т.Зәкенұлының тарихи қамса текті кезекті бір шығармасы – «Мәңгі тас» деп аталады. Бұл – баяғы Орхон-Енисей ескерткіштері туралы толғайтын тарихи баян. Онда тек ескерткіштер туралы ғана емес, сол ескерткішті қоюға себпкер болған тарихи тұлғалар туралы да сыр шертеді.

«Мәңгі тас» бүгінгі қазақ жерінің -тарихтағы Батыс түрік қағанатының атамекені екендігін, арада мың екі жүз жетпіс жыл өтсе де қазақтардың бұл өлкеден ешқайда босып кетпегендігін, сол жауынгер ата-бабалардың қалдырып кеткен байтақ даласына, балбал тастарына, мәңгілік молалары мен кесене-күмбездеріне ие болып, көзінің қарашығындай сақтап келе жатқандығын қайырлы, ырза көңілмен пайымдап отырады.

Зәкенұлының тарихтың терең қатпарларына бойлап, бұлдырап қалған бұлыңғыр заманның мұң мен мұнарға да, ерлік пен өрлікке де толы тарихына қол созуы бүгінгі қазақ елінің «Мәңгілік Ел» болып қалуы үшін, кешегі бабалар заманын тарихи сабақ етіп жадында сақтап қалсын деген ойды мақсат еткендігі анық. Жаныңа жылу беріп, санаңа сәуле түсіретін осынау ұлы шежіре бізге сабақ беріп алдымызда мәңгі жатуы тиіс-ақ!

Қазірде көзі қанталаған екі бірдей империяның ортасында отырмыз. Біле-білсек, Қазақ елі үшін Елтеріс, Қапаған, Білге қағандар мен Тоныкөк, Күлтегін қатарлы даналардың түріктің елдігін, тұтастығын сақтап қалу жолындағы жанкешті әрекеттері мен олардың қапы кетіп, сан соққан тұстары айшықталған бұл кітап бүгінгі біздің төріміздегі жалғыз оқулық ретінде беті ашық тұруы керек! Өйткені онда тарихқа деген, кешегі ата-бабалардың ерлігіне деген ұлы сүйіспеншілік, сағыныш жатыр, әрі сол ұлы қағанаттың күйреп әркімге жем болып, бодан болған бүгінгі күніне деген үлкен өкініш, «әй, қап» дейтін қасіретті сарын да жатыр.

Өнер мен өмір біртұтас әлем дейтін болсақ, шығармаларымен бейнелеп отырған өмір өлкесінің қатынасы Т. Зәкенұлы шығармашылығында тығыз ұштасып, өзектесіп келіп, бір тұлғаға айналып кетіп отыратындығын бағамдау қиын емес. Алыс қалған бабалар заманын ол өзінің басып өткен өмір жолындай етене етіп, мөлдіретіп жазатындығы сондай, шығарма оқырманын еріксіз тәнті етіп, елітіп, желпіндіріп, армандай болып, алыс қалған ата заманға қарай жетелеп кетіп отырады. Тарихи баянды оқып отырғанда бөрілі көк байрақтың астында қолыңа көк сүңгілі найза алып, қалың қолдың ішіне сенің де кіріп кеткің келіп, елігіп отырасың!

Автордың ескі заманға кіруге шеп бұзған алғашқы шығармасы «Балқан тауға барғандар» еді ғой. Шығарма бір заманда ұлы даланы ат тұяғымен шаңдатқан ғұндардың, олардың әйгілі көсемі Еділ (Аттила) тәңірқұттың ерлік өмірін өзек етеді. Бір кезде дүниені дүр сілкіндірген ғұн империясы Шын-Машын еліне ұшы-қиыры жоқ қытай қорғанын соқтырып, одан бүкіл алып Азияны ендей өтіп, Альпі тауының бауырына, Паннония даласына, Донай дариясының бойына жетіп, осы жасыл өлкеге келіп ірге теуіп, күл төккендігі баяндалады... ың-шыңсыз ірге теуіп қоныстана қалу қайдан болсын! Кәрі құрлықтағы кәрі кеусіндердің (империялар) кез келгенімен қидаласып, қырқысып жүріп, ұлыс-отанын орнықтрып барып, ошағына от жағады. Әйгілі батыс Рим империясын тізе бүктіреді...өздерінің де көкке көтерген көк сүңгілері жерге түсіп, жүректеріне тауфиқ түсіп барып, жандары жай табады... романда Еділдің (Аттила) және оның төңірегіндегі Ругила, Едіге, Айбарыс, Энга сияқты тарихи тұлғалардың образдары сәтті сомдалған. Кейіпкерлер қатары барынша әсерлі, анық, айқын, бүгін ғана бір дастарқаннан бірге дәм татып келген туысыңдай, ет бауыр етене!

Шығармаларының жалпыбеттік осындай сәтті қадамдарын бағамдай отырып жазушының тарихи тақырыпқа бірыңғай бет бұруы оның ата тарихты жетік білетін кәсіби тарихшы болуымен де қатысты. Алайда тарихты жақсы білу – тарихи тақырыпта шығарма жаза беруге болады дейтін ұғымды тудыра алмаса керек, ол үшін көркем әдебиетте тарихи тақырыпты қалай бейнелеуді білетін кәнігі, талантты жазушы да болуың керек.

Т.Зәкенұлы өз шығармаларында бейнелеп беріп келе жатқан тұлпар мініп, ту алып, төске шапқан батырларының барлығы ойдан ойыстырып, қиялмен қиыстырып жасалған, соцреализмнің «типтік» кейіпкерлері емес, барлығы да тарихта ат-атағы хатқа түскен, аңызы бүгінге жеткен дерегі мен дәйегі бар, өмірде болған өзіміздің ата-бабаларымыз.

«Көк бөрілердің көз жасы», «Мәңгітас», «Балқан тауға барғандар» деп аталатын осы шығармалар бір жағынан көк түріктің, қазақты құраған ұлыстар мен тайпалардың, мажарлардың сағы сынып, рухы түспей тұрған заманның шежіресі болса, екінші жағынан сол еркіндік пен бостандықтың қолымыздан қалай сусып шығып кеткендігінің де сырлы шежіресі. Ал енді, авторға бұл шығармаларды жазу неге керек болды деп ойлайсыз? Біздің пайымдауымызша, бұл автордың өткен күннің өкінішінен сабақ ала отырып, жалпы түбі бір түрік жұртының, қазақ елінің тәуелсіздік тұғыры енді шайқалмаса екен дейтін ішкі арман-мұратымен байланысты болса керек.

 Т.Зәкенұлының шығармаларындағы айшықты бір сарын – табиғатқа деген сәбилік құштарлық. Суреткердің өзіне тән шеберлік көзі, бояу ерекшелігі бұған дейін көркем әдебиетте айшықты етіп, көп адам келістіріп айта алмай жүрген өте бір қымбат әлемді, соны бір сарынды алды­мызға тартады. Ол – табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілік. Далалық табиғат аясында өмір сүрген, көшпелі нәсіл­ден жаралған жазушы үшін бұл табиғи қасиет те шығар. Жазушы табиғатты адамша, ақынша сөйлетеді. Зәкенұлының шығармаларындағы кез келген табиғат көріністері; жолыңдағы жон-жота, баба таулар мен байтақ дала, өзен мен көлдер ата за­манның, ұлы жорықтарда «қутолағай бастанған» ержүрек жандардың жан ­дү­ниесін ашуға белсенді көмектесіп отырады.

Ақын-жазушының айрықша бір қасиеті көркемдікті көре білуінде, әсем­дікті сезіне білуінде дейтін болсақ, олардың көзге сыйғанмен, сөзге сыймайтын киелі табиғаттың кербез көрініс­терін оқырман жанына кестелеп түсіретін сәулелі сәттері болады. Сондай сәулелі сәттерді, өзегіне біткен өзгеше бояуларды жазушы шығармаларынан жиі кездестіреміз. Бодандық заманда өгейлікпен күн кешкен біздің ұрпаққа туған жердің табиғатынан басқа мейірімі түсін, жанымызға жылулық сыйлаған (мемлекеттен, биліктен, империялардан) басқа ештеңе болған жоқ та шығар, біздің табиғатқа іңкәр болатынымыздың бір ұшы сонда жатқан шығар деген де ой келеді. Т.Зәкенұлының табиғат аясында тіршілік кешірген, көшпелі көне халықтың табиғатқа деген ұлы махаббатын жеткізуге аянып қалмағаны қуантады.

Жазушы шығармаларындағы көркемдікке қол жеткізетін тілдік бояу, суреттеп отырған өмір құбылыстарын жүрекке жылы етіп жеткізуге қызмет ететіндігі белгілі. Ол үшін жалаң тебіреніп, қазысы төрт елі сезімсіз, семіз сөздермен сырғытпа сезімдерге бой алдырмай, түйсіндіріп, сүйсіндіріп, сыр мен сезімге сүңгітіп әкететін тіл мәнерімен өрнектеп отыру талап етіледі. Бұл жерде «халықтық қарапайым тілмен жазу» деген соцреализмнің қасаң ұранына орын жоқ. Не жазсаң да оқырманның қиялына қанат қақтыратын өрнекті, сырлы да, сымбатты сөздермен суреттеуің керек. Осы тұрғыдан келгенде, Тұрсынхан шығармаларының тілі – жан сарайыңды жылы шуаққа бөлейтін ажарлы, әуезді болып келетініне куә боласың. Жазушы өзегіне біткен өзгеше бояуын тіл кестесімен өрнектеуге мүмкіндігінің бар екенін әр шығармасында толық көрсетіп келеді.

Әр талантты өз мезгілінде танып, бағалау әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынға үлкен міндет жүктейтіндігі белгілі. Бұл бәрінен бұрын сол талантты тануға да әрі оған үлкен жауапкершілік жүктеу үшін де аса маңызды болмақ. Жазушының тарихи шығармаларының құндылығы оның алып отырған тақырыбының табиғатын, болмысын, заманын жетік білуінде, оны бойлай, беріле зерттеуінде. Ол жазушыға тән шын құмарлықпен, өткен өмір құбылыстарын көркемдікке бөлеп, заман тынысын айқын сезіне отырып бейнелейді. Оған оның бабалар заманына деген санасына сіңірген таза таныммен ыстық махаббатын қоссақ, Зәкенұлының ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын оңай тануға болады. Жазушы әр шығармасында өз ойын шыншыл да әсерлі етіп, төкпей-шашпай, көне деректердің әлпештеуімен мұқият қорытып отыратынына куә болып отырасың. Жазушы шығармаларының ұзына бойына көз жіберіп қарағанда онда бой көрсеткен неше жүздеген кейіпкерлердің барлығы да аса қуатты өміршең жандар екеніне көз жеткіздік.

 Бәзбіреулердің айтып жүргеніндей, жазушының тарихи тақырыпқа жазған шығармалары аққаптал аңыз-әңгімелер мен тарихи деректердің хроникасы ғана емес. Демек, оның ұланғайыр шығармалары мазмұны мен маңызына орайлас, көркемдік көкжиегіне меңзес байыпты әдеби сын мен зерттеулерді қажет етеді. Болмаса байыбына барған адамға Т.Зәкенұлының бұл еңбектері қазақтың ұлттық санасының оянуына, тарихи зердесінің жаңғыруына үлкен үлес қосқан құнды еңбек екендігінде дау жоқ.

Т.Зәкенұлының кәсіби тарих­шылдығы жазушылығына көлеңке түсірген жоқ, қайта оның бойындағы жазушылық талантының ашылуына мол мүмкіндік тудырды. Тарихи тақырыпқа қаймықпай баруына жол ашып, шығармасын мол тарихи деректермен көмкеріп беріп отырды. Өнердің құдіреті идеяның өз бойында ғана болмайды, қайта осы ойларды қалай бейнелеуінде, көркем көкжиектерге қалай алып шығуында болады. Ендеше, қаламы қолында, өзінің дер шағындағы жазушы-тарихшыдан әлі де күтеріміз көп!

Әрмиябек САҒЫНДЫҚ

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі, сыншы

1832 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы