• Cұхбаттар
  • 17 Тамыз, 2023

Айсұлу Сүлейменова: параволейболшы: Басты қағидам – жақсы адам болу

Айсұлу Сүлейменова Қанатқызы 1991 жылы 26 қыркүйекте дүниеге келген. Екі бірдей жоғары білімді. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде автоматтандыру және басқару мамандығын тәмамдаса, кейін Е. А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде экономика мамандығын оқыған. 
3-курс оқып жүрген Айсұлу сабақтан кейін,  Ботақара ауылында тұратын туыстарына бармақшы болады. Жолда Айсұлу мінген көлік электр бағанына соғылады. Жолаушылар дін аман. Айсұлу көліктен шығып, ашық сымды  аяғымен аңдаусыз басқан кезде, жоғары қуатты ток желісі қыздың бүкіл денесіне өтеді. Болған оқиғаның салдарынан аяқтың төменгі бөлігін ампутациялау туралы шешім қабылдайды. Айсұлудың толық айығуы үшін 9 ай қажет болды.
Айсұлудың  қазір Binom мектебінде білім алатын  Расул есімді ұлы бар. Параспортшы ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.  
Бүгінде ол «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС директорының IT қызметінде жұмысын жалғастырып жатыр.
Айсұлу Сүлейменова волейболдан жарысқа қатысып, Азия чемпионатында ел намысын қорғады. Ол волейболды отырып ойнаудан еліміздегі жалғыз әйелдер командасының негізгі ойыншысы.
Осы жылдың мамыр айында параволейболшы алғаш рет жеңіл атлетикадан  VІ жазғы Паралимпиада ойынына қатысып, I орынды иеленді. Ол Қазақстан спорт шебері кандидаты. 

– Айсұлу, бүгінде пара волейбол спортшысыз. Қазақстандық құраманың жалғыз мүшесісіз. Қуаттың қайнар көзі неде жатыр?
– Мен шабытты алға қойған мақса­тым­нан аламын. Расында спортшыға керегі – дене жаттығуынан бөлек, мықты ерік-жігер, алдыға қойған мақсатты орын­даудағы құл­шыныс деп пайымдаймын. 
– Өмірге құлшынысыңыз өте жоғары екен 
– Тағдырдың тәлкегін күтудің керегі жоқ. Өмірдің әрбір кезеңіне алғыс айту қажет. Кәдімгі ауаны жұтып, он екі мүшенің саулығына ризашылық білдірген дұрыс. Алғыс айта  білетін адамның өмірі де жарқын болады. Адам баласы әр оқиғадан сабақ алып, бір жасаған қателігін ендігіде қайталамайтындай өмір сүргені жөн. Сонда ғана айналаңдағы адамдарға өмірдің құндылығын көрсетіп, жақсы ғұмыр кешуге болады. Өмірде жай бар болу мен өмір сүрудің айырмашылығы бар. Мен өмір сүремін. 
– Бала кезіңізде кім болуды арман­дадыңыз? 
– Арманым – әлем чемпионы атану.Жақындарыма қуаныш сыйлағым келеді. Еліме жеңіс әкеліп,  көк туды желбіреткім келеді. Бала кезімнен әрбір мамандықта болып көруді армандайтынмын. Арманым көп болатын. Менің басты қағидам – жақсы адам болу. Адам болып өмірге келіп, адам болып өмірден қайту. 
– Бос уақытыңызда немен шұғыл­данасыз,  жаныңыз неден рахат табады?  
– Менің бос уақытым болмайды. Бірақ кітап оқуға арнайы уақыт бөлемін, оқи отыра демаламын. Кез келген адаммен табысқанша, кітаппен тілдесу анағұрлым жақсырақ әрі өнімдірек. Кітап –рухани қазына. Өзіңіз білесіз, әр адам өзінің әлсіз тұстарын дамытып, өмірін барынша жақсы жаққа өзгерту, түсіну үшін кітапты қажетіне жаратады. 
– Спортшы ретінде қиын жат­ты­ғудың түрі қандай?
– Аса ауыр физикалық жаттығулар жоқ. Тәртіп, үздіксіз әрекет және табандылық – осы үшеуі, менің тірегім. Егер алынбайтын асу болып  жатса, барымды саламын, дегеніме жетпей қоймаймын. Адам баласы алдына мақсат қоя білуі керек деп ойлаймын. 
– Сіз аптасына қанша рет жат­тығасыз? 
– Мен аптасына 4 – 5 рет жаттығамын. Мемлекеттің атынан баратын параволейболшы болғандықтан, арқалаған жүгім­нің ауырлығын сезінемін. Қолымнан келгеннің барын жасау үшін, бір орында тұруға болмайды. Жаттығу, жаттығу және жаттығу.  
– Жарысқа  дайындық қалай өтіп жатыр?
– Алдағы жарысқа дайындығым жоғары деңгейде деп ойлаймын. Тырысып жатырмын. 
– Жастарға беретін кеңесіңіз?
– Жастар, өздеріңізге сенім күшін ұлғайта түсіңіздер. Өміріңізді, өз болмы­сыңызды қадірлеңіздер. Бұл сәт ертең қайталанбайды. Өмір көзді ашып-жұмғанша ағын судай өтіп кетеді. Өмірге жақсы көзқараспен, құл­шы­ныспен қараңыздар. Уақыттың қадірін біліңіздер. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

2110 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы