• Тарих
  • 09 Ақпан, 2023

ОТҚА ОРАНҒАН ЖАСТЫҚ ШАҚ

Қостанай өңірінің жұртшылығы ардақты ақсақал Жәлел Сұлтанғазинді ерекше құрмет тұтты. Өйткені ол ғұмыр бойы шындық пен әділдік жағында болды. 
Бәлкім, сондықтан да шығар, кейбір кісілер жағымсыз жақтарын көрсетуден тайсалып, одан ығып тұратын. Бірақ негізінде, өте ақжарқын еді. Қашан да имандылықты, адамгершілікті, кішіпейілділікті өнеге етіп, оны кейінгі ізін басқан інілері мен қарындастарына сіңіруге тырысты. Бұл киелі шаңырақты ортақ мақсат жолында қызмет атқарған замандастары, әріптестері, жалпы зиялы жұртшылық өздеріне үлгі етті. Себебі осы әулетте Жәкеңмен қатар, оның өмірлік серігі болған Бағытай апамыз да айналасындағыларға нақты ісімен сыйлы еді. 
Ауданға ат басын бұрған беделді ағаларымыз, бәлкім, қонақжайлықтарынан да шығар, осы отбасыға арнайы соғып, жылы қабақтары мен дәмді тағамдары үшін алғыстарын жау­дырып, кетерінде ризашылықтарын білдіріп жататын. Ерлі-зайыпты Жәлел мен Бағытай Сұлтанғазиндердің отбасында бес бала тәрбиеленді. Олардың әрқайсысының әке-шеше үшін өз орны бар. Бәрі де кішкентайынан елгезек, еңбексүйгіш, үлкендердің жолын кеспейтін саналы азамат болып қалыптасты. 
Солардың арасында бүгін әңгімемізге арқау етіп отырған Манарбек те ес білгелі әкесінің ұлағатты әңгімесін тыңдап, үлгілі тағылым алды. Оның жанында жүріп, жұртшылықпен қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйренді. Манарбек  өсе келе өзге құрдастары секілді мектеп табалдырығын аттап, сабаққа ерекше ден қойды. 1979 жылы облыстағы қазағы қалың Қаратал ауылындағы білім ордасын тәмамдады. 

АУҒАНСТАНДАҒЫ ҰМЫТЫЛМАС ЖЫЛДАР

Манарбек Жәлелұлы Сұлтан­ғазинді қостанайлық жігіттер кешегі Ауған­стандағы қанды майданды бастан кешкен барлаушы, қайратты, намысты, алған бетінен қайтпайтын өжеттігі үшін де үлгі етеді. Ол Қаратал елді мекеніндегі орта мектепті аяқтаған соң, өзінің азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына алынды. Қостанай шаһарынан шақырылған тепсе темір үзетін бозбалалар, алдымен, бұрынғы Семей облысының Жаңғызтөбе ауданындағы Георгиевка қала типтес поселкесіне келіп түсті. Бұл жерде олар әскери дайындықтан өтті. Командирлері бұларды ширақтыққа, дәлдікке баулыды. Сөйтіп, сол жылы желтоқсан айында Өзбекстанның Ауған мемлекетімен шекаралас жатқан Термез елді мекеніне пойызбен жет­кізілді.

Әрине, жаңа ортада да бұларға біраз жайдың жай-жапсары жан-жақты түсіндірілді. Кешегі ауылда өскен қазақтың қарадомалақ баласы қысқа мерзімде әскери тіршілікке тез бейімделді. Бұл орайда Манарбектің спортпен шұғылданған қасиеттері де өзіне септігін тигізді. Өйткені күнделікті жаттығу кімді болсын ширатып, шынықтырады емес пе? Алайда  ешқашан да барлаушы боламын деген ой өңі түгіл, түсіне де кірген емес-ті. Адам баласының басына қандай қиындық түссе де, оған төзеді. Ауғанстанның Кабул деген жеріне кіре берістегі Қайырхан асуына келіп, тұрақтады. Алайда олар мұнда да көп болған жоқ. Дегенмен, соғыс атаулының кімге болсын оңайлыққа соқпайтындығын жас жігіт жете ұғынды. Осылайша, ол жоғарыда аталған Кабул шаһарына таяу орын тепкен Баграм деген қонысқа қалай келгендерін де білмей қалды. Әскерде командирдің айтқаны талқыланбайды, тек орындалады. Темірдей тәртіпке үйренген кіл жас­тар осындағы жеке барлаушылар батальонының бар­лаушы-десанттық ротасының құра­мында өздерінің азаматтық борышын өтеді.

Барлаушы – өте жауапты міндет. Мұнда да сенің біліміңмен қоса, аса сергектігің, жедел қимылың, дер кезінде шешім қабылдау секілді айрықша қабілет-қарымың сынаққа түседі. Небәрі он сегіздегі батыл бозбала барлаушы ретінде бұйрықты бұлжытпай орындап, оқ пен оттың бел ортасында жүрді. Сонда жүріп, қаншама қанды көйлек достарынан айырылды. Ең сұмдығы, қатарлас туған бауырларыңдай болып кеткен жауынгерлерді күтпеген жерден жоғалту аса қиын екен. Амал жоқ, бәріне де шыдады.

Бұлар бұрын соғыс дегенді тек кітаптан оқып, кинодан көрді емес пе? Ал душмандардың бет-бейнесі бұлардың жадында мәңгілік қалды. Олар өте құралайды көзге атқан мерген болып келеді. Тау-тастың жы­қ­­пыл-жықпылында жүріп, бай­қау­сызда қалай келіп қалған­дығын да білмей қаласың. Міне, осын­дай кезде барлаушылық қызмет­тегі қырағылық әбден танылады.

 

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІКТІ

Кейіпкеріміз кіндік қаны тамған Қостанай өңіріне 1981 жылдың 9 мамырында оралды. Туған-туыс, ағайын-бауырмен қауышқан соң қарап отыра алмады. Кезінде әскерге шақырылған кеңшарда қатардағы жұмысшы болды. Ауған жерінде өзінің азаматтық борышын мінсіз әрі үлкен абыроймен өтеген бұған деген сенім барынша артты. Өзі түлегі болған орта мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші болды. Сонымен қатар оқушыларға дене шынықтыру пәнінен дәріс берді. Шәкірттері спорт десе аянбайтын, өзі әрдайым өнеге көрсететін бұдан қаншама тағылым алды. Содан осы кезге дейін қатар­дағы құрылысшылықтан ­Ахмет Байтұрсынов атындағы Қос­танай өңірлік университетінің тәрбие жөніндегі департаменті дирек­торы­ның орынбасары лауазымына дейін қаншама қызметтерді атқарып, өзінің өмірлік берік ұстанымы, елге деген сүйіс­пеншілігімен туған жерін өркен­детуге лайықты үлесін қосты.

Артта қалған жылдар ішінде банк саласында, кәсіпкерлікте, спортта жарқын ізін қалдырды. Тәжірибелі басшы ретінде жас мамандарға білгенін үйретіп, ағалық ақыл-кеңесін беруден жалықпады. Бір сөзділігі, сертке беріктілігі, айналасындағыларға жанашырлығы көрінбей қалған жоқ. Екі рет Қостанай қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.

Басқа да қоғамдық жұмыстарда жастарға өнеге көрсетті. Ауған соғысы ардагерлері облыстық және қала­лық кеңесінің төрағасы ретінде де қаншама азаматтарға қамқорлық жасады. Олардың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайына көп көңіл бөлді.

Еркін күрес бойынша жас кезінде облыстық және рес­публикалық жарыс­тарға қатысып, палуандығымен де өзгелерге мұрындық болды. Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығына арналған мерекелік және мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медальдарын кеудесіне тақты. Сондай-ақ Ауғанстан Демо­кратиялық Республикасының ІІІ дәре­желі орденін алғанын да білеміз.

 

ҰРПАҚТАРЫ – ҒҰМЫРЫНЫҢ МӘНІ

Манарбек Жәлелұлы қазіргі таңда өз ортасында құрметке бөленген. Cүйікті жары Жанар да әулетінің абыройы мен отағасының мәртебесін көтеріп келеді. Ол да кішкентай кезінен анасы нағыз қыз балаға тән ибалылық, үлкен мен кішіні сыйлау, ата-енеге лайықты құрмет көрсету секілді қасиеттерді сіңірді. Жанар Қостанай облысымен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Жалтыр ауылында дүниеге келіп, осында бойжетті. Екеуінің тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына отыз жылдан асыпты.

Азаматының қадір-қасиетін әрі беделін көтеріп отырған ол, бізбен болған әңгімесінде былай деп сыр тиегін ақтарды:

– «Уақыт неткен жылдам де­сеңізші. Міне, Манарбек бұл күндері 60 жастан асып, ел ағасы дәрежесіне жетті. Үйде де балаларға жоғары талап қояды. Сондықтан да болар, ұлдарымыз өте тәртіпті азамат, білікті де білімді маман болып қа­лып­тасты. Мәкең туыстарына да өте қайырымды. Ағайынның қайғы мен қуанышын бөлісіп тұрады. Менің бауырларым да оны қазақтың бір намысты жігіті ретінде құрмет тұтады».

Олардың үйінің берекесін кел­тірген келіндері Дана мен Айшагүл де ата-енесінің айтқанын екі етпейді әрі жастайынан үлгілі тәрбие алған­ын көрсетіп келеді. Қос ұлдары мен келіндері де қазіргі уақыт талабына сай магистратурада оқып, білімін тереңдетті. Манарбек пен Жанар екі ұлдары мен келіндерінен үш немере сүйді. Тұңғышы Нұрайым алты жаста, Әділбек пен Ерасыл әлі кішкентай бүлдіршін. Атасы мен әжесінің көзінің нұры. Бұлар немерелерін өміріміздің мәні мен сәні деп мақтаныш етеді. Қостанай өңірінде Сұлтанғазиндер әулеті жоғарыда атап өткеніміздей, көпке белгілі. Жәлел ағамыздан тараған Әнуарбек республикаға танымал ғалым, экономика ғылымының докторы. Қазір құрметті демалыс­та. Одан кейінгі Гүлнәр биология ғылымының кандидаты. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі. Гүлбану болса, облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында директордың орынбасары. Зәмзәгүл қаржы сала­сының маманы.

Егеменді еліміздің келешегі қазіргі жастардың қолында. Сондықтан Мәкең бозбалалармен болатын түрлі басқосуларда жігіттердің бойына отансүйгіштік, ұлтжандылық, ең бастысы, тәуелсіз елдің нағыз тірегі боларлық қасиеттерді сіңіруге өзінің сүбелі үлесін қосып жатқаны айдан анық. Мұндай азаматтар қандай құрметке де лайықты.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

 

1079 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы