• Руханият
  • 10 Тамыз, 2023

«...Қызыл тіл, сөйлеймін десең, өзің біл!»

Абайдың асыл мұраты, басты ұстанымы – әділдік, ізгілік, адалдық еді. Мыңның ішінде жүріп, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өссе де», елдің тілеуін тілеп, рухани түлеуіне қырандай дүр сілкініп, шарболаттай шамырқанып қызмет етеді. Интеллектуалдық білімін, лидерлік тегеуірін-қуатын, қара қылды қақ жарып сөйлейтін турашылдығын қалың қауымына танытты. Дау-шарларда, сияздарда өзі барыс­тай, тілі мірдің оғындай атылды. Мұраттастар мәслихатында тілдің майын­ ағызды. Ол сөйлегенде шынайы шыншылдық, рухани сұлулық, байыпты сыншылдық, парасатты мінез-құлық танытты. Осынау ұлық қасиеттерін бар шындығымен, жігерлі даусымен мәлімдеді. Осы ретте Абайдың мақамдары мен әңгімешілдігі жөніндегі мына бір деректі сөйлетейік:
 

«Абай сөйлегенде, мейлі ескі ғасырларда болып өткен пайғамбарлардан сөйлесін, мейлі патшалардан сөйлесін, болмаса, өзінің өміріндегі көрген-білгенінен сөйлесін, қандай әңгіме сөйлесе, сол айтылып отырған зат көз алдында елестеп, көрініп тұрғандай ұғылатын еді. Адамға сөздің кестесін өрнектеп, ұғындырып айтуы сондайлық, өзімше ойладым, Абай үзбей сөйлеп отырса, мейлі ескі тарихтан сөйлесін, мейлі жаңалық қазақ арасындағы болып жатқан әңгімеден сөйлесін, сөз ұғуы талап етіп, құлағын төсеп, көңіл берген ынталы талапты адамның бір сөткеге ұйқы, тамақ ойына келетін емес. Тек Абай сөйлеп отырсын, Абайдың бір сөтке әңгімесін тыңдаған адам баласы өмірлік азығын арқалап алып шығуына болады» (Бағыбай Құсайыновтың естелігі. ҚР ҰҒА ОҒК-нің сирек қолжазбалар қоры. Қ-629, 4-дәптер).
Абайдың энциклопе­диялық білімі мен тыңдау­шыларды үйіріп әкететін шеберлігі әсерлі сипат­талған.
М.О.Әуезовтің де­регіне жүгінер болсақ, Құнанбайдың Абайға отты, «өр мінезді, балауса шағында «ең әуелі – сен жұрттың бәріне күліп сөй­лейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Екінші – көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын, желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес», – депті. Әке ойының түкпірінде Абайдың елді алаламайтыны, бөліп-жармайтыны, тәкәппарлықтан, паңдықтан ада екені, қара жұртты жөнге салатындық, ойландырарлық мінезі бары анық айтылған. Бұған қоса сыншылдық, сезімталдық, тапқырлық қасиеттері бар. Ойын, сырын бүкпейді. Көргенін, көңілге түйгенін дереу айтудан қаймықпайды.
Негізінде, жақсы сөз, көркем ой – Абай мұрасының темірқазығы. Ол ұшқырлық пен тапқырлықтың нағыз үлгісін ұсынады. Сондықтан да осындай ғасыр ғибраттары, замана жауһарлары халықтың ой-сана тарихымен бірге жасайды.
Абайдың әрбір толғамы, әрбір сөзі, әрбір ойы – ғасырлық ой, ғасырлық сөз, ғасырлық жұмбақ тәрізді. Ойшыл-хакім әрбір оқиғаны әсерлі, шынайы әңгімелейді, ғибрат айтады, рухани кемелдікке тәрбиелейді, тағдырыңа жәрдемдеседі, мейірлендіреді, ойландырып жігерлендіреді, адамшылық парызыңды нақтылап түсіндіреді.
Интеллектуалдық-шығарма­шылық қабілет-қарымның иесі Абай «Қайран тіл, қайран сөз» дейтін ұғым­ның түп бастауын былайша түсіндіреді:
Қуаты оттай бұрқырап,
Уәзінге өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзілген.
Тілдің қуат-құдіретін, киелі, асыл қасиетін жер-дүниені дүр сілкіндірген күннің күркіреуімен, найзағайдың отымен теңеуі ақиқат-ау! Сөз өнеріне, яғни ойға, тілге жүйріктік, білгірлік, пікірге тапқырлық, айтқыштық табиғи тума қасиеттерге байланыс­ты болса керек-ті. Анығында, бес сезім. Әл-Фарабидің көрсетуінше, «сезетін қуат», «көретін қуатын» және қалау, талпыныс, құлшыныс, қиялдау секілді қозғаушы қуаттар. Әлемнің «екінші ұстазы» өзінің ғылымдар жіктемесі бойын­ша, алдымен тіл ғылымын атайды. Себебі ой-пікірді 1) айқын жеткізу 2) тиянақты баяндау 3) сұрақтарды дұрыс қою 4) дәлелді жауап беру 5) дұрыс сөйлеу үшін «синтаксис мәніне терең бойлау» 6) дұрыс ойлау үшін «логика мәніне терең бойлау».

Әл-Фараби айтқан бірегей шарттарды Абай поэзиясында, қара сөздерінде, ауыз-екі әңгімелерінде, шешендік, билік, тапқырлық сөзде­рінде шеберлікпен қолданған. Әрі отты, жалынды ой оралымдарын, түйін-тұжырымдарын ар-ожданның, на­мыстың тіліне, ұлттың, мемлекеттің тіліне айналдырған.Сондықтан да Абайдың даналық дәрістерінің тағдыр анықтағыштық мәні зор. Халыққа әділеттігімен, рухани тазалығымен, дархан мейірбандығымен қызмет етті. Елдің сөзін сөйлеп, көзін ашты, тура жол көрсетті, өнер-білім, ғылым, кәсіпшілікке (егіншілікке, қолөнер) шақырды, үйретті, оқытты.
Абай шығармашылық өнерінде, мәслихаттарда сөздің майын тамызады, билік-кесім сөздерінде, сөздің баукесерін (тоқетері, түйіні, иіні, қорытындысы) айтады. Сөздің парқын айырып, ойын түйіп жеткізеді, сөз жарыстыру, ой салыстыру үдерісінде оқыс түйін жасайды, тапқырлық танытады, сөздің тігісін жатқызады. Сөзге батыр, іскер пақырларды, сөз бермей жалғыз шапқан мыжымаларды, сөзге қонақ бермейтіндерді сегіз қырлы семсер тілімен сеспей қатырады.
Абайдың сөзі – мың сырлы, мың қырлы мағыналық реңктерге, ой суреттеріне бай. «Сөз ұғарлық», «Сөз мәнісін білерлік» жан бар болса деп армандайды.
«Білімдіден шыққан сөз» дейтін өлеңінде «көкірек сөзі», «жүрегі айна», жан дүниенің «нұрын, сырын көруге» қабілеті болады дейді. «Білімдіден аяман сөздің майын» дегені «Көкірегінде оты бар ойлы адамға» арналғаны айтыл­ған.
Кемеңгер М.О.Әуезов Абай айтқыш­тығының түп-тамырын, ұлы мектебін, нағашы жұртының ұлы дәстүрін былайша айтады:
«Абайдың өз шешесі Ұлжан Қаракесек руы ішінде Бертіс бидің тұқымы болады.Ұлжанның әкесі Тұрланмен бірге туысқан Қонтай, Тонтай қалжыңмен шыққан белгілі мысқылшыл, тапқыш, күлдіргілер болған. Бұл әдет – Бертіс Шаншар руына түгел жайылған мінез. Осы күнге шейін ел Шаншардың қулары дегенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құстың жайын айтқандай сөйлейді. Әлі күнге Қояндыда, үлкен жәрмеңке, қалың жиындарда, бір жерге тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: «Ойбай, Шаншар келе жатыр!» деп өрттен қашқандай дүркірей қашады деседі. Бұл әдет – Шаншардың мысқыл-мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да, мінін таппай қоймайды: мінін тауып алса, түндігін ұшырғандай қылып айтады. Сөз шабуылынан кімнің болса да, есін шығарып, есеңгіретіп кетеді».
М.О.Әуезовтің «Абайдың өмір­баяны» дейтін деректемелік-танымдық зерттеуінде ойшыл-хакім 1889–1890 жылдарда тәлімгерлікпен, «көр­кемдік тәрбиемен», әңгімешілдік өнермен айрықша шұғылданады.  Абайдың даналық мектебін айтқанда, «осындайлық жаңа, соны әңгімелердің ішінде өз уақытында жаңа болған «Мың бір түн», «Шаһнама», «Бақтыжар», «Ләйлі-Мәжнүн», «Көроғлы Сұлтан» сияқтылардан басқа, орыс пен Еуропаның да талай романдары болды.Абайдың айтқанынан тараған А.Дюманың «Үш мушкетері», «Он жылдан соңғысы», «Король қатын Маргосы», Лесаждың «Ақсақ французы» («Хромой бес»), Пушкин, Лермонтов әңгімелері және Батыс Еуропада орта ғасырда инквизиция сотының заманын суреттейтін «Қызыл сақал» деген роман, онан соң Америка, Африка жабайылары ортасында күн кешкен «жәһәнкезгендер» жайындағы романдар да көп айтылатын болған. Бұл мәліметтер Абайдың әдеби білімі мен оның таңғажайып тағылымды дә­рістерін тыңдаған қауымның мә­дени, тарихи, рухани ой-өрістерін толық айқындайды. Және «қалың елі, қазағына» сіңірген тарихи қызметін де дәлелдейді. Соның бір керемет айғағы ретінде құймақұлақ шәкірті ертекші Баймағамбет Мырзаханұлына тұтқиылдан айтқан ертегісін тыңдайық:
Бір күні Баймағамбет:
– Абай аға, сіз маған араб, парсы, орыс, түрік халықтарының талай ертегілерін айтып беріп, маған жаттаттыңыз. Енді, анық қазақ хал­қының өз тұрмысынан алып, жаңа, өзіңіздің жаныңыздан шығарып, бір жақсы ертек айтып беріңізші? – деп қалыпты. Сонда Абай:
– Ендеше, тыңдап отыр, екеуміз ақылдасып отырып, бір ертек шығарайық. Соңынан сен маған айтып бересің? – депті де, мына бір ертекті жанынан шығарып айтыпты:
– Ертеде қазақ елінің көпшілігі кедей болыпты. Тек қана ата дәулет, абырой-атақ арқасында не саудамен, не ел жеумен болмаса, қызын сатып, қалың мал алумен бай болған байлар бірен-саран ғана екен. Кедейлер ішсе тамаққа, кисе киімге жарымапты. Сонда бір нашар адам кедейліктен өлер халге жеткен соң, басқа істерлік кәсіп таба алмай, қолына аса таяқ ұстап, басына аққудың терісін киіп, қайыр-садақа жинап, кейде өтірік бал ашып, ел аралап жүріпті. Бір уақытта тентірей-тентірей өз елінің жерінен шығып, басқа бір рудың ішін аралап келе жатса, алдынан жаңа ғана бір ел көшкен жұрт кез болыпты.
Диуана жаяу жүруден шөлдеп келе жатыр еді. «Су ішейінші, осының құдығы әзір таза шығар» деп құдыққа келсе, құдықтың ішінде бір ақбас атан түйе жатыр. Оны суырып алуға шамасы жоқ, суды тағы іше алмай таяғын алып, бағанағы көшкен ауылдың сүрлеуімен аяңдап, сол ауылды іздеп жүре береді. Бір күндерде келіп әлгі ауылдың үстінен шығады. Сол ауылға келсе, байдың алты қанат ақ ордасының ішінде лық толған жиын. Бай еліндегі бақсы, құшынашты жинап алып, жоғалған түйесіне бал аштырып жатыр екен. Бақсылар қобыз тартып, жындарымен сөйлесіп, ақырында жұрт жорырлық ештеңе айта алмапты. Сол кезде байдың көзі диуанаға түсіп:
– Е, диуанам, сен де бір қасиеттен кенде емес шығарсың, болжап көрші! Жоғалған ақбас атан малымның құты еді, – депті. Диуана:
– Байеке, мен ойнар едім, бірақ мына екі бақсы қобыздарымен елітіп, кісілерімді тартып алып отыр, әділе­тіңізден сұранамын, менің жындарымды өзіме қайтарыңыз? – депті. Бай бақсыларға:
– Өңкей ұры, залым бақсылар, менің түйемді іздеп сарнап отыр екен десем, біреудің жынын алдап, өздеріне кісі қылып алуға сарнаған екенсіңдер, қазір жаныңның барында диуананың жынын өзіне қайтар! – депті. Бақсылар: 
– Байеке, біз жын ұрлағанымыз жоқ, диуана өзі ойнай берсін, депті. Диуана олай-бұлай қозғалып, ойнай алмаған болып:
– Байеке, мыналар беретін емес, көйлектерінің ішіне кіргізіп алды, – депті. Бай ашуланып, екі бақсыны жалаңаштап дүре соқтырыпты. Сонан кейін диуана таяғын сылдырлатып, көзін алартып, секіріп жүріп, бір мезетте:
– Сүйінші, байеке, сүйінші! Түйеңіз табылды, түйеңіз әлі тірі, осы ауылдың құдығында жатыр, құдықтарыңызды қаратып па едіңіз? – депті. Бай:
– Ой, не айтасың, құдық дегенің мынау, су ішіп тұрған емес пе, онда сайтан да жоқ! – депті. Диуана:
– Тақсыр, олай болса, ескі жұр­тыңыз­дағы құдық. Осы сөзім өтірік болса, басымды берейін! – депті. Бай бұл сөзге иланып, үш-төрт кісіні атқа мінгізіп, шапқызып жіберсе, олар аман-есен ақбас атанды құдықтан шығарып алып келіпті. Жұрт сүйсініп, қайран қалыпты, бай да қуанып өте риза болыпты, – дейді де, Абай қорғалақтап отырып Баймағамбетовке қарап:
– Ұқтыңыз ба? – депті.
– Абай аға, ұқтым ғой, бірақ осыған осы бай не бергенін айтыңызшы, мен соны күтіп отырмын? – депті. Сонда Абай:
– Сен айтшы, осыған бай не береді деп едің? – депті. Баймағамбет:
– Меніңше, мұндайлық көріпкел диуанаға әрі сеніп, әрі риза болып, осыған бір жақсы ат міндірді, – дей бергенде, Абай:
– Ой, жаның шықсын, бүйтпесең, қазақ боласың ба? Өтіріктің де қисыны бар. Бұдан бай бәйбішесін шақырып алып, бір табақ соқпа мен бір ескі көйлегін бергізді. Бай бұл сыйын: «ең бағалы, көп берген дүнием» деп есепте депті. Баймағамбет:
– Дұрыс, Абай аға, енді аяғын ұзарта түсіңіз, тым шолақ болады, – депті. Абай:
– Диуана байдың сыйын алып, ол ауылды аралап, қайыр-садақа алыпты да, өз еліне қайтып келіпті. Бірнеше күн өткеннен кейін әлгі байдың жайлауға шығарда жатаққа қалдырып кеткен барлық қоймасы, жасау-жабдықтары жоғалыпты. Кім алғанынан күзге дейін хабар-ошар болмапты. Бай еліне де, келген-кеткен адамдарға да: «Бұл малым табылады, азар болса түнеу күнгі диуанаға қос атпен кісі жіберемін. Ал оның қандай көріпкел екенін түнеу күні көздерің көрген» деп долбарлап та байқады, ешнәрсе болмады.
Ақырында бай қос атпен диуанаға кісі шаптырды. Диуана: «Бай шақырады» дегенде: «Е, маған бір сый бергелі шақырған екен» деп, қуана-қуана байдың ауылына келіпті. Келсе, байдың қабағы жабыңқы, бір үлкен реніште отырғандай көрінді. Диуананың сәлемін алысымен-ақ, бай бастан-аяқ болған жайды айтты да:
– Диуанам, осы малымды тап! – деді.
Диуана бір сұмдықтың таянғанын сезді. Өзінің өтірігінің енді беті ашылатынына көзі жетіп, қатты қысылды.
– Қой, бұдан кешке қашып кетіп құтылайын, болмаса, ана жолы түйені өзім көріп келіп айттым. Абыройды ақбас атан жапты, – деп ойланды. Аздан соң:
– Байеке, ауылдан аулақ, оңаша үй тіккіз, екі босағасына екі бәйге ат байла, кешке жақын сонда елді жина! – депті. Бай барлығын да істепті. Диуана ойнайды: домалады, жүгірді, сарнайды, бір кезде дымы құрып, болдырады. Өзін-өзі зорлап, түрлі қинауға салғанда, диуана көзі аларып, өңі қашып, қолындағы таяғын кім көрінгенге нұсқап, өзінің есі дұрысындағы ойлаған мақсатының әсерімен: «Әй, екеу-ай, екеуің қолыма бір түссең-ау!» – дей берді.
Бір уақытта әбден дымы құрып шаршайды да: «Не тапқанымды есті, айтам! Мені де үйдің маңайында оңаша қалдырыңдар!» – деді. Жұрт тарқайды. Диуана ел ұйықтасын деп, әзер тосып отырып, енді екі атқа мініп кетейін деп тысқа шықса, бір екі жігіт барлық байдың жоғалтқан жасауын әкеп, босағаға жинап жүр. Диуананы көріп:
– Тақсыр, әулие, бізді айта көрме? Сіз бағана «екеуін, екеуің?» дегенде-ақ бізді тапқаныңызды біліп, өзіміз апарып беріп, әулиенің өзіне жалынайық, – дестік, – байдың дүниесі түгел, – депті.
– А, осылай болса керек, мен сендерді кеше білгем, қалың топтың ішінде масқараламаймын деп, сендерге жаным ашып айтпадым. Ал өздерің осы маңайдан тез кетіңдер! – деді. Диуананың әмірін орындап екі ағайынды ұры өз жайларына кетті.
Таң атты. Бай да, ел де бұл сықылды керемет істі адамға өте разы болды.
Баймағамбет:
– Ал бай осы жолы не берді?
Абай:
– Бай бұл жолы жардай түйеге мінген, бір қыршаңқы айғыр, байтал берді. Сонымен бай «байталды ұстатып берейін» деп құдықтың басына келсе, дереннің қасында бір бақа секіріп жүр екен. Бай таяғымен екі рет сілтегенде тигізе алмады, үшінші рет ұрғанда дәл тигізді. Бақаны таяғының ішіне салып алды да:
– Шақыр әулиені, шын әулие болса, осыны тапсын! – дейді. Диуана келді.
– Диуанам, сіз әулиесіз ғой, менің мына таяғымның ішінде не бар? Диуа-на енді састы. «Алғашқы жолы көзім көрді, екінші жолы ұрылардың өзі келді, үшінші жолы ұсталдым-ау!» – деп ойлады. Ары ойлап, бері ойлап таба алмады. Әбден қысылған соң, диуананың руы Матай ішінде Бақы деген тап екен.
– Е, Бақы, алғашқы жолдан өтіп ең, екінші жолдан өтіп ең, үшінші жолы шаруаң бітті ме? – дей бергенде, бай:
– Ой, тақсыр, құлдық, таптыңыз, бақа! деп таяғындағы бақаны тастай беріпті.
– Ал, Баймағамбет, сен өңдеп айтып өт! – депті. Сонда Баймағамбет басынан аяғына дейін айтып шығыпты.
Мінекей, Абайдың ұшқыр ойы, ұш­қыр қиялы, ұшқыр тілі, байтақ ілім-білімі!
Мәселен:
Тобықтыда Қойлыбай деген бай қолына ұры жігіттер ұстап, төңіректен мал алдырады екен. Абай сол үйге келіп түссе, Қойлыбай Құранды жайып оқып отыр екен. Сонда Абай:
– Анасы несі, мынасы несі? – депті. Сонда Қойлыбай:
– Анауым – мынаныкі, мынауым – ананікі, – деген.
– Анауым мынанікі дегенім – ұрлығым, бұл дүниенің қамы. Ал мынауым ананікі дегенім – о дүниенің қамы, деп жауап берген екен.
Абай «Анасы несі, мынасы несі?» деп, екіжүзді, опасыз сұмырайдың оңбағандықтарын өзіне айтқызады. Мұндай уытты сұрақтар елдің іштен шіруінен сақтайды, қорғайды. Жұртшы­лықтың қанатты сөзіне айналады.
Мысалы, 1778 жылы Гете Рейн өзені бойындағы бір деревняға жаяу сая­хаттап барғанында «Жолаушының түнгі жырын» («Қараңғы түнде тау қал­ғып») шаруа үйінің қабырғасына жазып кеткен.Сөйтіп, Ресей ақыны М.Ю.Лермонтов іліп әкетіп, онан соң Ұлы Даланың төрінде Абайдың тұңғиық, терең, сыршыл жүрегімен шырқалды.
Білімпаз астарлап, тұспалдап, ишараттап, жұмбақтап сөйлеуге ұста, нұсқалы тапқырлыққа шебер. «Толғауы тоқсан қызыл тілдің» икемді, нәзік тәсілдерін ұтымды пайдалана білген, күрделі терең ойларының құралы ете білген. Мына бір айтулы сөздердің көркемдік қасиеттеріне ой жүгіртейікші:
Құнанбай ел ішінің бір шаруасымен он сегіз жасар Абайды іргелес отырған сыбан руының биі Қисық деген кісіге жіберіпті. Абай барғанда бидің алдында екі адам жүгініске келіп отыр екен. Қисық би әуелі талапкердің арызын тыңдайды да, сонан соң жауапкерге зілдене қарап:
– Е, Боқбасарым-ай, атыңды да әкең тауып қойған екен, әлі де қанша боқты басып, ізіңді былғар екенсің. Қане, сөйлеші, – депті. (Жауапкердің аты осылай екен).
Бидің ә дегендегі мынадай зілді сөзінен жауапкер ығып, жасып қалса керек. Сонда Абай Қисыққа тура қарап:
– Биеке, «бүлдірген» деген жемістің аты жаман болғанымен, бүлдірген түгі жоқ, дәмі тәтті, ат үстіндегі адам әдейі жерге түсіп, жата қалып теріп жейді. «Алма» деген жеміс бар, «алма» дегеніне қарамай, әркім-ақ соны құштарлана алып жейді. Сол сияқты әр нәрсенің адал-арамы болса керек. Егер әр іс атқа ғана тірелетін болса, осы адамдар турашылдық тілеп сіздің алдыңызға келмес те еді ғой, – депті. (Бидің аты – Қисық, одан түзулік тілеуге бола ма деген ишара ғой).
Сонда би үнсіз отырып қалған екен.
Төтеннен тауып сөйлейтін Абай тілі безеулі, сойылы кезеулі ойланбайтындарды, «жағына жылан жұмырт­қалағандарды» жер қаптырады.
Абай мен Бегеш дос-жар, ниеттес болып, бір-бірімен сыйласып өтіпті. Абай тобықты ішінде өтетін бір дүбірлі тойға жаратып қоспақшы болып, керейдің бас­ты адамдары Тышқанбай мен Бегешке, Манабай, Жүзбай дегеннің, «керкекіл», «қарақасқа» атты бәйге аттарын сұратып, сәлем жолдап, кісі жіберіпті.
Ескі салт-дәстүр бойынша бәйгеге әруақ шақырып, ұрандап шабады. Соны ойлаған Тышқанбай мен Бегеш:
– Біз ат бермейді екенбіз, әруақ береді екенбіз, – деп келген кісіні құр қол қайтарады. Абай бұған ренжіп, реніші «Абай Тышқанбай мен Бегешке қатты өкпелі екен» деген дақпыртқа айналыпты. Осыдан көп уақыт өткен соң, Бегеш Абайдың үйіне барады. Аман-сәлемнен кейін Абай Бегештен:
– Еліңде не жаңалық бар? – деп сұрайды. Бегеш:
– «Ал», «бер» деген екі ағайынды еді. Сонан «алы» өліп, «бері» тірі қалып, біздің елдің қайғыруында мін жоқ, – деп астарлай сөйлеп жауап қатады.
– Е-е, ол елдің өсегі ғой, – депті Абай, – оған шын өкпелеп жүр дейсің бе?
Ұлан еліне жалғас көкжарлы, саржомарт ішінде аға сұлтан Тілеуберді мен Абайдың әкесі Құнанбай дос екен. Құнанбай қайтыс болғаннан кейін, алты-жеті айдан соң Тілеуберді қайтыс болады. Орнына Абай Құран оқуға кетіп бара жатып, Бәкеннің үйіне қонады.
Бәкен Абайға:
– Ақсақалдың өлімі келсең-кел де кез болған екен. Кезеңге үш шықпай тоқтама! – депті.
Бұл сөзі – «әкеңнің өлімі сенің болып тұрған кезіңе кездескен екен. Асыңа үш жүздің баласын түгел шақыр!» дегені екен.
Шіркін-ай! Шешен – көптің тірегі һәм ақылшысы ғой. Өнерлі жұрттың өнегелі сөзі қандай десеңізші!
Абайдың алғашқы атқа мініп, ел сөзіне кірісіп жүрген кезінде, найман елінде жеті болыс елдің бас қосқан бір ұлы дүбір жиналысы болыпты. Сол жиналысқа тобықтыдан бала би Абай келіпті. Билер отырған үйге сәлем беріп кіріп келсе, бұрыннан отырған өңшең семіз, жуан қарын егде билер Абайды біле тұра, жөндеп орын бермепті. Бұл кезде бұлар Абайды «Орысша оқыған, дінді де толық ұстамаған» деп, жаратпай жүретін кездері болса керек.
Абай келіп, төрдің ең жоғарғы ортасына келеді де, отырады. Жұрт өте салқын амандасады. Біраздан соң билер намаз оқуға кіріседі. Абай бұрын намаз оқымайтын. Бірақ осы арада бұл да елмен қатар намазға тұрады. Найманның бір биі имам болады. Тәрізі осы би өзінше отырған билердің ішіндегі әрі айтқыш, әрі жасы үлкен беделдісі болса керек.
Намазды оқып болып, орынға отырып жатып Абайға:
– Шырағым, сен осынша тәкаппар екенсің, тәкаппарлық – кәпірлік, намазыңды қайта оқы! – депті. Абай:
– Мәнісін түсіндіріңіз, – десе, әлгі би айтыпты:
– Біз бәріміз қолымызды кеудемізге қойып саламат айтқанда, сен бойыңды өте керіп, қолыңды кіндігіңнен төмен тәніңіздің басына қойып тұрдың. Бұл – құлшылық емес, тәкаппарлық, жуандық. Сондықтан бұл ісіңіз кәпірге ұқсайды, – депті. Сонда Абай:
– Бұлай болса, иншалла, мен мұ­сыл­ман екенмін, сен қасындағысын қарақтаған шайтан екенсің. Менің көзім сәждеде. Көкірегім Аллада, аузым саламатта тұрғанда, сенің көзің күндес­тікте, көзің менің көтімде болыпты ғой, намазды сіз қайта оқыңыз, әйтпесе, мұныңыз намаз болмайды, – депті.
Бүйректен сирақ шығаратын қыңыр, қырсық, сыңар езулердің әлек-шәлегін шығарады.
Расында, Абай ортасын ақылды сөйлеуге, сабырлы мінез танытуға, әдепті ой сабақтауға, тағылым айтуға жаралғандай.
Абайдың ел аузында сақталған ауыз-екі әңгімелерінде халық өмірінің сан қилы, алуан сырлы суреттер, түрліше тағдырлардың мән-жайы, тарихи-әлеуметтік сарындар, қызықты оқиғалар, рухани-ұлттық құндылықтар, этнолингвистикалық ұғымдар, тыйым сөздер тұнып тұр. Сондай-ақ әңгімесінің музыкалық құрылымы, стилі, сюжеттің динамикалық дамуы, көркемдікпен бейнеленуі, шеберлік қырлары қызықтырады.
Абайдың «Әйелден тоқтадым» дегенінде философиялық пайымдаулар мен ойландыратын жағдаяттар бар. Оқиға былайша өрілген:
«Осы өзімізбен дуандас Шыңғысты қыстайтын бір найманның қазақша бала оқытатын бір молдасы арғы Қапалға қарайтын найманның бір байына бала оқытып жүріп, сол байдың бір сұлу қызын алып қашып еліне келсе, елі паналатпайды. «Ойбай, пәлеңді әкет, ұстап отыра алмаймыз, мына жағымыздан күшті ел келеді де, шауып кетеді, қызын өзіне апарып бер!» деп дамыл бермегеннен кейін, молда еліне отыра алмай, алып қашыпты.
Қызды алып Абайға келеді. Осылай ана елден алып келгенін, өз елінің отырғызбағанын бәрін айтқаннан кейін, Абай: «Жарайды, осында отыра бер» деп бір үй босатып беріп, бір отауы сықылдандырып отырғызып қояды. Абайдың қайыны Қарқаралы дуанына қарайтын Қаздауысты Қазыбектің тұқымы, Алшынбайдың Жүсібінің қызы Сыламбек болыстың апасы екен. Сол апасының амандығын біліп кел деп жіберген Сыламбектің кісілерімен қолы бос қыз алып кеп жатқан молда сөйлесіп, Сыламбектің қандай абыройлы адам екенін сұрағаннан кейін, барып жатқан қаракесек адамдары: «Сыламбек Қарқаралыға қараған елдің толық, бір абыройлы адамы» деп айтқан соң, қыз алып қашып жүрген молдаға ой түсіп: «Абай босататын болса, Абайдан хат алып, мына келе жатқан құдалармен еріп, Сыламбектің қолына кетіп қалсам, ұзағаннан ел қуып, ешкім келе алмай, сөз аяғы ұзарып, тиыштықта болар едім-ау! – деп ойлап, – осы жерін Абайға айтып қарасам, қайтер еді?» деген оймен Абайға айта алмай, мезгілсіз Абайдың үйіне кіріп, шыға береді.
Бір күні Абай:
– Сен мезгілсіз не үшін келе бердің, ойыңда бір айтатын жұмысың бар ма? – дегенде,
– Әлей, сізге мақұл келсе, айтайын деген бір сөзім бар еді, – депті. Абай:
– Айт! – деген соң:
– Менің айтарым, мен өз елім пана бола алмағаннан кейін, сізді пана қылып келіп отырған бір адам едім. Біздің найман деген ел әуелден істің оң-терісіне қарамайтын ел еді. Және «атадан келе жатқан осы екі елдің ортасына не бүлік болса да жесір дауынан болатын еді» деп ойлап, менің үшін жақын жерден сізге сөз келе ме деп ойлап, мына келіп жатқан құдалардан естуімше, сіздің балдызыңыз Сыламбек деген адам да «кісі паналатарлық адам» деп есті­геннен кейін, мені осы құдаларыңа қосып жіберсеңіз, ұзақмойын жерге найманның сөзі де бара алмас еді деп, қайтер еді деп, ойлаған едім, – деген соң Абай:
– Ертең бір жауабын берейін, бүгін бара тұр, – дейді.
Ертең «кешегі айтылған сөзге не айтар екен?» деп тағы келіп отырғанын Абай көріп:
– Сен кешегі сөзге келдің бе? Оған келген болсаң, бір Құдайдан басқадан қорықпа, бар, отыра бер! – дейді. Сонда шыққаннан кейін молданың қолынан келгені «Абай бір Құдайдан басқадан қорықпа деді» деп ұран қылып, «ана найман естісе, қаймықсын» дегендей сөзді жаяды. Сонымен сөз аяғы ұзарып, жаз шығуға айналған кезде арғы найман мен бергі найман арасына кісі жүріп, елдік айтып, бергі ел мал беріп, арғы ел мал алып бітісетін болып, Абай қолындағы молдаға елінен кісі келеді.
– Екі елдің ортасына кісі жүріп, мал беріп бітісетін болдық. Келін мұнда тұра тұрып, өзің елге жүр, мал беріп бітетін болса, келінді қайтып келіп алармыз, – деп молданы шақырып кетеді.
Абайдың қорасының әйнек жағында анда-санда жүріп бой көтеретін, ішіне басқа мал, аяқсыз адам араламайтын сад ағашы болады екен. Бірақ сол ағашта ауыз су ішетін құдығы болады екен, бір соқпақпен ғана барып су алып тұратын. Абайдың өзі отыратын үйінен үшінші үй қыз алып қашқан молданың үйі еді. Түс кезінде біраз жүріп бой көтеру үшін, Абай сад аралау үшін, тұсынан шығу үшін Абай үшінші үйге қарай еніп келсе, келіншек суға бару үшін екі шелек алып, мойын ағашы қолында әзірленіп жатыр екен. Абайды көріп жалт беріп бұрылып, жол бере берді.
«Сол арада келіншекке көзім түсіп кеткенде, көзіме үрдің қызы сияқты көрінді. Үйден шығып жүре бердім де ойладым: «япыр-ай, мына молда байқұс жолдас боларлық адамды тауып жүр екен-ау, өмірлік жолдас болмақ түгіл, мына келіншекпен бір күн ойнап-күлгеннің арманы болмас» деп ойладым. Сол бетпен сад ағаштың ішін аралап кеттім. Қайта айналып келе жатсам, келіншек құдықтан су алып жатыр екен. Қасына таман келдім де, білегінен ұстап, ағаштың ішіне қарай жүрдім де кеттім. Жетектеп келе жатқанда қолымнан шегініп, өтіп кеткен жоқ. Көзімнің құйрығымен бетіне қарасам, беті бір қызарып, бір қуарып, ұяты бетінен шыққан адамдай болып келе жатыр екен. Келіншек тұрып:
– Япыр-ай, Абай-ағай, сізбен қатар жүріп, сөйлеспек түгіл, алдыңыздан көлденең өтетін жөніміз жоқ еді, өзіңіз жетектеп келе жатқан соң айтпасқа болмайды ғой, бір ауыз сөз айтуға рұқсат етерсіз бе? – дейді. Сөз құмар басым:
– Рұқсат, қандай сөз айтайын деп едің? – деп тоқтай қалдым. «Қияпаты мұндай болғанда, сөзі өзіне сай келер ме екен?» деген мақсатпен, сөзін естімек болдым. Сонда келіншек айтты:
– Өзіңіз білетін әңгіме ғой. Бұрынғы уақытта Балық шаһары деген шаһар болыпты ғой, сол шаһардың жас азамат патшасы болған екен. Құдай құдіретімен патшаның өзі ғана біледі, басқа адам білмейді. Сол патша ұшқан құс, жерде жүрген ай, күллі мақұлықтың тілін білетін болған екен. Әрқайсысына өз тілімен сөйлесуге құдіреті жетеді.
Балық шаһары айналасына ат жеткісіз үлкен шаһар екен. Сол шаһар­дың бір жақ тұмсығында қалың орман, жыныс тоғай бар екен. Бір уақыттарда сол шеттегі елдің сол тоғайдың ішіне кірген малы да, жаны да үйірге қосылмай жоғала беретін болды. Мал-басы жоғалған адамдар: «Патшаға айтайық» деп, патшасына келді.
– Мұны бұрыннан бері неге айтпадыңдар? – деді патша, – оған зерттеу жүргізу керек екен, – деп қасына кісі алып, ағаштың сол тұмсығынан келіп кірсе, ары-бері жүрген соң алдарынан бір арсыланның ізі кездесе кетті. Арсыланның ізін көрген соң жанындағы көпшілік жанынан қорқып:
– Ойбай, мұны жоқ қылып жатқан осы екен, қайтайық, өзімізді жеп қояр, – деседі. Патша тұрып:
– Қайтпайық, сендер қорықсаңдар, мен бұл ізге түсейін, менің қарамды көріп, алыстан отырыңдар, мен тоқтаған жер болса, тұрып көріңдер, – деп, патша ізге түсіп жүріп кетеді. Ары-бері жүрген соң алдынан үңірейіп жатқан арсыланның іні килігеді. Патша тұрып, өз тілімен:
– Ал  мақұлықтың патшасы арсылан, бар болатын болсаң, шық, сөйлесейік! – дейді. Інінде жатқан арсылан шыға келіп, өз тілімен айтқан соң, адамша амандасып, сөйлесе кетеді.
Амандасып болған соң патша тұрып:
– Ал, мақұлықтың патшасы, бұ қалай? Келгендігіңді білдіріп, жөніңді айтпай, менің малыма, жаныма мұнша ақат келтіргенің не қылғаның? – дейді.
– Ей, адамның патшасы, сенің менімен елдесіп, мұндай сөйлесетініңді мен қайдан білейін, бұрынғы өз әдетімді ұстай бердім де, – дейді. Сонда патша:
– Бұрынғы өтер іс өтіп кетіпті. Енді өзің қандай қонақасымен қанағат­та­насың және қанша тұрасың? – дейді. Оған:
– Сөткесіне бір ту бие берсең болады, – дейді.
Оны қалай әкеліп беруге болады? – дескенде, бір ағашты белгі қылады:
Таңертең мына ағашқа әкеп, бір адам бір ту биені байлап кетсін, келесі таңертең ол адам жүген-ноқтасын жинап алып, екінші биені әкеліп байлап отырсын, өзің кетіп қаларлық болсаң, мына ағашты құлатып кет, кеткеніңнің белгісі сол болсын, – деді.
Сонда арсылан бұлай елдескеннен кейін: «Мен еш нәрсеңізге зарар келтірмеймін, қорықпай жүре беруге болады».
Арсылан інінің басында жата береді. Патша кейін көпшілікті шақырып алып:
– Мен солай сөйлестім, арсылан тимейтін болды, мына ағашқа күніне бір бие осылай байланады, – деп ағашты көпшілікке көрсетеді. «Ертеңнен бастап сол ағаш құлап қалғанша, күніне бір бие бір күн біреуің, бір күн біреуің байлап отыр» – деп, үлес қылып салып, күнін жазып, тізім қып көрсетіп қояды.
Сол қалыппен бірнеше уақыт бүгін байлаған кісі ертең барып ноқтасын алып, екінші кісі биені байлайтын болып, жан да, мал да қорықпай аралас жүре беретін болды. Бір күні бір адам апарып бие байлап, ертең ноқтасын алайын деп барса, биесі желінген жоқ. Екінші күні барса, тағы тұр. Үшінші күні барса, бие ағашты кеміріп әлі тұр. Кетіп қалды ма деуге ағаш құлаған жоқ. «Қой, мұны патшаға айтайық» деп патшаға келеді.
– Ағаш құламаса, бір себеп болған шығар, – деп патша атқа мініп, іннің басына келіп:
– Ал, мақұлық ханның патшасы, бармысың? – деп шақырады. Үш күнде дәм татпаған аш арсылан інінен ілмиіп шыға келеді. Патша тұрып:
– Бұ қалай, бұл биені не себепті жемедің, кетіп қалды ма деуге ағаш құлаған жоқ, бие байлаған адамдар: «Осы күнге дейін бие желінген жоқ» деген соң, ауырып қалды ма, не болды? – деп, білейін, – деп өзім келдім, – дейді. Мақұлықтың патшасы:
– Бұлар тура айтыпты. Малды қалай жейін, биеңнің жанына барып қарашы! – депті. Патша биенің жанына келсе, тай күнінде тақымын қасқыр тартқан екен.
– Япыр-ай, мына шіркіннің айып көргені мынау екен ғой, – деп қайтадан жарақатсыз бие әкеліп байлаған екен. Сол сықылды қайдан білейін, Абай аға, не оймен жетектеп келе жатқаныңызды? Қолыңызда отырған соң арсылан айтқандай, адамның патшасы едіңіз, мен бір жарақатты мақұлығың едім, ендігісін өзіңіз біліңіз?! – дегенде сөзінен тоқталып, қолын босатып қоя беріп, тұрып қалдым дейді.
– Міне, мені төтелі сөзбен тоқтат­қан адамның бірі – осы балдызым, – деген екен. (ҚР ҰҒА ОҒК-нің Сирек қол­жазбалар қоры, Қ., 622, 5-дәптер. Араб шрифтісімен жазылған. Қорға 1938 жылы Мағзұм Ахметов тапсырған).
Абайдың бұл философиялық тәмсіл-әңгімесінің өнегелік, тағылымдық, рухани сұлулық сипаты бөлекше. Әңгіменің көркемдік мазмұнында ассоциациялық ой-тыңдаушының эмоционалды қабылдауын тудырады. Абайдың да өз болмысына қатысты көзқарасы және кейіпкерінің де жан тазалығы мен білерлігі сүйсіндіреді.
Аңдардың сырттаны Арсыланның тектілігі – «тай күнінде тақымын қасқыр тартқан» «жарақатты» биені жемей, намыстануы. Ал солқылдаған тал шыбықтай жас келіншек уыз шағында ата жолынан, ел дәстүрінен ықтиярынан тыс оғаш қылық жасап, бай әкесінің молдасы алып қашып, елі қабылдамаған соң, Абайдың қамқорлығына бөленіп әрі кемеңгердің ықыласын аударғаны, әрі жетектегеніне көніп, «адамның патшасы» едіңіз, мен есік көрген бейкүнә едім, «мен бір жарақатты мақұлығың едім» деп, салмақты Абайға салуы, сөйтіп Абайды райынан қайтаруы не деген тапқырлық десеңізші!
Халықтың зердесін, ойын, көңілін, тәжірибесін байытатын қанатты сөздер Абайдың шығармашылық өмірбаянында жеткілікті. Бұлардың тағылымдық, танымдық мәні өлшеусіз. Жөппелдемеде айтылған мейлінше жинақы, көркем, тастүйін қанатты сөздер ұлт жүрегін тербейді.
Енді ел аузындағы тәмсілдер мен әңгімелердің сырын тыңдайық:
«Абайдың кейбір кесек терең сөздері, ел ішінде мақал, жора болып кеткені толып жатыр. Сондай сөзінің бір қыдыруын ел кісілерімен бас қосқан жиында, я билік, дау үстінде әлдеқалай айтып қап жүрген. Мысалы:
Көктұмадағы съезд үстінде Абайға амандасамын деп: Сұлу Сарының болысы – Бәйеке, Қалбаның болысы – Бәкен, Шардың болысы – Үсен деген кісілер кеп отырады. Бұлар келгенде Абай ашылып сөйлемей, үндемей отырып қалады. Сонда Бәйеке:
– Ыбырай, неге үндемейсің? Сен ұлық болсаң, біз де болыспыз, – дейді. Оған Абай:
– Ей, Бәйеке-ай, биік мансап – биік жартас қой, оның басына ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады – депті».
Абайдың интуициясы мен шешім­паз­дығы және көнтерлілігі (яғни сөз тыңдауы) қандай екендігіне мына бір айтқыштығы айғақ. Мәселен:
Қарабас Тоқа деген өзінің бір Мамайымен айтысып, бір құнан даулап Абайға келеді. Абай жауапкер жағын тыңдамастан:
– Құнанын бер, – дейді. Сонда Тоқа:
– Құнанын бергізбей тұра тұрып, екіндіге дейін сөзімді тыңда, – дейді.
Сөйтеді де ұзақ дауды айта береді. Абай намазшамға дейін үндемей тың­дап кеп, аяғында жауапкерге:
– Енді сен құнанды берме! – дейді.
Тоқа:
– Е, неге, – дегенде:
– Құнан саған тиген еді, оны өзің сөзге саттың, бір дауда екі аласың ба?» дейді. 
Абайдың әрбір сөзі 1) ойландырады, 2) үйретеді, 3) түсіндіреді, 4) теріс ойыңды, пиғылыңды дұрыстайды, 5) жігерлендіріп қанаттандырады, 6) ел сөзін салмақтап саралайды. Мысалы:
Бір күні бай баласы мен кедей баласын салыстырып отырып Абай:
– Бай баласы көп ішсе, ішіп үйренген, – дейді. – Аз ішсе негізі тойған. Кедей ба­ласы көп ішсе, көні кеуіп қалған, аз ішсе, шілдесінде шық көрмеген. Осы кедей баласының құтылары бар ма? – депті.
Абай қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігіндегі күрделі әлеуметтік мәселелер мен шиеленісті жағдайларды шешуде де көрегендік пен тұйғындық танытады. Бұл ретте мына бір оқиғаны айтайық:
Дәулетияр деген кісі айтады: Абай кіші қатыны Әйгерімдікіне келіпті, – деп естідім. Оның аулы біздің елмен жерлес Аралтөбе деген жерде болатын. Кешке жақын Абайға сәлем беріп қайтайын деп, атыма мініп, ауылына бардым. Үйіне сәлем беріп кіріп келсем, шай ішуге жаңа отырысқан екен. Абайдың қасында үш кісі отыр. Әйгерім маған қарады да:
– Дәулетияр, шай ішуге келіп отыр, – деді. Қыстың суық мезгілі еді. Сыртқы киімімді шешіп, үш кісіден төмен келіп отырдым. Біз шай ішіп отырғанымызда жыртық шекпен күпісі бар зор қара кісі кіріп, сәлем берді. Абай оған қарады да, әйеліне:
– Бұл кім? – деді.
– Бұл – біздің қойшы, өзі Көкше екен, қыстай қой бағуға жалдап алып едім, – деді әйелі.
Абай әйелінің бетіне тесірейе қарап тұрды да:
– Әй, Әйгерім, сен малды жақсы көресің, малыңды бағып жүрген малшыны жалаңаш қоясың, аш-жалаңаш кісіде қайрат бола ма, ақыл бола ма, ол сенің малыңа қайтіп жақсы қарайды? Мен осында үш күн қонып, Семейге жүремін, мен кеткенше тон, шалбар, тымақ тіккізіп, мына қойшыңа кигіз! – деді. («Социалистік Қазақстан», 1945 жыл, 15 август, №168).
Халықтың көз алдында, жанды жиын-топтың ортасында тағдырдың тартыс-таласына түскен мәселенің мәнісін айқын түсіндіріп, елге мойындататын Абай тілінің орасан байлығын, тапқырлық пен көркемдік шеберліктің өлшеусіз мүмкіндіктерін танытқан. Халық ақыны, Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының естелігіне зейін аударарлық:
«...Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетіктігіне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз заманының ғұламасы сияқты да көрген.
Сонымен, кейінгірек жылдарда Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп:
– Мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса сөйлесемін, – деп іздегенде, Семей қаласындағы молда, хазіреттер араларынан бір ауыздан Абайды сайлап шығарады. Сергейден жеңілмей, өз дінінің әбүйірін аман сақтап шығуына мешітке жиылып, дұға қылып, Абайға бата беріп жөнелткен.
Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен ұлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой деймін. Абай барғанда Сергейдің жайына талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап қана, артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты. Ол расымен толық білмеймін, бірақ өзіміз сұрағанда азын-аулақ айтқаны:
– Сергей: «Мұсылман дінінше – Құдай күш иесі. Сондықтан Құдай жолындағы құлшылық та, халықтың барлығы да қорқудан туатын сияқты» деді. Оған мен: «Біздің Құдай – рахман рахим қуат қана иесі емес, рақым да қылушы. Қуаты – қара күш бастаған қуат емес, махаббаты бар қуат. Әке мен баланың арасы сияқты әкеше сүюші ие дедім», – деді.
Сонан кейін Абай Айса дінінің нанымы бойынша «үш жүзді Құдай» деген ұғымға қарсы дау айтыпты, «бірлігіне үш жүзді болу сия ма? Сол үш сипат бір жүзінде болса, Құдайлығына көп бола ма» десе керек. Бірақ бұл сөзге Сергейдің не айтқанын толық білмеймін. Жалғыз айтқаны:
– Сергей дін жайына аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Сонан соң мен де дін жайын қайта қозғағам жоқ, – деді.
Бұл мәжіліс туралы тағы да есімде қалған нәрсе, осы сөйлесетін күні Сергейдің қасында Самидің көп топтары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей:
– Сендер қойыңдар, Ибраһим Кунанбаевич сендердің тісің бататын кісі емес, – дейді. («Абайдың өміріне, ақындығына байланысты әңгімелер». ОҒК, Қ 5 99).
Бұдан білетініміз, Абай ойының, байламының логикалық қисынға құрылған сөйлеу өнері мен мәдениеті, әрі терең мазмұны, экспрессивтігі мен эмоционалдығы, шығармашылық-интеллектуалдық әлеуеті.
Абай өнерлілерді еркелеткен, «қа­пысыз қызықтаған». М.О.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Қияс­байды атаған. Сыбызғыда ойнаған. Ол жүрген жер думан. Албырт, аңқау Диуана. Ол өзінің төтенше тапқырлығымен, күлдіргіштігімен, әзілімен өлкеге атағы шыққан. Тап Жиренше шешеннің тірі көзіндей. Абай оның осы қасиеттерін терең бағалап, қатты сыйлапты. 
Қиясбай бірде Абайдың үйіне кіріп келіпті. Басына киген қызыл елтірінің жүнін сыртына қаратып, пұшпағынан байлап қойыпты. Абай оның басына үңіле қараса Қиясбай:
– Абай аға, сені білгіш дейді, менің басыма кигенім ненің терісі, тапшы? – депті. Абай күліп:
– Мен қайдан білейін, өзің айтпасаң, – депті. Қиясбай:
– Бәлі, Абай аға, бұл аң-таңның терісі емес пе, – депті. Абай көзінен жас аққанша күліп:
– Жүрген жерің күнде ду,
Сыртың – аңқау, ішің – қу, – депті.
– Таптың, Абай аға, таптың, – деп Қияс­бай басын изеп күліпті. Сонан кейін:
– Абай аға, маған мына қағазыңды, қарындашыңды берші, жазайын, – депті.
– Қияс, жаза ғой, – деп Абай қағаз, қарындаш беріпті. Қиясбай қағаздың бетіне иір-иір етіп шұбыртып шимайлап шығыпты да:
– Абай аға, өзіңді жеті жұрттың тілін біледі дейді, мына жазуды оқышы, – депті. Абай:
– Әй, Қиясбай, мына жазғаның оқуға келмейді ғой, – деп күліпті.
– Әй, Абай аға-ай, сізді ел босқа мақтайды екен, бұл айғыр тышқанының ізі емес пе, – депті.
Абайдың айтқыштық, тапқырлық-шешендік, әңгімешілдік өнері – шын мәнісінде, даналық дәрістері, ғибрат сабақтары десек, әділеттілік болар еді.
Бұлар ұлтқа қызмет етудің – тамаша бір ізгіліктің жолы.

Серік НЕГИМОВ, 
Қазақстанның 
еңбек сіңірген қайраткері, 
филология  ғылымының 
докторы, профессор

 

 

15396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы