• Руханият
  • 17 Қараша, 2022

«ҰЛТТЫҚ ЖАҢА САНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ҚАЛЫПТАСАДЫ»

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесу барысында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарға назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуын­ша, ең алдымен, қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 мил­лиард жеке инвестиция тартыл­ған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъек­тілерінің саны 30 пайызға өскен.

Мемлекет басшысы өңірдің ерек­шеліктерін ескере отырып, Алматы қаласы мен Алматы облысы­ның әкімдеріне Алматы агломера­циясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT компаниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда орналасқанына тоқталып, азаматтардың маңызды баста­маларын жүзеге асыру үшін жақын арада қалада хабтар мен кластерлер іске қосылатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек екеніне назар аударды. Президент бірқатар түйткілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажетін жеткізді.

– Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқталып, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты.

– Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында бас-панасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап, тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту қажет екеніне тоқталды.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­ Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуінде халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға тоқталды:

–«Осы орайда, мен халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға қысқаша тоқталайын.

Бірінші маңызды мәселе – біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Түрлі қаржы пирамидасына, құмар ойын­дарға әуес адамдар ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақ­сат­сыз шашып, ысырап қылмайды. Үнем­шіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады.

Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар.

Қазіргі жағдайда мен бір жерде өмір сүремін, балаларыммен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген. Сондықтан, құрметті ағайын, бәріміз озық болайық! Сонда ғана жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, ойлары ұшқыр болады, көптеген сын-қатерге төтеп бере алады. Өз жағдайын өздері жасап, жақсы өмір сүре алады», – деді Президент.

Сонымен қатар Президент жиында еңбегіміз өнімді әрі берекелі болуы білімпаз болу керегіне тоқталды.

«Еңбегіміз өнімді әрі берекелі болуы үшін біз білімпаз болуымыз керек. Біз өзгелерден білім, ғылым, қарым-қабілет арқылы ғана оза аламыз. Ол үшін жастарымыз жасампаздыққа және жаңашылдыққа ұмтылуы қажет. Әлем елдерінің жақсы қасиеттерін үйреніп, оны халыққа дәріптеу керек. Сондай-ақ, тек үйренетін емес, өзгеге үйрететін ұлтқа айналатын кез келді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жастарға білім мен тәрибенің дұрыс берілу мәселесіне тоқталды.

«Үшінші. Біз жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беруге тиіспіз. Ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетті сіңіре алмасақ, білімнің пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. Қанша жерден білімді болса да, жақсылыққа ұмтылмаған адамнан еш қайыр жоқ. Қоғамда дұрыс құндылықтар орнықпаса, жемқорлық, масылдық, ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдер тамыр жаяды. Қатігездік, немқұрайлық, жалқаулық – ұлттың болмысына теріс әсер ететін жағымсыз әдеттер. Қазіргі алмағайып заманда біз сабырлы, байыпты болуымыз қажет. Түрлі арандатуға ілеспей, әр нәрсеге ұстамдылықпен қарауымыз керек. Барлығын бір сәтте өзгертемін деуге болмайды. Халыққа қажетті шараларды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Ойланбай жасалған бір қадам, аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ашумен істелген бір әрекет бүкіл елге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әрбір адам ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Біз әрдайым өзара бауырмалдық пен тілектестікті, мейірімділікті дәріптеуіміз керек. Азаматтардың бір-біріне қамқорлығы елге деген жанашырлыққа ұласады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ екенін жеткізді.

«Төртінші. Біз отаншыл және мемлекетшіл болуымыз керек. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ. Жүрегі Отаным, Елім, Жерім деп соққан адам ештеңеден қаймықпайды. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Ең басты байлығымыз – туған еліміз. Сондықтан, мемлекет мүддесі қашанда барлығынан биік тұрады», – деді Президент.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасының еліміз үшін зор сынақ болғанын атап өтті.

– Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіп­сіз­дікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды. Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ  қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық. Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Ел тағдыры сынға түскен жауап-ты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Cонымен қатар Президент қылмыс­керлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандарға кешіріммен қарау керек деген шешімге келгенін айтты.

– Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдерден кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кездесу соңында еліміздің дамуына ерен еңбегімен үлес қосып жүрген бірқатар алматылық азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Президент, алдымен, музейдің «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Қазақ санасының шамшырағы» және «А.Байтұрсынұлының жұмыс кабинеті» залдарындағы жәдігерлермен танысты. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған.

Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отбасымен бірге 1934 – 1937 жылдары тұрған. Музей-үйі 1998 жылы Алаш қайраткерінің 125 жылдық мерейтойында салтанатты түрде ашылды.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты.

– Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды. ­Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге, – деді Мемлекет басшысы.

1264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы