• Тіл
  • 13 Сәуір, 2011

Тіл - ұлттың төлқұжаты

d0b3d0b3d0b3d0b31. Азаттықтың таңы атқалы 20 жылдың жүзі болды. Осынау тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміз еңсесін көтерген тұста мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін біраз ауқымды істердің атқарылғаны анық. Осы уақыт аралығында тіл мәселесі төңірегінде қалада жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. 2. Тіл мәселесін шешуде түрлі кедергілердің де кездеспеуі мүмкін емес. Соларды атап айтсаңыз. 3. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында мемлекеттік тілдің мәртебесі аясында қала көлемінде атқарылар бірқатар шаралардың жоспарымен бөліссеңіз.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛҰЛЫ, Ақмола облысының Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

1. Тіл – ұлттың төлқұжаты, бет-бейнесі. Тіл – халқымыздың сар­қылмас қазынасы, сан ғасыр жүріп өткен жолымыздың шежіресі, тарам-та­рау тарихтың көрінісі. Сондықтан да тәуелсіздік туын көкке көтерген әрбір елдің саясаты ана тілінің тұғырын тиянақтап, мәртебесін биіктетуден басталады. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген ұлағатты сөзі әрбір сауатты адамның санасына үлкен ой тастары анық. Облысымызда қазақ тілін өз тұғырына қондыру ісіне белсене араласып жүрген мекемелер мен басшылар бар. Олардың қатарына Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, туризм, денешы­нықтыру және спорт, қаржы басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, мұрағаттар мен құжаттамалық басқармасы, құрылыс басқармасы шығыс құжаттарын 100 пайыз мемлекеттік тілде жолдап, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін биіктете түсті. Сондай-ақ ішкі саясат басқармасында бұл көрсеткіш 90,0 пайыздан 99,0 пайызға жеткен. Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен кәсіпорындарда ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізетін қызметкерлерді моральдық және мате­риал­дық көтермелеу шараларын жүзе­ге асыру жағынан біршама жұмыс атқарылуда. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары Көкшетау, Степногорск қалаларында және Атбасар, Бурабай, Сандықтау, Шортанды мен Жақсы аудандарында ашылып жұмыс істеуде. Облыс әкімдігінің 2009 жылғы 9 ақпандағы № А-2/45 «Ақмола облысындағы тілдерді дамыту туралы» қаулысына, идеологиялық кеңестегі әкімнің тапсырмасына сәйкес биылғы жылы барлық аудандарда мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын құруды аяқтау көзделіп отыр. 700 мыңнан астам халқы бар Ақмола облысында 120-дай ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт және өзара келісімде өмір сүріп келеді. Бүгінде мұндағы 40 этномәдени бірлестіктер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ынтымақты жұмыс істейді. Өткен жылы Көкшетау қаласының № 1 жалпы білім беру мектебінің базасында ана тілдерін оқытатын «Шаңырақ» орталығы ашылды. Онда ұлттардың ана тілін, ұлттық тарихы мен мәдениетін жүйелі үйрету міндеті жүзеге асырылады. Тіл басқармасы жыл сайын облыстық прокуратурамен бірлесіп, аудан, қалалардағы мемлекеттік органдар мен мекемелерде, кәсіпорындарда тіл заңнамасының сақталуын жүйелі тексеріп отырады. Мәселен, өткен жылы 14 қалалық мекемеде, 19 облыстық департаменттер мен басқармаларда барлығы 31 мемлекеттік мекеме тексерілді. Тексеріс қорытындысы бойынша Ақмола облысының прокуратурасына және Көкшетау қалалық прокуратурасына анықтама жолданды. Заң бұзушылықтар бойынша 13 прокурорлық ұсыныс жасалып, жалпы саны 10 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 200-ден астам түсіндірулер мен ұсыныс-хаттар берілді. Басқарманың жоспары бойынша Атбасар, Еңбекшілдер, Аршалы, Шортанды, Целиноград аудандары және Степногор қаласында Заңның орындалу барысына тексеріс жүргізіліп, «Облыс аумағындағы өңірлік тіл саясатын жүзеге асыру барысы және көрнекі ақпараттардың ахуалы» атты өңірлік семинар-кеңестер өткізілді. Жалпы, қоғам ішінде мемлекеттік тілге деген көзқарас өзгерді. Оның өмірлік қажеттігін барлық жұрт түсінді. Бұрынғыдай үрке қарайтын пиғыл жоқ. Қазақ тілінің керек екендігін барлық жұрт мойындады. Былтырғы жылы «Ақмола облысында тілдерді қолдану мен дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» шеңберінде «Өңірлік тіл саясаты: белестен белеске» және Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Үш жүзге атым мәлім Біржан едім!» атты жинақтары шықты. Облыстағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар ететін «Қазақстан РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалымен бірлесіп түсірілген «Тіл саясатының өңірдегі нақты қадамдары» атты бейнефильм әзірленді. Көкшетау қаласының көшелеріне мемлекеттік тілді насихаттап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін 4 билборд орнатылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бағдарламасы негізіндегі тапсырысы бойынша тілдерді дамыту басқармасы әлеуметтік маңызы зор көптеген сөздіктермен қамтамасыз етілді. Бұл сөздіктер облыстық және аудан орталықтарының мемлекеттік органдары, ведомстволар мен мекемелерге тегін таратылды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында облыста әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Көшпелі семинар-практикумдар, байқаулар, дөңгелек үстелдер өткізуге көп көңіл бөлінуде. Өткен жылы осындай 30-дан астам шаралар өткізіліп, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге айтарлықтай ықпал жасалды. Мәселен, «Үздік қазақ тілі кабинеті», «Тілдарын – 2010», «Жергілікті қаламгерлер арасында балаларға арналған үздік шығармалар», Славян мәдениеті және жазбалары күндері, «Балғын шақ», «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Ақындар мүшәйрасы», «Тілі бірдің – тілегі бір», мемлекеттік тілді оқыту орталығы оқытушыларының арасында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты ашық сабақ секілді байқаулар өткізілді. Елбасының «Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімділігін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек!» деген нұсқаулы сөзін басшылыққа алып, басқармамыз ономастика саласында көптеген семинар-кеңестер өткізуде. Бұл игі шара облыс орталығында басқарма ашылған алғашқы жылдардан бастап қолға алынды, облыс аумағындағы барлық өңір түгел қамтылды. Осындай игілікті істердің нәтижесінде 2010 жылы 8 ауыл, 5 ауылдық округ – барлығы 13 елдімекен қайта аталды. Бұл іс биылғы жылы да өзінің дәстүрлі жалғасын табатын болады. Ономастиканың құрамдас бөлігі бо­лып саналатын көше атауларын ретке кел­тіру де басқарманың назарынан тыс қал­ған емес. Елбасының тікелей бақыла­уын­дағы «электронды үкімет» ақпарат­тық бағдарламасын енгізіп, толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екені сөзсіз. Осы бағыттағы біздің сала бойынша басты міндеттердің бірі – «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің қалып­ты жұмыс істеуін ұйымдастыру. «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі жаңа бағдарламасының басты талабы – барлық елді мекендерде көше атауларының болуын қамтамасыз ету. Осы бағытта облысымызда ауқымды жұмыс атқарылды деуге болады. Қаладағы, ауылдағы, поселкедегі көшелер мен алаңдарға ат қою және олардың атауларын өзгерту қалалық өкілді және атқарушы органдар мен поселке, село әкімдеріне жүктелгенімен, басқарма тарапынан үйлестіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тіл басқармасымен республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Ақмола облыстық филиалының бір­лескен жобасы бойынша мемлекеттік тілді үйренуге шақыратын және қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін насихаттайтын «Мы научились» атты телебағдарламасы ай сайын эфирге шығып тұрады. Ұлт газеті «Ана тілі» жазған Наталья Деменьтева эфирде қазақ әдебиетінің ұлы перзенттерінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Живой родник» бағдарламасын жүргізіп жүр. Тіліміздің баянды болуы үшін қызмет етіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының орны айрықша. Басылымдар арқылы мемлекеттік тілді жақсы меңгерген ұлты қазақ емес мемлекеттік қызметшілерді кеңінен насихаттау мақсатында облыстық «Арқа ажары» газетінің бетінде «Ұлтым – басқа, тілім – қазақ», «Қазақ тілін үй­ренейік» және қалалық «Степной маяк» газетінде «Ана тілі» атты айдарлар тұрақ­ты жұмыс істеп келеді. Облыстағы аудан­дық газет беттерінде мемлекеттік тілді насихаттау бағытына арналған мақала­лар жүйелі түрде жарық көріп, оқыр­ман қауымның ой-пікірлері, тіл саясатына байланысты өзекті мәселелер жарияланып тұрады. 2.Тіл мәселесін жүзеге асыру­да кедергі мүлдем жоқ десем, ақиқаттан алшақтаған болар едім. Ата Заңымызда «Мемлекеттік тіл – қа­зақ тілі» деп жазулы тұр. Деген­мен мем­лекеттік деңгейдегі ресми жи­на­лыстардың дені орыс тілінде өтіп жүр. Ол жиында отырғандардың 80-90 пайызы қазақтар болса да, қазақ тілі амандасу мен қоштасудан, әрі кетсе он шақты сөйлемнен аса алмай отырғаны дүйім жұртқа мәлім. Ең басты кедергі, өз қан­дастарымыздың ана тілінде сөйлемеуі, тіпті қажетсінбеуі. Елбасымыз «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады», «Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл» деп айтудай-ақ айтып келеді. Алайда соны ұғынып жатқан қазақтарымыздың аздығы көңіл құлазытады. Қазіргі қолданыстағы заңнамалардың да солқылдақтығы тіл мәселесіндегі көптеген түйткілдерді, өзекті мәселелерді шешуге қолбайлау екені сөзсіз. «Тіл туралы» Заңдағы «...орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем қазақ тілінің кеңінен қолданылуына әлі де болса кедергісін тигізуде. Сол үшін мемлекеттік тілдің қолданылу пәрменділігі мен дамуын арттыратын, тіл саласындағы олқылықтар мен кемшіліктердің түбегейлі жойылуын қамтамасыз ететін «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қажет. Қазақ тілі, ол – бір ғана қазақ ұлтының тілі емес, бір мемлекеттің тілі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Демек, қазақ тілі елдің ішкі тыныс-тіршілігін ғана айтып қоятын, қолданылу ауқымы тар, отбасы, ошақ қасында пайдаланатын құрал емес, сыртқы әлеммен де пікір алысатын, сұхбат жүргізетін, келісімге келетін негізгі құралымыз болуы тиіс. Ол – Тәуелсіз ел ретінде өзгелерге көрсететін Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз, Ата Заңымыз секілді ерекше қастерлейтін негізгі рәміздеріміздің бірі. Еліміздің Тәуелсіздігіне құрметі мемлекеттік тілге құрметпен, Тәуелсіздікті нығайту мемлекеттік тілді нығайтудан басталу керек деп есептеймін. 3. 2011 жылда атқарылатын жұ­мыс­тардың ауқымы кең. Тіл басқармасы биыл да бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес көптеген ұйымдастыру, тексеру, зерттеу-әдістемелік және насихат жұмыстарын жүзеге асыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, аудандарда «Облыс аумағындағы өңірлік тіл саясатының жүзеге асу барысы және көрнекі ақ­параттардың ахуалы» атты көшпелі семинарлар өткізу, облыстық басқармалар мен ведомстволарда мемлекеттік тілдің қолданылу мәселесі туралы кеңестер, мемлекеттік тілді білу және меңгеру деңгейін анықтайтын конкурстар өткізу, тіл мәселелеріне байланысты бейнероликтер, кітаптар шығару, мемлекеттік тіл­ді жан-жақты насихаттайтын билборд­­тар орнату, тағы басқа жоспарланды. Бұқа­ралық ақпарат құралдары арқылы мем­лекеттік тілді, оны жақсы меңгерген ұлты қазақ емес мемлекеттік қызметші­лерді кеңінен насихаттау жалғастыры­лады. Сондай-ақ облыстық прокуратурамен бір­лесе отырып, тіл заңнамасының орындалуы мен сақталуын тексеру жұмыстары өзінің жалғасын табатын болады. Тіл саясатын жүзеге асыру мәселесі үстіміздегі жылы да аудандық, қалалық әкімдіктердің мәжілістерінде, мәслихат сессияларында, үйлестіру кеңестерінде, әкім аппараттарының кеңестерінде, мә­жілістерінде, облыстық тіл саясаты және ономастика комиссиясының оты­рыс­та­рында қаралмақшы. Атап айт­қанда, Тәуелсіздіктің торқалы тойы қар­саңын­да мемлекеттік тілдің мәртебесі аясында биыл «Қазақ тілінің үздік оқы­ту­шысы», «Тілдарын – 2011», қазақ тілін мең­герген басқа ұлт өкілдері арасында өтетін “Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шаш­пақ...” атты Абай оқулары байқауы, «Мем­­лекеттік тіл және бұқаралық ақпа­рат құралдары», «Мемлекеттік тіл – мем­ле­кеттік қызметте», өзге ұлт жастары ара­сында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – ха­лық жанын танудың кілті», «Ақындар мү­шәйрасы», «Үздік жексенбілік мек­тебі», «Жігіт сұлтаны», «Арқаның аруы» бай­қаулары және «Тәуелсіздік және Тіл» атты дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр.

5628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы