• Руханият
  • 02 Ақпан, 2023

ОРНЫ БӨЛЕК ОРЫСБАЙ

Жан-жақты дарын иесі еді Орысбай Әбділдаұлы! Палуандығымен аты шығып, одан әрі жалғастырса, небір биіктерді бағындырып, әншілік жолды таңдаса, өзіндік мектеп қалыптастырып, ептеп музыка шығару қабілетін шыңдай жүріп, халық арасынан сирек туындыларды тауып жаңғыртатын зерттеуші ғалым да болар еді. Мұның бәрінен жазуды биік қойған Орысбаймен «Лениншіл жас» газетінде ұзақ жылдар қанаттаса еңбек еттік. Жиі өтетін жиын, тойлардан соң, үбірлі-шүбірлі Баян екеуінің жалдап тұратын пәтерлеріне барып, таң атқанша думандатамыз, дастарқаны жаюлы, пейілдері кең.

Шетімізден құйынбыз, дауылмыз, жын-періміз (өзі солай айтатын), екпінімізден жел есіп, әсіресе мен түріме қарамай еркін ұстаймын өзімді. «Мына қызды ешқайсыңа айырбас-тамаймын» деген бас редактор Сейдахмет ағамыздың сөзіне малданып, тым артық кетіп жүрдім. Тіпті о кісіні қатты ренжітіп, бірнеше күн жұмысқа келмейтінмін. Енді шығарып жіберді-ау дегенімше, Орысбай іздеп тауып «тез жет редакцияға, саған қайтсын деп жатыр» дейді. Бізге қарағанда сабырлы, өзін мейлінше қарапайым ұстайтын. Ішінде ән, күй, жыр, айтыс, ақындық, шешендік боп ағыл-тегіл ағылған асау ағысты қалай игерді екен деймін қазір. Өн бойынан әділдік пен мейірім есіп, кім-кімге де жақсылық жасауға, қолдап жіберуге асығатын. Ешкімнің алдына түспеді. Жеке жағдайы үшін ешкімнен ештеңе сұрамады, бастықтарға иіліп бүгілмеді, атақ қумады, дүниеге қызықпады, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытты.

Алматының аптап ыстығында Орысбай, Дәуітәліні ертіп, жұмыстың сәл саябыр тапқан кезінде аэропорт жақта күнге күйіп, көлге шо­мыл­ғанымыз бар. 70 жылдық жиында сол сәтті Дәуітәлінің шығарған өлеңімен жеткізіп, көпшілікті күлкіге қарқ қылғаны кеше сияқты еді, енді міне, екеуі де жоқ, Орысбайдың өмірден озғанына да 40 күн. Жарқын бейнесі көз алдымызда, алайда «Лениншіл жаста» бірге өткізген жалынды шы­ғармашылық оттай жанған жыл­дардың жылуын арамыздан мәңгілікке алыстаған Оралхан, Ақселеу, Жарасхан, Фариза, Сағат, Бағдат Жандосай, Серік Әбдірәйімов, Рашид Рахымбеков, Әміртай Бөриев, Төлен Қаупынбаев, Дәуітәлі Стамбеков, Жомарт Әбдіхалықов, Мерғали Ибраев, Байтұрсын Ілиясов, Бекділда Алдамжаров, Әлімжан Әлімбеков, Берік Шаханов, Мұрат Күлімбетов, Қажытай Ілиясов, Ырым Кененбаев, Құрманғазы Мұстафин, Жақау Дәуренбеков, Қуанышбай Құрманғалиев... соңынан Орысбай да өзімен әкетіп барады.

Орысбай қазақтың сирек ән, жырларын іздеп жинап, өзіне ғана тән таңғажайып қоңыр дауысымен тамылжыта шырқады. Импровизаторлық қабілеті де бар еді, шешендігі өз алдына. Кейде асығып, аптыға сөйлейтін оқыс тіркестерімен қайран қалдырып. Сондай кезде ол маған көне заманнан ортамызға топ етіп, ұлттық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағын ағытқан жұмбақ бір өкіліндей көрінетін. Бата, тілек, беташар мазмұнын кеңейтіп, жанрлық көркемдік деңгейін көтерді. «Ел көңілі шалқысын, Күн нұрына балқысын. Перзенттері тік тұрып, Қызмет етсін халқы үшін» деп бас-талатын бата үлгілері бұл күнде ел арасына кең таралған. Ақындығы, жазушылығы, спорт журналистикасына қосқан өлшеусіз үлесі, өнер тарландарының портреттері, яғни Орысбайдың рухани қазынамызды байытқаны жайлы келешекте талданып зерттелетіні анық. Әріптестері, біздерді ұдайы қолпаштады, өлең, мақала жазды әрқайсымызға арнап, көрінбей кеткенімізге «Қайдасың Кәмила?» деп жар салды. «Таңдайынан бал тамған» деп тамсанды белгілі әнші, әрі журналист Алтын Иманбаеваға. Курстастары Орынкүл Тәжиева, Серікбай Оспановқа деген құрметіне сүйсіндік жазғанын оқып.

Алпыс жасқа толғанда былай деппін: «Орысбай қазақ баспасөзінің қара нары. Жазудың қым-қуыт азабынан бақытын іздеп келе жатқан сирек жандардың бірі. Ішкі дүниесінің байлығы, сезімталдығына адалдығы қосылып, өзіндік қана тағдыр-талантын қалыптастырды. Қаймағы бұзылмаған қазақы ұғым, қазақы тәлім-тәрбиенің өнегесін паш етті айналасына.... Ең бастысы – Орысбайдың азаматтық тұлғасы қадірлі. Біздер, әріптестері үшін оның әділдігі, елгезектігі, отбасы, елі, жұрты алдындағы жауапкершілігін терең ұғынған қасиеті қымбат».

Содан бергі жиырма үш жыл бойы да Орысбай оқырманын таңғалдырып өтті. Шүкір, ұрпағы, немере, шөберелері, өмір бойы тату-тәтті тірлік кешкен аяулы жары, ақын, филолог Баян Анарбекова бар, шығармалары қалды соңында. Халқының құрметіне бөленіп, Қазақстанның Құрметті журналисі, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Десек те Орысбай Әбділдаұлы қазақтың өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген нағыз қайраткер, қандай да атақ-даңққа лайықты тұлға еді. Жақау Дәуренбеков атап өткендей: «Әр қыры – қаламгерлігі (жиырма кітаптың авторы), журналистігі (газет беттерінде қаламының ізі сайрап жатыр), ақындығы (екі бірдей дастандар жинағы куә), күйшілігі (домбырасымен қоса жаралғандай бірге жүреді), әншілігі (салған әндерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес), батагөйлігі (баспамыздан бір томдық баталары жарық көрді), спортшылығы (әлі күнге айтылып келе жатқан ақиқат), жыршылығы (халық термелерінің насихатшысы), сапарнамашылығы (жаяу жүру дәстүрінің белсенді бастаушысы), адамшылығы (оның тәнті етер ең асыл қасиеті) – айрықша мінез иесі атанған» еді.

Осылайша бір-бірінің қадірін асқақтатқан қайран менің әріптес- достарым кетіп қалды алды-артына қарайламай. Бүкіл жылуды, шуақты өздерімен әкеткендей, суық ызғар қарып, төңірегім сұрықсызданып барады. Жоқтаудың үзік-үзік буындары ма, басқалар мүлдем орындамаған, тек Орысбай жиі шырқаған аса сирек халық әндері қайырмаларының соншалықты мұңлы, зарлы ыңылы, жан тебірентерлік иірімдері талып жеткендей алыстан...

 Мағира ҚОЖАХМЕТОВА

 

846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы