• Ақпарат
  • 09 Наурыз, 2023

Көктемгі егіске кетпеніміз дайын ба?

Нұрболат  Абайұлы
«Ana tili»

Халқымызда «көктемнің бір күні жылға азық» деген мақал бар. Бұл диханшы қауым үшін осы маусымдағы әр күннің маңыздылығын білдіретін сөз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкімет пен тиісті министрліктерге көктемгі егіс науқанын сапалы және уақтылы өткізуге тапсырма берді. 
Сондай-ақ науқанды сапалы ұйымдастыру үшін 2022 жылғы 30 желтоқсанда арнайы заң да қабылданғаны белгілі. Ол заң «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Заң толықтай күшіне енген. Онда егін егу мен ору науқанына қатысты мынадай тармақтар бар. «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес:
- Мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай берушілер жыл сайын көктемгі егіс (1 наурыздан 31 мамырға дейін) және күзгі егіс жұмыстары (1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін) кезеңінде мұнай өнімдерін беру жоспарына сәйкес стационарлық автожанармай құю стансаларының атына мұнай өнімдерінің (автобензин және дизель отыны) көлемін беруге міндетті;
- Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша өкілеттіктерге ие.

 

Егіс алқабы артқан

Жақында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. 
Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биыл жалпы егіс алқабы 23,4 миллион гектарды құрайды. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға көп. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқаптарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар егіс алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алқаптарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отырғанын айтты. Сонымен қатар күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алқабын 30,8 мың гектарға, көкөніс, бақша және картоп бойынша егіс алқабын 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда мақта алаңының 14,8 мың гектарға азаюы болжанып отыр, ол 111,4 мың гектарды құрайды — деп мәлімдеді Е. Қарашөкеев.
Шындығында да соңғы бірнеше жыл қатарынан оңтүстік мақташылары көктемде мақта алқаптарына себетін тыңайтқыш тапшылығына бір ұрынады. Одан соң жазда алқаптарды суғаратын су жетпей екі қиналады. Күздің күні әупірімдеп жүріп жинаған өнімдерін дұрыс бағаға өткізе алмай және әбігерге түседі. Өйткені бұрын қазақ дихан­дарының мақтасын алатын өзбек ағайын­дар соңғы жылдары өздері мақта алқаптарын көбейтіп, қазақстандық дихандардың мақтасының бағасын түсіріп жібергені белгілі. Ал өзіміздегі өңдеу орындарының өндірістік қуаты төмен. Олар да өңделмеген мақта құнын түсіріп жіберген. Сондықтан сұранысы төмен өнім алқаптарын азайтқан дұрыс-ақ. 

Техниканың 80 пайызы ескі...

Үкімет отырысында Ауыл шаруа­шылығы Министрі егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 160,0 мың трактор, 5 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешені, 78 мың тұқым сепкіш, 226 мың топырақ өңдеу құралы бар екенін айтты. Республикада бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендерінің 5 мыңнан астам бірлігінің болуы агротехнологияларды дәл сақтай отырып, дәнді дақылдар алаңдарының 70 пайызына тұқым себуге мүмкіндік береді. Аталған техникалардың дайындығы шамамен 93 пайызды құрайды, жаппай егіс жұмыстарын бастау алдындағы дайындық 100 пайызға қамтамасыз етіледі, — деп түсіндірді Е.Қарашөкеев. 
Бірақ министр ауылшаруашылық техникаларының 80 пайызы ескіргенін, оларды жаңалау үшін шаруалардың 7 пайыздық өсіммен лиззинкке техника алуға мүмкіндік беруін сұрап жүргенін айтпады. Ал мұндай ескі техникамен еңбек өнімділігі ешқашан артпайтыны белгілі. Бұл өз кезегінде өнімнің азаюына, өзіндік құнының артуына да әсер ететін фактор. 

Тұқымды субсидиялауға 11,4 миллиард теңге қарастырылған

Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша тұқым құю жоспары 100 пайызға жүзеге асырылған. Фермерлер 2,4 миллион тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырған. Сараптамаға 1,4 миллион тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түскен. Тексерілген тұқым көлемінің 99,7 пайызы кондицияланған деп танылған, 93,4 пайызы себу стандартының 1 және 2 кластарына сәйкестелген. Сондай-ақ өңірлердегі қоймаларда тұқым қоры толық қалыптасқан. 2023 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 миллиард теңге қарастырылған. Алайда осы субсидияланған тұқымды шаруаларға тегін тарата ма әлде жеңілдетілген бағамен сата ма, осы арасы ашып айтылмады.
Бұл мәселе жөнінде Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университеті «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Бақытжан Сайкенов былай деді: – Қазір бізде нақты тұқым шаруашылығымен айналысып жатқан шаруашылықтар жоқтың қасы. Бұрын семхоз, элитсемхоз деген арнайы ғылыми-зерттеу институттар болатын. Оларды кезінде таратып жіберді. Бұл іспен жүйелі айналысып отырған ғалымдар жоқ.  Неге жоқ? Себебі селекциямен айналысатын ғалымдарымыздың жаңалықтарын толыққанды қаржыландырмайды. Мысалы, бір ғалым бір дақылмен үш жылға жоба ұтып, айналысып, жалғастыру үшін келесі үш жылға жобасын ұсынады, ұсынған жобасы өтпей қалса, арасында үзіліс болады. Ал жаңа  сорт шығару үшін үздіксіз 12 жыл кетеді. Жергілікті жерге бейімделген, аудандастырылған жоғары өнімді перспективті сорттардың аздығы тұқым шаруашылығын дамытуға кедергі келтіруде. Менің ойымша, мемлекет тарапынан өсімдік пен жануарлар селекциясын қолға алып, арнайы  мамандық ашу қажет, себебі,  осы мәселелермен шұғылданатын арнайы мамандандырылған білікті мамандар жетіспейді. Сондықтан мемлекет маман дайындаудан, ғалымдардың ғылыми жобаларынан, дихандарға берілген тұқымды субсидиялаудан қаржы аямауы қажет.

Табиғи тыңайтқыш пайдалы емес пе?

   Мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша соңғы 10 жылда алғаш рет тыңайтқыштар енгізу 667 мың тоннаға немесе ғылыми қажеттіліктің деңгейі 26 пайызға жетіпті. Биыл шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, оның 63 пайызы отандық тыңайтқыш­тарға (аммиак селитрасы мен аммофос) тиесілі. Бүгінгі таңда көктемгі егіс жұ­мыстарын жүргізу үшін шаруаларға 55 мың, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілген. Тыңайтқыштарды субсидиялау бағдар­ламасына жергілікті бюджеттерде 31,3 миллиард теңге қарастырылғанын айтты министр. 
–Биыл қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына 140 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды. Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Мәселен, желтоқсанда 794 ауыл шаруашылығы тауарын – өндірушілері 22,6 миллиард теңгеге, қаңтардан бері 564 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 17,1 миллиард теңгеге қаржыландырылды — деп мәлімдеді Е. Қарашөкеев.
Осы арада тағы сұрақ туындайды. Біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен  дихандар неге  аммиак селитрасы мен аммофос химиялық тыңайтқыштарын пайдалануға құмар? Шаруа қоралары маңында тау-тау болып малдың қиынан жиналған қарашірік үйіліп жатқанда бұлар миллиардтаған қаржыға химиялық тыңайтқышты неге алады? Әлде бұл субсидияланған қаржыдан жымқырудың бір жолы ма? Әйтпесе табиғи тыңайтқыш химиялық тыңайтқышқа қарағанда пайдалы емес пе. Мәселен, Алматы облысы Райымбек ауданы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Оралқұловтың айтуынша, олар 80-90 пайыз табиғи тыңайтқыш пайдаланады екен. Кеген ауданының диханшылары да 90 пайыз табиғи тыңайтқыш қолданатынын айтты. Жалпы бұл өңірлерде картоп пен мал азықтық арпа егіледі.
  Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 2 миллион гектарға жуық алқапта егін егу мен оны жинауды қамтамасыз ету үшін 3 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қамту жоспарланыпты. Бүгінгі таңда 123,6 миллиард теңгеге 3,4 мыңға жуық өтінім қабылданып, 71,7 миллиард теңгеден астам сомаға 1 669 өтінім мақұлданған. Сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы да қаржыландыру жалғасқан. Биыл Азық-түлік корпорациясы салаға 55 миллиард теңге бөлген. Оның 20 мил­лиард теңгесі форвардтық сатып алу бағдарламасы, ал 35 миллиард теңгесі тауарлық несие беру бойынша бағытталған. 
– Барлық проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін Министрлік жанынан барлық қажетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, Жедел штаб құрылды — деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Жеңілдетілген жанармай жете ме?

Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарына барлығы 413 мың тонна дизель отыны бөлінетінін жеткізді. Құны тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңгені құрайды.
–Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің операторлары шарттарға, өтінімдерге, төлемдерге қол қоюды аяқтағаннан кейін және Мұнай өңдеу зауытына вагон-цистерналар қойған соң Мұнай өңдеу зауыты дизель отынын тиеп-жөнелтуді бастауға дайын. Жалпы ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге арналған жоспар толық көлемде орындалуда. Бұл жұмыстардың барлығы Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының тұрақты бақылауында, — деді Б.Ақшолақов.
Оның айтуынша, көктемгі егіс жұмыс­тарын жүргізуге өңірлге 413 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға көп көрінеді. Биыл арзандатылған жанар-жағармай тек оңтүстік облыстарға ғана емес, солтүс­тіктегі астық егетін облыстарға да ақ­паннан бастап тиеп-жөнелтіле бастаған.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілер үшін дизель отынының қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:
– Ақпан-мамыр айларында дизель отыны біркелкі іріктеумен 2023 жылға ар­налған көктемгі егіс жұмыстарының графигі бекітілді;
– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отыны үшін жеке ПИН-кодтар алынды;
– Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіндегі Ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілердің дизель отыны үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының жеке виртуалды қоймасын құруы.
Мұнай өңдеу зауытынан ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерге дейін дизель отынын жеткізу құнын оператор дербес айқындайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулер негізінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау қағидаларының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынының көлемін қалыптастыру және бөлу тәртібінің жобасын әзірлеуде.

140 миллиард теңге диханға жетсе болды...

Айтпақшы, Үкіметтің жеңілдетілген бағамен бөлген жанармайы Алматы облысының диханшыларына литріне 202 теңгеден сатылып жатыр екен. Үкімет белгілеген 184 теңгеге ауылға жеткенше 18 теңге қосылып кеткен. Мұның қаншалықты заңды екенін құзырлы органдар тексеруі тиіс. Ал дизель отынының еркін саудадағы құны аймақтарда 220 теңге екен. Сонда екеуінің айырмасы 20 теңге болып тұр. Үкімет пен облыс әкімдерінің көктемгі егін егу, күзгі ору науқандарына 100 пайыз дайынбыз деген ақпаратының адалдығын күздегі нәтижелеріне қарап білетін боламыз. Жалпы егін егу мен ору науқанына дайындық үшін мемлекет тарапынан 140 миллиард теңге бөлген. Бұған қосымша облыстық, аудандық бюджеттен де қажетті қаражаттар бөлінетіні айтылды. Енді осы қаржылар шаруаларға жетіп, нәтижесін берсе болғаны. 

3639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы