• Мәдениет
  • 24 Қараша, 2022

АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

ДИМЕКЕҢНIҢ АРҚАСЫНДА

Әлем елдерiн, оның iшiнде Батысты 60-жылдары битломания жаулап алғаны есте. Әрине, болмысы, танымы бөлек десек те, музыкадағы осы бiр ағымның өзгелерге де әсер-ықпалы болмай қалған жоқ. Бiздiң даңқты «Дос-Мұқасанның» өмiрге келуiне осы ағымның тiкелей әсерi болған жоқ десек те, тоталитаризм құрсауында қалған елде оның тууы, сөйтiп, әлемдi шарлауы, тамсандыруы табиғи заңдылық, қажеттiлiктен туған едi. Ол дүние есiгiн ашқан аз уақыттың iшiнде-ақ кең танылып үлгердi. Қазақтың мұрағатта шаң басып қалған, ел iшiнде арагiдiк қана айтылатын әндердiң бағы жанып, халық махаббатына бөлендi. Оның бір себебі олар партия, комсомол, әсіресе патриотизм, интернационализмді (бейбауырмалдық – А.Байтұрсынұлы) дәріптейтін дүниелерге жоламады. Сөйте тұра, олар концерт берген жер дау-дамайсыз, айқай-шусыз болмайтын.

1972 жылы «Дос-Мұқасан» студенттердiң Бүкiл одақтық вокальды-аспапты ансамбльдер байқауында бас жүлденi иеленгеннен кейiн, Алматыдағы Ленин атындағы Мәдениет сарайында жеке концерт бердi. Олардың өнерiне деген елдiң сүйiспеншiлiгiнiң орасан зор болғаны сон­шалық, тiптi, билетсiз адамдарға мили­цияға бой бермей сарайдың терезесiн, есiгiн бұзуға тура келдi. Осындай көрiнiстер Қазақстанның басқа өңiрлерiнде де жалғасып жатты. Мәселен, концертке кiре алмаған Жамбыл қаласының студенттерi көшеге «өнер халықтыкi» деген плакат алып шыққан. Осы мәселеге орай Қазақстан коммунистiк партиясының орталық комитетi өзiнiң бiр мәжiлiсiнде жастарымыз буржуазиялық музыка сарынына елiктеп барады деп мәселе қарады. Алайда Д.Қонаев бұл пiкiрге үзiлдi-кесiлдi қарсы шығып, «Дос-Мұқасанның» басын даудан арашалап алды. Осыдан бастап аталмыш ансамбль үкiметтiк концерттерге қатысатын болды.

1967 жылдың тамыз айында Ленин атын­дағы қазақ политехникалық институтының екiншi курс студенттерi Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Хамит Санбаев, Александр Литвинов Павлодар облысының Баянауыл ауданына студенттiк құрылыс отрядына барады. Тұрғын үй, мал қоралар салынады. Студенттердiң қолтаңбасы қалған бұл орындар әлi күнге көзге ыстық көрiнедi. Ол жылдар студенттiк құрылыс отрядының құрамына тек КСРО-ның студенттерi ғана емес, басқа да туысқан мемлекеттiң студенттерi де тартылатын. Сол күндерде Баянауылда Венгрия-дан келген студенттер де еңбек етiп жатады. Бiрде венгер құрылыс отрядының командирi Янош кешкi сейiл кезiнде жiгiттердiң салған әнiне қатты риза болып, аудандық Мәдениет үйiнде концерт беруге ұсыныс жасайды. Осы жерде ансамбльдi қалай атау керек деген сауал­ туындайды. Ал Янош болса, «Жiгiттердiң әрқайсысының атын қысқартып, бас әрпiн алып ансамбльдi «Дос-Мұқасан» деп атайық» дейдi. Жiгiттер де бұл атауға ризашылықтарын бiлдiредi. Мiне, ансамбльдiң осылайша, бәлкiм, Шәкен, Қаныш, Әлкей тәрiздi ұлылар шыққан елдiң киесi қолдады ма екен, көп ұзамай-ақ қазақ даласына даусы кеттi.

АЛЕКСАНДРА (ӘЛИЯ)

ПАХМУТОВА АРА ТҮСПЕГЕНДЕ

1973 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлiгi Минскiде өтетiн кеңес әндерiнiң бүкiлодақтық байқауына дайындық жұмыстарын қызу жүргiзе бастайды. Байқауға ең талантты деген жас орындаушылар ғана қатысуы тиiс. Бұл жылдарда эстрада өнерi ендi ғана қалыптасу кезеңiн бастан кешiп жатқан. Сондықтан да бұл байқауға Қазтелерадионың әншiсi Люция Төлешова мен «Дос-Мұқасанды» жiберуге шешiм қабылданады. Ал Минскiге кiм де болсын ең мықтысын, жүйрiгiн жiберерi сөзсiз. Шынында да «Песняры», «Самоцветы», «Веселые ребята» сияқты ансамбльдердiң, Заур Тутов, Ренат Ибрагимов, Евгений Мартыновтардың атынан ат үркетiн едi. Алғашқы турда үш ән орындалуы тиiс. Жiгiттер Досым Сүлеевтiң «Той жырын» жаңа оранжировкада ұсынды. Сондай-ақ В.Левашовтың «Ресей бұлбұлдарын» және бiр халық әнiн дайындады. Неге екенi белгiсiз, комиссия халық әнiн қабылдамады. Оның орнына ансамбльдiң әншiлерi Нұртас Құсайынов пен Құрманай Омароваға бiр түн iшiнде Досым Сүлеевтiң «Алматы түнiн» дайындауына тура келдi. Алайда көп ұзамай тағы бiр ши шықты. Бiрiншi турдан өткенiмен, жюри мүшелерi арасында бұлар кәсiби емес, студенттiк ансамбль деген дау шығыпты. Осыдан кейiн жiгiттердiң көңiл-күйi түсiп кетедi. Олар ендi тек қана жюри төрағасынан ғана үмiт күткен едi. Жюри төрағасы Александра Пахмутова бұл пiкiрге қарсы шығып, өзiнiң әрiптестерi Иосиф Кобзонды, Юрий Силантьевтi де көндiрiп, «Дос-Мұқасанды» келесi турға жiбередi. Пахмутова бұларды «политехы» деп атайды, ал кезектi жеңiстен кейiн айрықша тебiренiп сөйлейдi. Сөйтiп, «Дос-Мұқасан» «Песнярыдан» кейiн, екiншi орын алады. Ансамбльдiң әншiсi Нұртас Құсайыновқа Александра Пахмутова «Ресей бұлбұлы» деген атақ бередi.

Александра Пахмутованың неге «Дос-Мұқасанға» бүйрегі бұрды? Орайы келіп тұрған соң орыстың әйгілі композиторы туралы мына бір деректі еске сала кеткелі отырмын. Мектеп формасында киінген 13 жастағы болашақ ұлы композитор Александра Пахмутованың суреті Теміртаудың мұражайында тұр. Бұл сурет 1942 жылы Самарқан поселкесінде (қазіргі Теміртау қаласы 1945 жылдың 1 қазанына дейін осылай аталған) түсірілген. Пахмутовалар отбасы соғыс жылдарында осында Сталинградтан көшіріліп, бір жылдай тұрған.

Теміртау шаһары өлкетану мұра­жайы­ның қызметкері Т.Химеваның айтуынша, Пахмутовтар отбасы, сурет қалай сақталғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ. Бұл сурет ғайыптан мұра­жай мұрағатынан табылған. Оның айтуынша, кластастары оны Әлия деп атаған. Александра – Әлия басында пианинода өте жақсы ойнап, мерекелерде өнер көрсеткен. Әр демалыс сайын Қарағандыдағы музыка мектебіне (бүгінде Тәттімбет атындағы колледж) асығатын оның жылдар өткен соң дүниеге аты мәшһүр композитор боларын кім білген. Бүлдіршін Әлияның суреті Жеңістің 70 жылдығына орай мұражайдың көрмелер экспозициясына қойылған.

Сөйтіп, Пахмутованың арқасында Одақ көлемiне кеңiнен танылған «Дос-Мұқасанның» алдынан жаңа көкжиек ашылады. Осы байқау Берлинде өткен жастар мен студенттердiң бүкiлдүниежүзiлiк байқауында жеңiмпаз атануға баспалдақ болды.

Әрине, әр кезеңнiң өз дамуы, ша­рықтау сәтi болады. Сол биiгiнен түспесе екен деген аңсардан туды ма, бiлмеймiн, тiптi, аты дәуiрлеп тұрған кезеңнiң өзiнде «Даусың қайда, Дос-Мұқасан?» («Лениншіл жас», 17.06.1987) деп жазыппыз. Сондықтан әр жылдарда өзiнiң шығармашылық шырқау сәттерiн көрерменiмен бiрге кешiп, әлi күнге дейiн сол әсерден алыстатпай келе жатқан да не құдірет деп ойлайсыз?

«ДОС-МҰҚАСАНДЫ» «БАУЫРЛАСТАР» ДЕП

ӨЗГЕРТПЕКШІ БОЛҒАН

Ең алдымен, «Дос-Мұқасанның» өнерпаздары халық әндерiнiң қайнарынан қанып iштi. Өнердiң халықтығына, елшiлдiгiне баса көңiл бөледi. Қандай әндi дайындасын, әбден сүзгiден өткiздi. Әндi эстрадаға салып өңдегенде сол халықтың болмысынан, негiзiнен ажырамады. Соның арқасында кеңес дәуiрiнiң өзiнде құрып кетуге айналған халық әндерiнiң (кейбір ғылыми деректерде 200-ден астам халық әні «сотталып», айтуға тыйым салынған) қаншамасын тұнық күйiнде халқына қайтарып бердi. Өнер тектен дариды, мiнезбен сiңедi десек, сол бекзат өнерiңдi биiкке шығаратын намыс, ұлттық намыс. Жiгiттер осы қасиетпен қаруланды. «Дос-Мұқасанның» жер жарған даңқын күнде көрiп отырған «Ялланы» шығарған да осы намыс едi. «Түрi ұлттық, мазмұны социалистiк» деп өнерге әдейi таңған кеңестiк қағидаға жiгiттер пысқырып та қарамады. Бірақ бұл мінез қазақтың өз ішіндегі атқамінерлерге де ұнай қоймады. Олар ансамбльдің атын «Бауырластар» деп өзгертпекші болып, оның репертуарында неге советтік әндер жоқ?» деген сыңаржақ пікірді қоғамдық ортаға тықпалаумен болды. Тіпті Мәскеуге домалақ арыздар тоқтаусыз жазылды. Бірақ тұла бойын ұлт намысы кернеген жігіттерге ешнәрсе де бөгет бола алмады. «Түрi де ұлттық, мазмұны да ұлттық» өнер жасады. Әнді былай қойғанда, Ахаңның «Қарлығашы», Ғазизаның «Жыр жазамын жүрегімнен» және бір ғана «Бетпақдала» қандай музыкалық баян еді. Олардың әнi халықтың мұңын, сырын, арманын әлдиледi, жырлады. Сондықтан халық «Дос-Мұқасанды» жақсы көрдi. Бүгiнгi жерде де, көкте де қаптаған көп жұлдыздарға атақты ансамбльдiң осы жолы үлгi болса дейсiң.

Қазiр әркiм өзi би, өзi қожа болды. Еркiндiк жақсы, әрине. Еркiндiк әу бастан өнерге тән. Оған талас жоқ. Алайда еркiндiк дегенiмiз, талантсыз дүние жасау, барыңды бүлдiру, жұртты өйтiп-бүйтiп күлдiру, жоғыңды iздемеу емес қой. Өнер, киелi, қасиеттi өнер кiшкентай ғана даусы бар, тойда ән салатындардың меншiгiне айналып бара жатқаны жасырын ба? Киелi сахна кiм болса соның ойнақ салатын жерiне айналып бара жатқанын телеарналардан күнде көрiп отырмыз. Тұшынып ән тыңдау өте сирек жағдайға айналды.

«Өмірді бүлдіргеннен өнерді бүлдірген жаман» демеп пе еді Асқар Сүлейменов.«Дос-Мұқасанның» осы шуылдақтардан артықшылығы неде? Олардың кезiнде қазақтың әрбiр әншiсi бiр-бiр тұлға, айрықша дарын болатын. Алдында үлгi болды, олар соларға елiктедi, ал қазiргiлер кiмге елiктейдi? Әрине, «билан-миландарға». «Дос-Мұқасанның» алдында үлкен мектеп, биiк, асыл өнер тұрды. Олар соның киесiн қашырмауды, биiгiн аласартпауды ойлады, мiне, осы қасиет олардың өзiн де биiктеттi. Бұлардың iзiн ала бiрiнен бiрi өтетiн вокальды-аспапты ансамбльдер шықты. Ал, қазiр бақылаусыз, көркемдiк кеңессiз, әркiм өзiнше кеткен заманда қандай өнер туралы әңгiме қозғауға болады? Егер қатаң талап болмаса, қазiргi бүлдiргiлер өзiнiң «өнегесiмен» өзгенi де бүлдiрiп бiтетiнiн кеш түсiнiп жүрмесек болғаны.

***

Таяуда «Дос-Мұқасан» фильмін көрдік. Фильмнен алған жақсы әсер ұсақ-түйек кемшіліктерді әп-сәтте ұмыттырып, ойымызды басқа арнаға бұрып жіберді. Бір ойым айтады: Атақты ансамбльдің тағдыр жолында шешуші роль атқарған Пахмутованың азаматтық болмысы тапқыр детальмен әсерлі шешім табуы тиіс еді.

70-80-жылдар қазақ музы­ка­сының «әнді ерттеп, күйді мінген» (Жарылғапберді), атқа қонған, даңқы дүркіреп, дәуірлеген кезеңі еді.Ұлт музыкасының мұзжарғышы Құрманғазы оркестрін былай қойғанда, «Дос-Мұқасан», «Гүлдер», «Алатау», «Қарагөз», «Қаламқас», «Ғасырлар пернесі» сынды т.б. өнерпаздар жұлдыздай жарқырады. Өзағаңның бір өзі Алматы облысынан алты ансамбль  шығарды. «Мені жазу үстеліме ыждағат емес, ыза отырғызады» деуші еді аңыз Әбіш. Ыза дегені  намыс болар. Саптыаяқтан қарауыл қойған заманда іште шемендей боп қатқан намысты сыртқа теңіздей толқытып, қайрап алып шыққан да музыка еді. Ал қазір өз қолымыз өз аузымызға жеткенде сол намыс қайда кетті? Біз тек өткенмен өмір сүре береміз бе? Өткеннің бәрі аңыз болып қала бере ме? Сол аңызды қазіргі азат күнде ақиқатқа айналдыруға болмай ма? Аңыздың оралуы деген болушы еді.Әлде сол аңыздардың кино тілінде көркем лентаға айналғанына тамсанып, таңдайымыздың суын жұтып, жұтынып отыра береміз бе? 

Фильм ұнауын ұнады. Бірақ біздің көңілімізді күпті еткені сол аңыз неге қайтып оралмайды, қайта неге жаңғырмайды? Алтын сағалар неге сарқылды? Тұнық бастаулар неге лайланды? Асекең айтқандай, бүгінде өнердің бүлінгені, тұнықтың лайланғаны рас. Аузы жыбырлағанның бәрі әнші, қолы қимылдағанның бәрі биші. «Дос-Мұқасанды» халық неге жақсы көрді?  Ертедегі бір есті әңгіме еріксіз еске түсіп отыр.

Мектепте оқып жүргенімізде сынып жетекшіміз Алматыға барған бір сапарын сынып сағатына арнап еді. Сол сынып сағатын мен әлі күнге ұмытпаймын. Ағайымыз «Дос-Мұқасанның» концертіне билет таба алмай, қақаған қыстың ортасында далада бүрсеңдеп жүріп үш бағасына бір билет тапқанын толқып тұрып айтқан еді. Біз сол әңгіменің алапат әсерімен Алматыға келгенбіз. Қазіргі көрерменді «Дос-Мұқасанның» концертіне сол күндердегі сағыныштың сарқыншағы апаратын болар. Өйткені ол сол инерциямен келе жатыр. Баяғы даңқы жоқ әрине, дақпырты ғана қалған. Рас ғой. Ансамбльде бірнеше буын алмас-ты. Бірақ тұңғыштың аты тұңғыш. Солардың бірде  бірі кәсіби музыкант емес еді. Қазіргілер қанша жерден музыканың майын ішсе де бұрынғыдай бола алмады, орнын баса алмады. Парадокс. Аңыз ғана қалды. Бірақ кинода. Егер өнер қонған халық екеніміз рас болса, аңызды қайта тірілтіп, бір дүр сілкінсек болмас па еді. Әлде бұл аңыздың ақыры ма?..

1441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы