• Ақпарат
  • 30 Наурыз, 2023

Сен тастап кеткен теңізге үнсіз қадалып, бір адам отыр жағада...

Әкбер Гошалы – түбі бір түркінің бір жұрты Әзербайжан елінің шайыры. Арқауын Алтайдан, тамырын Тұраннан іздейтін бауырлас ақынның біз ұсынып отырған жырларын қазақтың белгілі жас ақындары тәржімалады. Тілі бір түркі халықтарына есімі танылып қалған Әкбер Гошалы қазақ әдебиетін насихаттауға қосқан үлесі үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен де марапатталған еді. Ойшыл, сыршыл ақынның жаңа жырларын қабыл алыңыз, қадірлі оқырман!


Ең жаңа әндер де,
Ең ескі ақпар да
Ойыңды тірілтіп,
Отыңды сақтар ма?
Ақпенен ойнайсың,
Ақ киім киесің,
Ай ма аппақ...? 
Білмедім 
Киімнің иесін.
Көйлегің төгілген 
Қыз ба, әлде келін бе ең? 
Келін бе ең, сен онда көзге ілме,
Қыз болсаң сен мүлде сездірме,
Мені егер ұнатсаң, демегін әлдене, 
Мені егер сүймесең бір ауыз ләм деме.
Белгісіз еркіңде қала бер, ақ киім,
Белгісіз кейпіңде қала бер, шаттығым,
Осынау кірлеген бар дүние,
Кімге кең, кімдерге тар дүние
Дәл сендей сақтаса болғаны ақтығын. 

Аударған Сағыныш Намазшамова


Үш дос болдық, Үшеу болдық қайда да.
Әлдекімді сүйеуге
Бірі – шығып кетті үнсіз күйеуге,
Бірі – жатыр молада.
Жалғыз басым қалып қойды қаймана.
Олар енді кері қайтпас қайт десе,
Жол жүруден шаршаған ғой
Кетпес еді әйтпесе...
***
Жазығы жоқ сенде күйген еріндер,
Жазығы жоқ сені сүйген еріндер,
Мас болған соң махаббаттың буына
Саттым оны ащы теңіз суына
Ол көзімнен жас боп ақты тамшылап,
Жүрегімде тұтанды бір шамшырақ.
Өмір сүру мүмкін бе осы өштеспей?
Ұмытты деп ойлай көрме сен оны
Махаббаттың дәмі қалды өшпестей...
Аударған Танакөз Толқынқызы


Бейнеңде бір күлкі тұрақтап,
Алдыңнан тосқандай гүл аппақ,
Жан тәнім оқыстан дір етті,
Бір үміт тербеді жүректі.
Тұтқындай арбалдым тағдырға,
Қимастық екпінін үдетті. 

Қандай мұң?
Жүрекке гүл еккен,
Қол бұлғап тұрған кім түнектен?
Мен мұны Тәңірден тілеп пе ем?
Мінәжет еткен кім? 
Дұғадан, тілектен...

Өзіңді көрдім де,
Ғайыптан оралдым,
Күлкіге, шаттыққа тоналдым.
Бейкүнә бір мұңмен үндестім,
Бейкүнә бір сырмен жоғалдым.
Жалғыз ақ, білерім, бір анық.
Мен сенсіз ғұмырды доғардым. 

Аударған Толқын Қабылша 


Мен жас бұлтпын

Көктен жауған жаңбырдыңда,
Жаны бар, һәм қаны бар.
Ессіз арман – тағдырдың да,
Жаңбыр болар жөні бар.

Найзағай ол – бұлттар биі,
Тамшы болып мен ауаға құладым.
Махаббаттың тәтті күйі,
Бойымды өртеп, ұнады.

Жап-жас бұлтпын, әлі де мен,
Жаңбыр болу – соңғы дем.
Өзім – көзбін мөлдіреген,
Мөлдіреген өмір ем!
 
Жүрегіңе жерленем

Кеберсінген еріндерім,
Махаббатқа шөлдеген.
Ал махаббат тасқа біткен,
Көктен түскен гүл дер ем.
Мендік мекен басқа жақта,
Сенің жақын досыңмын.
Махаббатпен тас табытқа,
Өмір болып ашылдым.

Өлсем өлем сеніменен,
Құдай мені кешірсін!
Тек сұранам,
Махаббатым өлмесін!
Ал мүрдемді ғашық қыздың,
Жүрегіне жерлесін!

Аударған Асылзат Арыстанбек


Карантин кезеңінің бесінші өлеңі
(Жан досым Эльчин Манафқа)

Бұлақтар, бұлақтар,
Суы мол бұлақтар,
Сіз оны ішпейсіз бірақ та.

Ағаштар, ағаштар,
Мәуелі ағаштар, 
Жемісін жемейсіз, жапырағын термейсіз.

Ах, Күн,
Ах, Күн, 
Тоңдырып, суытасың, 
Қашан бізді нұрыңмен жылытасың?

Гүлдер, гүлдер,
Қайда исің, жұпарың,
Қашан мен, кеудені керіп бір?
Иісіңді құмарта жұтамын. 

Жаңбыры жаумайтын бұлттар,
Төбеден төгеді сұрақтар. 
Күркіріңді кім естіп,
Сұқытыңды кім байқап, кім ақтар?..

Сәттерді ең қимас өткеріп, 
Отырмын, өмірімді көп көріп... 

Аударған Олжас Қасым


Бұл – сенің көздерің,
Бұл – сенің сөздерің,
Бұл сенсің – Өзге кім?
Сен жайлы айтылған шындықтар бірақ та,
Көп алшақ,
О, сенен,
сезгенім.
 
***
Жолға серік,
Жолға мендік жолдас жан,
Жолдар – дұға,
Жолдар – тарих,
Жол – дастан.
Аяқтарым – шежіресін жазушы
сол жолдардың шаң басқан.

***
Бейкүнә ерініңді
Сонда өпкен еріндерім, 
Дәмге өзге сатып кетті...
Көз жасым татып кетті...
Бейкүнә ерініңді
Сонда өпкен еріндерім...

Махаббат дәмін жұмақ,
Ұмытқан жоқпын бірақ.

Аударған Мирас Асан


Біз

Жан достар едік,
Үйленіп ұзады бірі
Ал бірі кеткен-ді тауға.
Қалдым мен жалғыз.
Кету де ауыр,
көпірі қираған жанға...
***
Хош нұрды өзіңе жөнелтем,
сұр түні келіңіз таңертең.
Әріден әңгіме басталық,
Кел, тағы,
келсеңші,
кел, еркем...
***
Жөнелтсем бос хабарламаны,
Ол үнсіз «жан» дейтін әманда.
Бұл жанды кімдерге қалдырдың, күнім.
Бір жансыз телефон
Жан беріп тұратын ғаламға,
Көзімді талдырдың, күнім...

Аударған Батырхан Сәрсенхан


КЕЛГЕН ЖОҚ

Дирижермін осы түнге, үні мұң,
Түн өткенмен таң атпады түңілдім.
Құлақ түріп көзімді алмай жүгірдім,
Нені күттім сол күткенім келмеді…

Қайда бастап, қайдан бітер бұл өмір?
Бір өмірде мәңгі шексіз бір өмір.
Қара сия, әппақ парақ – жыр-өмір:
Толғанымен, ол бәрібір келмеді…

Кеше үнсіз, бүгін өлдім, ертең бе…
«бүгін» де емес, «кеше» де емес, 
«ертең» не?
Мейрамы аз, көп айларым келте ме, 
Қаралы көш: ұзап кетті, келмеді…

Дирижермін осы түнге, үні мұң,
Түн өткенмен таң атпады түңілдім,
Менен басқа ешкім оны білген жоқ,
Құдай өзі жіберді.
Мүмкін келер... келген жоқ.

Аударған Гүлбақыт Қасен


Өлең жазамыз…
Әлирза Хасратқа

Ең жақын жанды сағыну ғажап,
Болмайды мүлде мазаңыз.
Таба алмай іздеп сабылу азап,
Сол кезде өлең жазамыз…

Жабыққан сәтте өлең жазамыз,
Өлең жазамыз күйдіріп.
Құлазып, толқып, елең боламыз,
Жүрегі барды сүйдіріп…

Алепподан үмітіміз бар,
Өмір – дегенің ой шары…
Менің Хасрат деген досым бар,
Ол поэзияны аңсады...

...Ең жақын жанды сағыну ғажап,
Болмайды мүлде мазаңыз.
Таба алмай іздеп сабылу азап,
Сол кезде өлең жазамыз…

Аударған Ербол Бейілхан


ЕШТЕҢЕ ДЕМЕЙМІН…

Кәпір де емес, пір де емес,
Екеу де емес, бір де емес.
Әкбер деген атым бар,
Болдым адал кімге дос?

Хан болмадым он төртте,
Не кешпедім, не кештім?
Дүниеге уақытымнан ерте кеп,
Жазмышыммен егестім.
Гүлдей ғұмыр өткергенім болмаса,
Мен қара тас емеспін!

Адамзат та білмейді оның себебін,
Жұмақ көрдім, жәннәт көрдім демедім.
Мына соқпақ мені қайда апарар?
Адассам да жолды тауып келемін.

Аударған Айзада Рахымжанова


Қар жауған түн

Қыс. 
Қар. 
Түн. 
Қолымда өлең кітабы. 
Пеште құрғаған емен бұтағы жануда.
Тимьян шайының хош иісі де жетеді екен
Есіңнен тануға.

Көрші бөлмедегі қыз мен сияқты ояу,
Фортепианода ойнайды ол шерлі әуен баяу. 
Тоқтап тұрғандай уақыт.

Бірақ біз қаламасақ та
Бір-ақ сәтте таң атады. 

Аударған Арайлым Мұраталиева


Бауырым

Хош күнімді көрмедің,
Өлсем көрерсің, бауыр.
Маған үй сап бермедің,
Өлсем көмерсің, бауыр.

Жүректе от қалмады,
Жазылған соң жұбым.    
Жанымыз жаз болмады,
Күз болмады күзім. 

Жатсақ та бір құрсақта,
Бір болмайды қабір.
Бір әкеден тусақ та,
Бірге емеспіз қазір.

Маған үй сап бермедің,
Өлсем көмерсің, бауыр.
Мен өлімді көрмедім,
Соңымнан келерсің, бауыр. 

Қысым суық мұздан,
Оттан ыстық жазым.
Мың құбылып тұрған,
Секілді өмір сағым.

Соқса да сан дауыл,
Ажыратпай ірге,
Жүрсе ғой бар бауыр,
Тізе қосып бірге. 

Деп ем қызық көрсем,
Ол жоқ екен, бауыр.
Сенен бұрын өлсем,
Сені көму ауыр...

Аударған Арман Шеризат


Тойламадым еш мейрамды. Көңіл баяғы.
Жыл мезгілдері – өмір үтірлері,
Нүктесін Тәңір қояды.
Өмірдің көбі – өткен күн...
Мен сені сүйіп үлгердім,
Тағдырымдағы жалғыз леп белгім!..

***
Алақандарда дуылдаған алқызыл қошемет оты да басылды.
Басылды бәрі. 
Шаттық та жүзін жасырды.
Осындай туған күн бола ма?!.
Ақтарыл,
ақтарма,
мен күткен сөзді ешкім айтпады,
қарап отырмын,
жүрегінің түбінде сақтаған сөзі жоқтарға – 
шынайы бір сөзі...

Аударған Ерлан Жүніс


Кеберсіп ерні, жүздері,
Жоғалған күлкі (шаттық) іздері.
Көрдім де бойым қалшылдап,
Жүрегім менен жан сыздап,
Босқындар қалашығында...
Тұз қатып қарашығымда,
Таңдайым кеуіп шөл кештім.
Бақытсыздықтан баз кешіп,
Жыламасын бұлай енді ешкім...!

Аударған Әйгерім Тұрлықожа


Өмір 

Бұл әлем түнекке айналар,
Көңілім қарайған шақтарда·
Ойларым Шушаға байланар,
«Қарғалдақ гүлдесін ақ қарда».

Таулардың қалдырмай ешбірін,
Жүректің төріне көшірдім.
Кеудеме құйдым да өксігін,
Күнәнің барлығын кешірдім.

Ал енді менде тек шындық бар,
Күрсінді-ау, сана құр!
Қайтейін, күйретті, сұмдықтар –
Жұмыс, сен бара тұр …

 Аударған Әмина Адайхан


Қуана алсам тәубе қылып Тәңірге,
Кеудемді мұң тәрк етпесе әлі де:
Мен біреуді сүйе аларым – ақиқат,
Маған да ынтық жан бар шығар пәниде.

Кешірімге тізе бүгіп күнәсі,
Кеппей беттен ұят-ардың сиясы,
Әлем-жәлем боямаған әлпетін
Болса кеудем мейірімнің ұясы.
Жадым шертіп жылнамасын ескінің,
Ертең жайлы қиял қусам кешқұрым.
Көз шіркін де көре берсе көрместі,
Амал қанша, мойынсұна ес жидым. 

Жақсы екен ғой жан бары да өкпелі,  
Сендік мейір тастамасын тек мені. 
Мен біреуге қажет болсам, о, Тәңір,
Сүйген құлың қатарынан ет мені!

Аударған Жанаргүл Қадырова


СҰР ӨЛЕҢ

Сұрланған көкжиек пен,
Сұрланған аспанның астында,
Сұрланып суықтан, 
Сұр жігіт қасқайып тасқынға,
Жауына сұрлана қарап,
Айналып кеткенін қасқырға,
Сездің бе?

***
Жер –
Алапат күнде жалау ұстағандардың,
Баттиған әжім басқан сұсты адамдардың,
Аршын-аршын аттаған күс табандардың,
Астында дамылдар.

Жер кімдікі, көр дедік,
Жалау қадап,
Шейіттерімізді жерледік. 
Ұлтымыздың ұлық мекені,
Мүрделерімізбен мөрленіп…
***
Сенімен қоштасқан соң,
Өлдім,
Көзіме сені сақтап...
Айнаға қарасам, көрдім,
Келбетіңді айдай әппақ.
Тіріліп бейнең, дір етті жаным,
Көзіме қамау төзімге сын.
Жазғыр да, жалын, 
Жазғырма, жаным,
Сен бәрібір көзімдесің!

Аударған Жанат Жаңқашұлы


ОРАЗ ЯГМУР

Түркіменде бір ақын бар,
Оның аты Ораз Ягмур.
Жанарынан от шашырап, 
Тарады аты Ораз Ягмур.

Күндей ыстық мейірімі,
Жыры алапат, нөсер Ягмур
Ұлты үшін жан пида деп
Қан мен терді кешер Ягмур.

Кезіп күллі Тұран жерін,
Теңіз табар шөлден де Ягмур.
Ең аяулы оқырманын,
Өлеңімен тербеуде Ягмур.

Ұмытылар жеңіл сөздер,
Ұмытылмас мәңгі Ягмур.
Өлмейтұғын өлеңімен
Жүректерде қалды Ягмур.
Аударған Олжас Сәндібек

 
Жолданбаған сәлемім бар

Жолданбаған, айтпаған сәлемім бар,
Көргендерім көзімнен бұлбұл ұшқан.
Адамым бар, періште әлемім бар,
Тіл, көзі бар мендегі сырды ұғысқан.

Жүрегінен жаралы жан сірә бар,
Сезіміне жүретін бағына алмай.
Махаббатта болса да антына адал.
Мен сол қызды келемін сағына алмай.

Жүре берсең шаршайсың дейді маған,
Осылай-ақ болады қартаюға.
Жынды жеңер арманмен бейкүнә адам, 
Уа,Тәңірім, көңіл бер марқаюға...

Аударған Жангелді Немеребай


Бір сәттік сезім

Ескі құлыпты шайқайды
Ышқынған жел жалаңдап.
Сұрай ма есік алаңдап:
Кілт қайда, құлып, не болмақ?
Өзіме керек күндердің
Тек қана бірін сақтадым.
Әр жылдың сол күні мен
Бетіме қарауға батпадым...
***
Сынып қалма, тентіреп,
Ғашық бол да жайраңдап өт,
Кінәсізге айнал да кет!

Иілме де, бүгілме де,
Туған жерге тағзым ет. 
Гүлін сүй де жөнел, кет!
(Гүлдеу үшін жан-жүрек).

Есте сақтап, есіңе алма,
Жусанды ауа демін жұт кеп,
Бір Аллаға назар тік, кет!
Соны өмірге мазмұн ет!

Аударған Жәнібек Әлиман


 Жаңбыр жауды — әлем нұрға боялды, 
Тап-таза боп көк, жер, жан да оянды. 
Көкірегімде гүл арманым жайқалып, 
Зау аспанға күлтелерін жая алды. 

Жаңбыр жауды...
Мұнда бәрі біткендей, 
Тұман жайлап...
Оны біреу күткендей. 
Жапырақтың көз жасына тамды ма? 
Махаббаттай жаңбыр, ерте көктемдей. 
Жаңбыр жуып өте ала ма күнәні, 
Бес күн жалған таусылар ма сынағы?! 
Ғаламшарды Құдай баққа ораған, 
Әр тамшыдан дауыс шығып тұрады.

Аударған: Жұлдыз Бейсек


Перінің қызы,
Несіне шықтың теңізден?
Көкпеңбек көзді,
Тұңғиықпенен егіз бе ең?!
Әлдилеп баққан анаң еді ғой көк теңіз,
Дауылда төсін емізген.
Жағаны ұрып, жылады толқын сені іздеп,
Із-түзсіз сіңіп кете барды ол да теңізге...

Көкпеңбек сенің
көзіңе жіпсіз байландым,
Жер-жаһанымның Ханшайымына айналдың.
Теңіздей дүлей мінезіңе де таңғалдым,
Бірақ та... бірақ бас тарта да алмай қалғанмын.

Білмеймін, неге, От-Суға ынтық... 
(әні бір)
Жоқ, әлде сен де теңізден шықтым демесең,
Негізің – От қой, бәрібір...
Перінің қызы, мен сені жақсы көрмес ем,
Жағаға шығып, соңымнан егер ермесең.

Жерсінді дедім, еріп те келген жеріңді,
Күрсіндім не күн сүйе алмай көбік ерінді...
Жақындап маған, қол созым ғана қалғанда
Көзіңнен кенет меруерт моншақ төгілді.
Қабырғам менің сөгілді...

Жердің ұлымын!
Адамзат – ныспым,
Пері емен.
Перінің қызын сүйіп қалғанмын неге мен?
Перінің қызы адам болмайды, ұққаным.
Мен сені неге теңізден алып шыққанмын?
Мен сенің неге қанаттарыңды қырыққанмын?!

Көкпеңбек көзді перизатымның 
жамалы-ай!
Жүрмісің іздеп – Өзіңді,
Қара жерден де,
Көк теңізден де таба алмай?!

«О, Жердің ұлы!
«Перінің қызы» деме сен.
Мен шырқау көкке ұшар ем,
Қанатымнан сен демесең...
Перінің қызы емес ем!
Өмірлік сабақ боп келген,
Перизат пішін елес ем...»

Перінің қызы!
Қара жерден де,
Көк теңізден де емес-ау,
Өзіңнен-өзің қашасың!
Жүрегіңдегі бүр жарған гүлді өлтіріп,
Басқа өмірге есік ашасың.
«Махаббат» атап осынау тылсым ойынды,
Бересің дағы, аласың.
Мына мені де өлтіріп кетіп барасың...

Бұл неткен ғажап!
Не деген сиқыр, о, Алла!
Сен тастап кеткен теңізге үнсіз қадалып,
Бір адам отыр жағада.
Жыр жазбайды енді ол...
Қауырсын қалам үп етпес.
Қармағы судан бос шығар,
Сен де келмейсің...
Түк етпес.

Толқыннан туған жаңа бір толқын тепкілеп,
Жағаны ұрар...
Түседі еске ескі леп...
Отыр ол адам, толқын ішінен тағы бір
Перінің қызы шыға келмесе деп тілеп...

Аударған Нәзира Бердалы

4170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы