• Руханият
  • 09 Ақпан, 2023

АЛТАЙ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛАДЫ БІР АҢЫЗ

Катонқарағай жері –тума таланттар мекені екеніне ешкім де шек келтірмейді. Қазақ өнерінің басқа салаларын былай қойғанда ұлттық әдебиеттегі орны бөлек тұлғалар Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан туған өлкеде басқа да таланттар келіп жатса оған таң қалудың жөні жоқ шығар. Осы Катонқарағайдың әдебиетке келген кейінгі толқыны, Оралхан Бөкейдің жиені –Тоқтар Мағзұмов өз кітабын ұсынғанда ел мен жердің қасиетті киесі тағы бір ұрпағына жол сілтеген екен деп ойларсың.
Еліміз егемендік алғаннан кейін ел тарихы, жер тарихына қалам тербеп ұлт руханиятының өрісін өркендететін ұлт дамуының үш тағаны ұлттық сана, ұлттық тәрбие, ұлттық тілді ұрпақ санасына қалыптастыруға еңбек еткен жазушылардың ішінде Тоқаңның орны ерекше. Қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегі мен суреткерлік болмысын сала келген, өзінің адами қалыбын сақтап, тарих пен қалам алдындағы жақын достарға деген адалдығынан танбай өмір сүріп келе жатқан Тоқаң жайлы ой өру, пікір жазу үшін ақ қағазға үңілгенімде ерекше күй кешіп, онымен алғашқы танысқанымды есіме алдым. Өткенді еске алу мейлі қуанышты болсын, мейлі күйінішті болсын жаныңды тебірентпей қоймайды емес пе?!
Өмірде, қазіргі заман тілімен айтсақ, ақша ағайынын, тиын туысқанын ұмыттырған кезеңде, рухани азық болған әдебиет пен көркем сөздің құдіреті бар адамзат баласы іштей болсын мойындайтын құбылыс бар. Кейбіреулер сенбейтін, тіпті мойындағысы келмейтін тұңғиықта жатқан асау сезім мен ойды қозғап серік еткен, өзіңді тәубаға келтіріп, арманды көрік еткен сонау алыста қалған жылдардың үні екенін өзің де еріксіз мойындайсың. 

Мен өз басым Тоқаңмен әдебиеттің, оның ішінде көркем сөз бен тарихтың өзіне ғана тән қайталанбас сүрлеуіндегі белестерінде таныстым. Алғашқы кездескенім, 2014 жылдың ақпан айының соңғы күндері болатын. Әлі есімде, күн – сәрсенбі, сәтті мезгілі еді. Ол кезде мен Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары едім. Елде сонау алыстағы Шығыста жүрсе де өз елінің тарихы мен жер атауларының топономикасын бір кісідей білетін біздің елдің азаматы, өзіміздің атақты Оралхан Бөкейдің жиені сол Орағаң туралы естелік-эссе жазған екен, сонысын «Қазақ әдебиеті» газетіне әкеліп тапсырды. Өзі 2008 жылдан бері Жазушылар одағына мүше. Осы кездесуден кейін Тоқаңмен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Арада көп ұзамай-ақ Тоқаңның Орағаң туралы жазған естелігі «Қазақ әдебиеті» газетіне басылып шықты. Осылайша менің Тоқаңмен танысуымның алғашқы сәттеріндегі кезеңдерінен бір үзік сыр. Кейін Тоқаңмен жақынырақ таныса келе, екеуіміз құрдас-замандас болып шықтық. Талай рет басқосу мен жиында кездесіп, бірге жүрдік.

Өз басым өзінің туған жері Алтай өлкесін көркем сөзбен өрнектеп, табиғат көріністерін жанды жаратылыстай дәлме-дәл шып-шырғасын шығармай, ұлы таудың суретін сөзбен салған Қалихан мен Оралхан дер едім. Сонымен бірге олар осы ұлы тауды мекен еткен ұрпақтарының мінез-құлықтары мен өлмес бейнелерін осы уақытқа дейін ешкім аңғармаған Қарт Алтайдың ерекшеліктерімен өрнектеп, оның өзгеше сипаты мен өзгеше көріністерін өздерімен бірге ала келді. Ал Тоқаң болса осы Алтайдың әрбір қырат жоталары мен елді мекендерінің сонау көне заманның арғы-бергі тарихы, оқиғалары мен жер-су аттарының ежелгі атауларының, сол жердегі елді мекендерде өмір сүрген, көнеріп ескірген арғы бабаларының өлмес бейнелерін қайта тірілтіп, осы бір ұлы өңірдің тізгін тарихын ұстап отырған бүгінгі ұрпақтың жай-күйін шебер суреттеп, бар кескін-келбетін дәлме-дәл бейнелейді.

Менің өз басым Тоқаңның жазған прозалық шығармаларының топтамасы он шақты кітапты құрайтынын білетінмін. Оның осындай шығарма­ларының бірі, бірі ғана емес-ау, бірегейі «Алтай өрнектері».

Жазушы Тоқтар Мағзұмов өзінің 2022 жылы жарық көрген «Алтай өрнектері» деген туындысын естелік-эссе, тарихи хикаят пен аңыздардың топтамасымен қосып шығарған екен. Бұл кітаптың алғашқы бетін ашсаңыз, заманында талай жазушылар мен зиялы қауымды мойындатқан, артына әдебиет пен өнердің ғаламат дүниелерін қалдырған Оралхан туралы естелігі. Оның баға жетпес көркем сөздегі сарабдал ойларының желісі бүгінге дейін, оқырман қауымның игілігіне жарап отыр десек, қаталеспеген болар едік. Оралханды екі дүниеде бақ қонған адам деуге әбден болады. Мен өз басым Оралхан ағамен көп араластым, көп сырласқан кездерім де болды. Талай рет оның мұңайған кездері мен қуанған кездерінің куәсі де болдым. Өз басым елде жүргенде Алматы дәл бір ертегідей елестейтін. Алматы деген ұлы қала әдебиет пен өнер ордасы саналып, біз деген сол ордаға Оралхан ағаның алдына ауыл-да жата-жастанып жазғандарымды көтеріп барғаным да әлі есімде.

Тоқаңның естелігін оқып отырып, әрбір бөлімі сол Оралханның өмірі мен шығармашылығының түйіні сияқты ой келеді. Оның тақырыбы да – «Райыстан Оралханға дейін». Бұл шығарманың бүкіл оқиғасы Оралханның өмірі мен оның соңғы жылдарда жазған туындыларымен біте қайнасып, болған оқиғалардың тарихымен жетектесе қабаттасып жатыр. Өмірде де болған оқиғалардың өзі адамды бір мұңға жетелейтін, кейде салиқалы ойға бастайтын немесе Оралхан Бөкейдің бүгінгі шыққан биігінің мәресін көрсеткендей. Осы эссе арқылы Тоқаң сол кездегі қоғамдағы белең алған келеңсіздіктерді шығарманың өзегі арқылы ұқтырып тұр.

«Дүзбенбек дарасы» тарихи хикаяты өткен ғасырлардағы қазақ ұлтының бодандықтың қайыс ноқтасын орыстың темір ноқтасына айырбастаған қаратай жұртының әлі де болса, сонау ғұннан келе жатқан ғұрпын, сақтан жеткен салтын, иісі қазақтың қанына сіңген салт-дәстүрін сақтап, екі ру арасындағы дау-шарғыны қазақ ұғымындағы қазақи жолмен қалай шешкені, не орыстан, не қытайдан арашашы іздемегенін анық көреміз.

Шығарманың бірінші беттерінен-ақ Жер-Ана аямай-ақ сыйға берген Қарт Алтайдың сұлу кербез табиғатының суреттері мен оның бауырында тіршілік етіп жатқан ұрпағының өмір шындығының қым-қуыт оқиғалар желісі оқырман қауымды алма-кезек жетелеп, баурап әкетеді. Қилы заман адамдарының қилы тағдырлары алуан түрлі көркемдік шеберлікпен бейнеленіп, басты кейіпкер қаратайдың қамшыгері атанған Дүзбенбектің тағдыры ел ара­сындағы атағы жан-жақты қозғалып орны бөлек кең тынысты шығарма екенін айғақтағандай. Хикаят соңында табиғат пен адамзат рухының ұлылығын, уақыт пен кеңістіктің, заман мен қоғамның, саясат заңдылықтарын тануда автордың әдеби көркемдік әлемінің анық көрінісін осы туындыдан байқаймыз. Шығарманың ең соңғы тұйықталар тұсы:

Бір жыл өткен соң, көктем шыға қаратайдың қамшыгері Түйетастың өр жағына әкеліп өзінің қара шаңырағын тігіп, осы жерді қара орман мекеніне айналдырды.

Кейін жылдар өте қаратай-керей арасын­дағы барымта дауының куәсіндай болған терең сай – Дүзбенбек дарасы деген атпен қалың қаратай елінің есінде мәңгілікке қалды.

Арада талай қилы заман өтті.

Бүгінде де Бәйберді асуынан ары асып түсе қалсаңыз, алдыңыздан үлкен сарымсақты кезең көрінеді. Тау сарымсағы тұтаса өскен кезеңнің түстік жағында обашықтай болып, кішігірім үш қанатты үйдің орнындай үлкен Түйетас көзіңізге мұнарланады.

«Осы Түйетас қаратайдың Қамшыгерінің бұл жалғанның жарығынан мәңгілік мекеніне аттанғанша қара орманы, қара шаңырағының орны болып, киелі де қасиетті мекеніне айналған еді» деген сөз бүгінде ел аузында.

Қара орман қазақ түсінігі мен ұғымында сонау ықылым заманнан бері бүгінгі ұрпақ санасына жеткені ел-жұрт, атамекен деген мағынаны береді. Сонымен қатар жазушы бүгінгі ұрпақ пен келешек ұрпақ санасына сендер осы қара орман ата-мекендерің үшін не істедіңдер, қандай танымдық үлгі боларлық іс жасадыңдар деген сауалды тастайды.

Осы кітаптың соңғы бөлімі – Алтай аңыздары.

Сонау көне түрік заманынан Алтай тауы түріктің бір дегдары – Алтай қаған деп басталатын Қожаберген жыраудың толғауымен басталыпты. Бұл бөлімде автор сонау алыста қалған көне оқиға қойнауларына терең бойлап, тарих дөңгелегін кері айналдырып, Алтайдың бейнелі тарихына үңіледі. Қазақ елінің шығыс бөлігінің орталығы – Өскемен қаласының дәл осы жерге орналасуының, оның ежелден келе жатқан елді мекен екені, бұрынғы атауларының қандай қилы заманның ескі сүрлеу жолдарының іздерін тарихи дәлелдер мен дәйектердің жиынтығын тізбектей келіп, шыңырауда жатқан тарихи құндылықтарды шыңға шығаратын мезгілдің жеткенін оқырман қауымға айғақтайды.

Бұл шығарма өмірде болған оқиғалар жайында жазылғандықтан, тарихи деректер мен архивтік мәліметтер сұрыпталып, реттілік тауып, шежірелік дәлдіктер түгелімен жинақталып, тақырыптардың ауқымы кеңінен тарқатылған көлемді туынды. Алтай, Сауыр, Сайқан тауларының қойнаулары тұнып тұрған тарих екеніне осы бөлімді оқып отырып, көзім жеткендей болды. Тарих сахнасынан ойып тұрып орын алатын екі көшпенді хандық – Қазақ-Қалмақ арасында жан алысып, жан беріскен қанды шайқастардың нәтижесі немен тынғаны да осы бөлімдегі әңгімелері мен аңыздарына арқау болған. Ақ патшаның қазақ жерін отар­лау саясатына дейінгі осы өңірде өмір сүрген жергілікті қазақ руларының арасына тарап кеткен аңыз әңгімелері мен ғибратты оқиғалардың ел аузында қаз-қалпында сақталған деректерін сол күйі өзгеріссіз оқырманға жеткізеді. Осы бөлімнің бүкіл оқиғасы ежелгі Алтай өңіріндегі адамдардың, қала берді, белгілі бір ру-тайпалардың сол замандағы басынан өткен адам сенгісіз тағдыр-тауқыметі, тынымсыз бейнетқорлығы мен қайсарлығы оқушысын өзіне тартпай қоймайды.

Әрбір жазылған әңгіме-аңыздардан сол заманның өкініші мен қуанышы мұңға толы леппен жиі-жиі көрініс беріп тұрады. Жазушы осы бөлімде адам мен сол адам өмір сүрген заман айналасын, қоршаған табиғат туралы ұғымын сана мен тілдің ұштасуымен бірге қалыптастырып отырады. Өйткені ата-бабаларымыздың өткен дәуірі мен ой-санасының айғағы боларлықтай болған аңыз-әңгімелері халық ауыз әдебиетінде ерекше орын алады. Жазушының әрбір жазған шығармасы иісі қазаққа сан ғасырлық рухани азық болумен бірге, дала тіршілігінің сол заманға сәйкес талап-талғамына қарай өзгеріп отырады. Сондықтан болар автордың жазған аңыз-әңгімелері белгілі бір дәуірдің, адам дүниетанымының өткен бір кезеңінің нәтижесі болғанымен, бүгінгі таңда тарихи-рухани мұра ретінде талай-талай ұрпақ санасына ұялары сөзсіз. Бұл ретте жазушы ықылым заманнан бергі аңыз-әңгімелердің классикалық үлгілерін біздің дәуірімізге жеткізіп отыр.

Қазақта халықтың аңызынан артық ақиқат жоқ деген сөз қалған. Осы тұрғыдан алғанда автор, тарихта өз таңбасын қалдырған оқиғаларды жазғанда, жер басып жүрген қарапайым адамдардың өмірі мен болмыс тіршілігін, қайғы мен қасіретке толы тар жол, тайғақ кешудегі өткізген жақсы-жаманды ғұмырын шыншылдықпен оқырманға дәл жеткізген. Онсыз шығарманың болмыс-бітімі толыққанды болмайды.

Өткен өмір болашақ өмірдің жалғасы, кешегісі емес пе?! Өз халқы­мыздың тарихын қайта жаңғырту, өткен заманның артық-кемінен арылтып, таза күйінде өскелең ұрпақтың санасына жеткізу – мынау жаңғырған тәуелсіздік заманымыздың басты мәселесі болуға тиіс.

Тарих бұрмалауды, аруақ қия­натты кешірмейді. Өз еліңнің, өз жұртыңның, тіпті өз әулетіңнің тарихын білу – әрбір азаматтың жүрегіндегі парызы, мойнындағы қарызы, өсер ұлттың және ұрпақтың үрдісі мен міндеті.

Автор шығармаларына қуатты күш, тегеурінді серпін беріп, шығарманы ажарландырып, көріктендіріп тұрған табиғат пен адам арасындағы тығыз байланыс. Табиғаттың тылсым күші арқылы кейіпкердің ішкі толғаныстарына, жан-дүниесіне оқырманды үңілту. Табиғатты да адам сияқты сөйлете білу бұл автордың шеберлігі. Табиғат келбетін суреттеу барлық жазушыға, ақынға тән қасиет, дегенмен де, Тоқтардың табиғат келбетін суреттеуі, пейзаж жасау шеберлігі, оны қолдану әдісі ерекше.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Мемлекеттік сыйлықтың

лауреаты

 

604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы