- Тіл
- 13 Сәуір, 2011
Егемендікке ұмтылған Ежелгі Оғыз ұлыстары
VІІІ ғасырдан бері тарихымызға берік орныққан, алайда әлі де оқулықтарымызға ене қоймаған бабалар Оғыздар (Өгіздер) болып табылады. Орта ғасырлардағы тарихының көмескі болуына байланысты: «Оғыздар кімдер?» деген сауалға зерттеушілер әртүрлі жауап беріп келді. Олар, ең алдымен, Оғыздардың замана ағымына қарай әртүрлі этносаяси бірлестіктерге кіруге мәжбүр болғандарын және дамудың түрлі кезеңдерінде Оғыздар құрамынан түркітілдес әртүрлі халықтарға негіз болған тайпалық бірлестіктердің бөлініп шыққандарын ескере бермейтін тәрізді. Сондықтан да тек лингвистикалық тұрғыдан алғанда оғызтілділерге Түркия түріктерін, әзірбайжандарды, түрікмендерді, гагауздарды, саларларды, Қырым татарларын және т.б. бірқатар елдердегі этникалық топтарды жатқызумен шектелеміз. Мұнда бір ескерер мәселе, Орхонда ежелгі Оғыздар бірлестіктері батысқа жылжырдан бұрын оларға алғашқы кездері мүше болып, онан соң бөлініп кеткен тайпалық бірлестіктер оғызтілдестерге жатпайды. Олардың қатарында, мысалы, кейініректе қазақты құраған Найман, Керей, Меркіт, Қаңлы, Қарлұқ тәрізді тайпалар да бар. Мұның өзі Оғыздар тарихы қазақтың да тарихы деп айтуға толық мүмкіндік береді. Оның үстіне Оғыздардың VІІ ғасырдан бастап қазіргі Қазақстанның Жетісу аймағына қоныстана бастағандары, ал ІХ ғасыр соңында, Х ғасыр басында Сырдарияның төменгі ағыстарында Оғыздардың конфедерациялық негіздегі күшті мемлекетін ұйымдастырғандары белгілі. Осының бәрі қазақ тарихын зерттеумен айналысатындарды «Оғыздар кімдер?» деген сауалға жауап іздестіруге итермелейді. Айта кеткен жөн, «Оғыз» генонимінің пайда болу себептерін зерттеушілер әртүрлі түсіндіріп, бұл мәселені барынша шатастыра түсті. Оны «Ойрат» (Оджират) этнонимінің түрікше айтылатын түрі (Рамстед), «өзен тайпалары» деген сөз (Толстов), «оқ-адам» деген сөз (Маркварт), «тайпалар бірлестігі» (Кононов) деген сөз, «ақылдасу» деген сөз (Баскаков) деп түсіндіретін еуропалық зерттеушілер бар. Бұлардың бәріне ортақ қателік: лингвистикалық немесе тарихи-филологиялық тұрғыдан ежелгі түркі тайпаларының этнонимдерін шығу себептерін толық айқындай алмайсыз. Тайпалар атауларының шығуы нақты этноәлеуметтік жағдайға тікелей тәуелді. Сондықтан да ру-тайпаларға қойылған генонимдер немесе этнонимдер олардың күнделікті тыныс-тіршіліктерін, олардың қандай тарихи тұлғадан тарағандарын және сандық құрылымдарын нақты ескеру негізінде пайда болған. Осы тұрғыдан келгенде, «Оғыз» этнонимінің «өгіз» атауынан шыққаны күдік тудырмауы тиіс. Мұны зерттеушілердің көпшілігінің мақұлдайтынын да айта кеткен жөн. Кейбір еуропалық зерттеушілер өгіз бен бұқаны ажырата алмай, «Оғыз» атауын өгізбен емес, бұқамен байланыстырып қателеседі (Базен; Синор). Жалпы, «Оғыз» этнонимі түркілердің өздерінің және арғы бабаларының сиыр малын негізгі шаруашылық кәсібіне, күнделікті тіршілік көзіне айналдыруларынан туындаған. Мұны қытай жылнамаларын шұқшия зерттеген Баеддин Өгелдің (қазақша аудармасын Ә.Дәулетхан жасаған) ежелгі хұндар тарихына қатысты зерттеулерін оқыған адам айқын аңғара алады. Онда түркітілдестер сиыр малын өсіруге баса көңіл бөлсе, ал олардың шығыстағы көршілері – тұңғыс-манчжур (моңғол) тілдестердің негізінен шошқа шаруашылығын өркендеткендері анық айтылған. VІІІ ғасырдағы атақты Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) ескерткішінің мәтінінде «Сиыр көлікті Тоғлыдан оғыздар келді» деп жазылған. Сондықтан да түркілердің бір бөлігі «Өгіздер» (Оғыздар) атанған. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе, кейбір түркі халықтары (түрікмендер, қарақалпақтар және т.б.) әлі күнге дейін өздерінің шежірелерін Оғызханнан (Өгізханнан) таратады. Жоғарыда атап кеткеніміздей, тарихи аңыздар қазақтың кейбір тайпаларының шығу тарихын Оғызханмен байланыстырады. Н.Бернштам ол туралы аңыздарда айтылатын мәліметтердің ежелгі Хуннулардың қағаны Метенің (Модэнің) қызметіне қатысты деректерге сәйкес келетінін байқаған болатын. Мұндай пікірге келісуге кедергі жасайтын бір ғана мәселе – «Оғыз» этнонимінің ежелгі Хуннулар дәуірінен емес, VІ ғасырдан бастап қана белгілі болуы болып отыр. Қалай десек те, Оғызхан есімі – Оғыз тайпалық бірлестігінің атынан кейін «өгіз мінгендер» ханы ретінде VІІ ғасырда өмір сүрген нақты да аса ықпалды тұлғаның қосымша аты. Біздің ойымызша, бұл – Күлтегін мен оның ағасы Білге қағанның әкесі, 693 жылы қайтыс болған Елтеріс Кұтлық қағанның замандасы және бақталасы, Тоғыз Оғыздардың қаһарлы көсемі Баз-қағанның қосалқы аты. Оның есімі Тұй-ұқұқтың (Тоныкөктің), Күлтегіннің және Білге қағанның ескерткіштерінде қайталанып кездесіп отырады. Білге қаған ескерткішінің мәтінінде Елтеріс Құтлық қаған өлген соң оның басына одан бұрын қайтыс болған Оғыздардың Баз-қағанының балбалы қойылғандығы айтылған. Осының бәрі Оғызханның шын аты Баз-қаған екенін дәлелдей түсетіндей. «Оғыз заманындағы» тайпалардың тамаша өмірі «Оғызнаме» дастанында жырланады. Бұл аңыздар «Қорқыт Ата» кітабына еніп, бүгінгі ұрпаққа келіп жетті. «Оғызнаменің» үлкен географиялық аймақтарға таралып кетуі бұл дастанның тым ертеректе, Оғыздар батысқа жылжи бастаған алғашқы кезеңде шыққанын дәлелдей түседі. Ежелгі қытай жылнамаларында Оғыздар «Угу» деген атпен VІ ғасырдан бастап кездесе бастайды. Бұл – «өгіз» атауының қытайша бұрмаланған түрі. Тарихи деректерге назар аударсақ, ежелгі Оғыздардың атамекені Орхоннан батысқа қарай Ыстықкөлдің шығысына дейін созылып жатқанын байқаймыз. Арғы ата-бабалары батыс хұндары болып табылатын олар V ғасырда аталған өңірде өмір сүрген Теле (кейінірек – Телек) тайпалар одағы қойнауында қалыптасты. Осында Сіренда (қыпшақтардың бабалары) билікке келгенде оларға бағынды. Бұл ұлыста олар Оғыздар атанды. Тоғыз оғыздар алғашқы Түрік қағанаты құлаған соң ғана күшейе бастады. Ал Сегіз оғыздар бірлестігі болса Ұйғырларға қарсы күрес барысында қалыптасты. VІІІ ғасырда Сегіз оғыздар (Наймандардың бабалары) және Тоғыз оғыздар (Керейлердің бабалары) бірлестіктері кейде Сегіз Байырқу, Тоғыз Байырқу деп те аталды. Осы тұста құрамындағы рулар сандарына байланысты бұрынғы Телек одағындағы түркітілдес тайпалар Үш оғыз (Үш қарлұқ), Отыз оғыз деген атаулармен де белгілі болды. Оғыздардың бір бөлігінің Ұйғырлардан ығысып, батысқа көшулері және Ұйғырлар билеген қағанаттың күйреуі бұл бірлестіктерді ыдыратты. Тоғыз оғыз (Тоғыз ғұз) атауы батыста олардың 820-21 жылдары Усрушана еліне жасаған шабуылы кезінде соңғы рет кездеседі (Бартольд). Ал шығыстан келген қидандар Сегіз оғыздарды Наймандар (моңғол тілінде – Сегіздер) деп атай бастады. В.Бартольд батысқа жылжығандардың сандық көрсеткіштерсіз, тек Оғыздар деп аталғанына назар аударды. Оғыздар ІХ ғасырда Жетісу арқылы Сырдарияның төменгі ағысына қоныстана бастағанда олардың сандық және сапалық тұрғыдан құрамдары өзгеріп кетті. Х ғасырдан бастап оларды араб географтары Ғұздар деп атай бастады. Махмұд Қашқаридың еңбегінде көрсетілген 22 Оғыздар тайпалары осы бірлестікке кіргендердің бір бөлігі ғана екендерін ұмытпаған жөн. Тарихи деректер Оғыз тайпаларының Учук және Бузук деп аталатын екі топқа бөлінгендерінен хабардар етеді. Каспий мен Арал теңіздерінен солтүстікке қарайғы аймақта Оғыздар күшті мемлекет құрды. Алайда солтүстік-шығыстан келген Қыпшақтар Х ғасырда оларды ығыстыра бастады. Оғыздардың біраз тайпалары Еділ өзеніне дейін барып, осында печенегтермен қақтығысса, ал екінші үлкен бөлігі Орта Азиядағы мұсылман иеліктеріне басып кіріп, Жерорта теңізіне дейін барды. Олардың 1065 жылы Дунайдан өтіп, Балқан түбегіндегі халықтарды тонап, Элладаға дейін барғандары белгілі. Қазіргі Осман түріктерінің біразы – солардың ұрпақтары. Бірақ олар қазір «түрік» атанып кеткен. Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор
5998 рет
көрсетілді14
пікір