- Әдебиет
- 13 Сәуір, 2011
Ер тұлға. Бауыржан Момышұлының адамгершілік, азаматтық асыл қасиеттері хақында
Намысшылдық пен ар тазалығы Бауыржан – замандасы Мұхтар Әуезовті «тектілердің ұрпағы» дегеніндей, өзі де қарапайым тектілер отбасынан. Егер ұшқан ұясында халықтық өрнек-өнеге дәстүрін көрмей өссе, әйгілі панфиловшы-қолбасшы, мыңдаған жауынгерге «батя» (әке) атанған Момышұлы да болмас еді. Әкенің ақылы, ананың ақ сүтімен Бауыржан қанына сіңген қасиеттің бірі – намысшылдық пен ар тазалығы. Бір ғана мысал: Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің естелігінде былай делінеді: «Жауынгерлік ар-намысым менен осында, жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның аруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизия туының астында болуымды талап етеді. Егер мен бұл жерден кетіп қалсам, онда мені өлген солдаттарымның рухы қарғайтын болады! Мен солдатпын! Солдатша соғыса білуге де міндеттімін. Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар», – дейді Бауыржан комиссар Егоровқа... Олай дейтінім, сол жолы Бауыржан сөйлемесе, бәріміз: «Е, жоғарғы жақтың бұйрығы солай болса, онда не шара деп Алматыға аттанып кетсек, 8-ші гвардиялық дивизия бүкіл дүниежүзілік даңққа ие болар ма еді, болмас па еді? Әй, болмас еді деп ойлаймын. Панфилов 8-ші гвардиялық дивизияның даналығы болса, Бауыржан дивизияның ар-намысы болды. Панфилов дивизияның жүрегіндегі лаулаған оты болса, Бауыржан оның лапылдаған жалыны болды», – деп еске алады Мәлік Ғабдуллин. Ар тазалығының бір белгісі: әскери қызметтен босап, Алматыға келгеннен кейін даңқты қолбасшы «Мен майдангер полковникпін, Мәскеуді кеудемді төсеп қорғадым!» деп жайлы үй, жақсы қызмет сұрап, ешкімнің алдына барған жоқ; қайта белгілі журналист К.Қазыбаевқа: «арамызда Рейхстагқа алғаш ту тіккен батыр қазақ жігіті жүр Рақымжан Қошқарбаев деген, соны тауып алып жазыңдар» деп тапсырма беретіні бар. Момышұлының өмір бойы старшина Николай Рединнен бастап, әскери ұстаздары – Блюхерді, Панфиловты, Чистяковты, Серебряковты және басқа да жол көрсетіп, ақылшы болған аяулы тұлғаларды құрметтеп өтуі; Мәскеуде соғыстан кейінгі жылдарда полковник Серебряковтың құрметіне арнайы ас беруі – нағыз ары таза азаматтың ісі. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік Баукең туралы жазылған шығармаларда Ер Тұлғаның ерлік мінезі мен қаталдығы қоса өріліп беріледі. Біреулер бұл пікірге онша келісе қоймас та. Ал оның өмірлік ұстанымы мен азаматтық бейнесіне қарайтын болсақ, өзін құрметтеген, тарихын, тілін, дәстүрін, өнерін ардақтаған адамдармен, жалпы, өмірде қатар жүрген сыйлас, замандас аға-інілермен, жолдастарымен тым қарапайым да кішіпейіл қалпында болғанын көрсетеді. Қателеспесем, З.Ахметованың «Шуақты күндерінде» болу керек, Баукеңді қарапайым құрылысшы жігіт іздеп келіп сәлемдесетіні. Бауыржанның бұрыннан таныс-біліс емес сол бір азаматтың адал еңбегімен жеткен жетістіктеріне, өмір көрген естілігіне ырза болып, батасын беретіні есіме түседі. «Еңкейгенге еңкею, шалқайғанға шалқаю», орнымен қарапайым да кішіпейіл қалпынан табылу – Момышұлының ел-халқымен тамыры бірге екенін нақтылай түседі. Жан жомарттығы, мәрттік Бауыржан – баяғы жалғыз атын қонағына сойып беріп қарап отыратын жаны таза, жүрегі жомарт, мәрт мінез қазақ бабамның сарқыты, содан қалған жұрнақ. Ел ішінде аңызға айналған мына әңгімелерге назар аударып көріңіз. Біріншісі: 50-жылдардың басында Баукең Мәскеудегі Бас штабтың әскери академиясын ерекше дипломмен үздік бітіреді. Сол кездегі ақшамен 9000 сом көлемінде үздік бітіргені үшін стипендия алады. Үнемі бола бермейтін мұндай көлемдегі ақшаны өз игілігіне жаратса да болар еді. Ал Бауыржан, әскери академияны алғаш бітірген қазақ, Мәскеуде оқитын бүкіл қазақ азаматтарын шақырып дастарқан жаяды. Бұны жан жомарттығы демей, не дейміз?! Екіншісі: алпысыншы жылдардың басында елімізде айтыс өнері қанат жая бастағанын білесіздер. Сол жылдарда ғой, белгілі ақын, тегі орыс, жаны қазақ Надежда Лушникова алғаш маңдайы жарқырап сахнаға шығып, қалың көрерменді тамсандырғаны. Сондай айтыстың біріне Бауыржан да көрермен болып қатысып отырады. Айтыс соңынан түрлі марапаттаулар басталады да, кезегі келгенде қазылар алқасы Надяға ерлердің «Маяк» сағатын сыйға ұсынады. Сонда Баукең орнынан ұшып тұрып: «Жоқ! Надя бұл сыйлықты алмайды!» – деп әйелі Кәмаш екеуі ақынды қолтықтап алып кетпей ме. Сол жылы ғой, Бауыржанның Надежда Лушниковаға қазақ тілінде төгілтіп шешен тілмен айтысқаны үшін қазақ халқының атынан алтын сағат сыйлайтыны. Мәрттік деген – осы! Отаншылдықтың, ұлтын сүюдің шынайы бір белгісі – осы! Ана тілі, ұлттық дәстүр мен өнер жанашыры Бауыржан Момышұлы дегенде ұлттық дәстүр, ана тіліміз бен өнеріміздің шынайы жанашыры, қамқоршысы есімізге түседі. Тахауи Ахтанов айтқандай, «ноқтаға басы сыймаған адам» қайда жүрсе де: майданда болсын, елде болсын; әскери қызметте болсын, бейбіт өмірде жазушы болсын, ұлттың болашағы, ұлт дәстүрінің, ана тілі мен өнеріміздің келешегі қандай болады деп толғанғаны шындық. Себебі Бауыржан мен халықтың жүрегі бірге соққандықтан елдің толғанысы мен арман-мұңынан Момышұлын бөліп алуға болмайтынына халық пен тарих куә. Момышұлының «Қанмен жазылған кітабындағы» айтылған келелі ойлар, өзекті мәселелер бүгінгі заманда да маңызын төмендетпей, алдағы уақытқа да нысана болатындай күшке ие. Шешендік үлгісі Момышұлының болмыс-бітімі, табиғаты қандай ерекше болса, шешендігі де сондай ерекше. Талдап айтсақ былай болады: ол сөзін тақырыпқа байланысты ойша құрады; сол тақырып аясында мақсат белгілейді; қай тақырыпта сөйлесе де мол дайындықпен келеді; қандай аудиторияда, кімдердің алдында сөйлейтініне маңыз береді; сөйлейтін сөзін қатаң уақытқа есептейді; сөзі өткір әзіл, қисынды уәжге байланып тұрады; ең бастысы, тыңдаушымен аралық байланыстың мықтылығы. Жинақтап айтсақ, Бауыржан шешендігінің ерекшелігі мыналарда: Мақсат қойылған анық та әсерлі сөз; тақырыпты жіліктеп-бөлшектеп талдау; сөзінің тыңдаушысына жеткен-жетпегенін, әсерін бақылау; өз сөзіне есеп беріп, оған жүрегімен сену, тыңдаушысын да сендіру; бөлшектеп талдаған сөзін қайта жинақтап, маңызды, түйінді қорытынды жасау. Адам мінезін тани білген Қиынның қиыны адамның ішкі жан дүниесін, мінез ерекшелігін танып-білу болса керек. Бауыржан Момышұлы алғыр ойлы, шапшаң шешімді, жаны таза, әскери психолог қолбасшы болды. Баукең – адам жанын анық тани білетін дарабоз қолбасшы. Егер олай болмаса, қатал да болса әділдігі мен шыншылдығы, командирлер мен жауынгерлерді ерлігіне, ісіне қарай әділдікпен бағалайтын сауатты қолбасшылығы болмаса, жауынгерлер «әкесі» Момышұлы да болмас еді. «Соғыс психологиясы» шығармасындай қай заманда да құнды әскери еңбек тумас еді. Егер қателеспесем, Ұлы Отан соғысы тарихында өз бөлімімен бес рет қоршауды бұзып өткен Бауыржаннан басқа қолбасшы болған емес. Мұндай ересен ерлік қолбасшының өз жауынгерлерінің жан-жүрегін анық түсіне білуімен, ал жауынгерлердің өз қолбасшысына қалтқысыз сенуімен жасалды деуге негіз бар. Талапшыл қаталдық Момышұлының қаталдығының өзі – бір ерекше құбылыс. Оның қаталдығы – мейірбандықпен астасқан қаталдық. Себебі Баукең – табиғатынан жаны таза, жүрегі жылы адам. Оның қаталдығы «Тәртіпке бас иген – құл емес» деп өзі айтқандай, есепке, тәрбиелеуге негізделген қаталдық; соғыста орынсыз адам шығынын болдырмаудан туған қаталдық; әскери жарғы аясындағы қаталдық; бір сөзбен айтқанда, оның қаталдығы – тәрбие, жауынгерді азамат етіп қалыптастыруға қызмет жасайтын талапшыл қаталдық. Амантай Бағыт, Махамбет атындағы орта мектептің мұғалімі Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылы
30872 рет
көрсетілді4
пікір