• Cұхбаттар
  • 09 Наурыз, 2023

Қала қай тілде сөйлесе – сол тіл үстем

Белгілі журналист, «Ана тілі» газетінде қызмет еткен Дина Имамбайдың «Ұлт ісінде ұсақ-түйек жоқ» атты кітабы жарық көрді. Жинаққа қазақ тарихы, қазақтың тілі мен ділі, әдебиеті, ұлттық өнер мен мәдениет және басқа тақырыптарда «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттері, «Ақиқат», «Мәдениет», «Үркер» журналдары сынды республикалық басылымдарда жарық көрген мағыналы сұхбаттар мен тандаулы мақалалар топтастырылған. Жинақта жарияланған мақала-сұхбаттардың барлығының мәні мен мазмұны айналып келгенде ұлт тақырыбына келіп тоғысады. «Ұлт ісінде ұсақ-түйек жоқ» деп аталуы да сондықтан. Еліміз бен елдігіміз жөнінде ой туғызуға сәл де болса септігін тигізу ниетімен жарық көріп отырған бұл кітап авторы Дина Имамбаймен аз-кем тілдесіп, кітаптың мазмұны мен көтерген жүгіне тоқталдық...

– Дина, республикалық БАҚ-тарда қызмет еттіңіз. Мерзімді басылымның бүгінгі көтерген жүгі қандай? 
– Уақыт тынысын, адам мен қоғам тіршілігін қалт жібермей аңдап, мемлекет пен халық арасын­дағы алтын көпірге айналған мер­зімді басылымдар көкейтесті мәсе­лелерді қозғап, шешімін табуына ыкпал етуімен, қо­ғамдық ой-пікір туғызуымен құнды. Соның ішінде дәстүрлі газеттер мен журналдардың жөні бөлек. Тасқа басылған таңбаны бүгінгі күнді бедерлеу ғана емес, болашаққа аманат деп ұғынған ежелгі халық ұрпағының заманауи газет-журналдарға айрықша ықылас танытуы тегін емес. Адам атаулы қоғамнан, елдік құрылымнан тыс тұра алмайды. Ұлт пен мемлекет – бір ұғым. Ұлттық мемлекеттің дамуы жергілікті ұлттың мақсат-мүд­десімен біртұтас. Ұлттық мүдде, мемлекетшілдік идеясын көтеруде баспасөздің ролі жоғары. Ақпарат­тық қана емес, ағартушылық сипатымен ерекшеленетін қазақ баспасөзі әрдайым қоғамның ой-санасын кө­теруге қызмет етіп келеді. Соның ішінде ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде мерзімді басылым­да­рымыздың үлесі айрықша. Бұл ұлттық баспасөздің ерекше миссиясы болып қала беретіні анық.
Біз де қазақ баспасөзінің гүлденген дәуірінде газет-журнал мен кітапты басына жастанып оқыған буынның біріміз. Кейін келе ұлттық басылымдарда қызмет ету бақыты бұйырды. Тәуелсіздіктен бергі дәстүрлі басы­лым­дардың ішінде орны оқшау, әрі жас журналистердің ұстаханасы іспетті «Ана тілі» ұлт газетінде басталған тілшілік қызметіміз бүгінде «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналында жалғасып жатыр.
– Мемлекеттік тіл туралы мәселені көптеп көтеріп келесіз. Тіл дамуы үшін, мемлекеттік тіл аясы кеңеюі үшін не істемек керек?
– Кез келген тілдің маңыздылығы, бәсекеге қабілеттілігі – оның бар­лық саладағы қолданыс аясымен бағаланатыны мәлім. Қолданыс аясы неғұрлым кең болған сайын, тілдің де өміршеңдігі артып, қажеттілігі күшейе түседі. Бұл – заңдылық. Мәселен, бүгінде дүниежүзінде қолданылатын ағылшын тілі туралы көпшіліктің пікірі осындай. Иә, тіл заман ағымына қарай жаңарып, үздіксіз дамып отыратын үдеріс екенін ескерсек, оның дамуына сер­пін беретін салаларды да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Олар – экономика, қаржы салалары. Өйткені мұнда да қордаланған мәселелер аз емес.
– Қазақтың жаны – далада десек те, заман ағымына сай қаладағы қазақтың да көбейгені маңызды. Осы тақырыпта да біраз уақыт ізденгеніңіз бар еді...
– Қаланың дамуы – мемлекет да­муының бір өлшемі. Қала – қоғам­ның түрлі салалары мен адами капитал шоғырланған орта, ол елдің экономикалық өсіміне тікелей ықпал етеді. Өркениет те, ғылым мен білім де қалада қалыптасып, дамиды. Сая-си шешімдер қалада қабылданады. Қала қай тілде сөйлесе бүкіл ел бойын­ша сол тіл үстем. Осы тұрғыдан келсек, қазақ қоғамының түйткілді мәселелерінің дені қазақтың қала­лану-кенттену деңгейіне соқпай кетпейтіні анық. Сондықтан Қазақ­стандағы урбанизация деңгейі неге төмен, қазақтың монолитті қалалық ұлт болып қалыптасуы неге баяу, жалпы қаладағы қазақ факторы және біз, қазақтар, неліктен ауылды аңсай береміз деген сауалдар ұлт мүддесі тұрғысынан өте өзекті.
– Бір мақалаңызда жалғыздық фе­номенін талдап, жіліктеп берген екенсіз. Оны да біздің «Ана тілі» оқыр­ман­дарына таныстырып өтсеңіз.
– Айталық, философия ғылым жалғыздық сезімінің бастауына, оның тереңде жатқан болмыстық және рухани негізіне үңіледі. Мұнда оның төрт өлшемі, бейнесі көрсетіледі. Космостық, мәдени, әлеу­­меттік, тұлға аралық жалғыздық. Ғарыштық жалғыздық – адамның әлемнен, ғаламнан, табиғаттан алшақ­­тауын сезінуі, оның «өмірлік бағдар­ламасының» іске аспауы, оны қоғамның елемеуі, өз ізін қалдырмауы жайлы ойлар мазалайтын рухани хәл. Мәдени жалғыздық – индивидтің өзі өмір сүріп отырған нақты мәдени орта жөніндегі құндылықтары, идеалдары, түсініктерінің айналадағы адамдардан қолдау таппауы. Қоршаған ортамен, адамдармен тіл табыса алмауы. Оған, бәлки, басқа жақтан қоныс аударып келуі, қоғамның өзгеруі (төңкеріс, реформалар), әке мен бала жанжалы, ескі мен жаңаның күресі себеп ботлуы мүмкін. Не болмаса жеке тұлғаның интеллектуалдық деңгейінің жылдап дамып кетуі, өзгелерден оқ бойы озық болуы, сөйтіп, жақын адамдармен тіл табыса алмауы да әсер етеді (Мартин Иден синдромы). Әлеуметтік жалғыздық – адамның қандай да бір топтан шығып қалғанын сезінуі немесе топқа кіре алмауы. Мысалы, жұмыстан шығу, зейнетке шығу, командадан шығып қалу, қуғын-сүргін көру, жаңа ортаның қабылдамауы, т.б,. Әлеуметтік жалғыздыққа, әсересе балалар мен қарттар тез ұшырағыш келеді. Философиялық мағынадағы жалғыздық феноменінің келесі түрі – тұлғааралық жалғыздық – адамның басқа бір нақты, жалғыз және қай­та­ланбас тұлғамен (туысы, досы, сүйікті адамы) рухани байланысының жетіс­пеушілігі немесе оны жоғалтып алғанын сезінуі.
Иә, адам жалғыз туады, жалғыз өледі, ой-пікірі, сезімі, шешім қабылдауы – өзіне ғана тән, сол үшін де ол жалғыз. Әрқайсымыздың сырт көзден таса, ешкім білмейтін жеке әлеміміз бар. Ол біздің жанымыздың тым терең түпкірінде жасырынып жатыр. Кей-кейде өзіңмен-өзің оңаша қалып, сол түпкірге үңілгенді ұнатамыз. Бірақ бәрібір де, адам толық жалғыздық жағдайында өмір сүре алмайды, ол – қоғамдық жаратылыс иесі. Достық, махаббат, қарым-қатынас іспетті қоғамдық өмірдің басты құндылықтары адам өмірінің мән-мағынасын құрайды. Адам өзінің әлеуметтік-табиғи тілектеріне орай ұжымда, қауымда өмір сүруге ұмтылады, оның іс-әрекеті мен санасы соған сәйкестенеді. Бұл қоғам үшін де пайдалы. Ал жалғыздық феноменінің мәніне терең бойлау, түсіну оның жағымды жағын қабылдап, теріс салдарын жоюға, жалғызбасты күн кешудің әдетке, өмір салтына айналып кетпеуіне ықпал етеді. 
– Әңгімеңізге рақмет! Кіта­быңыз­дың оқырманы көп болсын. 

Әңгімелескен 
Назгүл БЕЙСЕМБАЕВА  

 

1824 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы