• Cұхбаттар
  • 17 Тамыз, 2023

19 зауытқа жауапты қазақ қызы

Біздің кейіпкер Нұргүл Ахмедьярова «менен үздік хирург шығатын еді» дейді. Отандасымыз 2008–2011 жылдары Казақстанда Хенкель зауытының өндірісіне жауапты маман, 2011–2012 жылдары зауыт директоры болды. 2012–2017 жылдар аралығында Қазақстан және Грузия зауыттарына жауапты маман қызметін атқарған. 2017 жылы Вена қаласына қоныс аударған Нұргүл Ахмедьярова Хенкель зауытының жоба менеджері қызметіне дейін көтеріледі. 2022 жылдың қыркүйек айынан бері Еуропадағы 19 зауытқа жауапты маман қызметін жоғары дәрежеде атқарып келеді. 
Нұргүл Ахмедьярованы әңгімеге тартқандағы мақсатымыз – «Өнер, ғылым бар жұрттардағы» адам мәртебесі, еңбек құндылығы, білім маңызы туралы ой өрбіту еді. 

 

– Нұргүл, шетелдегі жұмысыңыз туралы аз-кем айтып берсеңіз? 
– Он бес жыл бойы «Хенкель» ком­пания­сында жұмыс істеп келемін. Не­гізгі бюросы Германияда орналасқан. Хенкельді неміс компаниясы деп есептейміз. Себебі компанияның негізі немістерден бастау алды. Хенкель компаниясы ашылған уақытта швейцариялық «Sika» компаниясында жұмыс істеп жүрген едім. Бірде «Хенкель» зауытының ашылатыны туралы хабарландыру оқыдым. Көрсетілген мекенжайға жеке анықтама, тәжірибем туралы мәліметті және резюмемді жібердім. Осылайша, әлгі зауытқа «Өндіріс бастығы» болып жұмысқа тұрдым. 4 жыл лезде өтіп шығып, зауыт директоры қызметін атқардым. Екінші зауыт Грузияда ашылды. Сөйтіп, екі зауытқа – «Хенкель Орталық Азия және Кавказ» бөліміне бірдей жауапты болдым. Зауыт директоры – адамдарды басқару, күнделікті түрлі операциялық жұмыстар, өнімділік сияқты жауапкершіліктің жүгін арқалайтын маман. 
Жұмыс істеп жүрген уақытта 2 бірдей зауыт жұмысының жауап­кер­шілігін алып жүрген маған жұмыс сәл қызық бола бастады. Өзге компаниялардан да түрлі сұраныс түсті. Венадағы осы зауыт бастығына сұраныстар түсіп жатқанын, өзімнің жұмыстан шығатыным туралы айттым. Бастығым маған жұмыстан кетпей, осы зауытқа «Project manager», яғни жоба менеджері болып орналасуымды өтінді. Кез келген ақша инвестиция болғандықтан, оған үлкен жауапкершілік пен дәлдік қажет. Осы салада IRR калькуляциясына жауап бердім. Автоматтандыру зауыттың өнімділігін арттыру үшін жасалатын жобаларды талдадым. Анализ жасай отыра, жасалған жобаны кімдер жүзеге асырады, жоба қандай мерзім аралығында атқарылатынын анықтадым. Мысалы, 2023 жылы зауытқа салынатын инвестиция 5 млн болса, ол қанша уақытта қайтып келеді деген сияқты анализ жұмыстарын жүргіземін. 
Әр жұмыстың өз қиындығы бар екені мәлім. Маған қиынға соққаны – зауыттарды жабу жобасы. Мәселен, бір зауыт бар делік. Зауытта істейтін 70 қызметкер бар, бірақ ол зауыттың ұсынып жатқан өнімдері қажетті деңгейде сатылып жатпауы мүмкін. Яғни зауытқа тек 1 ауысым жұмыс істеп, 30 қызметкерді қалдыру керек деген сияқты анализ жасауымыз керек. Қандай зауытты сату, не жабу керек, қай зауыттың кіріске, қай зауыттың шығынға жұмыс істеп жатқанын және «реструктуризация – қайта құрылымдау» жұмыстармен айналыстым. Ең бірінші жапқан зауытым – Польша қаласында еді. Бұл маған психологиялық тұрғыдан да қатты қиынға соқты. Бірақ бизнестің аты – бизнес. Бұл зауытты жаппасам, 3-4 жылдан кейін бір емес, екі зауытты бірдей жауып, шығын екі есе көбейетін еді. 
– Шетелге шығу туралы ой қалай келді? Бастапқыда бәлкім оқу оқып, тәжірибе жинау үшін шетелге шығу деген ғана ой болды ма?
– Шетелге шығамын деген ой болған жоқ. Қазақстанды қатты жақсы көремін. Хенкель зауытының адамдары мені Венаға шақырып, жұмыс ұсынғаннан кейін, тәжірибе жинау мақсатында шетелге шықпасқа болмады. Жылдар өте қызметтік мансабым бойынша көтеріле бастадым. Жыл сайын қызықты, ауқымды жобалар келді. Әртүрлі мемлекеттердің зауыттарына жауап бердім. Өзге мәдениет, өзге дүниетанымдағы адамдар – бәрі қызық еді. 
Мен шетелде білім алмадым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетін тәмамдадым. Жатақханада тұрып, осы университетте бакалавр һәм магистратураны оқыдым. Қарапайым қазақ отбасынан шыққан қазақтың қаракөз қызымын. 
Сонымен, химия факультетін оқып бітіргеннен кейін, швейцариялық «Sika» компаниясына жұмысқа тұрдым. Бір қызық айтайын, оқушы кездегі арманым экономист, заңгер болу еді. 1999 жылы мектепті тәмамдадым. Қатарластарым көбінесе экономист және заңгер мамандықтарына оқуға түсіп жатты. Заңгер болу үшін тіл білу керек, коммуникация мәселелері де бар. Өзіме экономист мамандығы жақын болды. Сан, есеп, бухгалтерия – менікі. Осылайша, бұл маған гештальт болып қалды. Бұл гештальтті жабу үшін химия факультетін оқып бітіргеннен кейін, экономист мамандығын «Нархоз» университетінде сырттай оқып алдым. Сырттай оқығаныммен, әрбір мұғалімнің сабақты тыңғылықты үйретуіне жете мән беріп, мұғалімнің сабақ өткізбей қойған уақытында ескерту жасап жүретінмін. Себебі білім мен үшін өте маңызды. Оқығым, білгім, көргім келді. Осы мінезім үшін кейбір мұғалімдер мен қатарластарым ұнатпады. Себебі «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» сабақ оқығысы келетіндер қатары көп болды, өкінішке қарай. Экономиялық факультетті оқып алғаннан кейін, Хенкель зауытына жұмысқа орналастым. Хенкельде жұмыс істей жүріп, UIB университетіне түстім. Өзіме керек тақырыпты модуль бойын-ша өтіп, сабаққа аптасына үш-төрт рет барып жүрдім. 
Мектепте оқып жүрген кезімде химия пәнінен аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысатынмын. Қазіргі мамандығым өзіме аса ұнайды. Бірақ өмір көре келе «менен мықты хирург шығатын еді» деп ойлап қоямын. 
Шетелге жұмыс бабына қатысты емес, тұрып жатқан елдің мәдениетіне қатысты бірқатар қиындыққа кезіктім. Шетелге көшкенде жасым 34-те еді. Ұсақ-түйекке назар аудармай, бас аман болсын деген қазақы менталитетпен жүрген кезім. Ал менің келген ортам керісінше, әрбір ұсақ-түйекке дейін талқылайтын, алда болып қалатын қателіктер мен сәтсіздіктердің алдын алатындай пікірталас жүргізетін. 
Қазақстанда тұрғанда, үйдегілер, әсіресе ағам мені «неміс» дейтін. Себебі қатаң тәртіптің адамы едім. 
Австрияға көшкенімде, тәртіп мәселесінде еш қиындық көрмедім. 5 күн жұмыс істеп, 2 күн демаламыз. Демалысты өткізудің өзі бір жұмыс іспетті, себебі демалыс күніне арнайы бағдарлама құрамын. Осылайша, спортпен айналыса бастадым. Жүгіру марафонына қатысып келе жатқаныма 2 жыл болады. Тұрақты түрде жүгіремін. Жүгіргенде әуен, не подкаст тыңдамаймын, санамдағы сұрақтарға жауап беруге тырысамын, яғни ойланамын. 
– Қазір қандай лауазымда жұмыс істейсіз? «Жақсы дәрігер болар едім» деп қалдыңыз. Мамандық таңдаудан қателеспедім деп ойлайсыз ба?
– Мамандық таңдаудан қателес­педім. Химияны үстірт оқу жарамайды, химиялық процестерді түсіну үшін көп оқып, көп тәжірибе жасау керек. Жалпы химия, физика, математика ғылымдары адамның ойлау жүйесін, санасын жақсы дамытады. Нақты ғылым қашан да маңызды. Менің ойымша, химиктер маркетинг, экономика, менеджмент сынды мамандықтарды қатар игеріп алса, мықты маркетолог болады. Себебі осымен анализ жасау қабілеті келеді. Бірінші, маркетолог мамандығын оқып, кейін химик болу қиынға соғады. Өйткені, химия – фундамент һәм база. 
– Қазақ салт-дәстүрін (мәселен, Айт, Наурыз, т.б.) ұстанасыз ба? 
– 2003 жылдан, 4 курстан бері оразаны үзбей, үзіліссіз ұстаймын. Тек 2 рет ораза марафон уақытына түсіп қалды. Бір жағынан, жаттығу ретін үзгім келмесе, екінші жағынан денсаулығыма нұқсан келтіргім келмеді. Себебі, бұған дейін марафонда жүгіріп жүріп, ораза ұстағанмын. Денсаулығым айтарлықтай әлсіреді. Ораза уақыты марафонмен қатар келіп қалса, жүгірмей, ораза ұстаймын. Мыңдаған шақырымды еңсере алатынымды дәлелдедім. Биыл марафон уақытының оразаға түспеу амалын ойластырамын. 
Әрбір күн – мереке. Нау-рыз, Ораза айт мерекелерін ерекше сағынамын. Таныс құрбым ауызашарға шақырады. Ал мен білетін жергілікті қазақтар ораза ұстамайды. 
– Қазіргі тұрып жатқан өлкеңізбен сізді не байланыстырады? Туған жер­дің қадірін шет жаққа кеткенде се­зесің дейді. Осы сөз қан­шалықты рас? Туған же­ріңізге бүйрегіңіз бұрып тұра ма? 
– Анам: «Үлкендердің сөзі дұрыс не бұрыс болсын, сөзін бөлме», – деген. «Өзіңдікін істеймін десең, істе, тек үлкендерге қарсы шығып, сөзін бөлме», – деп айтатын. Анамның осы сөзі маған тұсбағдар сияқты. Адамзаттың бәрі бір. Жақында Кенияға барып келдім. Үлкен кісілерді сыйласаң, ол кісілер де сізді сыйлайды. Жұмыста енді зейнетке шыққалы тұрған бастықтар бар. Олар өздерінің тәжірибелерін айтады: «20 жыл бұрын осындай тәсілмен жұмыс істегенде өнімді жақсы алған едік», – дейді. 
Сондай сәттерде Абайға көп жүгінемін. Қазақы менталитетте «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген бар. Осы тәрбие, құндылық маған жақсы көмектеседі. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» дейді ғой. Сондықтан жастарды да сыйлаймын. Жұмысқа тәжірибе жинауға жастар келеді. Олардың идеясы, энтузиазмінен көп дүние үйренеміз. Олардың идеясын тұншықтырмай, керісінше, бағыттап отырсам деймін. Қазір жұмыста ағылшынша сөйлесемін. Неміс тілін үйреніп жүрмін. 
Елімді аңсап тұратыным рас. Туған-туыс, жақындарыңды көрген ерекше, тәтті сезім ғой. Шынымды айтайын, ХҚКО сияқты мемлекеттік орта­лықтарға барғанда жүйкем тозып, мен­талды денсаулығыма кері әсерін бергенде, көңілім түсіп кетеді. Қазақ – жауынгер халық, тарихи маңызы тереңде жатқан халық. Халқымның ысы­рапшылдыққа жол бермей, рухани және материалдық құндылықты қатар ұстап, оқу-білімге ұмтылуын қалаймын. Мемлекет емес, әрбір мемлекет тұрғыны, әрбір қазақ білімге инвестиция құйса, еңбектенсе, білім алса, өнімін жейді. Оқыған, білімді адам ортасына сыйлы. Елімнің азаматтары да өмірдің құндылығына, сан түрлілігіне, ғажайыбына үңілсе екен деймін. 
– Неміс тілін үйреніп жүр екенсіз. Басқа қай тілдерді білесіз? 
– Қазақ, орыс, ағылшын, неміс, түрік тілдерінде сөйлеймін. Өзіңіз білетін боларсыз, әр тілдің өзіне тән грамматикалық, орфоэпиялық нормалары болады. Неміс және ағылшын тілдерінде жұрнақтар мен жалғауларды жаттау сәл қиынға соғады. Бірақ мен өзімнің әліме қарап, барынша жаттыққан шет тілдерде көбірек сөйлесуге тырысамын. 
– Компания қызметкерінен зауыт директорына, кейін бюджетті есептейтін маман деңгейіне дейін жеттіңіз. Мұндай еңбек жолы қанша­лықты ауыр? 
– Иә, алғашында зауыт директоры болдым, қазіргі қызметім – «Head of the cooperation – Ынтымақтастық бөлімінің басшысы». Қазіргі жұмысым қарапайым тілмен айтқанда, зауыт директорларын басқару. 
Хенкель зауытында 2 бағыт бар. Бірі – желім, екіншісі – киімдерді жууға арналған хош иісті ұнтақтар бөлімі (Persil, Schwarzkopf өнімдері). Хенкель зауытына 50 пайыздан жоғары кірісті желім алып келеді. Қазақстанда шығаратын желім тек құрылыс материал­дарына арналып жасалады. Хенкельде өндірілетін ең қымбат желімдер – автомобиль және әуе транспорттарына арналып жасалады. Coca-Cola және Iphone сынды ірі компаниялардың кейбір тұстарын біз шығаратын өнім арқылы желімдейді. Компания жұмысы Еуропа, Азия және Азия-тынық мұхиты аймағы мен Латын Америка (Мексика, Бразилия) мен араб елдері аумағын қамтиды. Мен Еуропа аумағындамын, Еуропа аумағында осы салаға 3 адам қараймыз. 
Мұндай жауапкершілік жүгі оқу, білім және еңбек арқылы жүктелді. Бастығым жауапкершілік, сенімділік, жұмысты адал атқаруым сынды мінезіме қарап жұмысқа алғанын айтты. Әйтпегенде, Польшада білімі менен жоғары, жасы да үлкен білікті аға мамандар болған. Адал жұмыс атқаратындар мықты басшыларға керек. Жұмысымды жақсы көремін, адал атқарамын. Иә, сенімді болғаным соншалық, жұмысқа алған бастығым кейін қызмет бабымен Америка Құрама Штаттарына ауысқанда, орнына мені қойды. Бастапқыда жауапкершілік жүгін көтере аламын ба деп алаңдадым. Себебі қызмет сатысымен өссеңіз, соған қарай біліктілігіңіз де жоғары болуға тиіс. 
Топтық жұмыста сенімділік, ымы­раластық маңызды рөл атқарады. Басшы мен қызметкердің арасында сенімділіктің болмауы басшының қызметкерді шектен тыс бақылауына әкеледі. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетеді. 
Жұмысқа өткен жылдың қыркүйек айында кірістім. Жыл сайын басшы­лықпен кері байланыс орнатамыз. Сол байланыс қорытындысына сенсек, жоғары көрсеткіш жинаған­дардың алдында тұр екенмін. 
Зауыттың шығарындыларын азайту, экологияны сақтау мәселесі бойынша ұсыныстарды көрсеткенде, кей зауыт директорлары бұл әдістің 10 жыл бұрын ұсынылып, жүзеге аспағанын және бұл жұмыспен айналысқысы келмейтіндерін кесіп айта салады. Осындай мәселелерде мен «3 рет» мүмкіндігін қолданамын. Яғни 3 рет айтып көремін, егер құлақ аспаса, мен ондай басшыларды ауыстырамын. Себебі бұл айлап, жүйелеп құрылған жоба. Келесі кезек – ұйым болып осы жобаны жүзеге асыру міндетін ешкім ұмытпауға тиіс. 
– Осы тұста Қазақстан мен шетел­дің айырмашылықтарын айтып берсеңіз?
– Қазір Австрияда тұрып жатырмын. Германия мен Австрияның айырмашылықтарын айта өтейін. Австриялықтар өздерін қатты жақсы көреді, демалғанды жаны сүйеді, көп жұмыс істемейді. Шығыс Еуропадағы зауыттардың бас мекемелері Австрия­да орналасқан. Австриялықтар бай. 8 сағаттың орнына 4 не 6 сағат жұмыс істейді. Сол аз жұмыс атқарғандағы ақысы қазақстандықтардың 10 сағат жұмыс істеген ақысынан көп. Австрия­лықтардың жұмыс туралы ойлау жүйесі жарқын. Олар ең алдымен мәселенің түйткілін шешсек болды, өзге мәселелер тізбек бойынша реттелетінін айтады. Бұл әлбетте, тәжірибе арқылы келеді. Мектеп кезеңінен осындай дағдыға үйретеді. Біздің елімізге, Қазақстанға, оқу жүйесін дамыту керегі туралы айтқан себебім – осы. 
– Ол жақтағы қазақтармен жиі кездесіп тұрасыздар ма?
– Қазақ диаспорасы бар. Бірақ мен оларға жақын емеспін. Мұнда көбінесе ата-аналары мемлекеттік қызметте істейтіндердің балалары жүреді. Жеке өзіме, шынымды айтайын, мұндай орта қызықсыз. Дегенмен ауылдан келген, білімді, медицина мамандығын оқып келген қазақ қыздарымен өте жақсы араласып, құраласамыз. 
– Жақындарыңызбен қаншалықты кездесіп, араласып тұрасыздар? Бұл арақашықтық отбасындағы қарым-қатынастың суытпай ма? 
– Анам ауырып, 2010 жылы өмірден өтті. Әкемнің өмірден өткеніне 3 жыл. Ағам мен әпкем бар. Маған ең жақын адамдар – әпкемнің екі баласы мен ағамның екі қызы, олардың жасы менімен шамалас болғандықтан болар. Ағамның кіші қызы жиырма бесте, ал әпкемнің үлкен баласы менен 3 жас кіші. Жақындарымды қатты жақсы көремін. Шетелде жалғыз тұрамын. Дос-жараным көп. 
Екінші жартымды кездестіргенде міндетті түрде отбасы құрамын. Жұмыс бабы мен күнделікті өмір салты артық уақыт қалдырмайды. Ағылшынша айтқанда: «I am happy. I am busy». Қоғамның айтқанымен емес, жүректің айтқанына көнетін адаммын. 
– Өзіңіз істеп жүрген сала бойынша елімізге қандай ғылыми ұсыныстар айтар едіңіз? 
– Алматы қаласы десе, ауасы нашар шаһар деген ұғым қатар жүретінін жасырғым келмейді. Өз тәжірибемнен айтайын, зауыт саларда табиғатқа зиян тигізбеу мақсатында құм кептіру технологиясын қолданамыз. Оның екі түрі бар. Алғашқысының құны арзандау. Екіншісі – «flat bat» технологиясымен жұмыс істейтін қымбаттау құрылғы. Екінші құрылғының артықшылығы, ол ауаға енетін түрлі газдардың қосындысын 70 пайызға дейін төмендететінінде. 
 Шетелдіктер зауыттарын елімізге әкеліп салғанда, бірден экологиялық тұрақтылықты басшылыққа алған дұрыс. Химиялық элемент мөлшерін зауытты салайын деп отырған басшы­лыққа мөлшер-мөлшеріне дейін жеткізу керек. 
Дүниежүзілік жылыну процесі біз қашып құтыла алмайтын үдеріс. Аға буын осы мәселені тереңінен ойлап, шешім шығаруы керек. Біздің елімізде ғылыми, шығармашылық бағытта дамып келе жатқан адамдар жеткілікті. 
Арманым – Қазақстанның ЖОО-да дәріс оқығым келеді. Білімім толыс­қанда, жастарға тренинг өткізсем деймін. Өскелең ұрпаққа білім беру үшін, менің ойымша, өте жақсы білім әрі тәжірибе керек, сондықтан алдағы 5 жылда бұл арманыма қол жеткізсем деймін. 
– Шетелде жұмыс істеп, құқы­ғыңыз­дың қорғалмай қалған тұстары болды ма? Болса, еліміз жеткілікті дәрежеде қол ұшын соза алды ма? Мәселені шешіп берді ме?
– Қараша айында Барселонада жүргенімде сөмкемді әлдекім ұрлап кетті. Оның ішінде австриялық қана емес, қазақстандық төлқұжаттарым да бар еді. Жұмысбасты адам болған­дықтан, оффлайн кездесулер әр қалада жоспарланып қойылған кез. Төлқұжаттарымның жоғалуына байланысты, жоспарланған оффлайн кездесудің бәрін онлайн өткізуге тура келді. Австриялық құжаттарымды екі аптада қалпына келтіріп алдым. Қазақстандық құжаттарымды 3 айға жуық уақыт күтіп қалдым. Пошта қызметінің баяу істейтінін байқаймын. 
Бір мемлекетке, елге келсеңіз, міндетті түрде ол жердің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлау керек. Тіл білсеңіз, бұл сіздің ең басты артықшылығыңыз болады. Мәселен, менің тұрып жатқан өлкемде өзіңіздің мемлекетіңіздің жүргізуші куәлігімен 6 ай жүре аласыз. 6 айдан кейін осы мем­лекеттің жол жүру қағидалары бойынша тест тапсырасыз. Оңай емес, әрине. Сонымен қатар шетелдегі мемле­кеттер жергілікті тілді үйренуі үшін иммигранттарға тегін тіл үйрену курс­тарын даярлап қойған. 
Жүрегім – қазақ. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» Абай айтқандай, адамзат тату өмір сүруі керек деп ойлаймын. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Бағдат Сұлтанқызы

4737 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы