• Руханият
  • 03 Қараша, 2022

АҚЫННЫҢ ҚЫЗЫ... АЯГӨЗ!

Ақын отбасы мүшелері және туыстары ортасында. 60-жылдар; 

Ақын Асқар Тоқмағамбетов! 60-жылдарғы арманшыл жастар – біз бұл есіімді ең алғаш рет мектеп қабырғасында жүргенде естіп, білгеніміз бар. Әдебиет оқулығы беттерінде ол кісінің кең маңдайлы, жылы жүзді суреті тұратын. Ал хрестоматияда: «Тауды тіліп, тасты бұзып, Тамшылатып ащы тер! Жан жүрмеген, жан баспаған, Жан көрмеген тасты жер. Қырдан асып, белді басып, Жолды салған қандай ер?! Ол қайратты, ол қажырлы, қайтпас, қайсар жұмыскер!» деген өлең жолдары сол кездегі еңбек адамының құдіретті гимні секілді әсер қалдыратын. Кейін мектеп бітіріп, университетке оқуға түскенімізде, өзіміз міндетті түрде оқуға тиіс «Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті» пәнінен бұл тұлғаның
тарихи адам екеніне көз жеткізе бастадық. Олай дейтініміз, Асқар Тоқмағамбетов жасөспірім кезінде атақты Ғани Мұратбаевтың алдын көрген. Жеткіншек жасында ауыл-аймақты таңғалдырып, «Еңбекші қазақ» газетінде тырнақалды өлеңі шыққан. Жігіттік шағында тегеурінді таланттар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Ж
ансүгіровпен бірге Мәскеудегі КСРО жазушыларының І съезіне қатысып, атақты Максим Горькийдің қолынан одақ мүшелігінің куәлігін алған. Сондай-ақ бізге дәріс берген ғалымдарымыз ол кісінің ақын ретінде лирикалық, азаматтық өлеңдер ғана емес, поэзиядағы поэма, прозадағы роман, драматургиядағы пьеса, скетч жанрларын да қажырлылықпен игерген жан-жақты шығармашылық иесі болғандығынан хабардар еткені бар.

...Осы жылғы көктемде бір жетілік іссапармен Қызылорда қаласына барған едік. Сонда облыстық өлкетану музейіндегі ақын Асқар Тоқмағамбетовке арналған стендті көріп, ойымызға жоғарыдағы жәйттер оралған. Экскурсоводпен арадағы әңгіме барысында ақынның Роза, Ботагөз және Аягөз атты қыздарының осы қалада тұратынын естіп, білдік. Солардың ішіндегі кенжесі Аягөз Асекең тұрған үйдің отын өшірмей жағып, мұраларына ие болып отыр екен. Мұны естігенде ақын перзентінің адамгершіл ісіне риза болып, жолығып сөйлесуге көңіліміз ауа берді. Ақыры осы ой бізді облыс орталығының Күләш Байсейітова көшесіндегі 86-үйдің 11-пәтеріне алып келді. Есікті ашқан ашаң жүзді, инабатты әпкей бейтаныс бізді жатсынған жоқ. Ақжарқын жүзбен қарсы алып, төрге оздырды. Амандық-саулық сұрасқан соң әсерлі әңгіме де басталып, өз желісін тапты.

– Аягөз Асқарқызы! Ақын аға өмірден өткелі бері 40 жылға жуық уақыт болыпты. Бұл, шамамен алғанда, біздің еліміздегі екі ұрпақтың дүниеге келіп, өсіп, ержеткен кезі деген сөз. ХХІ ғасырдың адамдары олардың бойында өздеріне тән ерекшеліктер бар. Соның бірі – руханиятқа емес, технократияға деген бейімділік. Сондықтан бұл буынға бұрынғы және бүгінгі әдебиет, мәдениет өкілдерін жиі-жиі айтып, таныстырып отырудың еш артықтығы жоқ сияқты.

­– Ол ойыңыз дұрыс. Оны педагог мен құптап, қолдаймын. Мұны мегзей сөз етуіңіздің астарында тез өзгеріп жатқан мына заман, топан-сел жаңалықтарға толы ақпараттық қоғам беталысына ­байланысты алаңдаушылығыңыз аңғарылғандай. Солардың аумалы-төкпелі толқынында біздің тұғыры биік тұлғаларымыздың біразы ұмытылып, жұтылып кете ме деген қауіп қой.

– Иә.

–Осы тұрғыдан алып қарағанда, әсіресе  ұлттық құндылықтарымызды жасаудың бастау көзінде тұрған бұрынғы әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне мына электронды компьютерлік технология заманында сөз жоқ, насихат қажет. Ол міндетті түрде мектеп партасы немесе уни­верситет аудиториясы емес, реті келген жерлердің бәрінде айтылып, ұғындырылып отыруы тиіс.

– Сондай елеп-ескерерлік тұлғалардың бірі атақты ақын, жазушы және драматург Асқар Тоқмағамбетов ағамыз дер едік. Иә, сіздің әкеңіз, біздің сүйікті авторымыз ол кісінің өмірбаяны өзі тірлік етіп, ғұмыр кешкен кездегі республикамыздың өмірбаяны. Міне, осындай тарихи адам туралы қазір: «Ол кісі кім? Қайда туып-өскен? Ата-анасы қандай жандар? Тәлім-тәрбие алған ортасы ше?»  дегенді бүгінгі буынның бәрі біле бере ме? Жоқ. Сондықтан бұған өзіңіз жауап берсеңіз, оқырманға ол өте күшті әсер етер еді.

– Не себепті?

– Өйткені сіздің мұндай лебізіңізді ел кітаби емес, табиғи сөз ретінде қабылдайды. Асекең сияқты атақты адамды үйде көріп, білген, дос-жаран, ақын-жазушылар ортасындағы әңгімелерге куәгер болған адамның пайымы деп түсінеді. Ал бұл, өз кезегінде, жаттандылықтан ада, жанды өмір көріністерін көз алдыға әкелері анық.

– Жарайды. Білгенімді айтып көруге тырысайын. Онда бүгінгі ұрпақ хабардар болсын, әкемнің дүниеге келген жері осы облыс орталығынан онша алыс емес Тереңөзек өңіріндегі бұрынғы XVIII партсъезд кеңшарының орны. Ол кісі отағасы Тоқмағамбет пен анасы Ақжанның жеті қыздан кейін көрген алғашқы ұл баласы дейді білетіндер. Содан соң барып бұл үйге Әлішер, Парманқұл, Пірназар атты інілері келген. Болашақ ақын сегіз-тоғыз жасқа толғанда ауыл молдасынан хат таниды. Соның арқасында кеудесінде өмірге деген алғашқы құштарлық сезімі оянады. Оны жасөспірімнің сол уақыттағы қысқы соғымбасы мен оразадағы ауыз ашуға жиналған жұртқа мешіттегі қисса-дастандарды оқып беруінен байқауға болады.

Бұл 1917 жылғы қызыл төңкеріске дейінгі жағдай. Ал одан кейін... Кеудесінде оты бар бозбаланың уақыт көшінен қалып қоймауға тырысып алға ұмтылған кезекті қадамы 1925 жылғы Қазақстан астанасының Орынбордан Қызылордаға көшіп келген кезінде анық көрінеді. Ауыл арасында өлеңші бала атанып елге танылып қалған жас «Еңбекші қазақ» газетін жағалап, сонда баруды әдетке айналдырады. Әкей ол кезді еске алғанда: «Бір күні әрі есікке жалтақтай қарап жүрексінген маған жылы жүзді ағай бұрылып қарады. Сөйтті де бөлмесіне шақырды, – деп бастайтын әңгімесін. – Мұнда неге келгенімді сұрағанда, қалтамнан 1916 жыл туралы жазылған өлеңімді шығарып, алдына қойдым. Оқып көрді де: «Шығарамыз. Күт. Басқа өлеңдерің бар ма? Бізге оларды да алып кел», – деді үміттендіріп. Есіктен шыға бере: «Бұл ағай кім?» – деп сұрағаным есімде ауладағы адамдардан. «Редактордың орынбасары, жазушы Бейімбет Майлин», – деді олар. Содан көп кешікпей Ғани аға Мұратбаевтың шақыртуымен Ташкентке оқуға кеттім. Онда жүргенімде де ойымда «Еңбекші қазақ» газеті болды. Ал санамда менімен әңгімелескен жылы жүзді Бейімбет ағайдың қамқорлыққа толы сөздері жаңғырықты да тұрды. Өстіп жүргенімде бір күні өзіммен қатар оқитын қыз-жігіттердің шу ете қалып, мені қаумалай қоршап алғаны. Қолдарында «Еңбекші қазақ». Оның алғашқы бетінде жарияланған: «Суретің міне, тұр. Жаны бар кісідей. Ұраның, үнің тұр. Топ жазбай ірімей...» – деп басталатын Ленин туралы менің өлеңім. Мұндай қуанбаспын! Құттықтаушылардан сытылып шыға беріп, газетті қайта-қайта қараймын. Ондағы 20 жолдық өлеңімді әлсін-әлсін күбірлеп әлденеше рет оқимын...

Міне, содан бастап аталмыш басылымнан менің аты-жөнім жиі көрінетін болды. Кейін оқудан оралған соң осында корректорлық жұмысқа орналастым. Сонда редакция қызметкерлерінің қайсысы жұмсамасын, бәріне бәлсінбей бара беретінмін. Айта кетейін, мұндай шабармандық жұмыста мен жалғыз болғаным жоқ. Осы бәрің жақсы білетін жазушы Қалмақан Әбдіқадыров бар емес пе?! Міне, сол ағаларың ол кезде «Еңбекші қазақта» арба айдаушы-тын. «Барып кел, алып кел» деген тапсырмалардан қолы қалт еткенде, шағын мақала мен хабар-ошар жазып, газет қызметіне кейін қолы солай жетті ғой. Оны Қалмақанның: «Ат айдаушы көшірмін, Өлең жазып отырмын. Бүгін жазып берейін, Ертең сенен оқырмын!» – деген сөзі анық дәлелдейді. Сол сияқты елгезектігімен ерекшеленіп, жауапты хатшының тапсырмаларына ерінбей бара беретін шабарманның бірі болашақ ақын Әбділда Тәжібаев еді. Оның жұмысы көшедегі жұртқа газет сату-тын. Ұзын бойлы, арық қара баланың сондағы өткен-кеткендерге өлеңдетіп: «Бүгінгі газет тамаша, Оқысаң ойдан кетпейді. Таусылып қалды, жетпейді!» – деп дауыстайтыны әлі көз алдымда».

...Осыдан көп жылдар бұрын әкемнің үйде отырып бізге айтқан бұл әңгімесінен аңғаратынымыз не? Ол кісі үшін газеттің өз өмірінде өте үлкен рөл атқарғандығы. Өйткені қызыл төңкерістен кейінгі кезеңде редакцияда істейтін адамдар оң-солын әлі танып-білмеген оның кеудесіне үміт отын жақты. Тырнақалды туындыларын жариялап, есімін елге танытты. Қатарларына алып тәрбиеледі. Өсіріп, жеткізді. Осындай қамқорлығы үшін ол кісі бұрынғы «Еңбекші қазақ», кейінгі «Социалистік Қазақстан» секілді аға басылымға құрметпен қарап, бұл ұжымға бір емес, екі рет келіп жұмыс істеген жайы бар.

Кинорежиссер С.Қожықов пен ақын А.Тоқмағамбетов Сырдария жағасында.1966 жыл

– Солай ма?

– Иә. Алғашқысын жоғарыда айт­тық. Ол 20-жылдардың ортасы мен 30-жыл­дардың басы. Содан соң аға газет оны өз ұжымынан «Лениншіл жас» басылымы редакторының орынбасары етіп ұядан ұшырады. Онда біраз қызмет істеген соң жоғарғы жақ әкейді Мәскеудегі Журналистер институтына оқуға аттандырады. Оны бітіріп, арнаулы жолдамамен «Қазақ әдебиеті» апталығына келмей ме? Бірақ мұндағы шығармашылық орта онша емес екен. Бұл ахуал оған ұнамайды. Содан «Социалистік Қазақстанның» сол кездегі редакторы Жүсіпбек Арыстановқа өтініш айтып жүріп, бір кездегі өзінің сүйікті басылымына қайта оралады. Бұл – 1937 жыл. Содан ол кісі мұнда Батыстағы соғыс аяқталатын 1945 жылға дейін жұмыс істейді.

Мұны бізге 70-жылдардың басында Қызылордаға жолы түсіп, әкейге амандасуға келген «Ара» журналының редакторы Жүсіп аға Алтайбаев айтқан еді. Сондағы басқосу соңы ақынның төмендегідей әзіл өлеңін еске алумен аяқталған-тын. «Мен ол кезде аға газетте жауапты хатшы едім, – деп бастаған болатын қонақ әңгімесін. – Батыста соғыс жүріп жатқан қиын уақыт. Редакциядағы кешкі жұмысты көбінесе бөгейтін нәрсе – аударма. Ол Мәскеуден жіберілетін ең соңғы ресми материал Совинформ бюросының хабары. Бұл Алматыдағы бізге түнгі сағат 23.00-ден өте бере келеді. Оны аударатын арнайы топ бар. Олар шай ішіп, жүрек жалғамай ма? Тамақтанбай ма? Соны ойлап, редакция ғимараты астынан асхана ашқанбыз. Бірақ ас мәзірі мардымсыз. Таңды таңға ұрған сондай түндердің бірінде мұнда сұлы ботқасынан басқа ештеңе болмай қалады. Бұған көңілі толмаған қызметкеріміз Асқар Тоқмағамбетов: «Қыр соңымнан қалмады осы ботқа.Бұл да әулие болыпты тамақ жоқта. Сұрағанмен сүр етті кім береді? Жеп алып басайын мен біраз ходқа», – деген өлең жолдарын шығарғаны бар», – деп дастарқан басында отырған ақын-жазушыларды ду күлдіргені бар.

– Қызық естелік екен. Өмірлік жанды суретке ие жақсы мысал. Жарайды... Енді мына сауалға жауап беріңізші. Бұл: «Ақын аға 1941–1945 жылдарғы соғысқа қатысты ма, жоқ па?» деген сұрақ. Біз білетін оқулықтар мен зерттеу еңбектерде ол кісінің тылда болғаны, майданға тек концерттік-үгіт бригадалары құрамында барып қайтқаны айтылушы еді. Бірақ соңғы кездері: «Асқар Тоқмағамбетов Ұлы Отан соғысына қатысқан» деп жазылып жүр. «Қайда? Қай кітапта?» десеңіз, айтайық. «Әдебиет порталы» мен «Қазақстан жазушылары» анықтамалығының 2019 жылы шыққан соңғы басылымында.

– Бірден айтайын, бұл қате дерек. Әкей соғысқа қатыспаған. Өзіңіз айтқандай, майданға концерттік бригадалардағы үгітші ретінде барған. Өнер адамдары құрамындағы мұндай сапарлар жазушы Бауыржан Момышұлы секілді төрт жыл шайқас шебінде жүрген, ақын Жұмағали Сайын сияқты 3 жыл Полесье ормандарындағы партизан отрядында күн кешкен жағдаймен салыстыруға келмейді. Рас, 1941–1945 жылдардағы қанды қырғын Тоқмағамбет әулетін де айналып өтпеген. Майданға бұл шаңырақтан әкейдің інілері Әлішер, Парманқұл, Пірназар мен өзінің туған ұлы Төребек бірінен соң бірі аттанған. Ол төртеуінен үшеуі елге қайтпай, Ресей мен Белоруссия жерінде опат болыпты. Отбасына тек ауыр жаралы Әлішер ғана оралған.

Осы арада мен сізге көп сөз болмаған бір жағдайды айтайын. Ол: «Ақын Асқар Тоқмағамбетов майданға концерттік-үгіт бригадаларымен неге қайта-қайта бара берген?»  деген сұраққа жауап. Жоғарыда әкейдің туған інілері мен ұлы Төребектің де соғысқа аттанғанынан хабардар болдыңыз. Кемпір-шалдың қолындағы ол өте талантты бала болған екен. Қызылордаға барған бір сапарында соны байқаған Ғабит аға Мүсірепов: «Сен оның обалына қалма. Ақсақал мен шешейге түсіндіріп айтып, қалада оқыт», – деп кеңес береді. Жазушының сол ақылы арқасында Төребек Алматыға алдырылып, сондағы №12 мектептің үздік оқушысы атанады. Кәмелеттіктен өтіп, азаматтық жасқа жеткенде соғыс басталмай ма? Міне, сонда ол 100-бригаданың құрамына алынып, майданға кете барады. Әкейдің айтқан әңгімесі бойынша сол жылдары тұңғыш перзенті оны ақынның қалайда бір көруі күндіз көңілінен, түнде түсінен шықпас арманы болыпты. Сол оймен Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Мәдениет басқармасына қайта-қайта өтініш айтып жүріп, олар ұйымдастырған өнер өкілдері бригадасымен Батысқа екі рет барған ғой. Алғашқысында ұлымен жолыға алмаған. Кейінгі 1942 жылғы сапарында Великие Луки мен Невель маңында шайқасып жатқан 100-бригадаға жетіп, Төребекті сол жерден тауып, кездескен.

Содан ақын ұлының жанында бір-екі күн болады. Одан концерттік бригаданың белгіленген маршруты бойынша майдан шебінің түкпір-түкпірінде біраз уақыт жүріп, Алматыға оралмай ма? Мезгіл қыс түсіп қалған кез екен. Міне, сонда... Әкей 1975 жылғы 9 мамырда бізге мұны күйзеле отырып, былай деп айтып бергені бар. «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясы ол кезде Гоголь көшесі бойындағы жалғыз қабатты үйде еді, – деген болатын ол кісі. – Қыстың ызғарлы күндерінің бірі-тін. Пешке от жағылмай, жағылса да қағаз қиқымдары лап етіп барып өшіп, бөлме қайта суып кететін. Сонда да оттың лебі байқалған қаңылтыр пеш жанына үймелеп, материалдарды сол жерде ­дайындап, оқитынбыз. Бір уақытта курьер қыз сыртында «Мұқан Иманжановқа» деген жазуы бар екі конвертті әкелді. Ол кісі алғашқысын ашып: «Бұл майдандағы Баубек Бұлқышевтен келген хат екен», – деп бәрімізге дауыстап оқып берді. Сөйтті де екіншісін қолына алды. Пеш жанында тізе түйістіріп отырғандықтан, Мұқаң ашқан бұл конверттегі жазулар маған анық көрінді. Оған «Ерлікпен қаза тапқан екі азамат» атты тақырып қойылыпты. Содан соң барып хат иелері ол жауынгерлердің окоптан шегінбей, түні бойы жауға оқ жаудырғанын жазыпты. Осындай табанды әрекеттері арқылы алдыңғы шептегі бақылау нүктесіне немістерді жолатпаған. Сөйтіп, таң алдында оққа ұшқан. Редакцияға хат жолдаушы жауынгерлер осыны баяндай келіп, бұл боздақтардың аты-жөнін ұмытпай айта кетіпті. Біреуі 30-жылдарда ҚазЦИК төрағасы болған Елтай Ерназаров ақсақалдың баласы екен. Ал екіншісі... Менің ұлым Төребек Тоқмағамбетов болып шықты. Мұны естігенде көзім қарауыта, теңселіп кеттім. Одан арғысын білмеймін. Көп уақыттан кейін барып көзімді ашсам, редакциядағы әріптестерім мені құшақтай сүйеп отыр. Кеудем күйіп бара жатқандай. Таңдайым кеуіп, аузым құрғап қалғандай. Жүрегім айнып, лоқси беремін. Ұлымның қазасын менің, міне, сөйтіп, кездейсоқ, күтпеген жерде естігенім бар, қарақтарым...»

– Иә... Асекең өміріндегі соғыс... Оған ол кісінің қатысы туралы мәселенің жағдайы осылай деңіз. Енді... Сіз бен біз қазір ақынның жұмыс бөлмесінде отырмыз. Мұндағы кітаптар... Фотосуреттер... Және түрлі кәдесыйлар. Солардың қатарында «Хаттар» деп аталатын қағаз бумалары да көрінеді. Айтыңызшы, оларда не бар?

– Бұлар сол кездегі әдебиет, мәде­ниет және өнер өкілдерінің әкеме жолдаған жеделхат, құттықтау, сондай-ақ шығармашылық тұрғыдағы пікір алысу мәтіндері. Ол жазбаларды оқығанда: «Сол кездің адамдары неткен жомарт жүрек, кеңпейіл жандар еді?! Бір әріптесіне оның жақсы ісі үшін қуанады. Екіншісіне шамасы келгенше көмектесуге ұмтылады. Үшіншісін жылы лебізімен жігерлендіруге тырысады», – деп таңғаласың. Бұл айтқандарым жай, құрғақ сөз емес. Оларға нақты мысалмен жауап берер болсам, ойыма классик жазушы Ғабит аға Мүсіреповтің әкемді 60 жылдық ­мерейтойымен құттықтаған жеделхаты келеді. Онда: «Особо хочу ­поздравить тебя благородная Куралай, добрая спутница большого поэта. В каждой Аскаровской строке тысячи твоих ночей, волнений и переживаний», – деген жолдар бар. Атақты сөз зергері өз құттықтауында әкеме деген лебізін білдірумен бірге, анамды да ұмытпаған. Ақынның жарына жоғарыдағыдай жақсы сөзін айтып, өзінің жеке құрметін білдірген.

Енді екінші хатқа үңілейік. Бұл ұлттық руханиятымыздың ұлы жанашыры Ілияс Омаровтың хаты. Ол кісі соғыстан кейінгі кезеңде Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болғаны мәлім. Сонда ғалым Ермұқан Бекмахановтың Кенесары қозғалысы туралы монографиясын жақтағаны үшін қызметінен төмендетіліп, Солтүстік Қазақстан обкомында жұмыс істеген ғой. Сол жерде жүріп: «Қадірлі Асқар! – деп хат жазыпты әкеме. – Көптен бері жүз көрісе алмасақ та амандығыңа қанықпын. Газет-журналдардан өлеңдеріңді көріп, оқып тұрамын. Жақында мұнда Ғабит келіп, отбасыңның аман-есен екенін айтқанда қуанып қалдым. Хат жазып отырғаным мынадай мәселе. Менің жұмыс столымда көптен бері «Қазақ әдебиетінен» қиып алған Қызылорданың Зейнолла (Шүкіров) деген баласының кішкентай өлеңі жататын еді. Соны өзіңе жіберем деп ойлағалы көп болған. Бүгін міне, соның сәт түскендей. Ол баланың кім екенін, қайда оқығанын білмеймін. Бірақ аяқ алысы кең сияқты. Осы ініңе қарайласып жүрерсің. ­­­Сәлеммен, Ілияс. 26.03. 1958 жыл». Міне, көрдіңіз бе? Сол кездегі руханиятқа қатысы бар аға ұрпақ өкілдері өздері мүлде көріп, білмеген, бірақ баспасөзге шыққан туындылары арқылы сырттай хабардар болған таланттарға қандай қамқорлықпен қараған? Ал қазір... Мұндай ізгілік іздерінің үлкенді-кішілі қайраткерлер ой-санасынан ұмытылғалы қашан... Сөредегі сіз сұраған «Хаттар» папкасы осындай құжат, мәтіндерден тұрады. Ол бүгінде өз зерттеушісін күтуде.

Ақын ағаға атақты М.Горькийдің қолы қойылған 
КСРО Жазушылар одағының мүшелік билеті. Мәскеу, 1934 жыл

– Өмір болған соң мына тіршілікте оның өз қуаныш, қиындықтары кездеспей тұрмайды ғой. Ақын аға дүниеден озғаннан бері ол кісінің әдеби мұрасын зерттеуге, кітаптарын жарыққа шығаруға немесе ­мерейтойларын өткізуге қатысты қисыны келмеген, сөйтіп, жүректеріңізге жүк түскен жағдайлар болды ма?

– Жоқ. Бекер обалы қанша, әкеміз бақилыққа аттанған 1983 жылдан күні кешеге дейін ақынның көзін көрген Алматыдағы газет-журнал редакторлары мен баспа директорлары қолдарынан келген көмегін көрсетіп тұрды. Облыстық әкімдіктегі азаматтар да солай. Оң қабақпен қарады. Десек те, заман өзгеріп, қоғам құбылған кешегі өлара шақ, өтпелі кезеңде адам түсінбейтін оқиғалар болды ғой. Олар, мәселен, атақты батыр Баукең, Бауыржан Момышұлының Кеңсайдағы ескерткішін қаптаған жұқа мысты қолды ету, қаһарман ұшқыш Талғат Бигелдиновтің үйінен құрамында бағалы металдар бар ордендерді алып кету сияқты келеңсіз жәйттер дер едік. Сондай жағдай бізді де айналып өтпеді. Суық қолдылар әкей зиратындағы мүсін сыртын қаптаған мысты бір түнде жоқ қылды. Бұл сол 90-жылдардағы аласапы­ранда орын алған оқиға. Ол келеңсіздік салдарын бүкіл туған-туыс, жанашыр жұрт болып, тез қалпына келтіруге әрекет еттік. Себебі мұны қарт анамыз естіп қоймаса екен деп қатты мазасыздандық. Шүкір, аз уақыт аралығында оның бәрі дұрыс аяқталды.

Енді екінші оқиға туралы бірер сөз. 2000 жылдардың ортасы еді. Үйде облыс­тық телеарналардың біріндегі хабарды көріп отырғанмын. Кенет экранға сол кездегі бейресми ұйымдардың бір белсен­дісі шықты да төмендегідей жайды айта бастады. Оның сөзіне қарағанда қала­дағы мәдениет үйінің ақын Асқар Тоқма­ғамбетов атын иеленіп тұруы заңсыз екен. Өйткені оны дәлелдейтін құжат жоқ. Содан соң бұл ғимарат оңтайландыру кезінде жекенің қолына өткен. Сондықтан оның иесі мәдениет үйінің атын қалай өзгертеді, оған кімнің есімін береді, өзі біледі.

Мына сөзді естігеннен кейін мен облыстық әкімдікке бардым. Ол кезде ондағы аппарат жетекшісі өздеріңіздің әріптестеріңіз Бауыржан Омаров, ал өңір басшысының орынбасары қазіргі сенатор Мұрат Бақтиярұлы еді. Нәтижесінде мына жай белгілі болды. Бірінші, әкей өмірден өткен соң облыстық атқару комитеті ақынның есімін ел есінде қалдыру мақсатында республика Үкіметіне ұсыныс жібереді. Сол бойынша Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1986 жылғы 25 қарашадағы №446 қаулысымен Қызылорда қалалық мәдениет үйіне Асқар Тоқмағамбетовтің есімі беріледі. Екінші, 90-жылдарда орын алған қиындыққа байланысты ғимарат жеке адамға өткен. Бірақ солай болғанымен, артынша ол облыстық бюджеттен қаржыландырылып отырылған. Яғни аталмыш мәдениет үйі мемлекет есебінен күн көрген. Сондықтан бұл жерде жекешенің жеке әрекет жасаймын деген кеудемсоқтығы дұрыс емес. Осылайша, облыстық әкімдіктегі қос азаматтың сауатты қимылының арқасында сауатсыз пиғылдың жолы кесілгені бар.

– Апыр-ай, ә?!.. Кезінде жоғарыдағыдай жағдайлар да бастарыңыздан өткен екен-ау... Шүкір. Кейін, әйтеуір, бәрінің арты дұрыс аяқталғаны жақсы болыпты. Енді мына сұрақтарға жауап берсеңіз. Оның біріншісі, ақын ағаның соңғы күні... Ол кісі үйде өткізген соңғы сағаттар... Сол сәт есіңізде ме? Екінші, Асекең шаңырағынан неше ұл-қыз едіңіздер? Қазір бұл әулеттен кімдер бар?

– Сөзімді алғашқы емес: «Неше ұл-қыз едіңіздер?»  деген соңғы сауалға жауап беруден бастайын. Біз алтау едік. Әкейдің тұңғышы соғыста қаза тапқан Төребек. Оны жоғарыда айттық. Одан кейінгі ағамыз – Еркін. Тарих ғылымының кандидаты ол кісі Алматыдағы теміржол, сосын политехникалық институтта сабақ берді. Содан соң Ғанибек көкеміз ғой. Бұл ағамызды сіздер білесіздер. Көп жыл бойы Ғылым академиясы жанындағы Гео­графия институтының директоры болды емес пе?! Осы кісілерден кейін өмір­ге келген Роза, Ботагөз апаларым Ақтөбе мен Алматыдағы медицина инс­титут­тарын бітірген дәрігерлер. Екеуі де облыстық және қалалық ауруханаларда жұмыс істеп зейнетке шықты. Ал мен осы Қызылордадағы пединститутта оқып, М.Мәметова атындағы мұғалімдер дайын­дайтын училищеде еңбек еттім. Қазір сон­дағы ардагерлер кеңесінің төрайымымын.

Енді: «Ақынның соңғы күні...»  деген сұраққа байланысты айтайын. 1983 жылдың 21 тамызы болатын. Әкей сәске ауа бере замандасы Тәжі Жүнісовтің жылдық асына барып келді. Біздің түскі тамаққа отырғанымызды көрді де бір-екі кесе шай ішті. Содан соң жұмыс кабинетіне қарай беттеді. Жазу столына жеткен соң орындыққа отыра бере жүріп-ақ кеткені. Қан түйіршіктерінің жүрек тамырын кенеттен бітеп қалатын тромб сырқаты екен. Жедел жәрдем көлігімен жеткен дәрігерлер солай деп диагноз қойды.

...Осылай деген Аягөз әпкеміз ақынның кабинетіне бастап кірді. Мұндағы көзімізге алғаш түскен нәрсе: «1983 жыл. 21 август. Жексенбі»  деген календарь парағы болды. Содан кейінгі көргеніміз стол үстіндегі «Жұлдыз» журналының сол жылғы 6-шы нөмірі. Ортасынан ауа оқылған аталмыш басылымның оң жағында Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаевтың: «Арқа тұтып жүрген ардақты Асқар аға!»  деп басталатын хаты ашулы жатыр. Конверт сыртындағы почтамт мөрінде оның Алматыдан жетінші айдың 24-інде жіберілгені көрінеді. Ал осындағы бұлардан басқа тағы бір назар аударарлық нәрсе деп столдың сол жақ шетіндегі сағатты айтар едік. Оның қос циферблат тілі түскі 14-тен 01 минут өткенді үнсіз көрсетіп тұр. «Әкейдің демі үзілген сәтте бұл да сол уақытты көрсетіп барып өз-өзінен тоқтап қалды», – деді әпкеміз. Адам түсінбес таңғаларлық жәйт... 
Осыларға ойлана қарап тұрып, кітап сөресіндегі «Қызылорда облысы» атты анықтамалықты қолға алдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылған ондағы «А.Тоқмағамбетов» деген мақалаға көз жүгірткенімізде, мынадай деректерді көрдік. Қазір мұнда өзіміз жоғарыда сөз еткен қалалық мәдениет үйі мен осы облыс орталығындағы ұзын көше және Сырдария ауданындағы бір орта мектеп ақын атында екен. Мұның сыртында Тереңөзек өңіріндегі қаламгер дүниеге келген бұрынғы XVIII партсъезд кеңшары Асқар Тоқмағамбетов ауылы боп өзгертіліпті. Ал шығармашылығына келсек... Иә, бұл мәселеде де игі істер бар дер едік. Олай дейтініміз, мұнда осы облыстан шыққан ақын-жазушылар еңбектерін 100 том көлемінде жарыққа шығаруға арналған «Сырдария» кітапханасы бар екен. Соның үш томы Асекең шығармашылығын қамтып, оқырман  қолына тиіпті. «Жақсы адамның арты да жақсы болғаны қандай қуанышты жәйт!»  дедік іштей сүйсініп. 
Ақынның жұмыс бөлмесін көріп болғаннан кейін біз Аягөз әпкемізге жарқын жүзбен қарсы алып, жылы қабылдағаны үшін рақмет айттық. Өйткені  әке мұрасын қастерлеп, ақынның үгітшісі, насихатшысы, тіпті жоқшысы болып отырған осы кісі ғой. Соған байланысты лебізімізді білдіріп тұрғанымызда, Асекеңнің бұл перзенті туралы жазған өлеңі есімізге түскені!.. Онда: «Кім сүйкімді болмайды бала кезде, Балапаны құстың да болады өзге. Сүйкімдісін жер-көктің жинасаң да, Бәрібір тең болмайды Аягөзге!»  деген жолдар бар еді. Асекеңнің сол қызы, кенжесі әке көңілінен шыққан нағыз сүйікті перзенті дер едік. Ақын тұрған үй есігінен шығып бара жатып біз, міне, осындай ұйғарымға келдік. 

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

ҚЫЗЫЛОРДА

 

2257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы