• Ақпарат
  • 17 Қараша, 2022

КӨРШІ БОЛУ: ӨЗАРА ТИІМДІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ

2020 жылы басталған коронавирус пандемиясы әлем экономикасына айтарлықтай зиянын тигізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген дерекке сәйкес, жыл басынан бері індеттен әлем елдерінің 90 ­пайызы зардап шеккен. Осы уақыт аралығында түрлі саланың жұмысы тұралап, миллиондаған азамат табыс көзінен айырылды. Сарапшылар әлем экономикасы соңғы 80 жылда  болмаған рецессияға тап болуы мүмкін деген алаң көңілден туған болжамын айтқаны да есте. Дүниежүзілік банк, 2020 –2021 жылдары әлем экономикасы 5,2 пайызға төмендеді десе, Халықаралық валюта қоры осы уақыт аралығында жалпы ішкі өнім 4,9 пайызға қысқаратынына болжам жасаған болатын. 

Бұл тұрғыда көрші елдердің мысалы қандай? Мәселен, осыдан он жыл бұрын өткен Қытай коммунистік партиясының 18-съезінен кейінгі уақытты назарға алсақ.

Осы уақыт аралығында көрші ел бірқатар стратегиялық шараларды қабылдап, трансформациялық тәжірибені бастан өткерді. Си Цзиньпиннің экономикалық ой-пікірін басшылыққа алған Қытай жаңа даму концепцияларын жүзеге асыруға, жаңа даму үлгісін құруға ұмтылды. Құрылымдық реформаларды, жалпы маңызы бар бірқатар ірі аймақтық стратегияларды тұжырымдай отырып, Қытайдың жаңа дәуірдегі экономикалық қуаты туралы сөз жан-жақтан айтыла бастады.

2013–2021 жылдар аралығында Қытай экономикасының орташа жылдық өсу қарқыны 6,6%-ды құрады, бұл осы кезеңдегі әлемдік экономиканың орташа өсу қарқы­нынан 2,6%-ға, дамушы эконо­миканың орташа өсу қарқынынан 3,7%-ға жоғары көрсеткіш еді. Қытайдың экономикалық өсу қар­қыны әлемнің жетекші экономи­каларының қатарында. 2020 жылғы коронавирус індетінің ауыр зардаптарына ең алдымен тап болған Қытайдың экономикалық өсімі 2,2%-ды ұстап қалды, бұл оң өсуді сақтаған ірі экономикасы бар елдердің бірі болатын.

Жалпы алғанда, көлемі жағынан Қытай экономикасы өсіп келеді. Мәселен, көрші ел экономкасының сандық көсреткіші 2020 жылы 50 триллион юань шегінен асып, 2021 жылы 57,2 триллион юаньға жетті.Бұл 2012 жылғы тұрақты бағамен салыстырғанда 1,8 есе көп болып саналады.Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы Қытайдың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 80 976 юаньға немесе орташа жылдық айырбас бағамы бойынша 12 551 долларға жетіп, үш жыл қатарынан 10 000 доллардан асып келеді. Бұл көрсеткіш табысы ортадан жоғары елдердің қатарында және Дүниежүзілік банк жіктеген табысы жоғары елдерге жақын.

Көрші елдің жалпы ішкі өнімі 2021 жылы әлемдік ЖІӨ-нің 18,5 %-ынқұрап, 2012 жылмен салыс­тырғанда 7,2 %-дан артты. Қытай – әлемдегі екінші ірі экономика, өнеркәсіптік ел және тауар саудагері. Қытай жалпы өнім көлемі, өндіріс ауқымы және валюталық қоры жө­нінен дүниежүзінде алғашқы орындар­дың бірінде, ал қызмет саудасы, шетел­дік инвестицияларды тарту және ішкі тұтыну нарығы бойынша да дүниежүзінде алдыңғы қатардан көрінген ел.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, Қытайдың экономикалық дамуы сандық көрсеткіштердің өсу қалпын сақтап отыр.Мұнда өнеркәсіптік даму орташа және жоғары деңгейге көтеріліп келеді, аймақтық даму әлеуетінің жалғастығы сақталған. Ал қоршаған ортаны қорғау мәселесі жаһандық өзгерістерге ұшыраған...

2013–2021 жылдар аралығында Қытайдың әлемдік экономиканың өсуіне қосқан орташа үлесі 38,6%-ға жетті.

Соңғы он жылда Қытай эконо­мика­сының орташа жылдық өсу қарқыны 6,6%, энергия тұтынудың орташа жылдық өсу қарқыны 3% болды. Үш өнеркәсіптік құрылым оңтайландырылды да, жаһандық инновация индексінің рейтингі жоғарылай түсті, соның салдырынан Қытай инновациялық елдер қатарына енді. Қазір бұл елдегі тұрғындардың урбандалу деңгейі 64,7%-ға жетіп, 2012 жылдың соңымен салыстырғанда 11,6%-ға өсті.

Жаңа әлем сансыз өзгеріске ұшырады. Қазір жер бетінде халық саны күрт көбейіп келеді. Халқы көп елдердің бірі де осы – Қытай. Бір миллиардтан аса халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешу бұл елдің мемлекеттік басқаруындағы ­басты басымдық болып келген.

18-ші съезден кейін бұл елдің астық өндірісі жеті жыл қатарынан тұрақты 650 миллиард тоннадан асты. Бұл көрші елдің астық өндіретін өндірістік қуаты үнемі нығайып отырғанын көрсетеді. Қазір оларда астық айналымының деңгейі айтарлықтай жақсарып, астық жеткізу құрылымы оңтайландырылып, астық өнеркәсібі мен экономикасы дамып келеді. 2021 жылы Қытайдың астық өндірісі рекордтық 682,8 миллиард тоннаға жетті, ал оның жан басына шаққандағы астық үлесінің халықаралық деңгейде танылған азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейінен 400 келіге жоғары болып шықты.

Қытайдың ауыл шаруашылығы мен ауылдық жерлерді дамытуға басымдық беру, астық өндірісін қолдауды арттыру, күріш пен бидайдың ең төменгі сатып алу бағасы саясатын жүзеге асыру, жүгері мен сояны өндірушілерді субсидиялау секілді стратегиялары да бар. Соңғы 10 жылда Қытай 63 миллион гектардан аса жоғары стандартты ауыл шаруашылығы алқаптарының құрылысын аяқтады.Ауылшаруашылық алқаптарының су қоймасы салынып, суармалы алқаптар жыл сайын 1,2%-ға артып, «ауа райы жағдайына қарамастан жоғары өнім алу» деп аталатын қытай арманы шындыққа жақындап келеді...

Азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету жолында көрші ел азық-түлік қауіпсіздігінің ұлттық стратегиясын жүзеге асырып, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы бастаманы берік ұстанып келеді. Егістік жер және жер жырту технологиясы арқылы, реформа қуаты және инновация тиімділігін арттыру арқылы астық өндіру, сақтау және айналым қуатының құрылысын күшейтті.

Көршіміздің аса үлкен нарықтық артықшылығына және әлемдегі ең үлкен орташа табыс тобына сүйене отырып, өңдеу өнеркәсібінің жағдайына да тоқталсақ. Өңдеу өнеркәсібінің қосымша құны 2012 жылы 16,98 триллион юань болса, 2021 жылы 31,4 триллион юаньға жетті және оның дүниежүзілік үлесі 22,5%-дан 30%-ға дейін өскенін көрсетті.

Қытайда озық өндіріс кластерлерін құру, өнеркәсіптік технологияны инновациялау және өнеркәсіптік іргетастарды қайта құру төңірегінде он жылға жуық уақыттан бері бірқатар іс-шаралар жасалып келеді. Қытайдың өңдеу өнеркәсібінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігі жақсарып, жаһандық өнеркәсіп, жеткізу және құн тізбегіндегі позициясы алға жылжи түсті. Өндірілген аралық тауарлардың саудасы әлемдік сауданың шамамен 20%-ын құрайды, ал байланыс нысандары, жүрдек пойыздар, спутниктер және т.б. жүйелі түрде халықаралық деңгейге көтерілді.

Ірі және орта кәсіпорындардың бірлескен инновациялары Қытайдың өңдеу өнеркәсібіне бірқатар артық­шылықтар беріп, әртүрлі салалардағы инновацияларды жылдамдатты. Соңғы он жылда тиісті ынталандыру саясаты үздіксіз жетілдірілді. Әлемдегі ең ірі 500 компанияның соңғы тізімінде Қытайдың 73 өнеркәсіптік компания­сы тұр. Жаңа өндірістер өнеркәсіптік құрылымды жаңғыртуға және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жетекшілік ететін маңызды күшке айналды.

Ауқымдылығы жағынан көрші елдің валюталық қоры да жетекші орында тұр. 2022 жылдың қыркүйек айының соңында Қытайдың валюталық қоры 3,029 триллион долларға жетті. Жалпы алғанда, соңғы жылдары валюталық резервтердің ауқымы тұрақты.

Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында сауда балансы 560,5 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға артқан.

Өз еліміздің мүддесі тұрғысынан айтсақ, Қазақстан барлық көрші елдермен экономикалық қарым-қатынасты дамытып келеді. Мәселен, Қытай мен Еуропаны темір жол торабымен байланыстыруда үлкен рөл атқарады. Ресейді айналып өтетін темір жол да Қазақстан арқылы өтеді, бұл біздің экономикамызға қолайлы болғаны анық. Қазақстан-Қытай-Түрікменстан-Иран темір жолы экономикалық қарым-қатынастарды нығайтты. Бұл темір жол бағыты одан ары Парсы шығанағына жол ашты. Сонау Лян Юн Ганнан басталған жол – транспорттық-логистикалық жүйе енді Қазақстан, Түрікменстан, Иран, Парсы шығанағының араб мемлекеттерімен Қытайға дейінгі саудаға жол ашты.

Еске сала кетсек, Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай бейнебайланыс режимінде «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз бірнеше ғасырдан бері тарихи қарым-қа­тынас орнатып келеміз. Тату көрші болғанымызды және өзара тиімді ынтымақтастықтың осындай табысты тәжірибесін шын жүректен бағалаймыз. Құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сіздің беделді және тиімді басқаруыңызбен Қытай Халық Республикасы өзінің дамуында таңғаларлық жетістіктерге жетті. Қытай қазір өрлеудің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына кіруге лайық», – деген болатын. Осы саммитте Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының зор қарқындылығымен, жоғары сенімге және шынайы тату көршілікке негізделуімен ерекшеленетінін атап өткен ел Президенті: «Бүгінде екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетіп отыр.  Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17 миллиард долларға дейін жеткен. Қытайдың Орталық Азия елдеріне құйған 40 миллиард доллар инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан біздің еліміздің Қытайға аймақтағы ең ірі сауда-инвестициялық серіктес атануы заңды», – деген еді.

Әрі шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерін одан әрі жан-жақты қолдауға мүдделі екенін жеткізген мемлекет басшысы: «Қазіргі кезде Қазақстан үкіметі инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірлеуде. Мұндай саясат – Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының ажырамас бөлігі», – дей келе, энергетика саласындағы өзара ықпалдастықтың және инфрақұрылымдық, оның ішінде «Бір белдеу – бір жол» мегажобасы аясындағы жобаларды іске асырудың стратегиялық сипатын да атап өткен болатын. Президент осы самитте өткен 30 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері тату көршілікке және бір-біріне тұрақты қолдау көрсетуге негізделген шынайы ынтымақтастық орната алғанын да айтқан еді.

1513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы