• Ақпарат
  • 09 Қараша, 2022

Балбалтас қай ғасырдың куәсі?

Қарашаның 9 жұлдызында Алматы облысы Жамбыл ауданынан түркі дәуіріне тиесілі болуы мүмкін балбал тас табылды. Шилібастау бекетінде тұратын Оразбектер әулеті табылған тас мүсін өздерінің ата-бабаларына тиесілі екеніне сенімді. Олардың айтуынша, кезінде Еламан есімді арғы аталары осы Шилібастау ауылында елге белгілі бай болған. Балбал тас соның үйінде сақталып, кейін баласы Күлембайға қалған. 

– Еламан атамыздың үйінде осы балбалтас тұрғанын бұрын көнекөз қариялар айтатын. Кеңес үкіметі кезінде ешқандай да жәдігер, құндылық дегенді білмедік қой. Бұл тастың керегі жоқ деп кейін көме салған, – дейді Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шұлғаубаева. 
   Мамандардың пайымдауынша, мүсін сонау түркі дәуіріне тиесілі болуы мүмкін. Жергілікті өлкетанушылар оны Отар даласында болған жоң­ғарларға қарсы «Аңырақай» шайқасынан қалған деген болжам айтуда.
– Ауылға келіп Түрк­сіб­тің жолын салды ғой. Сол кезде жолдың астына әкеліп осындай балбал тастарды да төсеген. Сонда байқуатты кісі болған атамыз, солардан сатып алған. Мұны атамыз өзі айтып отыратын. Бірақ кейін қалай көмілгенін білмейміз, – дейді Роза Шұлғаубаева. 
   Ер адамның бейнесіне ұқсайтын тасмүсін көктастан жасалған. Қазір Оразбектер әулеті белгітасты табылған жерінен алып, үйге әкеліп қойған. Ал балбал тасты ауылға тұщы су жүргізіп жатқан жұмысшылар кездейсоқ қазып алған. Қазу жұмыстары кезінде тастың жартысы сынып қалған. Қалған бөлігін тұрғындар өздері қазып алған. Балбалтастың биіктігі шамамен 1 метрге жуықтайды, ал ені 70-80 сантиметрдей болады. Ауылда балбал тастың бар екенін елді мекендегі қариялар жақсы білетін болып шыққан. Мұндай тастың әйел кейпіндегі сыңары да бар көрінеді.
– Осы төңіректе осындай үш тас тұрған. Сол тасты секіріп, ат қылып мініп, доп ойнайтынбыз. Төңіректе өзі Аңырақай шайқасы, басқа да дүниелер болды. Аталарымыз белгі ретінде қоя берген ғой, соның бірі болар, – дейді Шилібастау ауылының тұрғыны Нұрдәулет Байбосынов. Жаңалық жергілікті әкімдік өкілдерін де бей-жай қалдырмаған. Ауыл әкімі «Таңбалы» мұражайының мамандарын шақыртып, жәдігер табылған жерге келген. Археологтар мүсіннің балбалтас екенін айтып отыр. 
– Табылған тастың балбал тас екені анық. Бұл тастар ерте кезеңдерде қайтыс болған кісілердің қабірінің басына қойылатын белгі тас ретінде тарихтан белгілі. Кейінгі кезеңдерде ислам діні қазақ даласына келгеннен кейін дінге қайшы болғандықтан, бұл тастардың көбі жойылған болатын, – дейді «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің бөлім меңгерушісі Қуаныш Нұрмақсұтов.  
Әрине, бұл балбалтасты археологтар болашақта жан-жақты зерттеп, тексеретіні анық. Өйткені ол қалай болғанда да тарихи жәдігер. Жалпы бұл аймақта «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің аумағында көне дәуірдің тастағы суреттері мен өзге де құнды дүниелер баршылық. Сондықтан бұл балбалтас та осы қорық-музейден орын алуы қажет. Ал ол жекелеген адамның үйінде тұруы тиіс емес! 

Н.АБАЙҰЛЫ

1443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы