• Білім және ғылым
  • 19 Қаңтар, 2023

ІСКЕР АДАМ КӨП ОҚУЫ ТИІС

Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы «Кәсібім – нәсібім» атты жобаны қолға алды. Жобаның негізгі мақсаты – әр салада жетістікке жеткен азаматтармен кездесу ұйымдастырып, жастардың мамандық таңдауда, кәсіп игеруде адаспай, өз бағытын айқын таңдауына мүмкіндік беру, көкейдегі сауалына жауап алып, өмірде өз орнын табуына, қоғамда «бір кірпіш болып қалануына» жол сілтеу. Кездесуді белгілі журналист, ақын Қалмаханбет Мұқаметқали жүргізді.

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітап­ханасының директоры Бану Дәулетбаева аталған жобаның мән-маңызына тоқталды.

 «Студент жастардың қалауымен, бас-тамасымен басталған жобада өз саласында жетістікке жеткен тұлғалармен, кәсіп иелерімен кездесу ұйымдастырып, мамандық түрлерімен таныстырамыз. Әр мамандықтың артықшылығы мен кемшілігін жасөспірім бала кезінен біліп өскені дұрыс. Бастысы мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар берсек, жаны қалайтын мамандықты жүрек қалауымен таңдаса, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Пилоттық жобамыздың алғашқы кейіпкері – «Адал ас» корпорациясының президенті Ермек Мезібаев. Бұл корпорация ұлттық тағам өндірумен айналысады. Басқасын айтпағанда, бір бауырсақтың 12 түрін шығарады екен. Аспаз болғысы, оны бизнеске айналдырғысы, ұлттық асханамызды реттегісі, туризммен айналысқысы келетін жастарға бұл таптырмас мүмкіндік» екенін атап өтіп, жобаның әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.

Абай облысының Семей қаласынан арнайы шақыртумен ат арылтып жеткен кәсіпкер, бизнес-мотиватор, «Адал ас» компаниясының негізін қалаушы Ермек Мезібаев мамандық таңдау, кәсіпкерлікке баулу, отандық өндірісті дамыту турасында ойын ортаға салып, өмір жолында кездескен қиындықтарымен, қызықты естеліктерімен бөлісті.

«Қазіргі технология заманында тір­шілік белгілі бір мамандыққа байланып қалмайты­нын көріп отырмыз. Тіпті, әлі пайда болмаған мамандықтарға осы бастан дағдылану қажет. Демек, үлкен өмірге қадам басар ұрпақтың білім алуы мен мамандық таңдауына немқұрайлы қарауына жол бермеу керек. Өкінішке қарай, біздің буын­да таңдау мүмкіндігі аз болды. Яғни біздің қатарластарымыз мамандық таңдауға маңыз бермеді. Бұл біздің білім алуымыздың деңгейі төмен дегенді білдірмейді, керісінше, сапа жағынан жоғары болды. Ал мамандық таңдаудың жөні бөлек, ол адам өмірінің мәніне айналатын таңдау.

Кәсіпкерлікке келсек, бизнеске баулудың алғашқы қадамы қаржы сауаттылығынан басталады. Іс бастауға ниетті адам алдымен қаржылық сауатын көтермей, нәтижеге қол жеткізе алмайды. Қаржы сауаттылығы деген үлкен ұғым, ол тек бизнесті жоспарлау ғана емес, өмір сүрудің қағидасын айқындап беретін терең ғылым. Мысалы, қарапайым кісі бухгалтер, экономист және қаржыгер мамандығын ажырата алмауы мүмкін, ал қаржылық сауаты жоғары адам осы үш мамандықтың атқаратын жұмысын салмақтап, сараптай біледі. Яғни қаржы сауаттылығын терең меңгеру – адамның бизнесте табысты болуына бастайды. Бұл жерде мамандық маңызды емес, ынта, жігер, талап және сауатты білім керек. Сосын, адам өмір бойы оқып, ізденіп өтуді мұрат етуі керек. Яғни іскер адам көп оқуы тиіс. Қай жаста болсын. Мейлі қартайса да. Себебі қазір ғалам қатты дамып жатыр. Ғаламмен бірге адамдар да өзгеруде. Кейде «Егер мен бизнес туралы ертерек оқығанымда, көбірек білгенімде қазіргідей шешім қабылдауға, ізденуге бұлай уақыт жоғалпайтын едім, көп нәрсенің мәнін оңайырақ, ертерек табар ма едім?» деген ой келеді. Демек, адамға қай салада болсын бірінші білім керек. Мен қазір өзімнен кеңес сұраған жастарға да осыны айтамын. Қолыңнан келсе, қазірден бастап оқы деймін. Әсіресе, әлемдік деңгейге шығу үшін көп білім керек. Жастарға «оқы, оқы» дей бергеннен гөрі қандай кітап оқу керектігін түсіндіріп айтса жөн болар еді. Өйткені, миллиондаған кітап бар, оның бәрін ол қай уақытта тауысып оқиды. Сондықтан негізгі кітаптарды көрсетіп, жөн сілтеген дұрыс. Сұраудан жалықпау керек. Сұрағанда да кәсібіне өз маңдай терімен, адал еңбегімен жеткен адамнан сұрап үйрену қажет. Мен ынталы жастармен көп сөйлесемін. Барлық кездесуде ең бірінші «сұраңыз, ізденіңіз, оқыңыз» деп айтып жүремін. Нені оқу керектігін білудің, білмегенді сұраудың еш сөкеттігі жоқ», – деді кәсіпкер Е.Мезібаев.

Еркін тақырыпта өткен кездесуде жастар кәсіпкерге сан түрлі сауал қойып, жан-жақты толық­қанды жауап алды. Соңы әдемі әнге ұласты.

Бағдагүл  БАЛАУБАЕВА

667 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы