• Ақпарат
  • 03 Тамыз, 2023

Домбыра, сенде мін бар ма?...

«Домбыра» атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп. Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасов­тың пікірінше, «домбыра» сөзі «дөп бұра», «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегінен жасалған. 


Музыка өнерінің тарихын зерттеген ака­демик А.Жұбанов: «Домбыра сөзі «қозы құйрық» дегенді білдіретін «дунбаһ» және «бурра» деген араб сөздерінің тіркесінен пайда болған, деген болатын. Яғни ғалым домбыраның атауын­ оның шанағының қозының құйрығы сияқты пішінмен байланыстырады. 
Дәстүрлі ортада домбыраның қалай пайда болғандығы жайындағы аңыздардың бірнеше нұсқасы бар. Солардың көп тарағаны домбыраны жасаған аңшы жігіт жайындағы аңыз. Ертеде бір аңшы жігіт аң атып алып, сол сойылған аңның ішегін ағаш басына лақтыра салады. Шұбатылған ішек бір бұтақтан екінші бұтаққа ілініп, керіліп қалады. Күндердің бір күнінде Қамбархан сол жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды әуен, құйқылжыған үн естіледі. Жан-жағына қараса, бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішек жел соқса, ызыңдап қоя береді екен. Аңшы жігіт әлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып, домбыра жасаған екен.
«...Домбыра сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма, 
Тілден анық үн барда.
Домбыраның күші мол,
Көмейінде күй барда...» – деп жырлайды құлагер ақын Ілияс Жансүгіров. 
Домбыраны ардақтамайтын қазақ жоқ. Домбыра – қасиетті аспап. Оның қасиеті неде? Қазақ не үшін киелі санаған? Төріне іліп, үкі тағып ардақтауының сыры неде? Шын өнерпаздардың тағдыры туралы сөз қозғалғанда оның домбырасы жайлы әңгіме де қатар өрбиді. Иесі бақиға көшкен домбыраның ішегі үзіледі, не ілулі тұрған жерінен құлап сынады. Осылайша, иесімен біте қайнасып кеткен аспаптың да ғұмыры да аяқталады. Атам қазақ күйші қайтыс болғанда домбырасын теріс қаратып ілетін болған. Ол туралы жазушы, күйші Таласбек Әсемқұловтың жары өзінің «Күндес» атты әңгімесінде тілге тиек етеді: «Біз үйленердің алдында Талас өз қолымен бір қызыл домбыра шапты. Басында керемет сөйлеп жүрді. Бітпей жатып Бекболат Тілеуханнан бастап құда түсушілер көп болды. Мың долларға дейін ақша ұсынды. Ол кезде Алматыда 3-5 мың долларға пәтер алуға болатын еді. Баспана азабы арқасына батып кеткен Таласбек сатқысы келді. Бірақ мен қарсы болдым. Мифология бойынша саз өнері дарыған адамның төл аспабы оның жары деп есептеледі. Ол кезде жатақхананың тар бөлмесінде тұрамыз. Бір күні жұмыстан келіп киім ауыстырайын десем, біреу тесіліп қарап тұрғандай күйге тап болдым. Әрі қарап, бері қарап, күдікті ештеңе таппадым. Ақыры көзім домбыраға түсіп, жуынатын бөлмеге барып киім ауыстыруға тура келді. Одан кейін сол күйден арыла алмадым. Үнемі ту сыртымнан біреу қарап тұрғандай сезім кетпей қойды. Бар тапқан амалым қабырғада ілулі тұрған домбыраның бетін қабырғаға қаратып қойдым. Таласбек үйге келгенде әлгіні бірден байқап, қатты ренжіді. Сөйтсем, күйші қайтыс болғанда ғана домбырасын теріс қаратып іледі екен. Кешірім сұрап, себебін түсіндірген едім, жымиып қана: «Түнде Қойбас Ана келіп, қызыл домбыраға жан бітірген ғой. Нағыз күйшілердің домбырасында жан болады. Қойбас Ана батасын беріп кетті. Енді қызыл домбыра екеуің бір-біріңе біртіндеп үйренісіп кетесіңдер. Жаңағыдай сезімдеріңе алаңдамай-ақ қой», – деді. Аңыз бойынша Қойбас Ана – Қорқыттың қарындасы. Қорқыт Ата – қобыздың пірі болса, Қойбас Ана – домбыраның киесі. Оны алғаш рет Таласбектен сол кезде естідім. Қорқыттың аты аталғанымен, бү­­гінде Қойбас Ана ұмытылған. Қойбас дей­­тіні, басында қойдікіндей мүйіз болған деседі». 
Бұрынғының адамдары нау­қастың беті бері қарамайтынын білсе, қиналмай үзіліп кетсін деп, киіз үйдің немесе там үйдің ағашын жонатын болған. 
Көк тәңірінің қалауы­мен жаратылған заттың бірі – сана домбыра. Ол Құранда да айтылады. Бұл туралы аспаптанушы этнолог Зәбира Жәкішева өрелі зерттеулер жасаған. Тәңірінің құзыры түскен адамдар ол белгілеген заттарды пайдаланып, дауа алып, жаңа рухани сана өзгерісіне түседі. Сана домбыраны Қақ жолына бас иген адам ғана пайдалана алады. Мұны қасиетті құранда жазылған: «...Көк періштелерінің әрқайсысының қолында домбыраға ұқсас әлдебір алтын аспап» деп келетін тәңірлік сөз­ден аңғаруға болады. (Дереккөз: Інжіл-Шәриф. Аян тақырыбы. – Стамбул,2002)
«Дінтанушы ғалымдар мен жоғары дәрежелі емші бақсылар қолданатын «ма­териалдық жұлдыздар», «рухтар галак­тикасындағы жұлдыздар» деп айтылатын сөздер бар. Рухтар галактикасындағы жұлдыздармен Алланың назарына іліккен ерекше жаратылған адамдар мидың кейбір қасиеттері арқылы байланысқа түсе алады. Бұл құбылыс Алланың шапағатына бөленген сібірлік түрік бақсыларының рухтарымен байланысқа (трансқа) шыға алатын «көктің тоғызыншы қабаты» деп аталатын түсінікке сай келеді» дейді З.Жәкішева. 
Сана домбыраның жасалуы туралы З.Жәкішева «Аспаптану» атты еңбегінде халықаралық дәрежелі емші О.Сандыбайұлының дерегін келтіреді.
«Сана домбырамен ән, жыр, терме, күй орындап, адам рухын тазартуға болады. Домбыраның шанағы ақ қайыңнан (ақ шәмшаттан) тұтас шауып жасалады. Бет қақпағының қалыңдығы 7 мм етіп жасалса, емдік қасиеті зор болады. Басы қошқар мүйіз етіп ойып жасалып, қақпақ бетінде шағын айна, төрт ай, жұлдыз белгісі, тиісті Құран дұғасы, үндестік иірім, үш тау және қызғалдақ белгісі салынады. Беті табиғи желіммен немесе ағаш шегемен жабылады. Сана домбыра емдік қасиеті бар дауа домбыраға айналу үшін қасиеті зор адыраспан мен мәусектің кепкен 8 тамырын шанақтың саға тұсына арасы 1 см болып келетін ұяларға тікесінен орнатылады. Үстіңгісі ешкі ішегінен, ал астыңғысы қойдың ішегінен, пернелері үш айлық еркек қозы ішегінен тағылады. Ол үшін қазан мен қараша айларында төрт жасар ешкі мен қозыны екі күн ашықтырып ұстап соя-ды. Аштықта ұсталған қозының ішкі ащы ішектері таза болып келеді. Осы ішектерді қос уыс адыраспан салынған қайнаған суға 15 минут бұқтырып, суытылған, сүзілген емдік тұнбада 15-20 минут қанықтырады. Қой ішегі – оңға, ешкі ішегі – солға иіріледі. 
Сана домбыраға табиғи түрде дайын­даған желім қолданылуы міндетті. Ол үшін екі жасар өгіз терісінен екі келідей кесіп алып, оны жүнінен тазартады. Жабық ыдысқа бес литр су құйып, екі күн бес сағат бойы қайнатады. Қайнатып жатқан кезде Алла тағалаға сиынып, «Ха Мим» дұғасын 15 рет қайталау қажет».
З.Жәкішева домбыра бетіне салынған белгілердің аспандық және жердік мағынасы бар дейді. Мәселен, «жұлдыз» адам өмірінің аспан жұлдыздарымен байланыстылы­ғынан хабар берсе, «тау» қазақ ұғымында биіктік пен асқақтықтың белгісі ретінде, «қызғалдақ» қасиетті наурыздың келгенін білдіретін алғашқы өскін гүл саналады. Ал «қошқар мүйіз» қазақтардың ұғымында ою-өрнек үлгілерінің атасы және қасиетті құрбан малы деп саналады.
Осылайша, перғауын заманынан бар домбыраны қазақ кемел биігіне жеткізді. Қазақтар арасында көне нұсқаларынан бастап қазіргі «Алтай домбыра», «Абыз дом­быра», «Сана домбыра» нұсқасына дейінгі дамыған үлгілері қалыптасты. Бұл қасиетті домбыра аспабы туралы әңгіменің бір ұшқыны ғана. 
Домбыраның қоңыр үні түсіне білген адамды талай жерге жетелейді. Қазақтың домбырасымен тартылған күй өнерінің кереметтілігін сезіне білудің өзі қандай ғанибет. Осы күйдің құдыреттілігін Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінен анық көруге болады. Кинода суда жүзіп жүрген аққулар бейнеленген. Сол аққулар камера жарықтарынан, түсірілім кезіндегі шудан қорқып тыныштала қоймаған екен. Сонда Н.Тілендиев өзінің «Аққу» күйін дауыс күшейткіштермен қойып, аққуларды сол күйге ұйытқан деседі. Домбырада ойналған «Аққу» күйіне тынышталған аққулардың кадрын режиссер тиімді пайдаланған. 
Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бірақ оның тарихын зерттемей, тек музыкалық аспап ретінде қабылдайды. Осы орайда, әрбір домбыра ойнаушы, домбыра үйренумен қатар, осы киелі аспаптың шығу тарихын терең біліп алса, тіпті керемет болары сөзсіз. Бұл қуантарлық жайт болар еді. Сондай ақ, атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер ұрпаққа аманат етсе нұр үстіне нұр болмақ. 

Дайындаған 
Жұмакүл Бегілдаева, 
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр 
орталығының кіші ғылыми  қызметкері

7175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы