• Руханият
  • 16 Ақпан, 2023

Төлеубай ҚАЙМОЛДИНОВ: НЕГІЗГІ ТҰЖЫРЫМ – АДАЛ ЕҢБЕК

Қазақ телевизиясының іргетасы қаланғанына осы жылдың 8 нау­рызында 65 жыл толмақ. Ол – алғашқы күннен ел өміріндегі елеулі жаңалықтарды дер мезгілінде көрермен назарына ұсынған бірден бір арна. Бұл ретте қазақ телевизиясының ақпарат редакциясын 15 жыл басқарған ардагер-журналист Төлеубай Қаймолдинов өз ойымен бөліскен еді.

АҚПАРАТ РЕДАКЦИЯСЫ – ТЕЛЕВИЗИЯНЫҢ ЖҮРЕГІ

– Жаңалық–телевизиядағы ең ауыр редакция. Ақпаратта істеген адамдар жұмысқа таңертең 8.30-да келеді, үйіне кешкі 10-нан кейін қайтады. Кейбіреулер ойлайды, «хабардың бәрін диктор жасайды» деп. Жоқ, мүлдем олай емес. Негізгі – күш редакторға түседі. Жалпы біздің кезімізде телевизияда редактордан мықты адам жоқ болатын. Оның артында режиссер бар. Ол бар жан-тәнін салып монтаждайды. Ақпаратта қызмет атқарғандар сенбі, жексенбі дегенді білмейді. Редакция тарапынан тапсырма берілді ме, еш сылтау айту жоқ, міндетті түрде орындалады.

Қоңыр күзде астықты өңірде қарбалас басталады. Біздің ақпарат редакциясы, күнделікті кешкі жаңалықтармен қоса, 17 жыл «Алтын дән» бағдарламасын қатар жүргіздік. Облыстағы меншікті тілшілер астық алқабынан сол күні түсіріп, сол күні эфирге үлгеріп жібереді. Қазіргідей интернет жоқ қой, айтқаныңды сол тұрған орныңнан бір секунттың ішінде жөнелте салатын. Олар Алматыға ұшатын ұшақтардың уақытын жаттап алған, түсірген материалдарын сол уақытқа үлгеріп жіберуге тырысатын, кешіктірмей жіберіп отырды да. Қандай жылдамдық, қандай шап­шаңдық десеңізші?! Осылай жаңа­лықтың журналистері таңы бар, күні бар тоқтаусыз жұмыс істеді.

– Қазіргі таңда қандай да бір ақпарат алуға аса зәрулік жоқ. Интернетті бір шолып шығу жеткілікті. Бір мезетте бүкіл әлемдегі жаңалықпен танысып шыға аласыз. Сіздің кезіңізде мұндай мүмкіндік болмағаны белгілі. Сонда сіздің әріптестеріңіз, күнделікті өтетін ақпарат бағдарламасын толықтыру үшін, қандай дерек көздеріне сүйенді?–деп, телесала ардагеріне көкейдегі сауалымды көлденең тарттым.

Төлеубай Смағұлұлы көп ойланбады, лезде жауап қайтарды. –«Олардың басты ерекшелігі де тынбай ізденуден тұрды десем еш қателеспеймін. Бірі экономика, екіншісі – медицина, үшіншісі – ауылшаруашылығы, тағы бірі мәдениет, келесі бір тілші спортқа қатысты ең соңғы жаңалықтарды көрерменіне дер мезгілінде жеткізу барысында күн демей, түн демей еңбек етті. Әрқайсысы құрғақ ақпар берумен шектелмей, қызықты, тартымды сюжет әзірлеуге тырысатын.

Ақпарат редакциясына келгенге дейін қоғамдық-саяси, киноредакцияларда қызмет істедім. Өз басымда «Бесжылдық белестері», «Екпінді құрылыс» деген хабарлар болды, екпінді құрылыстардан бірнеше репортаж жүргізгенім бар. Киноредакцияда да біраз тәжірибе жинақтадым. Телевизияның 60 пайыз өнімін кино жауып отырады.

Ерекше тәсіл немесе жаңалық деп айтуға келмес, дегенмен ақпарат редакциясына бас редактор болып келген кезде меншікті тілші үшеу ғана екен. Кейін төрағаға барып, оның қанша­лық­ты қажеттілігін дәлелдей отырып,19 облысқа түгел меншікті тілшілер қосынын аштыруға себепкер болдым. Кейін айтады, меншікті тілшілер бас қосқан кезде; «Төке, керемет тосын сый жа­садыңыңыз ғой деп». Мен үшін әріп­тес­терімнің риза болғанынан артық баға жоқ.

Әр журналист әртүрлі қырынан келеді. Мысалы, бізде Атырау облысынан Әлібек Қайыровтай ешкім жаза алмайды. Бір минуттық сюжетке екі бет жазады. Оны қысқартып көріңіз. Жазу мәнері керемет. Бір сөйлемінен екінші сөйлемін кесе алмайсыз. Көкшетаудан Анатолий Сыдых, шымкенттен Дүйсен Шегебаев, Ким, Целиноградтан Табыл Құлиясов, Қызылордадан Жеңіс Мең­діғожин, Ғалым Есенсариев, Ақтөбеден Амангелді Сәтеров, Алматы облысынан Нығымет Әбенов. Бұл жігіттер – өз ісінің нағыз бесаспап шеберлері.

 

ТЕЛЕВИЗИЯНЫҢ БАСТАУЫНДА ТҰРҒАНДАР

– «Мен ана хабарды бірінші аштым, мына хабарды бірінші болып жасадым» деп мақтанатындар бар. Олай емес. Нақты шындыққа жүгінсек, бәрі өткен ғасырдың 58 жылынан, қазақ телевизиясы алғаш көгілдір экранға жол тартқан күннен басталады. Бірінші – сол телевизияның бастауында тұрғандар, одан кейінгілер оны әрі қарай дамытты, жетілдірді, уақыт ағымына сай телесалаға өз үлестерін қосты.

Ал жеке басыңыз телевизияда еш­­­қандай жаңалық әкеле алмайсыз. Ұсыныс айтуыңыз мүмкін, бәрі әуелі редак­цияда, сосын дирекцияда, сосын барып оның түйіні комитетте шешіледі. Комитеттегі отырыстарда қаралады, төраға, оның орынбасарынсыз, дирек­торсыз, бас редакторсыз бір мәселе де шешілмейді түптің түбінде. Рес­пуб­ликаның болсын, әлемнің қай түпкірінде болсын, маңызды жаңалық ең әуелі ақпарат редакциясынан өтеді. Не нәрсенің де бірінші рет Ақпарат редак­ция­сынан өтетіні талас тудырмайтын ақиқат!

 Орталық комитеттен бір апта бұрын қай жерде, қай өңірде қандай ірі шаралар өтетіні жайында анықтама қағаз келіп түседі. Сол арқылы біз күні бұрын қайда, қанша шығармашылық топты жіберетінімізді есептеп, алдын-ала дайындап қоямыз. Ресми шараларға мықты репортерлер барады. Фируза Перзадаева, Зылиха Ахметжанова, Роза Темірғалиева. Бұл үш қыз – сонау 70 жылдардың, қазіргі тілмен айтқанда, нағыз жұлдыздары болатын. Олардың материал алуы, жазу стилі, ешкімге ұқсамайтын еді. Бір ғана мысал келтіре кетейін. Бірде елімізде Ресейдің мәдениет күндері өтті. Алматыдағы іс-шараларды түгел көрсетуге тиіспіз. Бір күнде, бірнеше жерде оннан астам кездесу өтіп жатады. Бәрі маңызды.

Тамара Макарочкина екі-ақ сюжет түсіріп келсе, ал Фируза бір күнде 9 сюжет түсіріп үлгеріпті. Кешкі сағат алтының кезінде келіп, «тағы да түсі­ретін бар ма?» деп сұрайды. Қандай шап­шаңдық! Өз ісіне берілгендіктің, өз ісінің шексіз фанаты екенінің көрінісі ғой бұл. Осындай редакциядағы өз ісін бәрінен жоғары қоятын бесаспап маман қыз-жігіттердің арқасында, жаңа­лықтың атауы «Қазақстан» ақ­парат бағдарламасы деп өзгертілді. «Қа­зақстан» ақпарат бағдарламасын эфирде 5-6 жыл жүргеннен кейін, кезінде бір емес, екі рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды.

Тағы да бір оқиғаны айта кеткім кеп отыр. Владимир Антонов деген жігіт істеді. Ол Көкшетау облысының бірінші хатшысы Қуанышовты Қуандықов деп қате жазып жіберген. Оқығанда байқамай қалғанбыз. Әрі телевизияның бастауында тұрған, тәжірибелі тілші Антонов жаңылысады деп ешкім ойламайды. Қуанышев үйінде кешке жаңалықты көріп отырып, Димекеңе (Димаш Қонаев) телефон шалады ғой, «Сіздерде бюро болды ма?», «Көкшетау облысының бірінші хатшысы өзгерді ме?» деп. Димекең «жоқ» деген болу керек. Түнгі сағат 11-де мені Орталық комитетке шақырып алды. «Бұл не деген сұмдық» деп сұрады.

Әлі күнге дейін есімде, бізде «қызыл телефон» болды. Оны «Кремлевский» дейтінбіз. Қанша шырылдап жатса да менен басқа ешкім алмайды. Көтересің. Төраға телефон соғады. «Бүгін дұрыс ұйықтауға бола ма?» дейді. «Бәрі дұрыс па?» дегені ғой.

Мұның өзі – телевизияда алғы шепте ақпарат редакциясы екенінің дәлелі. Сосын бас директорымыз Фидель Изя Эйнехович кешкі 20.30-да үйіне кетіп бара жатып, біздің редакцияға арнайы бұрылып, «Дұрыс па?» деп сұрап кететін. Ақпарат редакциясының салмағын осыдан-ақ байқауға болады. Бізден бір қате кетсе, үлкен дау болады.

Әсіресе, колхоз, совхоздың аты дұрыс айтылуы, сандардан қате кетпеуі керек. Менің суырмамда бүкіл орталық комитеттің, министрлер кеңесінің, өкіметтегі жауапты қызметкерлердің, облыстық, аудандық деңгейдегі бүкіл лауазым иелерінің аты-жөндерінің тізімі жататын. Ресми адамдардың аты-жөні, сандардан қате кетпеуі қатаң қадағаланатын. Міне сондықтан, редакцияның әрбір қызметкері жауапкершілік жүгін айрықша сезінді.Табыс кілтінің құпиясы тапсырылған іске аса жауапкершілікпен қарағаннан басталады. Оны кезінде біздің ақпарат редакциясы 100 пайызға дәлелдеді.

 

ЕҢБЕККЕ АДАЛДЫҚПЕН ҚАРАҒАН АБЗАЛ

Екеуі де жұмыс барысында үлкен рөл атқарады. Салалық редакцияларда 10-12 адам жұмыс істесе, біздің ақпарат редакциясында республика бойынша 87 адам жұмыс істеді. Бәрі бірінен бірі өтетін, сайдың тасындай қыз-жігіттер. Өткен ғасырдың 70 жылдарында Сағидолла Дәулетқалиев, Молдабек Шолпанбаев, Әміролла Сарымов, Жаңабек Тоқпанов, одан кейін Сағындық Нұрекеев, Ержан Уайыстар ақпарат редакциясының негізгі жүгін көтерген өз ісінің майталмандары. Әміролла Саримов пен Сағындық Нүрекеевтей ешкім аударма жасай алмайтын. Нүрекеев өте жылдам, әрі тапсырылған кез келген тапсырманы еш кемшіліксіз тап тұйнақтай орындайтын еді. Қыздарымыз Бейсенкүл Қарабалаева, Ұлбосын Айтөлен, Ұлдай Ибадуллаева, Бейбіткүл Дуанбекова, Гүлмәрия Барманбековалар қандай тапсырма берілсе де уақытында, шапшаң дайындайтын, керемет жазатын. Бір сөзбен айтқанда, майталман журналистер. Олар жаңалық іздейтін. Құр жаңа­лық емес, елді елең еткізетін, соны көруге, немесе сол сюжетте сөз болған кейіпкерге ұқсауға ынтықтыратын материалдар тауып, эфирді мағыналы, мәнді, мазмұнды сюжеттермен толықтыруымен ерекшеленді.

Жалпы бір сюжеттен кейін екінші сюжет, одан келесі сюжетті әзірлеудің барысында, бір-біріне ұқсамайтын мәселелерді қамтып, қарбаласып жүрген тілші қалайша жаттандылыққа ұрынбақ? Керісінше, оны алда тағы бір тосын жаңалықты эфирге шығару мүмкіндігі қызықтырып тұрары аян. Сол жолда ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ал әрдайым даярлайтын материалын неғұрлым қызықты да мазмұнды, етіп ұсынуды ойлайтын маманның сюжеті жаттандылықтан ада болары айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл жерде жаттандылық туралы әңгіме қозғау орынсыз дер едім.

Тележурналист – күнде неше түрлі тақырыпқа сюжет әзірлейді. Осы жолда сан алуан адамдармен хабарласады, араласады, пікір алмасады. Мақтанғаным емес, сол жылдардағы менің қойын кітапшамда 10 000 мыңнан астам адамның телефоны бар екен. Ал редакторларда одан да көп. Олар бір іс сапарының өзінде ең кемі 20-30 адаммен тілдеседі. Егер тереңірек зер салып қарар болсақ, бір сюжетті дайындау үшін тілші осыншама адаммен тілдесетін болса, қайдағы жаттандылық?!

Мен саналы ғұмырымның 40 жылға жуығын телесалада өткізіппін. Мұның бәрі қуаныш. Біздің заманымызда мектеп бітіргеннен кейін 2-3жыл жұмыс істемесеңіз, жоғары оқу орнына қабылдамайтын. Кәсіпорыннан, ауылшаруашылығынан хабарыңыз болуы керек. Соның бағытымен бір кездері өндірісте жұмыс та істедім. Өзімді металлургпын десем де болғандай. Мыс, шойын қорытқан адаммын.

Нешетүрлі оқиғалар өтті бір бастан. Сол күндерді еске алғанда, өмірімнің босқа өтпегеніне шүкіршілік деймін. Негізгі тұжырым – еңбек. Қай жерде, қандай қызмет істесең де, еңбекке адалдықпен қарағаннан абзалы жоқ.

Дайындаған

Ұлбосын АЙТӨЛЕН

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы