• Тарих
  • 23 Ақпан, 2023

АЛАШ ЖӘНЕ ТІЛ ҮШІН КҮРЕС

Мен заманында кім едім?

Ақын, шешен, тілмар бабаларыңның

бұлбұлдай сайраған тілі едім.

Мөлдір судай таза едім.

Жарға соққан толқындай екпінді едім...

Енді қандаймын?

Кірленіп барамын, былғанып барамын...

Жасыдым, мұқалдым...

Мен не көрмедім?

Міржақып Дулатов, /тіл монологы/

«Ауыл тілі», 1926 жыл, 27 маусым

ХХ ғасыр басында қазақ елінің саяси-қоғамдық және рухани-мәдени өрлеуіне айрықша ықпал еткен үлкен тарихи оқиға – «Алаш қозғалысы». Осы бір үркердей топ қазақтың өз алдына ел болып, ен даласын еркін жайлап, ешкімнен құқай көрмеуі үшін, тіпті сонау Кремльге дейін барып, Ленинмен бетпе-бет отырып шекарасын айқындап алғаны баршамызға аян. Сондай-ақ алаш зиялылары сол тұста тек ауыл молдасынан хат танып қоя салатын қара домалақтарды қараңғылық құшағынан шығарып, өмірлеріне сәуле құятын білім ізденуіне жол ашты. Және де ең үлкен мәселе – қазақтың тілін сақтап қалу үшін әр дыбысын әріпке айналдырып, әліпби құрастырды, тілдің тазалығы мен қолданыс аясын кеңейту үшін жандарын сала қызмет етті.

 

ӘР ДЫБЫСТЫ ӘРІПКЕ АЙНАЛДЫРҒАН

Жалпы алаш зиялыларының тіл мәселесі төңірегіндегі ізденістерін бірнеше бағытта қарастыруға болады:

Біріншіден, олар қазақ тіл білімі ғылымының негізін қалап, тарихын зерттеп, қалыптасуына сара жол салды. Қазақ тіл білімінің өзекті проблемалары, арнаулы салалары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатов, Телжан Шонанұлы, Елдес Омарұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Құдайберген Жұбанұлы, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермековтің оқу құралдары мен мақалаларында түбегейлі дәйектелді.Осы тұста біз  А.Байтұрсынұлының 1910 жылдардан бастап, араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, ыңғайластыруды қолға алып, 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгізгенін ерекше айтуға тиіспіз. А.Байтұрсынұлының бұл «Әліппесі» сол кезеңдегі қазақ қоғамын сауаттандыру ісінде теңдессіз қызмет атқарды.

Қазақ тілінің әліпбиін жасап, емлесін түзумен бірге Алаш зиялылары тіл тазалығы, тіл мәдениеті жолында күрескерлік танытты. М.Дулатұлының «Қазақ тілінің мұңы», Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», Н.Төреқұлұлының «Ауропа сөздері» деп аталатын еңбектері осы мақсатта жазылды.

Екіншіден, қазақтілді баспасөзді қалып­тас­тыра отырып, әдеби тілдің публицистикалық жанрын тудырды. Әлихан, Ахаңдар бастаған қазақ оқығандары, ағартушы-білімпаздар тобы ұлттық баспасөзді дамыту мен оның тілін қалыптастыруға да бар білімі мен тәжірибесін, көп күш-жігерін жұмсады. Әсіресе, «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деп, М.Әуезов оның қазақ өміріндегі рөлін атап көрсеткен жалпыұлттық тұңғыш газеттің ұлт тарихында алатын орны айрықша болды. Сондай-ақ  ұлттың ой-санасын оятқан бұл басылым қазақтың баспасөз тілінің, бүгінгі ұлттық жазба әдеби тілінің де қалыптасуына негіз қалады. Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ» газетінің ең алғашқы сандарының бірінде А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екенін алғаш аңғартты. Өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу ұлттық іргелі мәселе екенін Алаш зиялылары бізге осылай мұра етті.

Үшіншіден, саяси-әлеуметтік еңбектерді, әдеби шығармаларды аудара отырып, жалпы қазақ аудармасының негізін жасады. Мәселен, Алаш көсемі Әлиханның Л.Н.Толстойдың «Қажы-Мұрат», «Кавказ тұтқыны» Ги де Мопассанның «Симонның әкесі», «Күзетте», «Жарасын жасырған ана», т.б еңбектерін аударуы, А.Байтұрсынұлының И.А.Крыловтың мысалдарын, А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармалары мен И.И.Хемницердің «Ат пен есегін», Ж.Аймауытовтың, Джек Лондонның «Күштілердің күші», «Теңсіз, телегей аттаныс», Г. Мопассанның «Су жүзінде», В.Гюгоның «Бейшаралар», Р.Тагордың «Балжан», А.С.Пушкиннің «Сараң сері», «Тас мейман», Н.В.Гогольдің «Бақылаушы», Ф. Дюшен «Дәмелі» және басқа да бірқатар шығарма­ларды аударуы, сондай-ақ М.Жұмабаев, М.Дулатов, М.Әуезов, І.Жансүгіров және басқа да алаш оқығандарының көптеген шетелдік көрнекті қаламгерлер мен ғалымдардың ең үздік еңбектерін қазақшаға аударуы соның айқын дәлелі.

Тек көркем аударма ғана емес, оқулық әдебиеттер мен ғылыми әдебиеттерді қазақ тіліне аудару ісі де ХХ ғасыр басында мақ­сатты түрде қолға алынып, бұл шаруа Алаш оқы­ғандарының тікелей атсалысуымен жолға қойылғанын атап айтқан абзал. Мә­селен, Әлихан Бөкейхан француз ғалымы К.Флам­марионның «Астрономия әліпбиі» («Общедоступная астрономия». Мәскеу, 1924) мен Д.Гравенің «Дүниенің құрылысы», Т.Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» еңбектерін, Х.Досмұхамедұлы Ю.Вангердің «Денелеріміздің түзелуі мен жұмыс қылуы» («Рассказы о том, как устроено и работает наше тело», 1924), «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзелуі туралы әнгімелер» («Рассказы о том, как живут и устроены растения», 1924) кітаптарын, Қошке Кемеңгерұлының П.Лебедевтің «Химия» (Қызылорда, 1929) оқулығын, М.Әуезов Ю.Вагнердің «Жер жаратылысы жайындағы әңгімелерін» аударды. Жай аударма жасап қоймай, алаш зиялылары екі тілді аударма сөздіктер мен терминологиялық сөздіктер шығарды. Аударма ісін жолға қою ең алдымен осыдан басталады деуге болады. Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» (Мәскеу, 1925), «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» (Қызылорда, 1926), «Атаулар сөздігі» (Қызылорда, 1931), А.Байтұрсынұлының басшылығымен дайын­далып, Н.Қаратышқанұлы құрастырған «Пән сөздері» (Қызылорда, 1927) солардың қатарына жатады.

Қысқасы, алаш зиялылары ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі деп, кейінгі ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылықпен қарады. Ахмет Байтұрсынұлының: «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуы тиіс» деген сөзі осының айғағы. Ал алаш қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі, көрнекті ақын, педагог-ғалым М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» деп аталатын іргелі еңбегіндегі «Тіл», «Тілдің адам өміріндегі һәм ұлт өміріндегі орны» деген мақалаларында бірқатар өрісті ойларды қозғайды. Ақынның «Қазақ тілі» деген өлеңі де идея тереңдігімен айрықша орынға ие болды. «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлт тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағандығын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» деуі тіл мәселесіне салғырт қарамау керек деген ойдан туындағанын аңдаймыз.

Ал «Мектеп қай тілде болу керек?» деген ойлы сауалмен көптің назарын аудартқан Қошке Кемеңгерұлы өз мақаласында ұлт мектептері, ұлт мәдениеті деген мәселені көтерді. Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалатындығын ескертті. «Тілші қайдан шығады?» деген сауалға да: «Тілші елді жан-тәнімен сүйген кісі болу керек. Елді сүймесе, өз ісіне қатынасы жоқ қиянаттардан тартыншақ болады. Елді сүйген тілші елдің ел болуын арман қылады» дей келе тілші сөзінің қазақтың өз тілімен жазылуын, ел тілімен жазылуын және емлемен жазылуын шегелеп айтқан.

Мәриям  ӘБСАТТАР

2901 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы