• Ақпарат
  • 08 Желтоқсан, 2022

ТІЛ – ТҰҒЫР: АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Тіл туралы ұғымның ауқымы өте кең. Адам бар жерде оның тілі болады, яғни қандай да бір тіл ұлт бар жерде  пайда болады. Сол ұлтпен бірге өмір сүреді. Егер ана тіл жоғалса, онда біртіндеп ұлт та жоғалады. Сондықтан ұлт ретінде қоғамдағы орныңды анықтау үшін туған тіліңнің өміршеңдігін кез-келген ортаға мойындата білуге міндеттісің. Ал ұлттық тіл мен оның әдебиеті туралы сөз қозғағанда, тіл төңірегіндегі түрлі таласты әңгімелердің туындауы заңдылық. Тіл майданы – тілдің саяси астарына үңілуді, төл тіліңнің тағдыры үшін күресуді үйретеді. Міне, осы тұста толып жатқан тілдердің бір-бірімен «ұлы айқасы» басталады. Айқастың аты – айқас. Бірі – жеңіліп, бірі – жеңуі тиіс. Мұндайда түрлі қитұрқы әрекеттер бас көтереді, жымысқы саясаттар да тұс-тұстан анталап, тоқпағы күштілердің саяси бағыттары басшылыққа алынып іске асырылады. Жалпы тіл саясаты дегеніміз қандайда ұлыс «ұлт» ретінде қалыптасқан күннен бастап, қатар жүретін ұғым. Ұлт үшін оның тілінің атқаратын маңызы өте зор. Кім өзі тілінің түп-тамыры жоқ немесе «тілдік қоры аз» деп, өзге «басым тілдің» жетегіне еруші еді?! Әлбетте, кеудесінде жаны, жүрегінде намыс оты бар сауатты адам өзінің ана тілін қорлатпайды. Сонымен, тіл майданы дегеніміз тіршілікте күн тәртібінен түспейтін күрделі де саяси маңызы зор өзекті мәселе. Тарих төрінен орын алатын ұлттың «тілі – озық, мәдениеті – жоғары» болатыны айтпаса да түсінікті. Өзінің ылқым заманнан атамекені анық ұлыстардың тіл майданынан қалыс қалуы мүмкін де емес! 

Қазақ деген ұлыстың ұлт болып қалыптасуының тамыры тереңде. Оның бірі-бірімен қатынас құралы ретіндегі ана тілі – сөйлеу тілі болғанымен, жазуы ілгері жұрттың таңбасына тәуелді болғаны тарихтан белгілі. Ғасырлар бойы озық жұрттың таңбасына таңылу, тіл майданында өзінің тарихи тұлғаларын күрес сахнасына шығарды. Қазақ халқының дербес ел болып қалыптасу дәуіріндегі тіл үшін күрескен тұлғалардың тарихтан алар өзіндік орындары бар. Атап айтсақ, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Құдайберген Жұбан, Халел Досмұхамбетұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы тағы басқалар.     
Ұлттық тілімізге төтеден түрен салып, дербестік әперу бақыты – Ахмет Байтұрсынұлының маңдайына жазылған тағдырдың тауқыметті де ең үлкен сынағы болды. 
«Ахмет Байтұрсынұлы түрлеген ана тілдің» ұлт тілі ретінде мойындалуы оңайға түскен жоқ. Сан рет сүзгіден өтіп, талай-талай талқыға түсті. Ғылымы мен білімі озған елдердің ғалымдары да бодан елдің болмысы бөлек баласының бойындағы «ұлттық бұлқынысты» көрді. Дарын иесі А.Байтұрсынұлының даралығын таныды, әрі үлкен сынақтан сүрінбей өткенін мойындады. Бұған тарихта қалған мұрағат деректері – куә. 
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «Дербес өмiрге төл әдебиетi бар халық ғана таласа алады» деп, ХХ-ғасыр басында айтқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың тілі мен әдебиетінің ғылымилануына бар өмірін сарп еткен бірден бір тұлға. Әлбетте, А.Байтұрсынұлына дейін де қазақта сөйлеу тілі болғаны ақиқат һәм ол тілдің бабалардан бастау алғаны да анық... Бұл күні ұлтымыз үшін әдебиет десе, Абай – Ахмет – Мұхтар, қазақ тілі десе, Ыбырай – Ахмет – Құдайбергендердің қаз-қатар айтылуы үйлесімін тапқан дәстүрге айналды. 
Халық жазушысы Әбіш Кекілбай­ұлы­ның пайымына жүгінсек, «...Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт. Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсай­тыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Яссауидің заты түгілі, атына қанық емес еді. Шоқан Уәлихановтың атына қанық қазақ оқығандары еңбектерімен соншалықты таныс емес еді. Ал Абайдың атына да, затына да Байтұрсынұлы тым беріде, өз таңдауын жасап, сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған кезде қанығыпты. Ал бала жасынан жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа кезең жағдайында жеткіліксіз екендігіне бастапқы жылдары-ақ көзін жеткізіп үлгергенді.
Біз бұл арқылы рухани дамуымыздың ойдағыдай өрістеп кете алмауының себебі тарихи сабақтастықтың қайта-қайта үзіліп қала беретіндігінен, соның салдарынан әрдайым тыңнан бастап, өткендер біліп үлгерген ақиқатка қайтадан өз күшіңмен жетуге тура келетіндігінен, сүйтіп, көп күш-жігердің босқа сарп болатындығынан екенін айтқымыз келеді.  Бұдан Ахмет Байтұрсынұлы алдыңғылар салған соқпақты қайта шиырлап шықты деген қорытынды тумаса керек. Ол – ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрынғылардың көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген, көрген. Ол, бар болғаны алты-ақ жыл оқыпты. Екі жылын Торғайда, төрт жылын Орынборда оқыпты. Екеуінде де өз заманының интеллектілік өрісін толық таныта алған ордалы оқу орнын, өнегелі ұстаздар ортасын көре алмапты. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлының ендігі тағдыры қыл үстінде тұрған халкының қамын ойлап, жанкешті жолға түсу мен азаматтық кемелділіктің мұншама шырқау биігіне көтерілуінің сырын тек тумысынан ерек қабілет пен абзал жүрекке ие азаматтың айрықша ыждағаты мен мігірсіз ізденістерінен іздегеніміз орынды. Ол бір басының тәуекелімен бүкіл бір ұлттың тәуекелінің түгел оянуына түрткі болды. ...Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын жәйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мәртебеге енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың» деген екен «Ұлағатты ұстаз» атты мақаласында. 
Шын мәнінде, тәуелсіздік кезеңнің тіл, әдебиет саласында жүрген зерттеуші ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық ғылымға жасаған еңбегін жазушы Әбіш Кекілбайұлындай жіліктеп талдап, бүгінгі жаһандану дәуірінде тіл мен әдебиеттің ұлттық тамырынан айрылмауына жұмыс жасауға міндетті. Иә, технология билеген заманда адамзат үшінші мыңжылдықты қарқынды даму үдерістерімен қарсы алуда. Қарқынды дамудың бір көрінісі техникалық ғылым салаларының адам нанғысыз жетістіктерге қол жеткізуі. Осыдан бір ғасыр бұрын адам баласына «аяқ немесе қолдың протезін 3d принтерімен шығаруға болады» деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жағдай еді. Ғылымның зымыран дәрежеде дамуы адам дүниетанымына өзіндік жағымды һәм жағымсыз әсерлерін тигізуде. Жалпы адам дүниетанымын қалыптастыруда ғылыммен қоса, руханиаттың орны ерекше. Руханиат тіл мен әдебиетке тікелей қатысты, маңызы жағынан дінмен қатар тұратын ұғым. 
Әсіресе, қазақ халқы үшін тіл мен әдебиеттің орны бөлек. Халқымыздың салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы, ырым-пайымдары, тарихы, өнері осы тіл мен әдебиеттен туындайды. Басқа ұлттарға қарағанда тіліміздің сөздік қоры өлшеусіз мол. Тіліміздегі сөздердің тереңдігі, құ­нар­лығы, бейнелігі, әдемілігі, ше­шен­дігі, қанаттылығы, алуандығы, ойлылығы, әуенділігі, наздылығы, астарлығы т.б. тұстарын сөзбен жеткізу үлкен өнер. Қазақ тілі небір нәубетті басынан өткерген, тағдырында көп қиындықтарға мойымаған жасампаз тіл. Ресей империясының, кейін Кеңес жүйесінің сұрқия саясатының барлық қитұрқы амалдарына қарсы тұрып, өзінің өміршең тіл екендігін дәлелдеп шықты. Құдайға шүкір, әлемдегі тарихтан өшіп кеткен тілдер мен ұлттардың қатарында емеспіз. Тіл мен әдебиеттің сақталуы, осы жолда талмай еңбек еткен тұлғалардың жанқиярлық ісі екені хақ. Математика, физика, химия, биология секілді т.б. ғылым салаларында нәтиже бірден шығарылған есеп, дәлелденген теорема сияқты көзге көрінетін нәтижелермен белгілі болады. Тіл мен әдебиет олай емес, тілдегі құбылыстарды заңдастыру үшін материал қоры жинақталуы қажет. Ал оны жинақтау айлар мен жылдардың еншісіндегі сынақты дүние.
Қазақ тілі мен әдебиет – филоло­гияның қос қанаты сықылды. Ең өкі­ніштісі, тіл мамандары мен әдебиетшілер зерттеу нысандары ортақ екенін ұмытып, өз тақырыптарын сала-салатып «балалатып» қарапайымды «күрделендіріп» жатады. Бұған түрткі болатын батыстан енген «узкая специализация» деген ұғымның ықпалы. Осы «ұғымды» ұстанған батысшылдар ғылымға, әсіресе жас зерттеушілерге белгілі деңгейде талаптар қойып отыр. Ол талаптар жаратылыс саласына мүмкін кейбір шарттарда дұрыс та шығар, бірақ руханиатқа немесе гуманитарлық ғылымдарға «тұсау» болуда. Соңғы уақытта барлық ғылым саласында инновация деген пайда болып, «сәнге» айналды. Қандай жұмыс болсын осы «инновация» болмаса еңбегіңіз жарамсыз. Ұлттық сөз саптасымызға келсін келмесін «инновацияның» иісі шығып тұруы керек. Сол «инновация» қазақшалағанда, «жаңаша ойлау, жаңа тәсіл» дегенді білдіреді. Ал осы «инновацияны» бүгінгілер тіпті «науқанға» айналдырып алды. Мәселен, тіл мен әдебиетке арналған кейбір мақалаларда зерттеуші «нені айтқысы келгенін, өзге түгілі өзі де түсінбейтінін» аңғармайды. Бұл жерде біреуді кемсітуден аулақпыз, десек те мынадай тіркестер: «Стилис-тика ұғымының трактовкасы және теориялық поэтика мен теориялық лингвистиканың арақатынасы», «Тілдегі модальділік, идиоматикалық құбылыстар мен дейксис, символ құбылыстары адамның психофизикалық ерекшеліктерінен туындаған тілдік таңбалар», «Психолингвистиканың негізгі ұғымдарының бірі – ассоциация», «Ассоциациялық эксперимент», «Поэтикалық мәтіндегі метафизикалық концептілер» не орысша, не қазақша емес толып жатыр. Филология ғылымында жазылып жатқан осындай «тың ізденулерде» батыстық тілтанымға еліктеушілік басымдық алуда. Бұдан ұлттық ғылымның «шұбарланбаса» дамымайтыны әрі байымайтыны анық. 
Қазақтың ұлттық әдебиеті қандай деңгейде зерттеліп, зерделеніп жатыр, әдебиет тарихы, теориясы, сыны, мәтіні, библиографиясын қамтитын салаларда қандай мәселелер бар. Әдебиет ғылымының мақсаты қазақ әдебиетінің пайда болуы, қалыптасуы, даму жолдарын зерттеу. Ұлттық әдебиеттің халық руханиятына, сана-сезімі мен ұлттық танымына әсерін пайымдау. Әдебиеттің тарихи бағыттары мен жекелеген жанр түрлерінің қазақ әдебиетінде өсіп-өркендеу жолдарын анықтау, ғылыми тұжырымдар жасау күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптар. 
Ертеректе тіл мен әдебиеттің өзекті мәселелері қатар қарастырылатын еді, қазір бұл үрдіс жүрісінен жаңылғандай... Ғылыми дәреже алу үшін асығыс жазылған шала еңбектер саны қаншама?! «Әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы ұмытқан «меңіреу» оқымыстылар мен қаламгерлерден қарапайым халық та шаршады. Айтар ойымызды мына өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көрдік.
«...О, Түркі тілі!
– Шыққан төркінің қайда?!...
– Шығар төрің қайда?!
– Төркінің ата-бабалардан шығар...
– Төрің келер бала-даналардан шығар...
– Біз солардың арасын қоса алар көпірміз бе?
– Жоқ, әлде жолда адасқан нөпірміз бе», – демекші, түркі тілінің бір тармағы қазақтың тілі мен әдебиетін түп қазығы  бабалар тілімен ғылым тіліне айналдыру – бүгінгі ұрпақтың міндеті екенін еске салу. Осы жолда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, елдігіміздің басты нышаны ұлттық тілімізге қызмет ету баршамыздың перзенттік парызымыз.

 Райхан ИМАХАНБЕТ,
Ахмет Байтұрсынұлы 
музей-үйі жетекшісі,
әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ оқытушысы

 

3650 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы