• Руханият
  • 26 Қаңтар, 2023

Қазақ-қырғыз: Қарым-қатынас нығая түседі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Палата делегациясы ресми сапармен Қырғыз Республикасына барды. Екі күнге жалғасқан сапар барысында қазақ-қырғыз зиялыларының VII форумы өтіп,  және елдің басшылығымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Мәулен Әшімбаев пен Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевтің кездесуі кезінде тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту барысына кеңінен талқылады.

–Қазіргі таңда қазақ-қырғыз арасындағы қарым-қатынас барлық салада қарқынды дамуда. Мәселен, 2021 жылы наурызда Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстанда мемлекеттік сапармен болды. Ал былтыр мамыр айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барды. Сондай-ақ қос мемлекет басшылары басқа да көпжақты және  екі жақты форматтағы іс-шараларда кездесіп отырады. Сол кездесулердің нәтижелері елдеріміздің барлық саладағы қарым-қатынасына тың серпін берді,  - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат депутаттарының жұмысында өңірлердегі проблемаларды шешуге баса мән берілетінін, бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылған консти­туциялық реформаның жалғасы екенін айтты.

Бұдан кейін екі ел палатасы өкіл­дері сауда-экономикалық, әлеу­меттік, мәдени-гуманитарлық және басқа да мәселелерді шешуге екі ел парламентарийінің тигізер ықпалын талқылады. Екі мемлекет арасында білім және ғылым саласындағы өзара байланыс жүйелі түрде дамып келе жатқаны да ерекше атап өтілді. Бүгінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу үшін Қырғызстан азаматтарына бөлінетін квотаның көлемі ұлғайып келеді. Мұның нақты дәлелі таяуда Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылғандығы.

Сонымен, бірге сапардың алғашқы күнінде Сенат төрағасы әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың рухына тағзым етті.

Сондай-ақ  әлем әдебиетінің алыбы шоң Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған қазақ-қырғыз зиялыларының VII форумына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де қатысты.

–Шыңғыс Айтматов шығармалары бала күнімізден жадымызда жатталып, санамызда сақталды. Оның  ерекше кейіпкерлері ақ кемені күткен арманшыл бала, махаббатқа шөлдеген шерлі Жәмила, тағыдай тарпаң Танабай, екі дүниенің мәңгі-бақи толастамаған шайқасында арпалысқан балықшылар – бәрі де бізді есейткен кейіпкерлер, сом алтындай соқталы шығармалар. Шекерде туып, даңқы шетел асқан Шыңғыс ағамыздың Жамбылда оқып, білім алғаны, алғашқы шығармаларына қазақ пен қырғыздың достығын арқау еткені қазақ жұрты үшін үлкен мақтаныш.Замана көшімен қатар жасасып келе жатқан Шыңғыс шығармаларын насихаттау – ортақ іс, мәртебелі міндет. Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай еліміздің басты арналары «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында арнайы деректі фильмдер түсіріліп, көрерменге жол тартты. Жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан қазақ-қырғыз зиялыларының форумы да игі дәстүрге айналды. 2015 жылы Астанада бастау алған форум Ош қаласында, Алматыда, Бішкекте өтіп, екі елдің ортақ тұлғаларына арналды, деді әлеуметтік желідегі жазбасында министр Дархан  Қыдырәлі.

Министр Дархан Қыдырәлі сапар аясында Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетовпен кездесіп, екі елдің арасындағы тығыз байланысты одан әр бекіте түсетін ортақ жобалар туралы сөз қозғады. Сондай-ақ Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Максутовпен жүздесіп, ақпарат саласында екі елді біріктіретін бірнеше жоба пікір алмасты.

Н.ХАНТӘҢІРИ

 

960 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы