• Руханият
  • 19 Қаңтар, 2023

ЕСТЕЛІКТЕР ЕСКІРМЕЙДІ

Сексеннің сеңгірінен асқан Сұлукүл Қошанқызының батыр Баукең жайлы айтқан тамаша естелігі еріксіз қолға қалам алдырды. 
 – Бауыржан Момышұлын сонау студент кезімде бірнеше рет сыртынан көргенім бар еді... 1960 жылдың соңына қарай біздің факультет Дзержинский мен Комсомол көшесінің қиылысында орналасқан үш қабатты ғимаратқа шет тілдер институты болып бөлініп шықты. Бізбен бірге ағылшын тілі факультетінде Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан оқыды. Мінезі жұмсақ, сабырлы жігіт еді. Институттан   Баукеңді  жиі көретінбіз. Бірде студенттердің батырмен   кездесуінде  Баукеңнің вальске орыс қыздарын шақырып, шыр көбелек айналдырып билегенін де көрдік. Бауыржан Момышұлы сұңғақ бойлы, тау тұлғалы өте келбетті кісі еді... 

...1973 жылы жолдасым Райымбек екеуміз жолдамамен «Сарыағаш» шипажайына демалуға келдік. Басшылардың ұйымдастыруымен Ташкент, Самарқанд қалаларын араладық. Демалыс күндеріміз аяқталуға жақын қалған еді, демалуға Бауыржан Момышұлы келіпті дегенді естідік. Үйдегі ағаң «Жүр, батырға сәлем берейік, сәті түссе суретке де түсейік», – деді. Ол кезде Бауыржан Момышұлының атағы дүркіреп тұрған кез. Сол жердегі халық көп жиналатын алаңға келдік. Батырмен суретке бәрі түскісі келеді, бірақ оның сұсты жүзінен сескеніп, батыңқырамай тұрғандар көп. Демалушылар арасынан бір жігіт суырылып шығып, қос қолдап: «Саламатсыз ба, Бауке», – деуі мұң екен,– Иә, саламат, саламат Ташкент, Жалалабат, – деп Баукең жақтырмай сәлемін алмады. Сол кезде ағаң батырға жақындап барып, қос қолдап –Ассалаумағалейкүм көке, – деп сәлем берді.

– Уәғалейкүмассалам! Әй, сен қай баласың, қайдансың? – деді Баукең қолын ұсынып жатып.

– Есімім Райымбек,  мына кісі келініңіз, Әулиеатадан демалуға келген едік. Сізге арнайы сәлем бере келдік.

– Иә, дұрыс, – деді Баукең.

– Егер сіз қарсы болмасаңыз, суретке түссек, – деп өтініш жасадық. «Жарайды, жақсы», – деп  ағамыз орындыққа жайғасты. Ол кісінің оң жағына Райымбек, сол жағына өзім отырдым. Үстімде сол кезде «мода» болған кремплин матадан тігілген көйлегім бар еді. Етегіммен тіземді жаптым. Сол кезде Баукең «Иә, дұрыс, түсіріп қой» демесі бар ма? Ұялғаннан екі бетім ысып қоя берді. Сол сәтте батыр ағамыз басындағы бөркін менің басыма кигізе салды. Мен бөрікті басымнан алып, қолыма ұстап отырайын деп едім:

– Шешпе! Мен бөркімді әркімге кигізе бермеймін, – деді. Қатты қысылып қалдым. Сөйтіп сасқалақтап, суретке астыңғы ернімді тістеп түсіппін...

Өткен күндердің қадіріне жете білмеппін. Халық қаһарманының жанында отырып, жай ғана емес,  бөркін киіп суретке түскенімнің өзі бір бақыт  екенін енді  түсінгендеймін. Бөріктің киесі қонған болар, Аллаға шүкір өткен өміріме ризамын», –  деп Сұлукүл апа күлімдеп сөзін аяқтады.

 «Ол сурет біздің үйде әлі күнге дейін бар, әкем сыртына қай жылы екенін жазып, рамкаға салып қойған», – деді кіші ұлы Талғат.

Батыр Баукеннің ықыласына бөленген   кешегі  жас келін  бүгінде немере, шөбере сүйген асыл әже.

...1958 жылы мектепті бітіріп, аттестат және колхозда екі жыл есепші қызметін атқарғанын растайтын кітапшамен Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ағылшын факультетіне тапсырдым. Емтихандардан сүрінбей өтіп, студент атандым. Ол кезде институт ректоры  Ұлы Отан соғысының батыры – Мәлік Ғабдуллин болған. Старостамыз бір күннен соң сағат 10-нан бастап ректордың қабылдауында болатынымызды айтты. Кезек маған келді, – дейді Сұлукүл.

– Ал, қарағым, институтқа түсуіңмен, жатақхана ма, әлде стипендия ма, қайсысын аласың? – деді ректор.

Алдында жатқан менің құжаттарымды оқу ісі жөнінің проректоры ректорға көрсетті. Өмірбаянымда әкем – Қошан Бүрлібаевтың колхоз бастығы болғаны, арнайы бұйрықпен соғыстан босатылғаны жазылған. Әкемнің  соғыстан босатылған бронь қағазды қайта тапсырып, соғысқа өз еркімен сұранып кеткені,  Ленинград соғысына қатысып, ерлікпен қаза тапқаны баяндалған еді. Соны көріп, құжатпен танысқан ректор Мәлік Ғабдуллин:

– Қарағым, кіммен тұрып жатырсың? – деді.

– Сырқат әжеммен, – дедім.

– Әжең қаншада?

– 63-те...

– Жарайды, саған  стипендия да, жатақхана да беріледі, – деді.

Қуанышымда шек жоқ.

3-курстан соң денсаулығыма байланысты институттың сырттай бөліміне  ауыстым. 1961 жылы Мұсатайұлы Райымбек деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Екі жыл ауылда тұрып,  жолдасым екеуміз Жамбыл облысы Меркі ауданына қызметке ауыстық. Жолдасым – ревизор, ал мен Трубицин атындағы орыс мектебінде ағылшын пәнінен сабақ бердім.

...1965 жылы Меркі ауданынан Луговой ауылы болып бөлініп шықты. Бұл жерде де орыс мектебінде қызметімді жалғастырдым.

1981 жылы Райымбекті Жамбыл қаласының жанындағы облыстық тәжірибе станциясына бас бухгалтер етіп жіберді. Әрине, Райымбек қайда болса, мен де сондамын. Сол жердегі орта мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып қызметке тұрдым. Бұл кезде біз төрт  балалы едік. Келесі қызметім  «Головачевкада», қазіргі таңда Айша Бибі атындағы мектепте жалғасты. Мен кейін осы мектепте директор қызметін атқардым.

... 1998 жылы зейнетке шықтым. Аллаға шүкір, өміріме ризамын. Еңбек жолымдағы ең бір үлкен марапатым, келінім –Рабиға. Рабиға кіші ұлыммен сөзі жарасып, отау тікті. Кешегі бала келінім бүгін дана келінге айналып, шаңырағымыздың ұйытқысы болып отыр», – деп келініне ризашылығын білдірді.

Сұлукүл әженің ұстаздық еңбегінен бөлек,  ақ қағаз бен қаламды серік еткені де баршаға аян.  Оның қаламынан  «Тоғысқан тағдырлар», «Өмір өткелдері» және «Өмір талқысы» атты туындылар дүниеге келген. «Өмір өткелдері» кітабы «Перипетии судьбы» деген  атпен орысшаға аударылып, оқырманның көңілінен шыққан.

 «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі», – дейді Мағжан Жұмабаев. Сұлукүл Қошанқызы бүгінде  Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы», «Білім озаты» марапатының иегері. Ұлағатты ұстаздың еңбек жолы  кейінгі жастарға үлгі.

Дәмегүл СЕРДАЛЫҚЫЗЫ,

филология ғылымының

кандидаты, доцент

762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы