• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

ЕСКЕРІЛМЕГЕН ЕРЛІК НЕМЕСЕ ҚОБДАНЫҢ ЖАУЖҮРЕК БОЗДАҒЫ ТУРАЛЫ СЫР

Ақби Рақов

Кім-кім де кіндік кесіп, кір жуған өлкесі туралы мақтанышпен сөз етсе, ешқандай айыбы жоқ. Біреулер тамаша табиғатын тамсана жырлайды, енді біреулер атамекен қойнауы пайдалы қазбаға толы деп дәріптейді. Жарасымды көрініс. Ақтөбе облысында темір жолдан жырақ жатқан, бірыңғай ауыл шаруашылығына бейімделген Қобда ауданының үлкен-кішісімен әңгімелесе қалсақ, Кеңес Одағының Батыры атағына ие  болған жеті жерлесін тілге тиек етеді. Олар – Әлия Молдағұлова, Иманғали Білтабанов, Абдолла Жанзақов, Михаил Колесников, Михаил Прохоров, Иван Пятковский, Николай Терещенко. Төртеуі Ұлы Отан соғысының майданында ерлікпен қаза тапқан, үшеуіне – Колесниковке, Прохоровқа, Пятковскийге Кеңес Одағының ең жоғары наградасын омырауға таққан соң әскер қатарында жауынгерлік қызметін абыроймен аяқтап, елге аман-сау оралу бұйырыпты. Айтпақшы, жоғарыда аты-жөні келтірілген қаһармандар сапына Михаил Кошелев пен Иван Анохинді қосқанның еш айыбы жоқ. Бірі І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталса, екіншісі кеудесіне І дәрежелі «Отан соғысы» орденін, ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерін қадаған.

Қобдалықтар Отан үшін басын бәйгеге тіккен жерлестеріне ба­рынша құрмет көрсетуде. Әлия Нұрмұхамбетқызының есімі мен ерлігі күллі Одаққа көрсетілді. Облыстың және ауданның орталықтарында көшелерге, алаңдарға бірқатар батырлардың есімі берілді, мектептерде және оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде батырлар ерлігін насихаттау барынша кең ауқымда жүргізілуде.

Журналистік қызмет тұрғысында осындай шаралардың бірқатарына қатысып, мерзімдік басылымдарда жариялағанымыз да  бар. Осы ретпен Ақтөбе қаласындағы «Хабар-Сервис» ЖШС-інің баспаханасына жиірек бас сұғатынымыз және рас. Мекеменің атқарушы директоры, жағымды жаңалықтарға сергек көзқарас танытып жүретін ініміз Жанболат Жұбановтың әңгімесі бізді елең еткізді.

– Кешегі қан-қасап соғыста Днепр өзені үшін жан алып, жан беріскен қырғын шайқаста Ақби Рақов ерекше ерлігімен көзге түсіпті. Әттең, қаһармандығы кезінде лайықты бағаланбай қалған, – деді ол. Айтып қана қойған жоқ, назарымызға архивтік құжаттарды, сарғайған газеттерді ұсынды. Бағалы жәді­герлермен біршама танысып, өз әлімізше кейіпкеріміз жайлы дерек қорын толықтыруға күш салдық.

Ең алдымен, Ақби Қанжұлұлы Рақов деген кім? Ол Ақтөбе облы­сының Қобда ауданындағы Новоалексеевка  селосында 1923 жылы туған, комсомол мүшесі. 1941 жылы мектепте бірге оқып, бітірген құрбысы Клаура Мамайқызы Баймұратовамен ниеті жарасып, шаңырақ көтереді. Жас отау иелерінің «Қол ұстасып, бақытқа жетеміз» деген тәтті қиялын бұзған неміс-фашист басқыншыларының Кеңес Одағына опасыздықпен соғыс ашқан сұрқия саясаты еді. Қар­шадайынан отаншылдық сезіммен суарылып өскен небәрі он сегіз жастағы жігіт үйленгеніне бір апта өткен соң Қобда аудандық әскери комиссариатынан өзі сұранып, майданға аттанады. Келесі 1942 жылдың шілде айында келіншегі Клаура да басындағы ақ орамалын жұлып алып, әскер қатарына арыз береді. Тілегі орындалып, №761 әскери әуе күштері полкіне тап болады. Осында жауды жойғыш зеңбіректерді тазарту, зеңбірек ұңғысын оқпен толтыру міндеттерін тиянақты атқарып, қаруластар құрметіне бөленеді, 1945 жылы соғыс Ұлы Жеңіспен аяқталған соң омырауы орден-медальдарға толы Мамайқызы туған өлкеге аман-сау оралады.

Ал негізгі кейіпкеріміз Ақби Қан­жұлұлы әскер қатарына алынған соң Чкалов қаласында (қазіргі Орынбор қаласы – Ж.Қ.) танк училищесінде оқып, бітіріп шығады. Лейтенант шенімен Украина майданындағы зұлмат шайқастарға кіреді. Дербес 10-танк корпусының 183-танк бригадасы құрамында танк командирі болған жерлесіміз өзінің өжет қимылымен зұлым жауға өшпенділігін еселей түсіп, өзге жауынгерлерге үлгі көрсетеді. 1943 жылғы қазан айының 7-сінен 9-ына дейінгі аралықта бригада Киев облысының Ржищев ауданына қарасты Монастырск деревнясының түбінде дұшпанға әлденеше соққы береді. Сөйтіп мығым қалпында Днепрдің оң жағалауында Букринск плацдармына табан тірейді. Қарсыластар оқтын-оқтын қарсы шабуылға шыққан. Кеңес жауынгерлері болса, алған беттен қайтпады. «172,6» биіктікте жарақты бес танктен тек қана Ақби Рақовтың танкісі аман қалады. Сол себептен оған жаяу әскерлерімізге қолдау көрсету пиғылында неміс-фашист басқыншыларын ілгері жылжытпау жүктеледі. Әрине, өшіккен жаудың шегінбейтіні анық, біздің болат танкіміз қарсы ұмтылып, өршелене түсті. Көптің аты көп, қанша қасарысқанмен жалғыз танк дұшпанның қарша боратқан оғынан отқа оранды. Осы шайқаста танктің механик-жүргізушісі Виктор Жарков тірілей жанып кетеді. Ал командирдің өзі жоқ болып шықты. Бұл жайға терең бойламаған іздеушілер 183-танк бригадасының жауынгерлік қимылдар журналына Ақби Рақовты «ерлікпен қаза тапты» деп тіркеумен шектеледі. Онымен қоймай қаза тапқан жауынгерлерді наградаға ұсыну қағазына жерлесіміздің аты-жөнін кіргізуді қаперіне алмағандай. Сірә, өздерін аға ұлт өкіліміз деп санайтындар қайдағы бір қазақ үшін бас ауыртқысы келмеген сияқты.

Сөйтіп, Ақтөбенің Қобда ауда­нындағы әскери комиссариатқа Рақовтың ерлікпен қаза тапқаны жайлы «қара қағаз» жіберіледі. Жан түршіктірер хабар қолына тигенде жары Клаура Мамайқызы мүлде сенбепті. «Әйел жаны сезімтал, мен сол «қара қағазды» жүрегіммен қабылдай алмадым. Оның жарымжан болса да елге оралатынына, бір жағымды хабар келетініне әбден иландым» дейді екен. Сөйтіп жарғақ құлағы жастыққа тимей жоғарғы құзырлы орындарға қайта-қайта хат жазып, іздеумен болды.

Кейінгі деректерден белгілі бол­ғаны – мынау. Дұшпанның үдете соққан шабуылына үзіліссіз тойтарыс беру салдарынан танкте оқ мүлде таусылған, тіпті, жауға берілмес үшін өзін өзі атуға да ештеңе жоқ. Фашистер болса сау-тамтығы қалмаған танкті мүлде жоқ ету үшін беймәлім жақты нысанға алып, бората берген. Шын мәнінде командир Ақби ауыр жарақат алып, денесі күйікке шалынған. Кейін шегінген фашистер танк ішіндегі шалажансар Рақовты өздерімен бірге ала кетеді, біздің әскерлер жайында дерек сұрайды, ұрып, соққыға жығады, әбден қинайды. Сонда да тұтқынға түскен командир өзіне қойылған сауал­ды үнсіз қалдырыпты. Содан ол концлагерге тап болады.

1945 жылғы ұлы Жеңістен кейін А.Рақов Сталиннің жау қолына түскен отандастарымызға сенімсіздік білдіруді көздеген қатал бұйрығы негізінде сүзгілеу лагеріне жіберіледі, одан Донбастың шахталарын қалпына келтірушілер қатарында қара жұмысқа жегіледі. 1947 жылы денсаулық жағдайына байланысты есептен шығарылған, бірақ мойнындағы айып-тан ақталмайды. Жасынан алғыр, сауатты лейтенант аурухана төсегінде жатып, КСРО Қорғаныс министріне хат жазады, өзінің жауынгерлік іс-қимылдарына қатысқанын айғақтауды сұрайды. Тексеру-зерттеу барысында Ақби Қанжұлының – танк командирінің батырлық көрсеткені анықталады. Бірақ, бұл жай тым кеш еді – қаһарман танкіші небәрі 26 жасқа жетпестен ауыр жарақат салдарынан 1949 жылы тірліктен баз кешті.

Интернационалист жауынгер қазақтың жарқын ғұмыры мен ауыр шайқастардағы ерлігін көрсетер құжаттар Ұлы Отан соғысының музейінде, Балыко-Щучинск қала­сындағы «Букринск плацдармын ерлікпен қорғау» музейінде, Украина мен Белоруссиядағы «Оныншы оқу танк дивизиясы» (бұрынғы оныншы корпус) музейінде, Беларусь әскери округінің оқу орталығында мәңгі сақтауға қойылды.

Біз даңқты жерлесіміздің сұрапыл соғыс майданындағы іс-қимылынан барынша мәлімет беруге ұмтылдық. Ал бұл оқиғалардың бүгінгі күнге жетуіне мүмкіндік жасаған кімдер? Әрине, ең алдымен от пен оқтың ортасында бірге болған қарулас достары. Бұл ретте Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында тұрған соғыс ардагері, запастағы полковник Валерий Иванович Беценконы айтқан жөн. Жоғарыда Ақби әкейдің жан жары, өзі де майдангер Клаура шешейдің отағасына адалдықпен хат жазумен болғанына тоқталдық. Сол ізденістің нәтижесі – қияндағы Қобдада тұратын Баймұратоваға Мәскеу қаласынан, РСФСР Жоғарғы Кеңесі атындағы жоғары әскери училищеде Тактика және Ұлы Отан соғысы тарихы пәнінен дәріс беретін полковник В.И.Беценкодан хат келеді. Бұл кісі КСРО Қарулы Күштерінің Подольск орталық архивінен 10-танк корпусы туралы деректер жинастырып жүреді екен. Бағалы жәдігердің бірі 183 танк бригадасының командирі, капитан М.Новиковтың 10 танк корпусының саяси бөлім бастығы, полковник Стороженкоға жазған рапорты болды. Рапортта танк экипажының командирі, лейтенант Ақби Рақовтың неміс-фашист басқыншыларына қарсы дүлей шайқаста көзсіз ерлік көрсеткені нақты оқиғалармен баяндалып, жерлесімізді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөнінде пікір айтылады.

Осы тұста мынадай анықтама келтірген артықтық етпейді. Днепр өзеніндегі Букринск плацдармында болған шайқаста 10-танк корпусының мыңға тарта сарбаздары орден-медальдармен марапатталады. 36 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. 1944 жылдың 10 наурызында 10-танк корпусы «Днепрлік» мәртебесін иемденеді.

Енді бір құжатта шайқаста ерлікпен қаза тапқандар тізімінде Ақби Рақов он үшінші болып тіркелген. Онда былай делінген: «1923 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданы Новоалексеевка ауылында туған, ұлты қазақ, комсомол мүшесі. Лейтенант Ақби Рақов 1943 жылы 12 қазанда ерлікпен қаза тапты, мәйіті Киев облысының, Радищев ауданы Монастрск деревнясында жерленді» деп жазылған.




 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Зайыбы Клаура Баймұратова

Жаны жәннатта болғыр В.И.Беценко қанға біткен бауырмал­дығын дәлелдеп, 1991 жылдың 9 сәуірінде қазақ даласындағы Қобда ауданының әкімі Ерсайын Ысқақұлы Әжібаевке арнайы хат жазады. Хатта осының алдында Ақби Рақовтың әйелі Клаураға хат жолдағанын айтумен бірге жерлесіміздің кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын, өкінішке қарай бұл мәселе тиянақты шешілмегенін баяндайды. Тек осымен шектеліп қалмай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өзі жолдаған хаттың және сол кезеңдегі Республиканың әскери комиссары, полковник Л.Бақаевтың жауап хатының көшірмелерін бірге жіберіпті.

В.И.Беценконың Клаура Ма­майқызы Баймұратоваға жазған хаты Қобда аудандық «Знамя труда» газетінің 1988 жылғы 9 шілдедегі №82 (4650) санында «Призывался из Новоалексеевки, стал героем на Днепре» деген айдармен «Кто он, Акби Раков?» деген тақырыпта жарияланады. Мақаланың ортасында қаһарман лейтенант фотосуреті беріліпті. Осы мақаланың төменгі жағында бес бағанға Мәскеу мемлекеттік тарих-архив институтының студенті С.Коломенскийдің «Навечно в наших сердцах» деген мақаласы орналас-тырылыпты. Бұл мақала да даңқты жерлесіміздің ерлігіне арналған.

Негізінде біз тарих қойнауына еңген жылдар шежіресіне үңілгенде жан-жақты сараптамадан өткізіп, тағылымы мол тұстарын өнеге етуге тиістіміз. Бұл тұрғыда Ақби Қанжұлұлының ерлігіне назар аударып, құнды пікірлер білдірген өзге ұлт өкілдерін ілтипатпен еске алған орынды. Мысалы, 183-танк бригадасының командирі, капитан М.Новиков «Студенческий меридиан» журналының 1987 жылғы мамыр айындағы санында «Акби и Клаура» деген тақырыппен мақала жариялайды. 10-танк корпусы­ның командирі, отставкадағы генерал-лейтенант И.А.Маганов «Десятый танковый» және «Днепровский» атты кітаптарында төмендегі ойларымен оқырманды сүйсінтеді: «Ешкім  де батыр болып тумайды, ешкім де батыр боламын деп соғыспайды. Мен танкистпін, сол сұрапыл соғысты көзіммен көргесін жазып отырмын. Рақов саяси терең сауатты, ер көңілді, батыр жүректі, кішіпейіл адам, солдаттармен жаны-тәні бір еді. Оны бұрын көп білмеуші едім, қазақ деген бауырмал, тілінен де, қолынан да іс келетін батыр халық екен ғой». Осылай толғанған әскери қайраткер И.А.Маганов 1988 жылдың 25 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына өз қолымен хат жазып, батыл түрде ұсыныс айтады: «Совет ветеранов Десятого танкового корпуса и командования 10-танковой девизии (воисковая часть 22087) решили ходатайствовать перед Президиумом Верховного Совета СССР о присвоении звания Героя Советского Союза Акбию Канжуловичу Ракову посмертно». Өкініштісі – хат жазылған осы кезеңде Кеңес Одағының кенеуі кетіп, аққу көкке, шортан суға тартқылап тұрған шақ еді. Содан да мәселе шешілмей сиырқұйымшақтанып кеткені.

Кеңес Одағының танымал басылымы – «Литературная газетаның» «Досье» қосымшасында, майдандық «За Родину» газеті мен өз еліміздің «Казахстанская правда» газеттерінде мақала жариялап, Ақби Рақовтың ерлігін көрсеткен полковник В.И.Беценко мұнымен шектеліп қалмай Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа хат жолдап, кейіпкеріміздің «Халық қаһарманы» атағына лайық екенін баяндап, ұсыныс білдіреді. Жоғарыда сөз еттік – бұл хат Республиканың әскери комиссары А.Бақаевқа жолданады, еске салар жай – осы мемлекеттік құрылым сәл кейін Қорғаныс Министрлігі деген жаңа атаумен қайта жасақталды. Хат Бақаевтың бұрыштамасымен Ақтөбе облыстық әскери комиссариатқа, одан Қобда аудандық әскери комиссар, майор В.Глушкоға келіп түседі. Жоғарыдан жіберілген құжат негізінде аудандағылар Мәскеу облысындағы Подольск орталық әскери архивіне сұрау салады. Қынжылатынымыз – жауап жоқ, себебі Кеңес Одағы келмес­ке кеткен кезең, сонымен «Іс бітті, қу кеттінің» кері келді.

Әрине, Қобыланды мен Исатай­дың, Абат-Байтақтың кесенелері тұрғызылған, Шығыстың қос шынарының бірі – Әлия апамыздың атамекені болған Қобда аймағының алдыңғы және орта буын өкілдері елі үшін еміренген жаужүрек боздақ Ақби Рақовты ұмыта қойған жоқ, өз мүмкіндіктерінше батыр есімі мен ерлігін жеткіншек ұрпақ санасына сіңіруге күш салды. Жауғашты Жұмағалиев, журналистер Балнияз­ Әжниязов, Жанат Сисекенова, Юрий Тарасенко, дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Болат Әжмұратов, жоғары санаттағы дәрігер Нұржігіт Мәкенов және басқалары даңқты тұлғаны насихаттау жолында айтарлықтай еңбек сіңірді. Әріптесіміз Жанат республикалық «Казахстанская правда» газетінің 2022 жылғы 22 маусымындағы санында «Награда найдет героя» атты көлемді мақала жария-лады. Еңбек ардагері Жауғаштының аудандық «Қобда» газетінің 2015 жылғы 16 сәуірдегі санында жарық көрген «Ерлігі ескерілмеген батыр!» деген мақаласында бірқатар тартымды дерек берілген. Арнайы құрылған ынталы топ жетекшісі Жанболат Жұбановтың ұйытқы болуымен бірнеше азамат облыстық «Ақтөбе» телеарнасының «Ойтүрткі» бағдарламасында бас қосып, арманда кеткен боздақ турасында мағыналы сыр шертті.

Тасболат Ульянов , кәсіпкер: – Ақби Рақов – менің нағашы атам. Ол кісі туралы әжеміз Клаураның әңгімелерінен там-тұмдап білдік. Әжей – Әлімнен тарайтын Бұжырдың бір баласы Шүреннен өрбіген ұрпақ. Жарықтық «күйеуі майданда өлді» деген «қара қағаз» келгенде сеніңкіремепті. Болжамы расқа шығып, атам елге оралады. Соғыстың нақ ортасында болған, ауыр жарақатпен тұтқынға түскен, одан шыққасын лагерьде қара жұмысқа жегілген. Қобдаға құр сүлдері жетіпті. Көп ұзамай бақилық болыпты. Өте аянышты. Осындай қайсар тұлғадан атақ аяуға бола ма?!

Сағындық Қанкелді, заңгер: –Өрімдей жас жігіт, лейтенант, танк командирі, өзі қазақ. Сынақ­тарда сыр бермеген азамат жайлы мә­лімет­ таңданарлық күйге түсірді. Құрмет көрсетсек мерейіміз өсетінін ұмытпайық.

Бізбен әңгімелескен азаматтар осылай ақтарылды. Ендігі сауал батырдың отбасы төңірегінде өрбіді. Ақби әкей елге келгенмен, кең көсіліп жүре алмаған. Оңай дейсіз бе – отқа оранған танк ішінде жалғыз қалып қою, одан жау қолына тұтқынға түсу, Сталинның қатыгез пәрменімен шахтаның зіл батпан жұмысына тап болу, әбден титықтап атақонысқа жету. Қайда барса да алдынан «соғыс тұтқыны» деген кесір сөз шығады. Сөйтсе де Отанына, ел-жұртына адал көзқарасынан танбапты. Клаура апамыз мектепте үздік оқыған, соғыс майданына өзі сұранып барған. Аман-сау оралғасын дүкенде сатушы қызметінде болыпты. «Бірбеткей, тік мінезді адам еді» дейді көзін көргендер. Отағасын бәле-жаладан ақтап алуға бар күшін салыпты, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына таяу жалғанның көшіне ілескен.

Баласы Орынбасардың тұрағын сұрасақ, Ақтөбе қаласындағы облыстық Қарттар үйінде екен. Арнайы барып жолықтық. Дербес бөлмеде өзі, жетпістің ішіне мол кірген. Дидарында уақыттың кермек дәмінен шаршағандық сезіліп тұр. Үні бәсең, сауалыма сәл іркіліспен жауап берді:

–Әкемнен бір ұл, бір қызбыз. Апам Лейла Тамды ауылында тұрады, балалы-шағалы. Өзім  анамның құрсағында жатқанымда әкем ақыретке жөнелген. Жарықтық содан қайнысы Бәрішке қосылады, одан ұрпақ жоқ, – деді әңгімешім.

Әке – соғыс тұтқыны, Ана екі баланы жеткізем дек әлек, қосылған қайнысы Бәріш те қойторы жан болса керек. Содан Орынбасар ауылдан ұзап шыға алмай колхоздың іркес-тіркес қара жұмысымен шектеліп қалған. Ер адам ғой, сырын көп ашқысы келмейтіндей. Дегенмен там-тұмдап білгеніміз – әйелі Ләззат Қызылорданың Тасбөгетінен, дәм-тұзы жараспай бір ұлымен және бір қызымен Тараз қаласында қоныс теуіпті. Қолында құжаттары жоқ Орынбасар азын-аулақ зейнетақыны қанағат етіп, Қарттар үйінен байыз­ табады. Бөлме жылы, күнделікті ауқаттан кенде емес, тек көңіл жалқы. Төсегінің тұсында сүйеулі тұрған домбыраға көзім түсті.

– Өзіңнің мынадай өнерің бар екен ғой, – дедім.

–Иә, оңашада шертіп, жеңілде­гендей боламын. –Жымиюы солғын, үні үзіліңкіреп шықты.

Қасымдағы құрдасы Тұрлан өзімен бірге ала келген марқұм әкесі Ақбидың үлкейтілген фотосуретін үстел үстіне қойды. Орынбасар бір шетінен жайлап сипады, жанарына жас іркілді ме, қалай?! Бұдан әрі отырыс ыңғайсыз болатынын сезіп, шығып кеттік.

Қаршадайынан намыс қазанында суарылып, небәрі он сегіз жасында қосылғанына бір ай болмастан сүйген жарын ауылда қалдырған; өз тілегімен майданда Отан үшін отқа түскен; адамгершілігімен, білімімен, табандылығымен генерал-лейтенанттан қатардағы жауынгерге дейінгі қаруластарын сүйсінткен; фашистер тұтқынында сыр ашпай лагерьдегі сүйретпе жұмыстан туған аулына ілдәлдалап әрең жеткен қазақ жігітінің аянышты да асқақ тірлігі. Пешенесіне бар болғаны жиырма алты жыл бұйырыпты. Мұндай қайсар боздаққа ел Президентінің Жарлығымен мәртебелі «Халық қаһарманы» атағы беріліп жатса мемлекет те, ұлт та ұтылмасы анық.

Айтпақшы, биыл  лейтенант, танк экипажының командирі Ақби Рақовтың туғанына 100 жыл толады.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті

журналисі

АҚТӨБЕ

 

855 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы