• Ақпарат
  • 24 Тамыз, 2023

Ар – Ару – Арулау – Аруақ

Дағжан Белдеубай,

«Ana tili»

Аруақ – қазаққа етене сөз. Етене болатыны – қазақ басқасын ұмытса да, аруақты ұмытпайды. Басына қиын-қыстау күн туса, алдымен аруақты ауызға алады. Өйткені «о дүниелік болған туғандарының аруағы желеп-жебеп жүреді» деген түсінік саналы, тіпті бейсаналы түрде ұлттық болмысымызға сіңген болса керек. 

Орфоэпия 

Филологтардың әдетімен алдымен сөздің тұлғасына, түбіріне үңілген жөн. Арды – әр демесе де, әруақ деп сөйлеп, жазатындар да бар. Осы  орайда біздің ойымызға түсетіні – марқұм, белгілі журналист Сабыржан Шүкірұлы қазіргі орфографияның қос сөз, тіркескен сөз секілді ұстанымдарымен келіспей өзінше жазатын. (Бұл ретте біздің де қазіргі орфографиялық ұстанымдармен келіспейтін тұстарымыз көп. Ғалымдар дефисті біресе қойып, біресе алып тас-тап, қосып жазып, жұрттың басын қа­тырып қойды). Мысалға, С.Шүкірұлы орфо­графиялық сөздікте қым-қиғаш дефиспен жазылса, қымқиғаш деп қосып, жайлы-ны жәйлі деп жазып жүргені есте. Ал белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев ағамыздың елден бөлек орфографиясы бар екені белгілі. Мұндай «ауытқулар» ғалымдардың тыңғылықты бағыт-бағдар белгілей алмауы­на байланысты әрі кирилшенің біздің тілдік ерекшелікке сәйкессіздігіне де қатысты болар. 
Біздің ұлттық, тілдік-дыбыстау жүйе­мізге орыс тілі мен кирилше әліпби көп зиянын тигізгенін ғалымдар да жоққа шығармайды. Ол жөнінде талай жазды. Мы­салға қазақ жіңішке, ұяң дыбыстарды көп қолданып сөйлеген. Көздерінің тірісінде классик атанған Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин «әдәбиәт, мәдәниәт» деп сөйлегендерін студент кезімізде ет құлағымызбен естідік. Сол замандағы қазақы ауылдағы қарттар да солай сөй­лейтін. Ал қазір біз орфографияның көрсеткені бойынша әдебиет, мәдениет деп жазамыз, сөйлейміз. Ал енді жыр болған латын әліпбиіне көшсек, осындай толып жатқан тілдік мәселелер қалай шешіледі, біздіңше ғалымдар әлі түпкілікті ұстанымдар жасамаған сыңайлы. Алаш зиялылары Москоуды – Мәскеу болғызып, ілкіде біз айтқан жіңішке, ұяң бағытқа келтірді. Енді латын қарпін қолданғанда Еуропаны Ауропа деп жазып, айтамыз ба, деген секілді сауалдар көп. 
Демек, тіл үшін орфографиямен (дұрыс жазу ережесімен) қатар, орфоэпия да өте-мөте маңызды. (Орфографияны біз әдетте емле деп те атаймыз. Ол араб тілінен енген атау). Орфоэпия ғылымға грек тілінен енген сөз. Дәлірегі – orthos – дұрыс, epos – сөйлеу. Яғни дұрыс сөйлеу ережесі. Кеңес дәуірінде орфоэпия мәселесімен көп айналысқан ғалым, марқұм ұстазымыз Сапархан Мырзабеков болса, ол кісіні қазақ орфоэпиясының атасы деуге де болар. Ғалымның сөздігінен («Қазақ тілінің айтылым сөздігі») біз қаузағалы отырған ар-дан басталатын сөздерді қарадық. Арұу, арұуғыз, арұуақ, арұйат. Мінеки, аталған сөздерді осылай дыбыс­тау дұрыс екен. Айтпақшы, аруақ сөзінің әруақ нұсқасымен ғалым келіспесе керек, әрұуақта, әрұуақытта, яғни қайтыс болған адамның рухы емес, уақыт мағынасындағы қолданысты жөн көріпті.

Жаным – арымның садағасы    

Ар түбірі – өте өнімді түбірлердің бірі. Турасы ар-дан басталатын сөз көп. Ар – алдымен жеке тұрып та, ұят, намыс сөздерімен тір­кесіп те адамдық қасиетке берілген атау. Қазаққа ар көру, арын арлау, ар аттау («Ар аттадың дегендей қарақтарым… – Мұқа­ғали), арды аяққа басу, арын сақтау, арын сату, арын төгу, ары таза секілді тіркестерді тү­сіндіріп жату артық. Екінші мағынасы – бір­деңенің ар жағы. Бері, бергі жағы, бергісі (бергісінде) емес. Керісінше, антоним. Мы­салға, арғын деген көне атау – белгілі руды білдіргенмен, арғы ғұн деген мағына береді.
Қазақ үшін ең биік сөз ар болуы да тегін емес. Кез келген қазақ арына дақ түсірмеуге тырысқан, қазір көбі солай деп айта аламыз ба? Әрине, ғасырлар бойы мал бақты. Мал тіршілік көзі саналды. Сөйтетұра, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген берік ұстаныммен өмір сүрді. Жан бағу үшін мал өсірді. Бірақ ары үшін сол жанын да құрбан етуге бар. Соған бейіл. Ақындар айтатын дала заңы («Дала заңы – баба заңы, қарағым» Мұхтар Шаханов) деген осы. Әрбірден кейін мұндай қатал өмірлік ұстаным – Еуразияның апайтөс даласындағы қазақ деген халықтың ақсүйектігі. Біз білетін әлем тарихындағы еуропалық серілердің, жапон самурайларының өлімге тәуекелі жететін мәрттігіне, біздің бүтіндей халқымыз бара алған. Отарлық езгі етінен де, сүйегінен де өтіп кеткендіктен, ата-бабасының сол ерлік қасиетін азған ұрпағының көбі күні бүгінге дейін сезіне алар емес.   
Ар-дан шыққан туынды сөз – ара. Ара­ның да мағынасы аз емес. Белгілі жәндік. Ағаш кесетін құрал. Оларға қоса екі орта­лық, аралық мағынасы тағы бар. Соңғы екі орталық, аралық мәнін тектесек, талай түрлі құбылады. Ара ағайын, араға әзәзіл кірді, араға от жақты, арадан қыл өтпес тату, ара қонды, арасы алыстады, арасы жер мен көк­тей, ара тұрды, ара түсті, арасы суынды. Қас пен көздің арасында, қосақ арасында, өң мен түстің арасында, өлі мен тірінің арасында.
Ар өте өнімді түбір екенін айттық. Бір­қан­шасын түгендеп көрейік. Арай, арақ, арақатынас, арақашықтық, арал, аралас, аралық, арам, арамжуа (өсімдік), арамза (мезгілсіз туған қозы, лақ), арамот (су астына өсетін өсімдік), арамшөп, арамтамақ, арамтаран (қарақұмық тұқымдас өсімдік), аран, арасан, араша, арба, арғымақ, арда, ардагер, ардақ, аржа (жұқа тақтай, фанера), арзан, арзу, арқа, арқайын, арқан, арқалы, арқар, арқау, арлан, арман, арна, арнау, аруана, арпа, арпалыс, арса (ет кептіретін ағаш), артық-ауыс, артық-кем, арша, арыз, арық, арын, арыс, арыстан.

Арий сөзі қайдан шықты?  

«Ар» сөзі туралы озалында» мифолог ғалым Серікбол Қондыбай: «Ар – жалпы дүние-ғаламның, тіршіліктің жоғарғы, жалпы мәні, яғни ар – кеңістік, ар – уақыт, ар – қозғалыс. Ертедегі адам дүние тірлігін екі бөлікке бөлген; бірі – о дүние, екіншісі – бұ дүние… О дүние – ар дүние – арғы дүние… «бұл дүние, болмыс» анықтаушы болған «ар» сөзінің алдына «б» сөзі жалғанып «бар» сөзіне айналған. Бар – орыстың «быть, есть» сөзіне сәйкес келеді. Қазақтағы «бар», «барлық», «бәрі» сөздері кеңістік пен уақытты қамтумен қатар тіршілік етуді (бар ету, бар болу) де анықтайды. …о дүние «ар» болса, о дүниенің адамы «ар/л/ық» пенде «арық» пенде… Осы сөзден бүгінгі араб-парсынікі делінетін, бірақ түркінің төл сөзі болып табылатын «аруақ» сөзі шыққан. 
«Әуелде «ар» сөзі өлген, жаны аспанға ұшқан «жанға» қатысты болса, жер бетінде өмір сүретіндеріне «тұр» (тур) деген атақ берілген… «Ар мен Тур» дуализмі пайда болған. 
«Үшінші кезең – үндіеуропалық тайпалардың Қазақстанға қоныс аударып, жергілікті прототүркілік аборигендермен араласа бастауы… Үндіеуропалықтар өздерін бағынышты тайпалардан ерекше атау үшін дайын, жергілікті ұғымды – «арығ» сөзін меншіктеніп, бірте-бірте оған этникалық сипат бере бастаған. Кейін үндіеуропалықтардың Иран мен Үндістанға, Орта Азияның оңтүстігіне ауған бөлігі осы «арығ» – aryg – arij – «арья» атауын ха­лықаралық атау ретінде алып кетті, бірақ «ар» сөзінің бастапқы мәнін сақтап қал­ғандар бәрібір тұрықтар, тұрандықтар, түріктер, яғни қа­зақтар болып отыр» – деп пайымдайды.
Сонымен Се­рікбол Қонды­бай­дың түсін­діруінше, ар дүние, яғни арғы дүние, ар-ға б қарпі қосылып, (б, м қаріптері мифо­лог­тардың пайымынша жеке сөз, шумерлер ғалам ақиқатын «ме» деп атағаны секілді) барғы, бергі дүние ұғымы шыққан. Ар сонда екі дүниеге де ортақ. Арғы дүниеліктен түркінің аруақ (арық) сөзі пайда болыпты. (Қазақта арық адамды тірі аруақ атайтыны мәлім). Түріктер мен тұрандықтар деген атаулардың төркіні – тұр (тур) түбірі. Қыс­қасы «біз арийлармыз» деп кеудесін ұратын еуропалықтардың ата-бабасы, арығ сөзін біздің арғы ата-бабаларымыздан алған.

Ару

Серікбол Қонды­бай аталған озалында «Арғықазақ «о дүниеге» жоғары сипат берген. Қазақтағы «ару/ғ/ – таза, пәк» сөздерінің бүгінгі мәндері де осы ежелгі түсініктен бастау алған…» – дейді. Ғалым ежелгі түсінік деп – (арықты) арғылықты айтып отыр.
Ару сөзі де қалың қазаққа түсінікті дегенімізбен ақылына көркі сай мағынасын біреу біліп, біреу білмеуі де мүмкін. Дегенмен бұл сөздің мән-мағынасы түрліше құбылғанын өзге ғалымдардың зерттеулерінен де көреміз. Ежелгі түркі ескерткіштерінде арығ тон – таза киім, аруғ азуқ – адал тамақ, қылқы аруғ – мінез-құлқы игі, ару күмүш – таза, қоспасыз күміс секілді тіркестер кезігеді. Сол сияқты арғы түркілердегі аруғ қызлар тіркесі сұлу қыздардан гөрі, күнәсіз, пәк қыздар ұғымын берген екен. 
Орта ғасырлардағы ескерткіштерде де аталған сөздің тұлғалары мен мағыналары сақталыпты. Мысалға арығ сув – таза су, ары тон – таза киім, ары гәуһар – нағыз гауһар. Бізді таңқалдырғаны – монғолдың күні бүгінге дейін таза, адал мәнінде қолданылатын ариун сөзі мен арилах – тазарту сөзі, қазақша арулау сөзіне келетіні. Академик Рабиға Сыз­дық та бұл ұқсастықты көріп, түркі-монғолға ортақ сөздер ретінде қарастырыпты. Академиктің талдауларынан, Шалкиіздің:
Айсұлдың ару Әметі тұрғанда…
Айсаның ару ұлы Қолай бар. – жолдарынан ару жігіт, ару батыр мағынасын көреміз. Сол секілді, «Ақтабан ару торы ат жайлаған» (Шобан), «Тауда тарлан ақырса, тас мұр­нын ару сұңқар сызғырса» («Ер Тарғын») – деген жолдарда ару ат, ару сұңқар тү­рінде де қолданылыпты. Мұндайды халық асыл тұқымды, таза қанды деп ұққан. Бұл орта ғасырлардағы ақын-жыраулардың қол­данысы, қазір ес­кір­ген деуге толық негіз бар. Жігітке, ба­­тырға, атқа, сұң­қарға қатысты ару сөзі бүгінде қол­да­ныл­майтыны белгілі.  
Ғалымдар ар ма сөзі кезінде ару ма түрінде қолданылған деген болжам айтады. Ар ма деп сәлемдесу, қазір ауызекі тілде жоқ. Бірақ жазушылар өз шығармаларында (драмада, прозада) бұл сөзді түрлентіп, сәлемдесудің бір үлгісі ретінде қолданатыны мәлім. «Қобыланды батыр» жырында:
Үлкен едің, арма! деп,
Алдында кісі бар ма? деп – деген жолдар кездеседі. «Қыз Жібек» жырында:
Айтамын айт дегеннен, арма, Жібек,
Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек! – дейтіні бар Бекежанның.
Өзге де эпостардан бұл сөзді қазір де таба аламыз. 
Ғалымдардың зерт­теуінше, татар, башқұрт, удмурт, мари тілдерінде ару сөзі сәлемдесу кезінде айтылады (Р.Г Ахметьянов). Татар, башқұрт тілдерінде арумы сөзі амансыз ба, жақсы тұрып жатырсыз ба, мағынасында түсініледі. Татарша ар мы, қырғызша ары ба, қазақша ару ма, аман-саулық сұрасудың ең қысқарған түрі болса керек. Қазақша ару ма-ның у қарпі түсіп қалғанын зерттеушілер қалыпты жағдай ретінде түсіндіреді. Әдетте ар ма деп жасы үлкен адамға кішілер сәлемдескен. Қатарына немесе кішіге олай амандаспайды. Сондағы үлкеннің жауабы «бар бол, балам» болуы керек. Мұны кез келген қазақ білген. Осыдан-ақ ілкіде айтылған ар тұлғасының екі дүниелік екендігін барлық қазақ түйсінгенін көреміз. Немесе бүкіл қоғамға түсінікті хал-жағдай сұрасу үлгісі. 
Арулау сөзін де түсіндіріп жату артық. Мүрдені ақ жуып, тазалап көму, жерлеу ұғымын береді. Филологтардың тілімен айтқанда аталған етістік өлікті жуудан басқа мағынада қолданылмайды. Өлікті арулау ұғымы қырғыз ағайындарда да бар көрінеді (К.К Юдахин). Зерттеушілердің зерделеуінше қазақтың ақ жуып арулауында «әулие тұту», «құдайдай қастерлеу» ұғымы бар. Ол діни түсінікпен астасып жатыр. Тұлғалық тұрғыдан жоғарыда келтірілген қазіргі монғол тілінің ариулах сөзімен бірдей әрі ол да тазалау мәнінде қолданылып қоймайды, (ариун) қастерлі ұғымын да береді. 
Қазақта күні бүгін өлікті арулаған жерді әсіресе балаларға, үлкен-кішіге бастырмау, үстіне топырақ, тас үйіп қою үрдісі жеке руларда сақталған. Оған осы жолдардың авторы да куә. Мүрдені арулаған суы төгілген жерді басса, сол адам ауру болуы мүмкін деген түсінік бар. Қазақ тылсымға сенеді. Сондықтан қайтыс болған кісінің сырқаты сау адамға жұғады деп көреді. 

Уа, аруақ!

Түрлі сөздіктерде аруақ ұғымына «жан денеден бөлек өмір сүреді деген көне ұғымнан туған наным бойынша өлген адамның тірілерді желеп-жебеп жүретін рухы» деген анықтама берілген. Қазақ ғалымдарында халықтың аруақ туралы таным-түсінігі, салт-жоралғылары қақында алғаш жазған әрине Шоқан Уәлиханов. Біз кейде өз замандасымыз Серікбол Қондыбайды оқып, зерттеу жұмысы жүргізілмей жатыр деп ренжиміз. Серікбол Қондыбайды қойып, Шоқан Уәлихановтың кім екенін біле бермейтін, есімін естісе де, еңбегін ашып, бір жазбасын оқымаған ұрпақ өсіп келеді. Олардың ата-анасы да жарытып оқымаған болуы мүмкін. Сондықтан ұлы ғалымның «Тәңірі (құдай)» атты мақаласынан аруаққа қатысты тұстарын ұсындық:
«От әулие (киелі) болып саналады… Отқа түкіруге, ошақты басуға болмайды. Жаңа түскен келін күйеуінің әкесінің үйіне кіріп, сәлем жасап, «аруақ разы болсын» деп тағзым етеді, отқа бір қасық май құюы керек. Жас келін сәлем еткенде «аруақ разы болсын» деп, тізе бүгіп, еңкейіп, маңдайын еденге тигізеді. Отқа тамызған май жанып жатқанда, жас келіннің енесі немесе әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, отағасы жас келінді: «иін қандырып илеген терідей мінезің жұмсақ болсын қарағым» деп бата беріп, тулаққа, қой терісіне отырғызады. 
Аруақ – ата-баба рухы, басқа қиын-қыстау күн түскенде, жан қиналғанда: «Аруақ қолдай көр, қолтығымнан жебей көр!» деп айтады. Құрбан шаларда, сиырдан ай мүйізді, аша тұяқты (отбасын желеп-жебейді), қойдан бозқасқа және сарыбас қой – ақсарбас, бауырсақ құлақты көк қой, құлағы тілінген, қасқа тісті, қасқасы бар аппақ аққасқа, сондай-ақ бас алғашқы тума төлді құрбан шалады. Егер құрбанға аталған төлдің басы – тұмсаны қимаса, атаған малдың сілекейін басқа малдың басына жағып құрбандық қылады. Адам өлгенде аруағына арнап, қырық күнге дейін, әр күн бір шырақтан жағады немесе төрт күн шырақ жағады. Шырақты босағаның оң жағына жағады, себебі өлген кісінің аруағы қырық күнге дейін үйге келіп, балалардың жай-күйін біліп жүреді. Сол үшін күн батып, шырақ жағылғанша, іңірде есікті ашып, тостағанға қымыз құйып, босағаға ақ киіз төсейді, осылай өлген адамның аруағын күтеді. 
Өлікті үйден шығарарда: «Құдайдан бүтін денең алыста» деп, үй мүліктерін, тамақты өліктің мүрдесінен айналдырып өтеді. 
Жерге табынбайды, жын жиналады деп, аруақтардан қорқып және абайламай жүргеннен сарп ауруы болады деп ескі жұртты баспайды. 
Жұлдыздарды адамның жаны деп санайды. Егер жұлдыздың ағып түскенін көрсе, «менің жұлдызым жоғары» деп екі рет әуеде қимыл жасайды. «Жан біреу-ақ, ерте ме, кеш пе тірі пендеге бір өлім» деп ойлайды. Кешке үйге кіріп келе жатып әкемнің: «Бүгін екі адам өлуге тиіс» деген сөзін жиі еститінмін. – Қалайша? – деп сұрағанда: «Екі жұлдыз ағып түсті», – дейтін. 
Тұзды көлдер де әулие не аруақтың көзі түскен кен деп аталады». Мінеки, аруақ туралы Шоқанның заманындағы қазақтың түсінігі. Қазір отқа май құю бар болғанымен, «аруақ разы болсынды» айтпайды. Ол замандағы келін атасының иығына шапан жапқанмен оған емес, аруаққа тағзым еткенін көреміз. Шырақ жағу бар болғанмен, ақ киіз төсеп, тостағанға қымыз құйып қойып аруақты күту жоқ. Өлікті шығарарда мүлікті, тамақты одан айналдыру жоқ, ағып түскен жұлдызды жамандыққа балау ырымы қазір де кезігеді. 
Аруақ қазаққа өте етене болғасын да шығармасында ол туралы толғанбаған қаламгер де жоқ шығар. Бірнеше мысал келтірейік:
Шымқорада – жер үйде, Желпін­дірмес көр үйде, Арса-арса болып сүйегі, Қалақтай болып иегі, Жаңқадайы жоқ еттен, Саусақтары шілбиіп, Көлеңкедей ілбиіп, Бұ жатқан қай аруақ? (Ж. Аймауытов).
Шешілді сөз, қол енді күтіп қалды,
Елшінің ертеңінде келер кезін.
Алты Алаш Абылайдай арғымағын,
Алаштың аруағына пар қылатын (М.Жұмабаев). Әрине Жүсіпбек Аймауы­тов­тың айтып отырғаны тірі аруақ. Ал Мағжан Жұмабаев Абылайды алты алаштың аруағына теңеп отыр. Тірі аруақ дегеннен шығады, өлі аруақ, қара аруақ деген де түсінік бар. Қазақы түсінікте қара аруақ жағымсыз емес, қастерлі аруақ. Жалпы аруақты ауызға алып сөйлейтін халықпыз ғой. Сондықтан аруақты қорлады, аруақ шақырды, аруақ жар болсын, аруақ аттады (жақын адамның қабіріне бармай кетсе), аруақ атсын (қарғыс), аруағына сиынды тіркестерін жиі қолданамыз. 
Қазақша жазылған шығармалардан үзінді келтірдік. Бірде (дәлірегі – 1986 жылы) Олжас Сүлейменовтің Қадыр Мырза-Әли аударған өлеңдер жинағы жарық көрді. Сол кітаптағы «Куман жыры» атты өлең аударма болса да, бірден оқыған бойда жатталып қалғаны есте. Қадекеңдей классик түпнұсқадан да ауытқымапты. Кей тұсы артығырақ болмаса, кем емес.
Уа, аруақ!
Бейбіт күннен өлмейді ер,
Жебедің бе, 
Қан майданда жебей гөр!
Мейлі маған жасын лақтыр, 
Жай таста!
Бас сауғалап көрген емен айқаста.
Бірінші боп жығылмаспын, 
Жығылсам,
Жығылармын ең ақырғы шайқаста – деп басталатын шағын өлең өрлікке, ерлікке толы. Куманы қыпшақ екенін сәл кейіндеу білгенмен (ол заманда бұл жабық тақырыптың бірі) өлеңді жарқылдатып оқып жүрдік. Өлеңнің бірден жатталып қалуы да «құдай жоқ, аруақ өтірік» деп ұқтырып жатқан қоғамда, бәрібір аруақтан шет болмағанымызды көрсетіпті. 
Иә қыпшақтар (яғни қыпшақ тілділер) аруақты сыйлаған. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында сарбаздар дөңгеленіп отыра қалып ас ішкенде, қаза болған батырдың киімін тасқа, діңгекке іліп, оның да алдына ас қоятын салт болғанын суреттегенін осы басылымда жариялағамыз. Мұндағы халықтық пәлсапа – бүгін сен өткенді сыйласаң, ертең сені де ұрпақ сыйлайды болса керек. Әрі қазақ қыпшақ атанып жүрген заманда да аруақты қадірлеген.  

 

 

5324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы