• Руханият
  • 09 Ақпан, 2023

Күрсінумен өткен ғұмыр (Повестен үзінді)

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

...Түннің бір уағы болып қалған. Вагон іші тып-тыныш. Тек анда-санда екі жаққа ырғалып қойып, тақылдап пойыз жүріп келеді. Жаныма Ақшарқат келіп отырды. Жоғары екі орында екі бала ұйықтап жатыр. Кемпір баяғы көрші купеге қисайған сынды. Өз орнына сол купедегі бір баланы жіберіпті.

Онысы, Ақшарқат екеуміздің отырысымызды бұзбайын деді ме, «Аға, асықпай отыра беріңіздер, ана жерде таныс балаларым келе жатыр, солармен карта ойнап, жайырақ келермін» деп шығып кеткен. Ақшарқаттың купесіндегілер жатып қалса керек, тым-тырыс. Купенің есігін жауып қойдым. Жарық әлсіз, купе алакөлеңке.

Мен де, ол да үнсіз. Құдды бір қиын істің шешуін таппай түрғандаймыз. Оның сүйрік саусақтарынан аялай ұстап, ақырын өзіме тарттым. Ол қарсылықсыз жаныма ауысып отырды. Бір қолыммен белінен кұшақтадым. Ол қарсыласпады.Маған ыңғайланып, көзін жұмып, ақырын сүйді. Одан әріге барған жоқпыз.

Менің тосылып қалғанымды көрген ол тыныштықты бұзып:

– Не ойлап кеттіңіз? – деді.

– Әпкеңіз Жақұт жайлы, сіз оның соңғы өмірін айтпадыңыз ғой.

Оның есіне әлдене түсіп кетті ме, жөнделіп отырды.

– Оның бәрін жыр қылып несіне айтамын, аға. Тағы да кездесерміз, сол кезде ести жатарсыз. Дәл қазір ол туралы сұрамаңызшы, өтінемін.

Үнсіздік. Жанарынан жас көрдім. Жасқа шыланған көздерінен өбіп, құшағыма қыса түсіп, ақырын күрсіндім. Өзімді тұсаулай ұстап, Ақшарқаттың көзінен сүйдім.

– Неге күрсіндің, аға, – деді ол.

– Жәй, әншейін, тек ұлымды, Ұланымды сағындым. Танауы пысылдап ұйықтап жатқан болар...

– Неше балаңыз бар?

– Жалғыз. Балаларымның саны көбірек болса деп едім. Өкінішке қарай, әйелімнің денсаулығы жарамайды. «Ұланым жалғыз болып қала ма» деп қорқамын... Шынымды айттым. Ақшарқат басын иығыма сүйеп біраз ойланып отырды да:

– Серік аға, мана сіз мені өзіңіз жақсы көрген қызыңыз Гауһарға ұқсайды екенсің деп едіңіз. Егер ендігі қалған өмірімді сіздің етегіңізден ұстасам, сол Гауһардың көзіндей көріп аялап өте аласыз ба? Бәлкім, ұлыңыз да жалғыз болып қалмас. Жанына серік тауып берермін. Тек шыныңызды айтыңызшы...

Не дерімді білмедім. Тек, қолымдағы бір тал шылымды езгілей бердім.

– Неге үндемейсіз? Қыз иығымнан басын көтеріп, жүзіме барлай қарады.

– Не дейін, Акшарқат? Менің отбасым бар, сен жассың ғой. Болашағың алда. Әйел үстіне әйел боп барғанды бір рет көрдің. Аузың күйді. Енді оны тағы қайталап қайтесің? Жарасып кете алсақ жарады. Жараспасақ, жанымызды жаралап не қыламыз? Айналайын, сен бақытыңды менен емес, өзгеден ізде. Мүмкін жан дүниеңді түсінетін, өзіңді аққуым деп аялайтын бір адам кездесер. Мен тек бір жақын ағаң боп, сен карындасым боп қал, бұл өмірде... – дедім. Қинала-қинала айттым. Ол орнынан үнсіз тұрып, үстін түзеді, сосын:

– Аға, менікі жәй наз ғой, айыпқа бұйыр­маңыз. Қай жерде, қай маңда жүрсеңіз де, бақытты болыңыз. Тек таңертең Аякөзден түсерде мені шығарып салуды ұмытпаңыз. Ақшарқат купеден жайлап басып шығып кетті.

«Ақшарқат, тоқташы» дегім келді. «Бір күн бірге болсақ та, бір-бірімізді түсіністік, бауыр бастық. Бәрібір айтуға жасырсам да, сені қатты ұнатып қалдым. Енді ұмытуым да мүмкін емес. Егер, қолымнан ұстап, қалған өмірімді бірге өткізейін десең, қазір де әзірмін. Әр адамның қиялында жақсы көріп, сағынып өтер бір адамы болса, ол сен шығарсың» дегім келді. Бірақ әлдебір күш бұған жібермеді, айтқызбады. Купеде үнсіз қала бердім.

Пойыз Аякөзге ерте келді. Перронда жан жоқ.

Пойыздан түскен бір шоғыр жолаушы жан-жаққа тарасып барады.

Ақшарқатты шығарып салдым. Қоштасарда:

– Енді қайтып кездесерміз, мүмкін кездес­песпіз. Аман болыңыз аға, – деді. Батылдау қимыл­дап бетімнен сүйді. – Алда-жалда Алматыға бара қалсам, «іздеп барам» деп адресімді жазып алды. Аға, мынау кеше сіз берген Мұқағалидың кітабы, ішінде өзіңізге арнап түнде жазған біраз сырым бар еді. Жол-жөнекей оқырсыз. Сау болыңыз.

Тамағыма келіп өксік тірелгендей. Оған қимай-қимай қарай бердім. Соңғы рет оған қол бұлғап, ақырын қозғала бастаған пойызға секіріп міндім.

Пойыз Аякөзден біраз ұзап шыкқан соң, кітапты аштым.Ішінен Ақшарқаттың жазып кеткен хатын алып асығыс оқи бастадым.

«Аға, біз енді қайтіп кездеспейтін сияқтымыз. Маған солай сияқты болады да тұрады. Сондықтан Жакұт жайлы, оның қиындау тағдыры жөнінде айтып едім ғой. Мен сізден оның шын есімін жасырдым. Ол өзіңіздің сағынып тұрып еске алған, «мәңгілік шырқап өтер әнім еді» деген қыз, сол менің әпкем Жакұт, яғни Гауһар еді. «Оның жақсы көрген жігіті болды, өлең жазады екен» деп сізге айттым ғой. Ішіңіз сезді ме, сезбеді ме, білмеймін. Сол Гауһар мені Саттар зорлап, әйел етіп алған соң, Семейден Қауғалыға көшіп келді. Қатты ауырып жүрді. Жас болса да, көрікті болса да, өзгеге көңіл бұрмады. Баласын жетектеп, жалғыз өмір сүрді. Ұлының атын да сізбен аттас етіп, Серік деп атады. Қазір үлкен азамат болып өсіп қалды. Өмірінің соңғы жылдарын ауырып өткізді ғой. Кейде Саттардан қашып барып, оған мұң шағатынмын. Неге екені қайдам, ол соңғы уақытта көбірек сізді есіне алатын. «Баяғыда маған арнап жазған өлендерін қыздар әкеліп беріп еді, жоғалтып алдым» деп қатты өкінетін. Өмірі күрсінумен өтті ғой, оның. Талай рет сізді іздеп, көргісі де келді. Естуімізше, «сіздің Рахила атты қарындасыңыз осы Қауғалыға тұрмысқа шығып, кейіннен ажырасып кетіпті». Қарындасыңыз тұрмысқа шықкан үйдің көршісінен Гауһар сыр тартып көрген. Сізді Алматыда, журналист екеніңізді, үйленгеніңізді білдік. Сонда да Гауһар артыңыздан іздеп барғысы келді. Тіпті ауылыңыз Еліктайға келетін кезіңізді де күтті. Ең болмаса, сыртынан көрсем деп... Бірақ сіз ауылыңызға үш-төрт жылда бір соғады екенсіз. Сондықтан Гауһар сізге жолыға алмады, Алматыға іздеп те бара алмады.

Барса табар ма еді. Қолдың қысқалығы ғой.

Кейде үйдегі домбыраны тықыл­датып ән айтушы еді. Құдай-ау қалай еді, онысы.

Біреулер келер, біреулер кетер,

Касымда жаным болмасаң сен егер –

Шуақты күндер, жұлдызды түндер

Бәрі де бекер, бәрі де бекер... – деп, көзіне жас алып отырушы еді. Бар-жоғы отыз-ақ жыл өмір сүріп, қапыда жабысқан ауруынан айыға алмай дүниеден өтті ғой, әпкешім.

Аға, сіздің етегіңізден ұстап калған өмірді бірге өткізейін деп едім. Қабыл алмадыңыз. Ең болмағанда, Гауһардың маңдайына жазылмаған бақ маған бұйырса... Гауһардың көзіндей болып, жаныңыздан табылсам деп едім. Барлық сырды жасырмай айтканда солай болар ма еді. Кім білсін? Гауһарды айтып, жол жүріп бара жатқан сіздің жүрегіңізді жаралағым келмеді. «Әрі Гауһарды бұл өмірде бар» деп ойлап, оның бейнесін мәңгілік іздеп, сағынып өтсінші деп ойладым.

Бірақ қазір шындықты жасырғым келмеді.

Аға мына екі жігіттен естідім. Шешем қайтыс болған соң, Гауһардың баласын Қауғалыдағы балалар үйіне өткізіпті. Шешем кайтқанға дейін сол кісінің қолында болып еді. Мұның бәрін неге жазып отыр дейсіз ғой. «Ұлым жалғыз еді» деп өкініп едіңіз. Өзіңізбен аттас Серік сізге бөтен емес. Туғаның болмаса да, өзіңіз жаныңызға  жақын тартқан, сүйген қызыңыздың баласы ғой. Өзі Гауһардан аумайды. Бәлкім, құдіретіңіз жетсе, сол балаға, Серікке оң көзбен караңыз. Ұлыңыз, Ұланыңыздың қасында серік болып жүрер, бәлкім. Біздің әулеттен калған жалғыз тұяқ қой. Шетке теппессіз... Маған енді өмір жоқ секілді көрініп тұр. Мағынасыз, мәнсіз тірліктен әбден жалыктым.

Өмір сүргім келмейді.

Аман болыңыз, аға!

Екі дүниеде де сізге тек жақсылық тілеп өтуші Ақшарқат деп біліңіз».

Хатты оқып болғанда, үнсіз жылап отырға­нымды білдім.

– Не болды, шырақ? – деп аң­тарыла қараған кемпірге үн­демей, темекімді алып, там­бурға шығып кеттім.

...Ал пойыз болса, жүйткіп барады.

712 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы