- Руханият
- 17 Қараша, 2022
ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ «ӘЛІППЕ» КІТАПТАРЫ
Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы түзген тұңғыш «Әліппе» кітабы (Оқу құралы. 1912 жыл) аз жылдың ішінде 12 рет басылып, мыңдаған данамен сайын сахараға таралғанын, жаңа жазу «Қазақ» газеті болып, қыр жайлаған саналы қазақтың құрым үйіне дейін жеткенін, жаңарған қазақ әдеби тілі (кітаби тілдің шапанынан шығып) оқыған азаматтар құрған «Алаш» партиясының тілі мен ділінің жалауына айналғанын атап өткенбіз. «Әліпті таяқ деп білмейтін» қараңғы қазақтың өзі қолға шындап алса, төтесінен екі-үш айда қара танып, судыратып хат оқып кететінін, қаймана халыққа қолжетімді, демократиялық әліпби болғандықтан да ол руханиятымыздағы революциялық мәні бар феномен құбылыс дегенбіз.
Ахаң бұнымен шектелмей, «Әліппенің» тәпсіріндей бір емес, екі бірдей «Баяншы» кітабын жазды, ол туралы да тарқатып айтар әңгіме баршылық. Бір ойланарымыз – біз атын ғана білетін, бірақ мынау жалпақ әлемнің қиыр-қиырынан бір данасын да табу мүмкін болмай тұрған «Әліппе астары» атты кезінде тасқа басылған еңбегі болғанды...Мұның бәрі «Ахаңның Әліппе әлемі» тақырыбының бір пұшпағы ғана...
Ахаңның өзі айтпақшы: «Қазақ – жоқшы!». Тарих құмына көмілген, замана өртіне шарпылған мұраларымыз қаншама!.. Шашылған таспихтың тасындай руханиятымыздың қадау-қадау ұстындарының өзін тіктеп тұрғыза алмай, тізбектеп жинастыра алмай жатқан жағдайымыз бар. Осы жоқтарды іздеген жанның алдынан жамырап сандаған сауал-сұрақ шығады:
– Қазақ қазақ болғалы алғашқы мектебі//медресесі қашан, қай жерде ашылып еді?
– Онда дәріс оқыған ұстаздары мен тіл сындырған шәкірттері кімдер еді?
– Олар қандай оқу құралдарын пайдаланды? Олардың аты мен заты, тілі мен түсі қандай-тұғын?
– Оқу кітабының тасқа басылғаны болсын, қолжазба түрінде таралғаны болсын, дала-қырға қаншалықты кең таралды, көпке танымал болды?..
«Біссіміллә» деп сөзімізді бастарда ғылым сапарымыздағы көзге түскен, қолмен ұстаған кейбір «Әліппе» кітаптарын атап өтелік. Олардың өзі қазақша (төл) «Әліппе», қазақ пен орысқа ортақ «Әліппе» һәм қазаққа арналған орыс «Азбукалары» мен «Букварьлары» болып тарамдалып келеді. Бәрін бірдей бір тұста үстемелетпей, тек қазақшасына (мұқабасына жазылған) үңілсек, бізге белгілі «Әліппелер» мыналар:
– Жазуға үйрететін Кенеге. Қазан, 1894.
– Қазақ Әліппесі. Жазған Зәкария бин Ерғали әл-Ахмеди и-Бәкеуи. Қазан, 1910.
– Усул сотие тәртібінде қазақша Әліппе. Жазушы Мұхамед Ораз бин Нұрбай Қызылжари.Уфа, 1910.
– И.Арабаев И., Сәрсекеев Х. Әліфбе йәки төте оқу. Уфа, 1911.
– Аңдамасов Ж. Қазақша ең жаңа Әліппе. Уфа, 1912.
– Малдыбаев М.Қазақша ең жаңа Әліппе. Қазан, 1912.
–Қазақ баларына жәрдем. Қазақша Әліппе сабағы. Тәртіп етуші Кенжеғали бин Ғабдулла бин Серғали әл-Әлимбети. Қазан, 1913.
Әрине, білгеніміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Болашақ тың зерттеулерде бұл тізім-тізбек ұзара түсіп, небір соңғы мәлімет-деректер қазанымызға олжаланары сөзсіз.
Біз осы орайда жоғарыда аты аталмаған тағы бір ерекше «Әліппе» кітабы мен оның авторына арнайы тоқтала кетпекпіз. Сол кездің мөлшерімен көлемді болып саналатын (жоғарыда аталған «Әліппелердің» көлемі орташа алғанда 30-40 беттен аспайды), 90 беттік кітап мұқабасының оңы (орыс қарпі) мен терісінде (араб әліпбиімен) былай деп жазылған:
– БУКВАРЬ для Киргизских Школъвъ Туркестанскомъ краіъ.
Составилъ Завъдующій Карнакскимъ русско-туземнымъ училищемъ
Конгыръ Ходжа ХОДЖИКОВЪ
Изданиіе Первое
Оренбургъ
Типо-Литографія т-ва «Каримовъ, Хусаиновъ и К-о» 1912. [Кітаптың тек бір-ақ беті – титулы орысша, қалғаны тұтастай араб қарпімен қазақша].
– Мактаб ал-қазақ
«АЛИФБА»
1-китаб
Шығарғушы Қарнақде хукумет мактабиндік ушитилы Пераускийлік
Қоңыр Қожа Ходжиков.
1-мәртебе басылып шыққаны.
«Каримов, Хұсаинов уширкасы»-ның мәтбуғасы.
Орынбурғ – 1912.
Ендеше Қоңырқожа Қожықов кім және оның «Әліппе» кітабы несімен құнды?
Құдай қаласа, жалғыз Қоңырқожа Қожықов (Ходжиков) қана емес, «Қожықовтар әулеті» тақырыбы аясында қазақ үшін аяулы есімдердің, бірнеше әкелі-балалы-немерелі заңғар Алаш қайраткерлерінің тәржіман хәлі (ғұмырбаяны) толық хатталып, ардақталар, ұмытылмас тұлға ретінде ұлттың Алтын кітабына жазылар күндері алыс емес...
Қоңырқожа 1880 жылы көне Ақмешіт (бұрынғы Перовск, қазіргі Қызылорда) қаласында туған. 1905 жылы Тәшкен шаһарындағы Түркістан мұғалімдер семинариясын бітірген.Түркістан өлкесіндегі ту көтерген Алаш қайраткерлерінің айтулы өкілі. Сол себепті де «халық жауы» атанып, 1938 жылы оққа ұшты.
Оқыған азамат Сырдария губерниясында мектеп инспекторы, орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болды. Жаңашыл ұстаз Перовск, Андижан қалалары мен Түркістанның көне жұрты Қарнақ қыстағында усул сотие («жаңа әдіс») жолымен оқытатын жәдит мектептерін ұйымдастырды.
1916 жылы байтақ Түркістанның астанасы Тәшкенге тұрақтады, қазақ зиялыларының басын қосқан «Кеңес» саяси үйірмесінің басшыларының бірінен саналды. Патша тақтан құлатылып, Уақытша үкімет орнаған тұста Түркістандағы қазақ-қырғыздың жоғын жоқтаған саяси серкелердің біріне айналды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Сырдария облысынан депутаттыққа ұсынылды, Түркістан мұхтарияты (екінші аты – Қоқан автономиясы) жарияланғанда Халық Кеңесіне мүше болды. Кеңестік билік дегеніне жетіп, шыңына шыққанда ол Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Х.Досмұхамедов сынды қайраткерлердің жанынан табылды. Тәшкендегі тұңғыш Қазақ педагогикалық курсы мен Қазақ ағарту институтының ұйымдастырушыларының бірі ретінде тарихта қалды. Дарынды педагогтың қазақ ғылымына қосқан үлесі де айтарлықтай. Ел ішінде сақталған көне қолжазбаларды жинастырды (Мәселен, Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты қолжазбасын тапты), тарих пен археологияға қатысты мақалалар жазды, (араб-парсы және көне түркі тіліндегі) қазақ библиография ғылымының бастау көзінде тұрды.Бүгінгі таңда оның мол рухани-мәдени мұрасын, мақалалары мен сөйлеген сөздерін, архивтік құжаттарын тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын ыждағаттықпен жинастыруда. Алаш қайраткері, саяси тұлға, оқымысты ғалым ретінде көп аты атала бермейтін сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Қоңырқожа Қожықовтың (1880 –1938) есімі мен мол мұрасы қолға тиер күнде жақын. Ол мираспен жақынырақ танысқан жас ұрпақ оның есімін қастерлеп, жадынан шығармасы анық.
Енді бір аз сөз оның «Әліппе» кітабы хақында.
Аталған «Әліппелер» арасынан Қ.Қожықовтың бұл кітабын жеке-дара бөліп алып, бекер сөз етпедік. Өйткені ғасыр басындағы қазақ даласының төрт бұрышындағы оқу-тоқу мен мектеп-медресенің жай-күйі әр қилы еді. Тәшкен мен Түркістан аймағы қашанда дінге берік, ислами қағидаттарды бұлжытпай ұстайтын өңір екені көпке мәлім. Оның үстіне қазақи бұрынғы Сырдария мен Жетісу губерниялары бертінде, 1924 –1925 жылдары ғана ҚазақАССР-на қосылғаны белгілі.
Кітаптың «Қоңыр Қожа. 25-ші мартта. 1912 жылда» деп қол қойған авторлық алғы сөзінен (3-5-бб.) көп нәрсені аңғаруға болады. Бүгінде біз «кітаби тіл», болмаса «шағатай тілі» деп жүрген көне дәстүрлі ескі қазақ жазуының үлгілері, сарқыншақтары бұл «Әліппеде» көптеп кездеседі. Ал шын мәнінде бұл құлаққа түрпідей естілетін тілдік қолданыстар сол кездегі әрбір қазақ баласына айдан анық түсінікті болатұғын. Тік жақша [] ішіне біз олардың қазіргі әдеби тілдегі баламаларын көрсетіп, көпшілік жағдайда көне нұсқаларды қазіргі жазу үлгісіне бейімдеңкіреп, тыныс белгілерін орын-орнына қойып отырдық. Сонымен:
– «Біздің қазақ балалары мактапде аз болса екі-үш жыл, ұзаса одан да көп оқып зордан хат танып, қағаз жазатын болып шығадылар. Бәлкім, көбіне бұл да жоқ, өздеріңізге қашаннан мағлұм сыр-дүр. Мұның себебі неде?». – Міне, біздің Ахаңның «Әліппесі», төте жазу халық санасында төңкеріс жасады, ендігі жерде төте оқумен екі-үш айдың ішінде хат тануға мүмкіндік туды деген сөзіміздің дәлелі.
Сөзін сұрақ қоюдан бастаған автор оған былайша жауапты да өзі қайтарады:
– «Мұның себебі, бұл уақытқа дейін қазақтың өз тілінде сауат мактабларыне махсус [арнайы]жазылған алифба китабдың болмағандығы. Әр істің өзіне лайық асбаб сайманы болмаса бола ма? Жарақсыз барып жау аларға мүмкін ба? Қолдарында қазақша сауат китаблары болмаса, қазақша жазуды балаларға молдалар не қылыб тез үйретер? Бұл тұғырда сіздерде еш айыб жоқ-дүр».
Осы орайда педагог Қ.Қожықовтың мына бір түсініктері біз үшін өте құнды (Абайдың атақты өлең шумақтарын еске түсіреді):
– «Сауат шығару үшін мактабларымызде чиһар китаб Қожа Хафиз,Науаи, Фузули, Суфи Аллайар уа ғайри. Бұлар секілді тажики-фарси уа ескі түрки китабтар қашаннан истиъмалда-дүр [пайдаланылуда].Ақырғы уақыттарда сарт уа ноғай тілдерінде басылған Алифба уа Сауат китаблар пайда болып, бұлар һәм қазақ мактабларына дахил [кіре] бола бастадылар. Әмма бұлардың бәрінің де қазақ балаларына пайдасы кем-дүр.Себебі тілдері бөтен болған соң қиын болыб, тезрекде мақсатға жеткізбейілер һәм және түсініксіз болған соң балаларды тез жалқау тарттырып, ықыласын оқудан қайтарадылар».
– «Оның үшін сіздерге жәрдемші болғай деп үшбу алифбаны қазақ тілінде төте оқу етіп шығардық».–Міне, осы жолдардан усул сотиелі төте оқудың халық арасына кеңінен тарала бастағанына куә боламыз. Және ұстаз былайша қатаң ескерту жасайды:
– «Құдай қаласа, өздеріңіз көрерсіздер ішінде дінге нұқсан Ин Ша Аллаһ не сөз, не пікір жоқ».
Әйтсе де балаларға керегі де назардан тыс қалмайды:
– «Жас балалар жалықбасынлар, оқыған сайын қызыға берсінлер деб алифбамыздың аяғында жас балалардың өздерінің бойына һәм ойына лайық түсінуге ыңғайлы өлең уа ертегі сөздерді жаздық». – Осылайша заманауи методикалық-әдістемелік жолға түседі.
– «Және де алифбамыз сондай тәртіппен істелінген: әуелгі сабақтан-ақ бастап балаларға оқу һәм жазуды үйрете беру керек. Балалар мұны көңілдеріне мүлік қылып алуы лазым-дүр. Әр хәріпті анықтап түсіндіріп оқыттырған соң және осы хәріптің астындағы басылған сөздерді бастан аяқ неше мәртәбе оқытып шығарған соң, молла өзі қара тахтайға (доска), болмаса дәптерге машхур хәріптіұлап [қосып] жазып, балаларға көрсеткей. Балалар оған қарап дәптерлеріне темір қалам йәки карандашменен жазғайлар». – Бұл енді Ахаң ұстанған «әр дыбысқа – бір әріп (таңба)» принципі. Төте оқудың басты ерекшелігі де осы ғой. «Араб» әліпбиінде сол тілдің өзіне ғана тән (сәл-пәл айырым-өзгешеліктері бар) бірнеше дауыссыз дыбыс//таңба болса (мәселен, «х», «с», «т», «д» сияқты), Ахаң солардың біреуін-ақ таңдап, ен тағып, «әр дыбысқа – бір әріп» қағидасын әбден орнықтырды. Бұл біздің ана тіліміздің табиғатынан туған мызғымас заңдылық болатын. Осы заңдылыққа сүйенгендіктен де біз күні кеше латын жазуының қосарлы дыбыстармен таңбалануын бойымызға сіңіре алмадық.
– «Бұл алифба екі қисымға (бөлімге) бөлінеді. Әуелгі бөлімінде қазақ әліпбиі жазылды, екінші бөлімінде «Құран» әліпбиі жазылды. Қазақ әліпбиінен шыққан соң, Құран әліпбиіне балаларды түсірмек керек. Бұл екі алифба арқылы баспа хатты жөнекей танитын болған соң, балаларды қазақ қирағаты мен Құран қирағатына қатар салып, Мактап ал-Қазақтың екінші кітабыменен Һәфтияк Шарифні оқыту керек. Балалар күнде бір сабақтан алып тұрса, Ин Ша Аллаһ үш айда күллі алифбаны тәмам қылып, хатқа түсініп қалса керек». – Араб жазуының ислам дінімен кіндіктес екені әмбеге аян. Бұл жерде біз ескі мен жаңаның (қадим мен жәдидтің) қатар өріліп, синкретті дамып келе жатқанын көреміз. Бұл ойын автор сөз соңында тіптен нығырлай түседі:
– «Бұл китабтан соң оқитын қазақ тілде және бір Сауатхан китаб шығарсақ керек. Бұл китабда балаларға һәр түрлі насихат уа хикаятлар жазылса керек. Одан кейін тағы да бір китаб шығарылып, мұнда асасул Ислам негіздері баян болунса керек».– Міне, бұл дін һәм тіл жанашырының жүрекжарды сөзі. Қазақша сауат ашып, арабша қасиетті Құранды игеру әр қазақтың борышы емес пе?
Сонымен, қорыта айтқанда, өткен ғасыр басында жәдиттік жаңа әдісті «Әліппемен» сауат ашу ислам қағидаттарын ерекше қастер тұтатын қазақтың оңтүстік өңіріне де келіп жетті. Қоңырқожа Қожықовтың жаңа «Әліппе» кітабының бір данасы Бақшасарайдағы күллі түрік жұртының ұлы ұстазы Ысмағұл Гаспринскийдің мұражай-үйінде сақтаулы тұр. Оған автор «Құрметті ұстазыма!» деп ізгі тілекті ілтипатын білдіріп, қолтаңбасын басқан.
Алаш қайраткері, жазықсыз жаламен «халық жауы» атанған халық мұғалімі ағартушы – Қоңырқожа Қожықовтың есімі де, оның тұманды күнде күндей жарқырап шыққан «Әліппе» кітабы да қазақ жадынан өшпек емес.
Ғарифолла ӘНЕС,
профессор
(Жалғасы бар)
2924 рет
көрсетілді0
пікір