• Мәдениет
  • 17 Қараша, 2022

ТАҢСЫҚТЫҢ ТАҢСЫҚ ӘЛЕМІ

Жақында Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан cуретшілер одағының мүшесі Таңсық Мәжитованың көрмесі ашылды. Суретшінің «Адам. Дәуір. Уақыт» деп аталған жоба бойынша еңбектеніп келе жатқанына жиырма жылдан асыпты. Жоба идеясының авторы Наталья Иванина есімді өнертанушы екен. 

Бұл күнде Таңсық Мәжитова психологиялық портреттің шебері ретінде танымал десек артық айтқандық емес. Ол тіпті кейіпкерінің өзі де білмейтін немесе ескере бермейтін ерекшеліктерін мың құбылған бояулар арқылы көрсетеді. Жоба жетекшісі, белгілі жазушы Әлібек Асқаров, Таңсықтың ерекшелігі ретінде бәзбір осал суретшілер секілді фотоға қарап емес, алдына тірі адамды отырғызып қойып, тірі бейнені кескіндейтінін айтты. Қазақша кескіндеме өнері деп аударылып жүрген живопись сөзінің төркіні гректің «zographia» сөзінен алынғанын да айта кетейік.

Әлібек Асылбайұлы: «Өнертану саласындағы оқытушылар өмірде таза қара бояу болмайтынын айтады. Қара түстің де небір әдемі реңдері болады. Третьяков галереясына барып көріңіздер, алыстан қара көлеңке болып тұрады. Жақыннан небір әдемі бояуларды көресіз. Сол секілді Таңсықтың портреттерінен анадайдан адамның беті байқалғанымен, қасынан қарасаңыз керемет түстерге тәнті боласыз» – деді. Сондай-ақ тек мықты суретшілер ғана кейіпкерін қарсы алдына отырғызып қойып жұмыс істейтінін айтты. Өзіне сенімсіз адам расында олай істей алмаса керек. Бұлай деуімізге тағы бір себеп, оның кейіпкерлері Қазақстанға белгілі кілең бір мінезді адамдар.

Осы турасында суретшінің өзімен пікірлескенімізде, өзін жұрт әрекетіне қарап «батыл қыз» дегенімен, жұмыс істеу барысында ішінде ылғи қорқыныш тұратынын да жасырмады. Алайда өзін бұл іске іштей ширықтырған керемет бір күш жетелейтінін айтты. Онсыз әрине, жақсы дүние тумайды. Ал кейіпкерінің алдында портретті салып біткесін, өте көп күш-жігер жұмсалатындықтан қатты шаршайды екен.

Ол әрине, шаршайтындай да себеп. Кілең асау аға, апаларының мұның алдында қозғалмай отыруға келісетіні де, келіспейтіні де жоқ емес. Бірде Фариза Оңғарсынова апасына барса ол: «Қажеті не? Фотодан сала бермейсің бе?» деген уәж айтыпты. Бұл «ақын ретінде сіздің де өз стиліңіз бар. Пушкинді, басқаны қайталамайсыз ғой. Мен де көргенімді өзімше салғым келеді» – деп қайтпапты. Дегенмен ол жолы апасы келісім бермепті. Арада Асанәлі Әшімов ағасының портретін кескіндеп, батасын алып, біраз уақыт өткесін, күзге салым апасына телефон шалған екен, «келе ғой, айналайын» деп бірден келісіпті. Бәлкім сіңлісінің қайсарлығына разы болса керек.

Таңсықтың ұсынысына генерал Ғани Қасымов та «Менде бір балкон тола портреттер жатыр» – деп тулапты. Ақыры қоймағасын, алдына келіп бейнесін жобалай бастаған суретші қыз­дың өнеріне ол да тәнті болса керек.

Ілкіде айтылғандай жоба бол­ғасын, оның мақсаты – Қазақ­стан­ның көрнекті қайраткерлерінің, жазушылардың, ғылым, мәдениет, өнер, спорт, медицина саласы қызмет­керлерінің портреттік галерея­сын жасау екен. Бұл міндетті Таңсық ойдағыдай атқарып келеді. 2011 жылы алғаш рет Астанада көрме ұйым­дас­тырылыпты. Одан он жылды артқа тастап тағы да Елордада, сосын Қарағандыда елудей портрет көрмеге қойылыпты. Бүгінде Таңсық кескіндеген галереяда: Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, Г.Бельгер,  Д.Исабеков, О.Сүлейменов, Б.Аю­ханов, Т.Әубәкіров, Ж.Үш­кемпіров, Ж.Мәлібеков, Ю.Пя, Е.Хасанғалиев, А.Әшімов секілді көптеген белгілі адамдар бар.

Бейнелеу өнерінің психоло­гия­лық портрет жанры өте күрделі сала болып есептеледі. Содан да оған тәуекел етіп баратындар аз. Ма­мандардың пайым­дауынша: «Таңсық қылқалам мен сызық­тардың көмегімен кейіпкердің эстетикалық, философиялық әлемін ашады. Суретшінің темпераменті айқын көрінеді. Адамның рухани болмысына ене білуі – Таңсық талантының маңызды қыры».

Талант табиғаттан әлде Құдайдан берілетіні анық. Оның өзі бар болғаны бір пайыз болуы мүмкін десеміз. Өзінің ішкі түйсіктерін де іске қосып, маңдай терін төгіп портрет салатын Таңсық туралы да солай деуге болар. Алматыдағы Ұлттық кітапханада 11 қарашада ашылған көрме, 29 қарашаға дейін жалғасады. Барыңыз. Көріңіз. Өкінбейсіз. Өзіңіз білетін тұлғаны мүлдем басқа қырынан көргендей боласыз. Өнердің құдіреті де сонда шығар.

938 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы