• Ақпарат
  • 08 Маусым, 2023

Бозаң дала, боз жусан...

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Қазақтың ғана емес, адамзаттың мәңгі өшпес жадындағы тұлғалар қатарында тұрған Бейбарыс сұлтанның қайраткерлік, баһадүр, қолбасшы, сұлтан, байтақ әлемнің билеушісі ретіндегі бітім-болмысы талай еңбекке арқау болғаны анық. Алайда бізді қыпшақ даласының перзенті есебіндегі Бейбарыс бейнесі баурай түсетіні несі? 

Ортағасырлық Ислам өр­ке­ниетінің тарихын ат тұяғымен жазған мәмлүк­тердің ең танымалы, «дүние мен діннің тірегі» атанған Бейбарыс баба Мысырдағы қалың пирамидалар арасында асқақтап тұрып та көзіне көрінбесе де, көңілінде қалып қойған бозаң даласына шексіз махаббатпен қарап, боз жусанын аңсамады деймісіз? Аңсады ғой, әрине. 
Демек, бізді перзент Бейбарыс бейнесінің баурайтын себебі де табылды: қай қиырда жүрсең де көңіліңнен бозаң дала мен боз жусанды мүлдем өшіре алмас, жұлып тастай да алмайтын мәңгілік сағыныш, мәңгілік перзенттік махаббат әр қазақтың жүрегін жылытады екен. Сондықтан да бізге бозаң даласын аңсаған, боз жусанын сағынған Бейбарыс бейнесі тым аяулы. Н.Жантөрин сомдаған Бейбарыс бейнесі де сол сағыныштың, перзенттік махаббаттың, туған жерге адалдықтың үлгісін көрсетіп еді. Кейінгі уақытта театрларда көріп жүрген Бейбарыс та сол мінезімен тым ыстық: «Уау, кең дүние! Есiгiң мен үшiн сағыныш боп ашылып едi. Сол сағыныш болып қайтадан жабылмаса қайтсiн?! Жайық деген ұлы дариям бар едi. Қыпшақ деген iргесi сетiнемеген қалың елiм бар едi. Сарайшықтай қалам бар едi, жұпар иiстi жусанды далам бар едi. Қос бұрымы төгiлген ару қызы қандай едi? Шараяқта бұрқыраған қымызы қандай едi?! Тасқа бiткен қарағайдай қияқты азаматын айтсаңшы. Иен да­лада дүбiр қаққан тұяқты қаза­натын айтсаңшы?!.» дейді Рахымжан Отарбаевтың Бейбарысы театр сахнасынан.
Алтын тақта отырып, алтын ыдыстан ас ішсе де кіндігінің қаны тамған туған жердің қадірін ұмытпау да бекзаттықтың бір өлшемі ме екен? Боз жусанын құшырлана иіскеп, айналасына елжірей қараған жан көрсек Бейбарыс сұлтанның мәңгілік сағынышы – туған жерге деген перзенттік махаббаты ойға қалай оралмасын. Ендеше Бейбарыс сұлтанның тойы – қыпшақ даласын қадірлеудің, сүюдің, ұлықтаудың да тойы екен-ау! 
 

 

 

7446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы