• Руханият
  • 16 Ақпан, 2023

«АДАМДЫ АДАМ ЕТКЕН – КІТАП, АДАМЗАТ ЕТКЕН – КІТАПХАНА»

«Мен бойымдағы жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын», – депті Максим Горький. Рас кітап оқудан қалған ұлт рухани жұтаңдыққа ұшырайды.Ұлағатты тәлім мен тәрбие – кітапта. Сондықтан кітап оқиық, бір-бірімізге кітап сыйлайық. Ауылға кітап жіберейік. 

ТАҚТА ТАСТАҒЫ СЫНА ЖАЗУ

Жалпы тарихқа бойлайтын болсақ, кітаптың алғашқы түрлері ежелгі Шығыс елдерінде, Грекияда, Римде қыш тек­шелеріне, тақта тастарға сына жазуымен жазылды.Біздің заманымыздан бұрынғы 25-ғасырда Мысырда қыш текшелердің орнына қамыс (папирус) қолданылды. Біздің заманымыздан бұрынғы 7-ғасырда қамысқа кітап жазу ісі  Грекия мен Римде кең өріс алған. Осыған байланысты кітапты көшіріп жазуға машықтанған көшірушілер мен қолжазбаны көркемдеуші суретшілер пайда болды. Біздің заманымыздан бұрынғы 2-ғасырда қамыстың орнына тері жарғақ қолданыла бастады. Ежелгі Рим мәдениеті мен ғылымы өкілдерінің туындылары жарғақ кітаптарға жазылып таралды. 105 жылдары қытай шебері  Цай Лунь қағазды ойлап тауып, 13-ғасырда қағаз жасау өнері Шығыстан Батысқа тарай бастағаны белгілі. Осыған орай, Еуропада қолжазба кітап қауырт өркендеп, түрліше әріптер, бас тақырыптар (айдарлар) қолданыла бастады.Кітап мұқабалары алтын, күміс, т.б. металмен өрнектелді. 15-ғасырдың ортасында неміс өнертапқышы Иоганн Гутенбергтің баспа қалыбын ойлап табуына байланысты, жылжымалы құйма қаріппен құйылатын баспа кітап пайда болды. Осы заманғы кітап — мұқабаға дәптерлер түрінде өзара тіркестіріліп бекітілген кітап блогі үлгісінде жасалады. Кітап пен кітапхана туралы қызықты деректер қай елдің, қай халықтың болмасын оның мәдени деңгейі, сауатымен байланысты екені сөзсіз.

«АУЫЛҒА КІТАП» ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ

КІТАПХАНАДАН БАСТАУ АЛДЫ

 

14 ақпан күні «Халықаралық кітап сыйлау күні» аясында «Ауылға кітап» атты кітап сыйлау акциясы бастау алды.

Акцияның мақсаты – адамзатты кітап оқуға шақыру, адам­заттың ұлы құндылығы болған кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Мереке аясында Астанадағы Ұлттық ака­демиялық кітапхана Түркістан облысы әкімдігінің бастамасы – «Алтын қорға үлес қос: Ауыл кітапханаларына 20 000 кітап» акциясын қолдай отырып, «Ауылға кітап» акциясын жариялаған болатын. Атаулы мерекеге орай Ұлттық академиялық кітапхананың төріне қаламгерлер мен қалың оқырман қауымы жиналды. Жиналған зиялы қауым «Ауылға кітап» акциясына белсене қатысып, өздерінің жеке кітапханасындағы кітаптары мен авторлық еңбектерін кітапхана ұжымына тапсырды.  Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі, филология ғылым­дарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманалиев,  жазушы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, жазушы аудармашы, публицист Марал Хасеннің жары, шырақшысы, шығармаларын жарыққа шығарушы Рымбала Смайылова, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы, Халықаралық Абай қорының президентінің басқарма төрағасы Ғафуров Аслан Қабылбекұлы сынды белгілі тұлғалар акцияны қолдауға атсалысты. Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылым­дарының докторы, профес­сор Мырзатай Жол­дасбековтың кітаптарын кө­мек­шісі Руслан Әлімбек табыстады. Одан бөлек Әзірбайжан Республикасы, Армения Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Үндістан, Қырғызстан Республикасы, Испания Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Латвия, Португалия, Польша, Ресей, Өзбекстан елшіліктері акцияны қолдап, кітапханаға арнайы келіп, кітаптарын сыйға тартты. Шараға мұрындық болған Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, акцияға қолдау білдірушілерге алғысын айтты. 

Акция үлкен қолдау тауып, жарты күн ішінде кітапханаға ҚР Ұлттық архиві – 135 дана, Тұрсын Жұртбай – 60 дана, Мырзатай Жолдасбеков – 100 дана, Алтыншаш Жағанова – 120 дана, Түркі академиясы – 794 дана, «Дәулеттен» қайырымдылық қоры – 57 дана, Қайсар Әлім – 200 дана кітап сыйға тартты.

«Ауылға кітап» акциясы сәуір айына дейін жалғасып, жинал­ған барлық кітап Түркістан облы­сының елдімекендеріне жібе­рілетін болады.

КІТАП СЫЙЛАУ  ҚАЙ КҮНІ ПАЙДА БОЛДЫ?

 

14 ақпан халықаралық кітап сыйлау күні қашан пайда болды? Бұл әлімсақтан аталынып өтіп келе жатқан кітапқұмарлардың мерекесі ме, жоқ әлде кейін шыққан ба? Әрине әр мерекенің өз тарихы бар. Ал кітап сыйлау күні 2012 жылы 14 ақпанда пайда болған деген дерек бар. Дәл осы күні Delightful Children’s Books балалар кітабы сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмурға баласы  сауал қойған. Неге адамдар бір-біріне кітап сыйламайды, неге кітапқұмарлардың айтулы мерекесі жоқ? Баланың сауалы шынымен әкесін ойландырса керек-ті. Артынша бұл идеяны қолдауды өтініп, Эмми Бродмур твиттер, инстаграмм, фейсбукте жұртшылыққа үндеу жариялайды. Сөйтіп бұл бастамаға барлығы үн қата бастады да, келер жылы шын мәнінде бүкіл әлемдік жобаға айналады. Ақырында 14 ақпан халықаралық кітап сыйлау күні болып белгіленеді. Шын мәнінде Эмми Бродмурдың идеясы қазір ғаламдық мерекеге айналды. Ақын, жазушылар, ғалымдар, журналистер, жалпы кітапсүйер қауым қазір айтулы күні бір-біріне кітап сыйлайды. Ал жекелеген азаматтардың өз қорынан кітапханаға кітап апаруы да игілікті іске айналды.Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде бұл іс  салтанатты жағдайда аталып өтіледі. Өйткені «адамды еңбек еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана».

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, академик:  

АЛПЫС КІТАП АПАРДЫМ

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы ұжы­мының 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орайластырып, Оңтүстік Қазақстан облы­сының «Ауылға кітап» акциясын қол­дау мақсатында өткіз­ген іс-шарасына қатыстық.

«Сыйға тартылған кітаптарды қабылдап, шашауын шығармай ауылға жеткізуге тас- түйін дайынбыз» деген кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы ха­лықаралық мерекеге арнайы келген шетел мем­ле­кеттері елшілік­терінің өкілдері, зиялы қауым мен Астана тұрғындарына акцияға қатысуда белсенділік танытқандары үшін алғысын айтты.

«Ауыл десе, жүреміз ылғи елеңдеп…» дегендей, Ұлттық акаде­миялық кітапхананың жауапты қызметкері Күләш Оразова қарын­дасым хабарласып, «Ауылға кітап» акциясының өткізу мақсатын мәлімдегеннен-ақ, бір ауыз сөзге келмей, іс-шараға қатысатынымды, әрі жеке кітапханамнан 50-60 кітап сыйлауға дайын екенімді тілге тиек еттім.

«Айтылған сөз –  атылған оқ». Айтарымды айтып алып, енді қандай кітап сыйлауым керектігін ойлап мазам кетті… «Сарғайған, социалистік реализм тұрғысында жазылған туындылар ( көркем әдебиетті айтамын) жас буынды қызықтыра қояр ма екен» деп, кітап сөресінде тізілген кітаптарға қарап тұрып, ұстазым, тілші-библиограф ғалым, академик Шора Сарыбаевтың әдебиеттердің тізімін түзу әдістемесі есіме түсе кетті (Шора Шамғалиұлының қазақ тіл білімі бойынша әдебиеттердің бір ғасырлық библиграфиялық көрсеткішін даярлап, ол жайлы 6 том кітап шығарғанын біреу білсе, біреу білмес). Қайбір істі қолға алсам да, ұстазымның өнегесін үлгі ете қимылдайтын әдетіме салып, 60 кітаптың мазмұнын төмен­дегіше топтастырдық: бірінші, әрине, тілші- ғалым ретінде, тіл білімінен бастадым. Бұл жерде, Алаш ардақтысы Халел Досмұ­хамедұлының «Қазақ тілін біліп тұрып, орысша жақсы сөй­лесең, бұл- сүйі­ніш, қазақ тілін білмей тұрып, бөтен­ше сөйлесең, бұл – күйініш» деген қағидасын қаперге алып, қазақ тілі туралы көр­некті тілші-ғалымдардың кітап­тарына қоса, өзіміз жазған еңбек­терді, содан кейін орыс, ағылшын, неміс және түрік тілдерін үйретуге арналған қос тілді, үш тілді және төрттілді тақырыптық тілдесуге арналған тілдескіштер тізімін тізбектедік. Осы орайда, «Қайнар» университетінің ректоры, ҚазҰЖҒА академигі Еренғайып Омаровтың қолдауымен жарық көрген көпшілікке зәру, өте көлемді «Қазақша –  қытайша сөздігінің» орны ерекше екенін айтқым келеді.

Екіншіден, ұлттық руханиятқа терең тамыр жіберген интеллектуалды ұлт тәрбиелеуге басымдық беріп, Алаш ардақтыларының мерейтойлық іс-шараларына байланысты шығарылған әдебиеттерді қамтыдық,

Үшіншіден, «Тәрбиесіз беріл­ген білім – адамзаттың қас жауы»деген Әл-Фараби бабамызды тұжы­рымдамасын алға тартып, тәрбиелік мәні зор әдебиеттерді жинақтадық.

Төртіншіден, прагматик жастарымыздың кәдесіне жарайтын «Қаржылық тәуелсіздікке жол», «Ақша табу сыры», «Бизнес әліп­песі», «Десять причин, почему важно знать и говорить на казахском языка», «Кемел адам», «Зачем мы спим» сияқты заманауи жастардың сұранысына сай, ғылыми- көпшілік кітаптарды да назардан тыс қалдырмауға тырыстық.

Жалпы түркістандықтардың бастамасы – кітапқа құштар жастар тәрбиелеуде мемлекеттік мәні зор мәселе екенін екпін түрісе айтқым келеді.

«Кітабы жоқ үй , жаны жоқ дене сияқты», – дейді Цицерон. Ендеше, үйіміз де, көпшілік кітапханамыз да кітапқа толсын, ағайын!

Дайындаған Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

765 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы