• Әдебиет
  • 13 Сәуір, 2011

«Гүлнәр қыз»

Белгілі жыршы Н.Нысанбайұлы жырлаған бұл дастанның сюжеті әйгілі «Тотынамадан» алынған. Ә.Қоңыратбаев көрсеткендей, Е.Бертельс аудармасы бойынша 36 түнде айтылатын бұл әңгіме «Брахман мен Бабыл патшасының қызы һәм сиқыршының әрекетімен олардың қосылуы жайындағы әңгіме» деп аталады, ал Қытайда араб әрпімен қазақ тілінде басылып шыққан «Тотынама» жинағында бұл әңгіме 55 түнде айтылады. Ол «Ғалатнама атты брахманның әңгімесі» деп аталады. «Тотынамада» оқиға Ғалатнама деген брахманның Бабыл патшасының жалғыз қызына ғашық болғаны, олардың сиқыршы кемпірдің арқасында мұраттарына жеткені туралы қысқаша баяндалған. Ғалатнама мен Гүлнәр бір-біріне бір көрген сәттен-ақ ғашық болады. Білгір Дәніш пен сиқыршы кемпірдің арқасында сүйгеніне қолы жетеді. Бұл сюжетке Н.Нысанбайұлы біраз эпизодтар қоса отырып, көлемді дастанға айналдырған. Көмекші Дәніш бейнесі, сиқыршы кемпірдің ақылымен екі жастың ғажайып үй тұрғызып, қыз әкесін қонаққа шақыруы, жеген асынан патша қызы Гүлнәрдан басқа ешкім дайындай алмайтын дәмді байқауы, екі баладан күдіктенуі, күдігі расқа айналған патша Ғалатнама мен Гүлнәрға кешірім беруі, уәдесі бойынша Ғалатнаманы тағына отырғызуы сияқты эпизодтар «Тотынамада» кездеспейді және онда қыз есімі аталмайды. Қыздың есімін жырлаушы өз жанынан қосқан. Бабыл қаласы дастанда Дабыл деп берілген. Дастанның тағы бір ерекшелігі – кейіпкер өз ойын білдіру үшін мысалдарды қолдануы. Мысалы, Ғалатнаманың өзін білдіру үшін бақа мен тышқанды мысалға алуы немесе бақашы құс туралы патшаға әңгімелеуі. «Гүлнәр қыз» дастаны жыр үлгісінде қарасөз араластыра жырланған. Көлемі – 2641 жол. Қолжазбаны 1947 жылы ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылардың бірі Қысыраубек Амантаев тапсырған. Мәтінде араб, парсы, өзбек, орыс сөздерімен қатар жергілікті диалект сөздер кеңінен қолданылған. Төменде жырдан үзінді беріліп отыр. Ж.Салтақова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері

Үш дастан бұрын шығардым, Айтайын оны мен енді. Біреуі – “Шынның патшасы”, Екінші – “Аяр” деген-ді. Үшіншіде – “Тотынама”, Қолға алдым осы өлеңді. Осы сөзді бастадым Қылмаққа сөзін шеберлі. Өлеңге жаман өшіктім, Қолға алдым мен мұны енді. Ілімді Құдай берген соң, Шашайын халыққа өнерді. Сөз қылайын азғана “Ғалат, Гүлнәр” дегенді. Пенденің ризық несібін Құдайдың өзі береді. Баршаға қамқор бір Құдай, Құдіреті шебер-ді. Айтайын “Ғалат, Гүлнәрді”, Басқаның не керегі. Жас келді елу екіге, Сөзімнің шықты кетігі. Айтқанменен келмейді, Бұрынғы сөздің ұраны-ай. Жат қылалық Құданы-ай, Өлеңнің түстім соңына, Ешкімнің сөзін бұза алмай. Басқа жағын келтіріп, Айтайын сөзді ұзамай. Жанары кеміп көзімнің, Әйнексіз қалдым сыза алмай. Сарсүйек болып қалыппын, Жатырмын әлі тұра алмай. Тыңлап отыр, жақсылар, Айтайын бастап мынаны-ай. Заманда өткен ілгері, Бір сұлу жігіт бар екен, Келіскен сипат түрлері. Жалқаулықпен жатады, Жұмыссыз күндіз-түндері. Құранды, аз ғылым оқыған, Жақсы әлім молла өзі. Құдіреті күшті бір Құдай, Әр күйге салар пендені. Ешбір жұмыс қылмайды, Тәкбір қылар Аллаға. Сермесең қылышы келеді, Ұсынған өзі кәллаға. Бір жаратқан Құдайым, Ризығын берер әммаға. Құдіретіне оңай-ды, Қиын жұмыс пендеге. Қамсыз өскен пенде емес, Тағы да дейміз әр неме. Күллі жанды жануар, Ризығына Егем қарыздар. Жеткізіп тұрар дембе-дем, Себепші өзі Бір уа Бар. Шын ниетпен тілесең, Тарықтырмас Зұлжалал. Айламен қылсаң көп пайда, Ақыры болар іс залал. Аз дәулетке шайқалған, Ақыры болар құры зар. Көп нұсқада имамдар Қиямет жолдас демек-ті, Қылған екен бейзинһар, Қалыпта тұрмас адамзат, Ниеті демде бұзылар. Жаман болсын демейді, Әркімнің ұлы-қызы бар. Азапсыз жұмыс жоқ, Бұрынғылардың ісі бар, Пендеміз асы, күнәһар Дүние десе қызығар. Кітапта осы дерегі, “Еріншек молла” деуші еді, Аты Ғалат дер еді. Әзелде тағдыр жазғанды Себеппен пенде көреді. Өз елінде тұра алмай, Дүниесін құра алмай, Бет алдына жөнеді. Шаһардың жайын білмейтін, Жапанда жатқан ел еді. Айтқаны болмас адамның, Дегені болар Алланың. Неше дүркін жол жүріп, Азғана емес, мол жүріп, Дабылға жетіп келеді. Дабылда тұрған патшаның, Атын Қадым дер еді. Бір ұл, жалғыз қызы бар Алдындағы көдегі. Шыққан екен сейілге, Қарсы келді о да енді. Бірін-бірі байқады, Қарама-қарсы кеп еді. Амандасып тұрысып, Бірін-бірі көреді. – Амансыз ба, мырза! – деп, Қолының ұшын береді. “Сіз-бізбенен” әр сөздің Өтіп жатыр кезегі. Жүректің қылы қимылдап Балқытып барад денені. Шаһ қызы көзі көрмеген Ол сықылды баланы. Ғалатқа жүзін туралап Гүлнәрдың айтқан өлеңі. – Тыңдасаң, менің айтар арызым бар, Сөзді ұғынып жүзіме назарың сал. Бұл шаһар адамына ұқсамайсыз, Сен маған нәсіліңді қылғын изһар. Бәріміз адамзаттың баласымыз, Сұрамақ әл-жайды болмайды ар. Бұ жердің адамына ұқсамайсыз, Кеп тұрсың, көкем, қай шаһардан? Көрінген иә болмаса көрімбісің, Гөһ Қаптан мұнда келген перімісің? Қауіптің, иә қуаныштың бірі боп тұр, Көзіме әжеп қайран көрінесің. Өз атым Гүлнәр сұлу, хан қызымын, Ерке өскен Қадымшаның жалғызымын. Мен жеке, Құдай жалғыз, салтаң жүрмін, Шаһардың күйеуі бар бар қызының. Адамдар сөз салдырды, тигенім жоқ, Падиша, бек, уәзір, ханның ұлын. Олардың ешбірін де қаламадым, Алынып табиғатым қалды бұрын. “Бір жігіт алыстан кеп жолығар” деп, Бір түсті көріп едім өткен түннен. Жаббар Хақ көз жасымды қабыл әйлап, Шырағым, кеп қалмаса менің мұным. Нетеді есіркесең, тұрмын жылап, Сөзімді қабыл көрсең, көңілің ұнап. Өзімнің өзгеге жоқ сыбағамсың, Құдайдан қатарым деп алдым сұрап. Көңілің шыныменен менде болса, Сабыр қып нағып, қалқам, тұрсың шыдап? Қайрылып екі ашық жар сөйлессе, Жарасар тең құрбыға күлмек, ойнап. Жолдасым, шаһарда ма, Дәштемісің, Пінһан қып кім жасырар ішкі сырын. Қасымда жақын тұрып қайрылмайсың, Бармай ма шын ашық жар тастап ісін. Мен көрген жан емессің бұрыннан-ақ, Гүлнәр деп келемісің іздеп сұрап. Гүлнәр қыз осыны айтты бойы балқып, Есі ауып түсіп қалды аттан құлап. Осылай деп ол Гүлнәр Аттан құлап қалады. Тұла бойын балқытты Ашықтықтың шарары. Тұла бойы мең-зең боп, Қалтырап кетіп барады. Соны көріп Ғалаттың Қалмады сабыр-қарары. Ентелей басып Гүлнәрдың Қасына жетіп барады. Мұның да босап мойыны, Әл-қуаты қалмады. Ғалатнама жетеді, Гүлнәрдың басын көтерді. Жүзіне түсіп назары Есінен бұл да кетеді. Қызметінде Гүлнәрдың Қырық қыз еді нөкері, Зембілге салып көтеріп, Сарайға алып кетеді. Қызды алып кетті сарайға, Ғалат қалды далада. Ол хор болса, бұл – пері, Танысуға екеуі Есі мен түсін білмеді. Сөз мәнісін ашпады, Болып кетті басқамен, Сол жерде Ғалатнаманың Бетін жауып тастады. Бұл хабарды білмеді Шаһар-дағы, Дәш-тағы. Бір кеш-күндіз өткенше Гүлнәр қыз көзін ашпады. Бұл енді тұрсын сонымен, Баудағы Ғалатнамадан Азырақ айтып тасталы. Орнынан тұрып ер Ғалат Ойланды енді қашқалы. Кетіп қалған қырық қыз, Ғалат жатыр шарбақта. Түн өтіп, күндіз боп еді, Қарады тұрып жан-жаққа. Қол жетсе таза алтынды Әркім де құмар алмаққа. Өзіне-өзі айтады: “Асы адамға алдатпа!” Ғалатнама тұрады, Жан-жаққа назар қылады. “Біреу мені байқар” деп, “Патшаға барып айтар” деп, Көңілінде болды күмәні. Түскен жоқ әлі есіне, Қауіп қылды көрген ісіне. Ақылынан айырылып, Шаһардың келді ішіне. Көшеде жүрді сандалып, Айтпады сырын кісіге. Сырласатын кісі жоқ, Танымайды ешкімді. Есалаң болды есірік, Айтпады сырын шешіліп. Бір шетке шығып серейіп, Жатып алды көсіліп. Шаршап талып жүрген жоқ, Жалқаулық – о да кесірлік. Жар бермейді мойыны Қимылдауға пұшпағы. Жоғалды деп көрген қыз Өзін-өзі қоштады. Алтын болмас қорғасын, Сұқтайды зергер мыс тағы. Құлай кетті көшеде, Жалқаулығы ұстады. Сұлап жатыр көшеде, Өзіне-өзі не етеді? Данышпан деген бір адам Қасына жақын келеді: – Ей, шырағым, жас бала, Қайдан жүрсің? – дер еді. Осылай деп қашықтан Қасына келіп жолықты. Әл-ахуалын сұрасып, Аз әңгіме болыпты. “Кесел ме әлде екен” деп, Нұсқасынан қорықты. Былайша деді ол адам: – Келесің қайсы қаладан, Сендей жігіт бұл жерде Көрінбеуші еді арадан. Көрмеуші ем сені шаһарда, Көріп тұрмын жаңадан. Қай тарапта ісіңіз, Саламат па жарқын ісіңіз. Жапа шеккен адамдай, Сарғайыпты түсіңіз. Беймажал бопты көңіліңіз, Қай жерден мұнда келдіңіз? Өліп қалған шығар деп, Қауіп етіп ек сені біз. Әлімше жәрдем қылайын, Баяндап жөнің беріңіз. Ғалатнама сол уақытта Көтеріп басын алады. Екі көзі алақтап, Жан-жағына қарады. Маддұғасын білдіріп, Көзінен жасы тарады: – Жүрген екен бір пері Сейіл қылып даланы. Мен де оған қарадым, Оның да түсті назары. Көзімнің оты тұтасты Көргендей болып шаланы. Атынан қалды жығылып, Ә дегенше болмады. Шоқтай боп ішім тұтасты, Ашықтықтың шарары. Өтемін Дәшті қалада, Нәсіп айдап кеп едім, Шаһар Дабыл қалаға. Дәштан сахат келіп ем, Бұл жерге келіп жолықтым Бұл сияқты жалаға. Сау едім бұрын келгенде, Жабысты осы арада. Шипа бар ма бұл дертке, Айналайын, жан аға. Оңбады ісім қырсығып, Айтайын сіздей данаға. Аға деп айтып жүрерміз, Оңланса ісім мүбәда...

3281 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8784

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7074

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4817

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4203

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4165

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4126

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3856

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы