• Тарих
  • 03 Тамыз, 2023

ӘЛЕМДЕГІ ӘСЕМДІК

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,

«Ana tili»

 ОРТАҒАСЫРЛАРДА ӘЙЕЛДЕР ҚАЛАЙ КҮТІНГЕН?

Сұлулық – жан мен тәннің әсем үйлесімі. Әлемдегі әсемдік пен сүйсіндірер сұлулық – әйел көркінде. Әйел мен әдемілік ұғымын бірге қарастыратынымыз да содан болар. Бүгінде дамып жатқан медицина, сұлулық индустриясы нәзік жандыларға сенімділік беріп, көрікті болудың кілтін ұсынғандай. Әлбетте, қыз-келіншектердің өзіне күтіммен қарап, сұлулықпен қатар саулығын да назарда ұстағаны маңызды. 
Бүгінгі таңда ең заманауи әдістер мен процедураларды ұсынатын дамыған сұлулық индустриясы осы мақсатқа қызмет етеді. Қазір әйел адамына қалағандай көріну ерте заманға қарағанда әлдеқайда оңай. Бірақ бұл дегеніміз сұлу болудың оңай жолмен берілетінін аңғартпайды. Бірақ сұлулыққа жету жолында астамдылық жасап, өзінің табиғи әдемілігінен ада болып қалған сұлулар да жоқ емес, бар. 
Сырт келбетімізден қандай да бір кем – кетік көрсек, оның бірден алдын алуға бар жан дәрменіміз қалмай, аяғында оны әдемі бірқалыпқа келтіріп аламыз. Ал адамдар, оның ішінде сұлулық символы – әйел қауымы сырт келбетке көбірек мән беріп, ішкі жан дүние, рухани болмысқа мән бермей жатады. Егер іштей нұрлансаңыз, ол нұр сырттан да сәулесін шашып тұратыны анық. 

 

Жиырмасыншы ғасырдың ең ұлы әйелдерінің бірі, француз ханымы Коко Шанель айтқандай, «ұсқынсыз әйел болмайды, керісінше өзіне күтім жасауға уақыт таппайтын жалқау әйел болады». Бүгінде сұлулыққа жаны құмар әйел адам сұлулық жолында түрлі процедураларды жасайды. Әйел адамның күтімі тек косметологиялық процедуралармен қатар, физикалық және психологиялық денсаулықтарына да мән беруі керек. Себебі кәрілік келген уақытта әйел адамның миы және денесі сергек қалыпта болса, өмірі ұзақ әрі ғұмырлы болмақ. Адам өзіне берілген аманат – денсаулыққа барынша адал болып, қиянат жасамауы керек. 
Табиғатынан адам баласы сұлулыққа құмар ғой. Сұлулық – біреу үшін жан тазалығы, біреуге сәнді киім, енді біреуге сыртқы келбет. Әлбетте, мұның бәрі бір-бірімен үйлескенде ғана сыртқы көрік ажарлана түспек. Сіздіңше, сәндену деген не? Сәнді киім кию, бояну, әтір ме? Жасандылықтан гөрі табиғи сұлулыққа әркімнің назары ауып тұрары анық. Осы ретте ерте ғасырлардағы әйелдердің күтімі жайлы сөз қозғағымыз келеді. 
Египет жері тек емдік мақсатта емес, сонымен қатар косметиканың негізі ретінде қолданылған табиғат дарыған май қоспаларына өте бай еді. Ежелгі Египеттің хас сұлулары бет әлпетінің тегіс әрі балғын болуы мақсатында жабайы апельсиннің майын бетіне жағатын. Дәл осы май целлюлиттен зардап шеккен дене аймақтарына да жағылды. Сусабындарға сандал ағашының майы қосылды, бұл шаштың өсуін жақсартты. Сандал майы әйел адамдардың тырнақтарының қаттылығын, беріктігін де қамтамасыз ету үшін ем еді. 
Біріншіден, сандал ағашының майы антисептиктің орнын алмастырады, бұл оны дезинфекциялайтын құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Ол қабыну процестерін тоқтатады, ісінуді жеңілдетеді. Оның өткір иісі бактерияларды жояды. Келтірілген деректер сандал ағашының майын бүгінде медицинада қолданудың қажеттілігін көрсетеді. 
Екіншіден, сандал ағашының майы теріңізді бос, салбыраудан сақтайды және оны табиғи бірқалыпта ұстап тұруға жағдай жасайды. 
Үшіншіден, сандал ағашы майының жақсы тыныштандырғыш қасиеті бар. Май босаңсытады, тыныштандырады, бас ауруларын жеңілдетеді және бойдағы үрей мен қорқынышты жояды. Ароматерапияда сандал ағашының майын қолдану ежелден дәстүрге айналған. Сандал ағашының майын хош иісті ваннаға қосып, оны сүтте, көбікте немесе басқа эмульгаторда ерітуге болады. Сандал майы массаж кезінде де жиі қолданылады. Ол бірден сіңіп кетпейді, бірақ терінің жақсы қыздырылуына мүмкіндік береді.
Төртіншіден, майдың бұл түрі афродизиак тобына кіреді. Оның біздің эмо­цияларымызға әсері сонша, ол сезімталдыққа жауап беретін белгілі бір гормондардың өндірілуіне ықпал етеді.
Бесіншіден, майдың ерекшеліктері туралы айтатын болсақ, бет ісінуін кетіру, пилинг пен безеуден құтылу – бұл табиғи өнім мұның бәріне едәуір жақсы ықпал етеді. 
Алтыншыдан, сандал майын қолдану тыныс алу жолдарының ауруларына көмектеседі. Тамақ ауруынан жеңілдету үшін бірнеше ингаляция жеткілікті, тыныс алуыңыз анағұрлым жақсы қалыпта болады. 
Бүгінде озон қабатының жұқаруына және климаттың өзгеруіне байланысты күн сәулесінің адам терісіне кері әсер беретінін ғалымдар дәлелдеп жатыр. Ерте ғасырларда түнгі жақпамайға қосылған 1-2 тамшы күнжіт майы теріні қартаюдан сақтап, жараларды емдеген және күн сәулесінен қорғаған. Ал қайызғақ пен құрғақ шашқа қарсы күресте харуа майы көмектесті. Харуа майы, әдетте бас терісіне жағылатын. 
Бүгінгі таңда бізге қолжетімді кәсіби күтім болмаған жағдайда, косметолог ежелгі уақытта теріні таза, тегіс рельефті сақтап, әжімдер дәуірін қалай артқа шегіндіре алды? Енді қазақ әйелдерінің күтімі жайлы сөз қозғалық. 
Біріншіден, бәрі органикалық әрі табиғи болды, соның ішінде тамақ, ауа  экологиялық тұрғыда таза еді. Екіншіден, адамның бойындағы биологиялық сағатқа сәйкес күн тәртібі сақталды. Олар таң атқанша ұйықтамай отырмады, қараңғы түсе бастағанда – ақ ұйқыға жатты, құланиекте тұрды. Бүгінде көп адам  ерте оянудың орасан зор пайдасы туралы айтады, тіпті таңертең оянуға және бірден сергек болуға үйрететін арнайы курстар да бар. Үшіншіден, әйелдер импровизацияланған құралдарды қолданды: бетке арналған бүгінгі жақпаның орнын қаймақ алмас­тырған. Бет ылғалдандырылғаннан кейін, бетті сүтпен және мөлдір, салқын сумен шайып, жуды. Олар арнайы «тазалану күндерін» ұйымдастырды, жеке киіз үйде жылы су құйып, дайындап, оған адыраспан, түймедақ, қызғалдақ сабақтары және басқа да шөп тектес өсімдіктердің қайнатпаларын араластырды. Адыраспанның қайнатпасы ұсақ жаралар мен бөртпелерді емдеуге арналған таптырмас құрал. Арнайы жуғыш зат ретінде мәдени өсімдіктерге жататын, асқабақ (Cucurbitaceae) тұқымдасының шөпті жүзім тұқымдасы люффа шөбі қолданылды. 
Қол саусақтарының тырнақтары сынғыш болып келетіндер бұл майды тырнақтарын нығайту үшін қолданды. Бұл майлардың барлығы косметологияда және қазіргі әйел қауымына  таптырмас көмекші бола алады. Екі  ас қасық алоэ майы, 1 қасық бал араластырылған масканы ұйықтар алдында таза теріге жақсаңыз, әжімдермен күресуге көмектеседі. Теріні қатайту үшін сандал майынан маска жасауға болады. Сандал майы мен сүтті жақсылап араластырып болғаннан кейін, қоймалжың затты  тоңазытқышқа шамамен 30 минутқа қоясыз. Содан кейін бұл маска бет терісіне 15 минутқа қалдырылады. Сандал майы өзінің қасиеттері бойынша терінің кез келген түріне жарайды және майлы теріге бейім безеулермен күреседі. Сандал майы құрғақ теріні нәрлендіреді және жұмсартады, сондықтан күнделікті жақпамайларға бірнеше тамшы май қосуға болады. Жұмыс күнінен кейін демалып сергу мақсатында 5-6 тамшы сандал майын бір стақан сүтпен араластырып, жылы ваннаға ерітінді ретінде қосу жеткілікті. Сандал ағашының майын жүкті әйелдерге қолдануға болмайды және аллергиялық аурулары бар адамдарға сақтықпен қолдану ұсынылады.

Ежелгі Римнің сұлулық құпиясы

Ежелгі Римде терінің өлі жасушаларын жоюға бағытталған пилинг, скраб маскалары пайда болды. Балдан, ұнтақталған нарцисс гүлдерінен және ұсақталған бұғы мүйіздерінен жасалған маска жиі қолданылды, содан кейін кілегей мен раушан жапырақшаларынан жасалған ылғалдандырғыш жақ­памайлары кеңінен қолданылды. Балмен өсімдіктердің әртүрлі қосындысымен маскалар жасалды:  Оған  бал, қара бидай ұны, иісі аңқып тұрған вербена жапырақтары, есектің жаңадан сауылған сүті қолданылады. Есек сүті бағзыда дененің терісі үшін ең қоректік емдік дәрі деп танылған. Бірақ бүгінде «есектің сүтін есі кеткендер ішеді» деген ұғым бар. Есектің сүті – ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Фәтху әл-Қадир атты кітапта заһир риуаят бойынша есектің сүті нәжіс екені, сондай-ақ Айну әл-Әиммәнің: «Дұрысы есектің сүті ауыр нәжіс саналады. Өткені ол бір ғасырда өмір сүрген барлық ғалымдардың бір мәселеге қатысты бірауыздан келіскен үкімдері бойынша харам етілген», – деген сөзі келтірілген. Бұл дегеніміз есектің еті мен сүті де харам екенін білдіреді. Бұларды жеуге де, ішуге де болмайды.
Есектің сүтімен емделуге келсек, Ибн ән-Нужайм әл-Ханафи: «Ғалымдарымыз харам нәрселермен емделу үкіміне қатысты бір шешімге келіспеген. Алайда «әз-Захира» кітабында: «Харамнан басқа еш ем табылмаса және оның құрамында шипаның барлығы нақты болса, онымен емделуге рұқсат», – деп келтірілген. Десе де, сыртқы сұлулықты сақтауда және қолдауда түрлі – түрлі табиғи өнімдер мен әрі пайдалануға қолайлы тәсілдер жетерлік. 

Ежелгі гректің сұлулық құпиялары

Сұлулық пен жасартуға арналған су рәсімдері ежелгі Грециядан бастау алды. Ваннаға арналған процедуралар кезінде тері серпімді болады, эпидермистің қабыршақтайтын бөлшектерінен босатылады, ал қан тамырларының кеңеюінің арқасында қан ағымы жеделдейді, бұл иммунитетті нығайтуға және теріні тамақпен бірге келетін оттегімен және дәрумендермен байытуға көмектеседі. Көптеген косметологтар бір ванна процедурасы көптеген косметикалық манипуляциялар мен косметиканы алмастыра алатындығына сенімді. Сол күндері моншада құлдар жұмыс істеді, олар бу бөлмесінен кейін келушілердің терісін қырғыштармен немесе қатты шүберекпен сүртті, содан кейін пальма немесе зәйтүн майларымен массаж жасады.
Айтпақшы, ежелгі грек дәрігері Гиппократ әйелдерге сыртқы сұлулығының кем-кетігімен күресуге көмектесуге тырысқан алғашқы косметологтардың бірі болды. Оның шәкірті Диокл тіпті сол кездегі косметика туралы кітап жазды, онда ол теріге, тістерге, шашқа және т.б. қалай күтім жасау керегін егжей-тегжейлі жазып түсіндірді.
Осылайша, ежелгі дәуірден басталған әдеміліктің бүгінгі күнге дейінгі көптеген сұлулық құпиялары бар. Ол зәйтүн майы­ның емдік қасиетінен басталып, ваннаға арналған процедуралардың тиімділігіне дейін жалғасып кете барады. Табиғи әдістер заманауи дәрі-дәрмектер мен пластикалық хирургияның барлық түрлерімен салыс­тырғанда денсаулық үшін әлдеқайда жақсы және қауіпсіз.
Ерте, орта, кейінгі ғасырлардағы әйел адамның сұлулыққа деген құмары қашан да бірінші орында тұрған. Бүгін де дәл солай. Технологияның дамып, өзгергенімен, әйел адамның қалауы өзгермеген. 
Әйел адамның басты сұлулығы – жан сұлулығы, оның ішінде жүрек тазалығы десек қалт айтпағанымыз. 

5543 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы