• Мәдениет
  • 03 Қараша, 2022

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ЕҢ ҮЗДІК АКТРИСА АТАНДЫ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Қуанбасқа лажың жоқ. Енді сонау Қытайдағы 1,5 миллиардқа жуық халықтың ішінде қазақтың қаракөз қызы оза ­шауып, бас жүлдені алып жатса... Шындығында көңіл көтеретін, қуанышты жаңалық қой.
Кешелі бері отандық ақпарат құралдары Қытайда тұратын қазақ қызы Риза Әлімжанқызының «Flying Apsaras» сыйлығын алғандығы туралы қуана хабарлап жатыр. Айта кетейік, биыл бұл бәсеке 
33-рет өткізіліп отыр. 

«Flying Apsaras» сыйлығы –
Қы­тайдың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапаты. Айта кетейік, Риза Әлімжанқызы «Minning Town» телехикаясындағы рөлі үшін «Үздік актриса» атанды.

Ал аталған «Minning Town» телехикаясы өткен жылы қаңтар айында Қытайдағы көрермені ең көп бес телеарнада қатар көрсетілді. Бұл сериалды көпшілік көрермен өте жоғары бағалады. «Minning Town» телехикаясының мән-мазмұны неде? Телехикаяда Қытайдың
Нинся дүнген автономиялық өңірінің Сихайгу аймағындағы ауыл тұрғын­дарының тұрмыс-тіршілігі баяндалады. Қысқаша айтқанда, хикаяның мазмұны кедейлікке қарсы күрес.

Ал басты кейіпкерді сомдаған Риза Әлімжанқызы мейірімсіз әкенің қатал үкіміне мойынсұнбай өз тағдырын өзі қолына алады. Қайсарлықпен күреседі. Ол телехикаяда Ли Шуйхуаның бейнесін сомдайды. Оның әрбір қимыл-әрекеті мен сөзі, образы көрерменді тәнті етеді.

Қазақ қызы Бейжіңдегі «Шоуган» аренасында өткен сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімінде толқып тұрып, «қазақша айтайыншы» деп көзіне жас алды.

– Мен бақыттымын. Қазылар алқасына, еңбегімді бағалаған көрер­мендерге мың алғыс. Өзде­ріңізге ана тілімде алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер, – деп ағынан жарылды.

Сырт елде жүріп, қазақтың абыройын асқақтатқан Риза Әлім­жанқызына шын мәнінде ал­ғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Бо­­лашақта біздің де тиісті министр­ліктер қазақ қызын елге шақырып, ұлттың абыройын көтерген қаракөз қарындасымызды елеп-ескерер деген үміттеміз.

Ал ақиқатын айтсақ, Риза
Әлім­жан­қызы туралы деректер бізге аса мәлім емес. Ашық дереккөз­дерден тек оның Қытайда актриса ретінде көрерменнің көзайымына айналғанын ғана білеміз. Ол кино саласында Reyizha Alimjan немесе Rayza деген есімімен қытайлық көреременге танымал болған.

Бізге белгілі болғанындай, Риза Әлімжанқызы1986 жылы 15 шілдеде Бейжің қаласында дүниеге келген. Әкесі Әлімжан Нұрғазыұлы мен анасы Зайымхан Бейжің қаласындағы орталық ұлттар баспасында жұмыс істейді.

Риза кішкентай кезінен бастап, ән айтуға, кітап оқуға ынталы болған. Сабақты да үздік оқыған көрінеді. 15 жасында-ақ сән әлеміне қадам басып, өзінің талантты қыз екенін дәлелдей бастаған. Алғаш рет «Ruili» сән журналы ұйымдастырған байқауға қатысып, жүлдегер атанған, 3 жыл осы басылымда келісімшартпен жұмыс істеген. Кейін 2002 жылы Бейжің кино академиясының актерлік факуль­тетіне оқуға түседі. Риза Әлімжан­қызы «Картаңызды ашыңыз»,
«Суайттар шайқасы», «Гаремдегі Чжуан Хуанның өмірі», «Махаббат па, оған мен дайын», «Махаббат бұйрықтан аса алмайды», «Біз ғана білетін мекен», «Шындық айтылмайтын аймақ», «Қарлы даладағы әйел патша», «Қуғындау» секілді көптеген фильм мен телехикаяларға түседі. Сөйтіп, оның есімі қытай көрер­меніне танымал болады.

Риза 2017 жылы «Қуғындау» фильміндегі рөлі үшін «БАҚ-тың назарын жиі аударған актриса» номинациясына ие болып, 2019 жылы «Чаңандағы бір тәулік» атты телефильміндегі рөлі үшін Қытайдың «Huading» байқауында ең «үздік актриса» атанады. Риза 2020 жылы «Тау-теңіздей махаббат» фильміне түсіп, ол өткен жылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ендеше, Қытайдың мемлекеттік сыйлығын алған қазақ қызына біз де толайым табыстар тілейміз.Кино әлемінде жаңа биіктерді бағындыра бер!

 

1643 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы