• Тіл
  • 13 Сәуір, 2011

Адастырған «Алғысөз»

Әдетте қандай басылым болмасын, сонда әңгіме арқауы болатын мәселенің мән-жайын көпшілік оқырмандарға «Алғысөзде» таныстырып өтетіндігін білеміз. Бұл күрделі мәселелердің, түсініктердің, ұғымдардың түп негізін ашып, оқырмандарға жөн сілтейтін бағдаршам сияқты болуға тиіс. Амал қанша, ара-тұра мұндай қағидадан ауытқушылық байқалып тұрады. Ғылыми мазмұндағы кітаптарда мұндай жайттар ілуде біреу кездесе қалса, ол орны толмас қателікке ұрындырары сөзсіз. Мен сіздерге осындай бір адастырған «Алғысөз» жайлы айтпақпын.  Көпшілік оқырмандар Философия және саясаттану институтының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Әбу Насыр әл-Фарабидің 10 томдық шығармалар жинағын шығарып жатқанынан хабардар. Осы басылымның математика және жаратылыстану ғылымдарына арналған 6-томының қысқаша мазмұнын сипаттайтын аннотациясында: «Бұл том әл-Фарабидің математикалық трактаттарына, ...математика ғылымының негіздеріне, ...Кітап педагогтарға, ...студент-жастарға арналған» делінген.

Хош делік! Жинақтың 6-томының «Алғы­сөзінде» (кітапта осылай бөлек жазылған) іс басқаша арнаға түсіп кеткен. Математика ғылы­мының негізіне алынған классикалық (үлгілі, үздік, көпшілік мойындаған) деп аталған мәселелер ежелгі математиктер танымастай түрде өзгеріп сала берген. Мүлде басқаша тұ­жы­рымдалған. Баяндалмақшы мәселе көп­ші­лік оқырмандарға түсінікті болу үшін, мате­ма­тиканың пайда болуының елең-алаңына қарай сәл ғана шегініс жасайық. Ежелгі математиктер геометриялық мәселелерді, оның ішінде әртүрлі есеп­терді шешу үшін кәдімгі циркуль мен сыз­ғышты пайдаланған. Олар алдына қойылған сан алуан мәселелер мен есептерді әлгі құрамдар арқылы шешуге тура келген. Бұл мәселелердің көпшілігі іс жүзінде қолданылатын есептерді шешуге пайдаланылған. Әр кезде жинақталған мәселелердің арасында математикалық «екшеу» тәсілдерінен өткен үш мәселе ертедегі математиктерге шешімдерін (әлгі құралдар арқылы) таптырмай келген. Осы мәселелердің алғашқыларының бірі біздің заманымыздан бұрынғы (б.з.б.) V ғасырдан бері белгілі болған. Осы аталған мәселелер тек ХІХ ғасырда ғана шешілген. Енді ежелгі математикалық классикалық мәселелерді атап өтпекшімін. Олардың біреуі – берілген бұрышты тең үш бөлікке бөлу (яғни бұрыштың трисекциясы). Екіншісі – берілген кубтың көлемін екі есе ұлғайту (арттыру), яғни берілген кубтың көлемінен екі есе артық (үлкен) көлемді куб салу. Үшіншісі – берілген дөңгелекке тең шамалас квадрат салу (яғни дөңгелектің квадратурасы). Осы аталған мәселелердің туындау себептері хақында әртүрлі аңыздар бар. Оларды мазмұндаудың қажеті аз. Сол себепті оларға тоқталмаймын. Енді 6-томның «Алғысөзіндегі» жоғарыда атал­ған мәселелердің тұжырымдалу нұсқала­рынан үзінді келтірейін. Кітаптың 37-бетінде: «Антикалық әйгілі математикалық есептер: «1. Бұрыштың трисекциясы, яғни кез келген берілген бұрышты үш бөлікке бөлу; 2) Кубты екі еселеу, яғни көлемі берілген кубтың көлемінен екі есе болатын кубтың қабырғасын табу (делийлік есеп); 3) Шеңбердің квадратурасы, яғни ауданы берілген шеңбер ауданына тең келетін квадратты табу» делініпті. Математиканың дәлдікке құрылған ғылымдардың патшасы екені аян. Бұл ғылымның әрбір шартты белгісінің өзіндік мән-мағынасы бар екенін білеміз. Мысалы, жолдың үстіңгі жағында жоғарырақ жазылатын «.» – нүкте көбейту белгісі болып табылса, жолдың үстінде жазылатын «.» – нүктенің тыныс белгісі екенін білеміз. Осы жайтты басшылыққа алып, кітаптағы тұжырым мен жоғарыда аталған тұжырымдарды сырттай салыстырсақ, аттас мәселелердің арасында жер мен көктей айырмашылықтар бар екенін байқау қиын емес. Бірінші мәселеде «тең» деген ұғым ұшты-күйлі жоғалған. Осы сөздің жоғалуы ежелгі күрделі мәселені екінің бірі шеше алатын қарапайым мәселеге айналдырған. Бұрышты үшке бөлу мен тең үшке бөлу мәселесінің айырмашылығын мына арифметикалық мысалмен салыстыруға болады. Мысалы, 2 санын 3 санына бөлу және 2 санын тең 3-ке бөлу есебінің арасында қандай айырмашылық болса, бұрышты 3-ке бөлу мен бұрышты тең үшке бөлу есебі де дәл сондай жағдайды елестетуімізге мүмкіншілік жасайды. 2-ні 3-ке былай бөлуге болады: 0,7+0,2+0,1=3. Ал 2-ні тең үшке бөлу есебін дәл шешу мүмкін емес: 0,66+0,66+0,66=1,98; 0,02-ге тең қалдық қалады. Қалдық қалатын жағдайда тең үшке бөлу мүмкін емес! Берілген бұрышты үшке бөлу мен ол бұрышты тең үшке бөлу мәселесін енді түсінген боларсыздар. Мынадай бұрыштар циркуль мен сызғыш арқылы тең үшке бөлінеді: 30о, 60о, 90 о, 120о, 180о, 270о, 360о (о – градустық шартты белгі). Тек осы аталған бұрыштар ғана циркуль мен сызғыш арқылы тең үшке бөлінеді! Қарапайым түрде бұрышты үшке бөлу үшін осы бұрыштың ішкі төбесіне екі сызықты қадап сызсаңыз жеткілікті, берілген бұрышыңыз үшке бөлінеді. Бұрышты тең үшке бөлу мәселесімен кезінде біздің заманымыздан бұрынғы (б.з.б.) V ғасырда ежелгі грек ғалымы, математик әрі механик Архимед (б.з.б. 287-212), ХV ғасырда ортаазиялық математик әл-Кәши [1385-1436 (37)], XVI ғасырда француз математиктері Франсуа Виет (1540-1603), ХVII ғасырда Рене Декарт (1596-1650) айналысқан. 1837 жылы француз математигі Пьер Ванцель (1814-1848) бұрышты циркуль мен сызғыш арқылы тең үшке бөлу мүмкін еместігін дәлелдеген. Философия және саясаттану инс­титутының бұрышты тең үшке бөлу мәсе­лесін «оңайлатып» үшке бөлумен «алмас­тырғанын» қалай түсінуге болады? «Ал­ғысөздегі» (37-беттегі) 2-тармақта да дәл­дік сақталмаған. Сондықтан «көлемі берілген кубтың көлемінен екі есе болатын кубтың қабырғасын табу» деген сөз тіркесі де тұр. «Екі есе болатын» деген сөз тіркесінен не түсінуге болады? Осы тұста «артық» немесе «кем» деген сөздің «сұранып» тұрғанын аңғарамыз. «Алғысөзді» жазған математик-философтың осыншама ағаттық, ағаттық емес, қателік жіберуі – түсініксіз жайт. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» демекші, сөз болып отырған «Алғысөздің» 3-тармағында математикалық сауатсыздыққа жол берілген. Онда «шеңбердің квадратурасы», «ауданы берілген шеңбер ауданына тең келетін квадратты табу» деген сөз тіркестерінің математикадан азын-аулақ білімі бар адамдарды ғана емес, көпшілік қарапайым оқырмандарды да таңырқатары сөзсіз. Математика ғылымын­да ешуақытта «шеңбердің квадратурасы» деген ұғым болған емес әрі болмайды да. «Шеңбер» деген ұғымға математика оқулықтарын­да «ортақ бір жазықтықта жататын берілген бір нүктеден барлық нүктелері өзара бірдей қашықтықтарда орналасқан тұйық әрі жазық сызық» деген анықтама берілген. Шеңбер­ді арбаның ағаш дөңгелегінің сыртынан қоршап, бекітіп тұратын құрсау темірі деп қарастыруымызға болады. Қарапайым сөзбен айтсақ, шеңбер – дөңгелек пішінді тұйық сызық. «Квадратура» деген ұғымның мән-мағынасын ашайын. Бұл ұғым латын тіліндегі «Куадратура» – «квадрат пішін беру» деген мағыналы сөзден қалыптасқан. Сонымен «квадратура» деген ұғым – берілген пішінге тең шамалас квадрат салу деген сөз болып табылады. Олай болса, «шеңбердің квадратурасы» деген ұғымның жалған екендігі айтпасақ та түсінікті болмақ. Жоғарыда ғана шеңбердің сызық екендігін ескерттік. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда ғұмыр кешкен ежелгі грек математигі Евклид (б.з.б. 330-275) өзінің «Негіздер» деп аталған бас­ты шығармасында геометрия ғылымының түп негізіне алынған негізгі ұғымдарға анықтамалар берген болатын. Солардың арасында «нүкте дегеніміз – бөлігі жоқ нәрсе», «сызық дегеніміз – ені жоқ ұзындық» деп анықталғандығын ескерте кетейін. Осы анықтамадан «ені жоқ ұзындыққа» тең шамалас квадрат салу деген сөздің қисынсыздығы әшкереленіп тұр ғой. Оған себеп, ені жоқ ұзындықтың ауданы да болмайды. Осындай адастырма «Алғысөздің» пайдасынан зияны көп екеніне шүбә келтіруге болмайды. Аталған «Алғысөздегі» адастырма ұғымдар мен мағынасы майысқан осымен бітті екен деп ойлап қалмаңыздар. Кітаптың 17-бетінде «Осыған дейін Жер атмосферасы өте алыста, мүмкін Айдан да алыс жерде орналасқан деп ойлап келген» деген сөйлемнен не түсінуге болады? Атмосфера Айдан алыста орналасса адамдар мен жануарлар, өсімдіктер ауасыз кеңістікте қалай өмір сүріп келген деген секілді сауалдың тууы заңды ғой. Менің топшылауым бойынша, «Алғысөз» ауа қабатының жер бетінде қандай биіктікке дейін таралғанын айту болса керек. «Көңілдегі көрікті ой отыз екі тістен шыққан соң қожырап кетеді» демекші, кітаптың 31-бетінде «Бірақ адам – хайуандық организм емес, жаны бар тірі жәндік...» деген сөйлемді кездестіргенде жағамды ұстауыма тура келді. Осы сөйлем адамды «жәндік» деп төменгі сатыдағы тіршілік иесіне дейін түсіріп отыр. Біз – адамдар осы уақытқа дейін өзімізді «ең жоғары сатыдағы ақыл иесіміз» деп келсек, мына «Алғысөздің» не айтпақ ойы бар? 27-бетте «Ислам ғалымдары қорғасыннан алтын жасамақ болып, заттарды қосып, ажыратқан кезде олар химиктер болатын...» деген «сырқат» сөйлемнен не түсінуге болады? Заттар қалай қосылады? Сандардың қосылатынын білеміз. Олар ажыратылғанда не себепті химиктер бола кетеді деген секілді сауалдар қарша борайды. 23-бетте «Заттар әлемін пайымдаудың осы деңгейінде ғалымдар жеке деректің бір түрі ғана тексерілмей (мысалы, қозғалыстың нақты бір түрі ғана), қозғалу мүмкіндігінің өзі немесе заттың қозғалысы және басқа заттармен өзара әрекет ету қабілеті тексерілетін ақылдың саласына енетін» деген ұзын-сонар сөйлемнен ешнәрсені түсініп болмайсыз. Сөйлемнің басы мен соңы бір-біріне шалыс құрылған. Ендігі сөз «Алғысөздегі» жүйесіз, шалыс қолданылған сөз тіркестері жайлы қысқаша мәліметтер жайлы болмақ. «Алғысөздің» алғашқы (яғни 5-бетінде) «ізденістерге арналады» деген келер шақтағы сөз тіркесінің «ізденістеріне арналған» деп осы шақта баяндалуы керек еді. «Қалыптасуы» деген сөздің «қалыптасуының» делінуі, «бұрын ұмтылса» деген сөз тіркесінің «бұрын ұмытылса» делінуі керек еді. Осылар секілді «менсібеу» (9-бет) – «менсінбеу», «Омейяд билеушісі» (11) – «Омейя әулеті билеушісі, «араб тілі ғылыми айналымға түседі» (11) – «араб тілі ғылыми айналымға енгізіледі», «температураны бағалау» (15) – «температураны анықтау», «сәуле барады» (16) – «сәуле тарайды», «ауытқуы да көп» (17) – «ауытқуы да алшақ», «дамудың шынына» (19) – «дамудың шыңына», «өсімдіктерді көбею амалына байланысты» (20) – «өсімдіктерді көбею тәсіліне байланысты», «материалды қайнарына» (21) – «материалды қорларына», «күшәнді» (25) – «күшала», «жағдайды орнына келтіру» (30) – «жағдайды қалпына келтіру», «жылжымалы» (34) – «көшпелі», «мәуренакр» (38) – «мауерннахр», «ұғымдарды түзейтін» (49) – «ұғымдарды түзетін», «пифагоршыл теориясын» (50) – «пифагорлық теориясын», «есептік жүйесін» (50) – «санау жүйесін», «жасауға болатын амалдар» (50) – қолдануға болатын амалдар», «практикалық қолданысы» (51) – «іс жүзіндегі қолданысы», «көлемі мен үлкендігін» (52) – «көлемі мен мөлшерін», «тоңыстау мәселесін» (53) – «тоғыстау мәселесін» деген секілді қыңыр-қисық, ауру сөз тіркестерін жалғастыра беруге болады. «Алғысөзде» көпшілік оқырмандар біле бермейтін ғылыми атаулардан көз сүрінеді. Мысалы, «эзотериялық» (9-бетте) деген атауды «қалаулыларға арналған» деп жазып, жақша ішіне грекше атауын, яғни «эзотериялық» деп жазуға әбден болатын еді. Осы секілді «универсум» (9) – тұтас әлем (универсум), «манускрипт» (10) – қолжазба кітап (манускрипт) деп жазуға болатын еді. Осындай ғылыми атаулардың қа­тарында «экстерналист» (12), «эмпириялық» (13), «пропедевтикалық» (14), «нерв» (16), «ин­фекция» (29), «персонал» (33), «перипатетиктер» (35), «дискурс» (40), «апокалипсистік» (42), «спекулятивті» (44), «толеранттық» (48), «ипо­дейктикалық» (49), «парадигмалық» (49), «скепсистік» (54), «мистицизм» (54) тағы бас­қалар бар. Осыларды оқырмандарға түсінікті болу үшін олардың түсіндірмелік баламасын айтып алып, жақша ішіне ғылыми атауын атап өткенде «Алғысөздің» маңызы әлдеқайда артқан болар еді. Жоғарыдағы ғылыми атаулардың арасында «нерв», «инфекция», «персонал» секілді қа­зақша баламалары бар атаулар да жүр. Мысалы, нерв – жүйке, инфекция – жұқпалы ауру, персонал – қызметкер екені назардан тыс қалған. «Алғысөзде» 230-дан астам ғалымдардың аты-жөні аталған. Осыншама көп есімдерді саралап екшеп көргенімде, барлығы 60 шақты ғалымның есімдері қайталанып, осыншама көп тізімді құрапты. Мысалы, әл-Фараби бабамыздың есімі (49-бетте) 80-нен астам рет, Аристотельдің есімі – 40-тан астам, Платонның есімі – 20-дан астам, әл-Хайсам – 14 рет, әл-Бируни – 13 рет, әл-Хорезми – 7 рет, әл-Кинди – 7 рет, Гиппократ – 4 рет, Альгазен – 3 рет, Ван дер Варден – 2 рет, Жилсон – 2 рет, Р.Бэкон – 2 рет, т.б. қайталаныпты. Орташа есеппен әрбір бетте 5 ғалымның аты-жөні кездеседі. «Алғысөзге» кітапта көп орын берілген. 6-томда барлығы 300 бет болса, соның 49 бетіне «Алғысөз» жайғасыпты. Әл-Фарабидің жара­тылыстану трактаты 30 бетке сыйған. Кітап­тың 26 бетін арабша-қазақша сөз алып жатыр. Математикалық трактаттар 195 бетке жайғасқан. Мен әңгіме болған 6-томдағы әл-Фарабидің математикалық трактаттарын орыс тіліндегі нұсқасынан қазақ тіліне тәржімелеуге қатыстым. Кітапта әр тақырыпты кімнің тәржімелегені туралы мәлімет берілген. Ал «Алғысөзді» 6-том жарық көрген соң ғана көрдім. Қызығушылық танытып оқып шықсам, «Алғысөз» 6-томның қадір-қасиетін түсіріп тұрғанына көзім жетті. Шыдай алмай, қолыма қалам алуға мәжбүр болдым. Нұрқанат Көбенқұлұлы, зейнеткер Алматы

5184 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы