• Руханият
  • 09 Қараша, 2022

АҚИҚАТ АУДИТОРИЯСЫ

Орманда жүрген адамның соңынан жолбарыс қуып, жанұшыра жүгірген әлгі пенде ағаш бұтағына жетіп жармасыпты. Жабайы жолбарыстың аузынан аман қалдым деген көңілге қуаныш болғанымен, астындағы қазылған орда алпауыт жылан жатыр дейді. Қос қолымен ұстаған бұтақ басын кемірген ақ-қара тышқандарды сонда барып байқапты. Өмірі қыл үстінде тұрған адам қол созым тұстағы ара балынан дәм тату үшін қол созыпты... Біз бен сіздің бүгінгі өміріміз дәл осылай өтіп жатыр. Алмасқан ақ-қара күндер мен түндердің арасында арпалысқан тірлікте көңілге қуаныш сыйлар сәттер үшін тырысамыз. Сәулелі сәттер санамызда сақталатын сондай күндердің бірі – 5 қараша болды.

КӨП КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ БІРІ ЕМЕС...

Елімізде әдебиет-мәдениет, білім-ғылым салаларында түрлі бағыттағы іс-шаралар мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар көптеп өткізіледі. Бір маусымның өзінде-ақ өткен шаралар көп. Дегенмен, 5-қарашада өткен Шерағаңның 90 жылдығына арналған шара көп конференцияның бірі болмады. Асырып емес, ойлы адамның көкейіне сәуле құярлық болғандықтан жазып отырмыз. Қазақ­станның халық жазушысы, публицист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның мерейлі датасы кеңінен аталып өтіп жатыр. Алғашқы легі көне Тараз төрінен еңсесін тіктеген Шерхан Мұртаза ескерткішінің, туған жері Жуалы ауданы Талапты ауылында әдеби-мемориалдық музейінің ашылуынан басталды. Сонымен қатар республикалық ғылыми-практикалық конференция, ­«Шерхан оқулары» байқауы, облыстық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлерінен өткен жа­рыс­тар мерейлі датаның мерейін асырды. 
Көзі тірісінде ақиқат алдаспанына халық ықыласы қандай ыстық болса, қазір де сондай ыстық. «Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда» деген қайраткердің публицистік мақалалары, көркем шығармалары шаң басып архивте қалған жоқ. Қалам ұстаған қауымның ұстазына айналып «Редакторлардың редакторы» атанған қайраткердің ғұмыры – халық үшін, мемлекет үшін қызмет қылудың айқын үлгісі. Мүйізі қарағайдай ғалымдар мен қаламгерлердің басын қосқан конференция Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәжіліс залында өтті.
Ректорат фойесінен басталған фото-көрме қайраткердің кадрға түскен қадірлі шақтарынан сыр шертеді. Жұмыс барысында, жастық шағында, демалыс кезінде, отбасында түсіп сақталған суреттер қонақтар назарына ұсынылды. Алыстаған сайын, биіктей түскен Шерағаңның бейнесін сағынған жандар фотоларға қарап еске алысты. Бұл күннің маңыздысы – журналистика факультетінде Ш.Мұртаза атындағы аудиторияның ашылуы. Фото-көрмені тамашалаған көпшілік алыптардың ізі қалған факультет дәлізімен аудиторияға бет алды. Кеңестік кезеңде ғұмыр кешсе де, ұлттық рухтың ұясына айналған факультет түлектері көптеп жиналды. Көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Оразалин, Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, Қырғызстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдыл­дажан Акматалиев жаңа ауди­то­рияның лентасын қиып ішке енді. 
Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлының бастауымен аудиторияға енген көпшілік Шерағаң туралы толғаныстарын жеткізді. Публицист, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай және Жанарбек Әшімжан аудиторияға арнайы Ш.Мұртаза бейнеленген арша кілем табыстады. 

БАСПАСӨЗДІҢ БАУЫРЖАНЫ

«Шерхан Мұртаза – замана шынды­ғын айтқан заңғар тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның алғы сөзі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын Бас редакторлар клубының жетекшісі, ҚР  Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбайдың жеткізуімен басталды. Алғашқы сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Ж.Түймебаев:
– Шерағаңның көптеген басы­лым­дардың редакторы болуы, депутат болуы, жазушылық-журналистік жұмысын қатар жүргізуі – күні-түні еңбек еткенінің көрінісі. Ол кісіні қай тұрғысынан зерттесек те, үлгі алуға болады. Шерағаңның осындай қайраткерлігін көргенде Әбіш Кекілбаев: «Шерханды көргенде көз алдыма Махамбет елестейді. Біздің заманға да сондай батыл қалпымен шындықты тура айтатын Махамбеттер керек» деген екен. Қызметімен де, шығармашылығымен де үлгі тұтатын феномен тұлға, – деді. 
Конференцияға қатысушылар қайраткер турасында түсірілген деректі фильмді тамашалап, шетел ғалымдарының Ш.Мұртаза шығар­машылығын түрік тілінде жарыққа шығарғанына қуанды. Қаламгердің «Қызыл жебе» романын жазушы, аудармашы Ашур Өздемир түрік тілінде басылып шыққанын жеткізді. 
Белгілі публицист Қайнар Олжай: «Егемен Қазақстанға келген сәтінен бастап, Семей полигонының жабылуына және Абыралы ауданының қайта ашылуына бағытталған мақалаларды күнде газет бетіне шығаруды тапсырды. Күнделікті біз осы бағыттағы мақала, әңгіме, үндеу жариялап отырдық», – дейді. Конференция барысында «Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы: прозасы мен драмасының қазақ әдебиетіндегі тарихи маңызы» тақырыбында филология ғылым­ының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы баяндама жасады. 
– Ең алдымен, елге қаламгер, жазушы ретінде Мәскеуден оқып бітіріп келе салысымен танылды. Не жазса да, тереңінен бойлап, алдымен форма емес, мазмұнын жеткізетін. Қысқа да құнарлы, әрі шымыр жазатын. Стилі дара Шерағаңның қаламгерлік қолтаңбасы ешкімге ұқсамады. Ол өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамады. Әңгіме, повесть, роман және драма жанрына да бет бұрды. Оның ішіндегі шоқтығы биік «Қызыл Жебе» романы. Осы шығармаға өмірінің  30 жылын арнады. Роман-эпопеяның бас кейіпкерлері Тұрар мен Рысқұл арқылы жазушы ХХ ғасырдағы қазақ ұлтының басынан өткен қасіреті мен қияметін, азабы мен тозағын, бо­дан­дыққа түскен тағдырын энци­кло­педиялық ауқымда тұтас бейнелеп шықты,  – дейді көрнекті ғалым. 

«БІР АУЫЗ СӨЗ» АЙДАРЫН АШҚАН...

«Жаңа Қазақстан мұраты және Шерхан Мұртазаның қайраткерлік-журналистік еңбегі» деген тақы­рыпта келесі баяндаманы «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай жасады. 
Шерағаңның «Бір кем дүниесін­дей» қысқа да нұсқа, өткір де ойлы жазылған туындылардың некен-саяқ екені де рас. «Қысқа жазу – таланттың қарындасы», – дейді Антон Чехов. Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстан» газетін басқарған шағында осындай қаламгерлерді өткір де нақты жазуға бейімдеу үшін «Бір ауыз сөз» атты айдар ашқанын Қали Сәрсенбай тілге тиек етіп сөз бастады.
– Өзі де жазса шебер қайырып жазатын Шерағаң қаншама қалам ұстағандарды соған үйретті. Бұл – Шерағаңның талабы. Жалпы ұлттың маңдайалды басылымдарының бәрінде ағамыз басшылық жасады. Сол кезде басылым редакторларының бәрі қол қойғанда бас редактор деп қоймайтын. Редактор деп қоятын. Қазір бәрі – бас редактор. Бұл туралы Шерағаң бас редактор дегеннің кім екенін «Бір кем дүниесінде»: «От пен судан өттім, шыңдалдым. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді. Бас редактор – қоғамның бас дәрігері. Қоғам денесіне әртүрлі жара қаптаған. Оның ішінде қатерлі ісік те бар. Сол ісіктің қоясын шығарып, сылып тастауға жараса, сол нағыз бас редактор» деген. Өмір бойы осы сөзін Шерағаң ұстанды. Аталған сөзі арқылы ұлт баспасөзін ұлтқа қызмет етуге бұрды деуге болады. Өзінің де баспасөздегі міндетін-мұратын айқындап алып, қай басылымды басқарса да елдің мұңын мұңдайтын. Ел аузында «Сықиған СҚ» деп аталған партиялық басылымға демократиялық бетбұрыс алып келді. Бұрынғы жүйенің баспасөзде бетін аймандай еткен де – Шерағаң!», – деп баяндамасын жалғастырды. Қали Сәрсенбай баяндама соңын­да екі түрлі ұсынысты ортаға салды. 
– Біріншісі, қайраткерлерді тек мерейтойлы даталарда еске аламыз. Біз үнемі олардың еңбектеріне, шығармаларына оралып отыруымыз қажет. Жастарға үлгі болуына түрткі болуымыз керек. Екіншісі, Шерағаңның туған күнінде жылына бір рет еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларынаың басын қосып, республикалық конференция өткізу. БАҚ-тың келелі мәселелерін алға тартып, оларды шешу жолдарын қарастыру, – деп тәмамдады «Ана тілі» газетінің бас редакторы. 

ЕҢБЕК ЖЕТПЕЙ ЖАТАДЫ, ЕРЛІК ЖЕТПЕЙ ЖАТАДЫ...

Қазақтың көрнекті ақыны, мем­лекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин өз сөзінде Шерхан Мұр­таза­ның еңбекқорлығын жастарға үлгі етті. 
– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов­тың көлемді шығармасы «Абай жолы» эпопеясы қаншама жылдар бойы зерттеуден, ізденуден, еңбектен туған. Сол сияқты Шерханның да «Қызыл жебесі» қаншама уақыт архивті ақтарып жүріп, зерттеулерінен туған. Тіптен, «Ай мен Айшасында»: «Тұрар тереземнің түбіне дейін келген. Тұрарды көргем», – дейді ғой. Бала Мұхтардың да Абайдың көзін көргені бар емес пе?! Құрметті жастар, дарын бәріміз де бар, ішімізде ашылмаған дарындар бар. Тек еңбек жетпей жатады, ерлік жетпей жатады. Шерханның өткірлігі – ерліктің, шығармашылығы – еңбектің арқасында туған. Сон­дық­тан біз еңбектенуіміз қажет, – деп жалынды сөзін жастарға арнап аяқтады. 
Дүние дидарында қаншама жан дарыны ашылмай, күйкі тірлік, күйбең шаруаның астында ғұмыр кешкені рас. «Әй, қап, мықты болатын, танымал болатын адам ғой», – деп бойындағы қабілетіне қарап күйінетін кездер басымыздан өтті емес пе?! «1 пайыз талантқа 99 пайыз еңбек қажет», – деп айтылып жүрген сөздің де төркіні сонда болса керек. Ал Қайнар Олжай қаламгердің еңбекқорлығын:
– Депутаттық мандатта жүр­генде де Мәжілісте өткен талқы­лаулардан тіптен кеш қайтатын. Соған қарамастан жұмысқа келіп, типографияға кететін газет нөмірін толық қарап шығатын. Бәрін өзі бақылап, тексеріп отыратын. Мардымды мақалаларды қалдырып, өзектілерін негізгі беттерге қойдырып, басылымның көтерер жүгі салмақты болуын қадағалайтын. Баспасөзді бөспесөзге айналдырмау үшін аянбай еңбек етті, – дейді. Мүйізі қарағайдай ғалымдар мен қаламгерлер, басшылар мен журналистика факультетінің студенттері конференциядан тағы­лым алды. Конференция соңында университеттің Басқарма-төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Шерхан Мұртазаның шекпенінен шыққан, тағылым алған қаламгер-журналистер мен студенттер кездесуі қажет екенін айтты. Жастарға, әсіресе қалам ұстаған журналист жастарға мұның бәрі қалыптасу мектебі боп саналады. Аталған кездесуде конференцияларды ұйымдастыру ісі журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлына тапсырылды. 
Ендігі меже – Ш.Мұртаза шы­ғарма­шылығы мен еңбегіне зерделі зерттеулер жүргізу, ғылыми тұрғыдан бағасын беру. Сонымен қатар, шығар­машылығын шет тілдеріне аудару, әлем әдебиетінің үлесіне қосу. Журналистика факультетінде ашылған Ш.Мұртаза аудиториясы – «ақиқат аудиториясы» болады деген сенім мол. 

Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті 
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 1-курс магистранты

1337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы