• Руханият
  • 02 Ақпан, 2023

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОРҒАҒАН КЕНШІ

Көке! Қазақта осындай әдемі сөз бар. Бірақ көп өңір қолдана бермейді, тек оңтүстік өңір болмаса. Жанымдай жақсы көретін көкелерімнің көбі өмірден ерте кетті. Ауылдан жырақтаған соң, алып қала Алматыдан өзіме көке таптым. Соның бірі, әрі бірегейі  Әбдіхан Ермаханұлы Бегімбет. «Көке, қалайсыз?» – деп еркелеп сөйлескенде, шаршағанымның бәрі басылып, жаным рахаттанып қалады. «Күйбең тірлік» деп қол тимейді, көбіне көкем «Қызым, қалайсың?» деп өзі хабарласатын. Арқа-жарқа мәз болып, әңгіме айтып, бір жасап қалатын едім... 

Міне, енді сол жақсы көрген көкемнен қапияда айрылып қалдым. Жаңа жылдың қарсаңында, «Көке, Алла қаласа, жылды қарсы алайық, қоян жылы сіздің жылыңыз, 90-ға келесіз, біраз шаруа атқарамыз, кітабыңызды шығарамыз, деректі фильм түсіреміз, жүрегіңізді жарып шыққан күйіңізді оркестрге өңдейік, әндеріңізді қайта жасатайық» деп, біраз жоспар құрған едік. Аллаға не шара, 8 қаңтар күні алтын көкем мына өмірмен қош айтысты. Келместің кемесіне мінді.

Әбдіхан Ермаханұлы Бегімбет 1933 жылы 21 желтоқсанда, Қы­зылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1950 жылы қазір Satbayev University аталып жүрген іргелі оқу орнына түскен. 1955 жылы еңбек жолын «Ачполиметалл» комбинатында бастады. Жас маманнан комбинат басшылығына дейін көтеріліп, тау-кен металлургия саласында ел игілігі үшін тер төкті. 1968 жылдан 1970 жылға дейін жергілікті мамандар­ға тау-кен саласының қалыпта­суына көмек көрсету үшін Алжирге жі­берілді. Ол жақта да кәсіби маман ретінде көзге түсті. Өндірісте жұмыс істеп жүрген кезінде де және еңбек демалысына шыққаннан кейін де білімін, тәжірибесін мамандар мен ғылыми қызметкерлерге бөлісіп отырды. Бес өнертабыс пен жиырма рационализаторлық ұсынысты қорғап, тәжірибеге енгізді. Сол үшін 1978 жылы «КСРО өнертапқышы» төсбелгісіне ие болды. Оның өнертабыстары кенді өндіруді арттыруға және жұмыс цикл-дарын жеделдетуге мүмкіндік берді. 1980–1987 жылдарға дейін Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Шалқия кен орнын игеру жұмысын басқарып, Шалқия кенішінің және салынып жатқан қаланың тұңғыш директоры болды. Зейнет демалысына шыққанға дейін «Ачполиметалл» комбинатының бас инженерінің орынбасары болып жұмыс істеді. Кентау қаласында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, басқарды.

Әбдіхан Ермаханұлы Жұмабек Еділбаевтың «Тереңдегі тебіреніс­тер» романының бас кейіпкері­нің прототипі («Жазушы» баспасы, 1984 ж.), «Арпалыс» (КТК телеарнасы бойынша көрсетілді) деректі фильмінің кейіпкері, «Қырық үш: Қонаевқа хат», «Елу жылда – Ел жаңа», «Тағдыр», «Замандастар» сияқ­ты тарихи-деректі повестердің кейіпкері. Оның өмірі мен жүріп өткен жолы жайлы Ж.А.Оралбаев «Қазақ жерінің зиялы азаматтары – Почитаемые люди казахской» кітабында сөз қозғады («Дәуір» бас­пасы). 2013 жылы «Кенші келбеті» атты кітап жазып, басып шығарды. Бұл Ұлттық кітапхана мен Кентау қаласының кітапханасында бар.

Әбдіхан Ермаханұлы кішкен­тайынан мандолин аспабын үйренді. 17 әннің авторы. Әсіресе «Кеншілер әні» тау-кен саласында еңбек етіп жүрген жандардың әнұранына айналды. Ол саламатты өмір салтын ұстанатын да жан еді.

Оның әулетін «тау-кен инже­нерлері династиясы» деп атауға болады. Аяулы қызы мен төрт ұлы әке жолын қуып, ҚазПТИ-да жоғары техникалық білім алып, тау-кен инженерлері атанды.

Ол «Кентау қаласының Құрметті азаматы» және «Еңбек майданының қатысушысы», 2019 жылы  Қазақстанның ұлттық тау-кен ғылымдары акаде­миясының академиялық кеңесшісі» құрметті атақтарына ие болды. КСРО және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және салалық награ­даларының кавалері.

Әбдіхан Ермаханұлы 1960–1970 жылдары Әнуархан Әйменовпен бірге Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қо­наевқа хат дайындайды. Хатта қазақ тілі мәртебесінің мәселесі жазылған...

Туғанымдай болып кеткен асыл адамнан айрылу оңай болмады. Осыдан бір жыл бұрын өмірден аяулы қызы Бисара өткен еді. «Қызым бір төбе, төрт ұлым бір төбе» деп отыратын. Қызы да «әкешім» деп өмірінің соңына дейін ауырғанын білдірмей, сездірмей кетті.

Әттең, жалған өмір... Енді нұрлы жүзін сағынып, жазған құнды дүние­лерін парақтап, оқып, еске алып ғұмыр кешеміз. Қош, көкешім!

Гүлмира НӘЛІБАЙ

 

780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы