- Cұхбаттар
- 24 Тамыз, 2023
СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ: «ҚАСІРЕТ ПЕН ТАҒДЫР» ЖӘНЕ «ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ»

Әдебиет – өмірдің айнасы десек, ол айна әркез жарқын сәттерді көрсете бермейтіні анық. Қоғамның қасіретті тұстары да жазушының көркем қаламында кестеленіп, әдебиетте көрінгені маңызды. Бұл орайда Семей қасіретін арнайы ғылыми зерттеулерден бөлек, роман, хикаят, деректі проза, драмада да тасқа басудың қажеттілігі сөзсіз. Күллі қазақ даласын ядролық сынақ алаңына айналдырғысы келгендердің қадамының ақыры неге апарғанын бүгінгі оқырманға шығармалары арқылы жеткізіп жүрген қаламгер Сәуле Досжановамен әңгімеде Семей мен ядролық сынақ, оқырман мен болашақ, жазу мен әдебиет туралы сөз қозғадық.
Түс пен ғұмыр және әдебиет
– Шығарма кейіпкерлеріне беретін есімдеріңіз қалай таңдалады?
– Алдымен кітаптың аты... Романға «толғатып» жүргенімде түс көрдім. «Ол – қасірет!», «Ол – тағдыр!» деп шошып оянғанмын. Содан басталды… Атын «Қасірет пен тағдыр» деп қойдым. Осы дилогиямда сексен пайыз кейіпкер – өмірде болған азаматтар. Өз аты-жөндерімен алынған. Тарих, өмірде болған оқиғалар. Сондықтан деректі роман-дилогия деп аталды. Ал көркем шығармаларымды жаза бастағанда кейіпкерлердің аты, оқиғалар көкірегімде сайрап тұрады. Жазған кезде кино көріп отырғандай әсерде боламын. Тіпті әр зат та елестеп тұрады. Мен тек көргендерім мен санама келгендерді жазып шығамын.
– Жақсы көретін кітабыңыз қандай?
– Біздің толқын қаламгерлер мен замандастарым жасымыздан әлем әдебиетін (аудармадан), орыс әдебиетін, кеңес әдебиетін оқып өстік қой. Сол кездегі ақын-жазушылардың еңбектерін жақсы көремін. Олар мені тәрбиеледі, үйрендім десем болады. Абай мен Әуезовтен кейінгі өзім көзін көрген, біразына қолымнан шәй құйған, бүгінде ортамызда жүрген қазақтың классик жазушылары бар, ұзын-сонар тізім болады. Оларға ризамын. Әрқайсысын атамасам да халық біледі. Ал сұрағыңызға ел Тәуелсіздігін алғалы бергі жарық көрген шығармалардан қайсысын жақсы көріп оқып шыққанымды айтқым келеді. Ең басында Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» мен Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» тұрады. Одан кейін Дидар Амантай, Жүсіпбек Қорғасбек, Әділбек Ыбырайымұлы, Нұржан Қуантайұлы, Дәурен Қуат, Бигелді Ғабдулин, Серік Сарыбай, Есболат Айдабосын, Ырысбек Дәбей, Қанағат Әбілқайыр, Роза Мұқанова, Жадыра Шамұрат, Сая Қасымбек, Торғын Жолдасбекқызы, Әлішер Рахат пен Бақытгүл Сәрмекова, Самал Шаймергенова. Мен бұл жерде атап өтпегенмен, тәуелсіздікті жырлап жүрген ақындар туралы да жақсы пікірдемін. Қазір поэзияны сирек оқимын.
– «Қасірет пен тағдырдан» кейін «Үзілмеген үміт» романыңыз қалай туды? Елдің шері мен қайғысын жазуға жүрексінбедіңіз бе? Жазу туралы нақты ой қалай келді?
– Негізі, осы полигон тақырыбын бастауыма жарым – генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев себепкер болды. Ол жас кезінде Семейге жер аударылған екен. Сонда қызмет барысында халықтың жағдайын көріп, қасіреттері жүрегіне қан болып қатып жүріпті. Мен оған дейін «Үлкен үйдегі үрей» және «Жалғыздың жарасы» деген романдар мен бірқатар хикаяттар шығарғанмын. Сәкең менімен қосылған соң «Қанша роман жазсаң да, Отаның мен халқыңның тағдыры мен тарихына қатысты бір шығарма жазбасаң, бәрі бекер. Осы тақырыпты жаза алсаң, жазшы!» деп маған көптеген детальдарды айтып, материалдар тауып берді. Екеуміз бірге Семей мен Қарағанды жерлерін шарладық. Қарауыл мен Дегелеңнің басына шықтық, көп халықпен кездесіп, сырластық. Ол кісінің айтқан дүниелері менің осы шығармама арқау болды. Міне, осының бәрін біліп тұрып жазушы екенім шындық болса неге жазбасқа? Осылай алдымен «Қасірет пен тағдыр» өмірге келген. Ал жалғасы – «Үзілмеген үміт» деген тақырыппен екінші кітабын жазуыма Медеу Сәрсеке мен Шәкәрім мемлекеттік университетінің профессоры, М.Қозыбаев атындағы тарихи-ғылыми зерттеу институтының директоры Мұқтарбек Кәрімов, философия ғылымының кандидаты, абайтанушы Асан Омаров, Шәкәрім мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Арай Жүндібаева, «Семей полигоны аймағындағы соры арылмаған ауыл» атанып, қасіретімен бүкіл елімізге аты шыққан Сарыжалда ұзақ жыл мектеп директоры болған Сәкен Сейсенұлы, полигон қасіретін шеккен суретші, «Атом» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков (кітап мұқабасына сурет салып берді) деген азаматтар маған көмектесті.
– Қазақ әдебиетінде полигон тақырыбында қалам тартқан сөз өнері иелерінің қандай шығармаларын білесіз? Елімізде осы тақырыпта қалам тербеткен қай жазушының шығармасын үздік деп айта аласыз?
– Бекежан Тілегенов ағамыз «Дегелең» трагедиясын суреттеп «Қара жел» деген роман жазған. Тек оны уақытында жарыққа шығаруға рұқсат етілмеген. Сол шығарманы отыз жылдай бастырылып жатқан жерінен «Ел-шежіре баспасының» директоры Дәулет Әшімхан арғы жылы кітап етіп шығарды. Рымғали Нұрғалидың «Алты аяқты құлын» деген, Сұлтан Оразалиннің «Сталин өлген жыл» деген хикаяттары, Роллан Сейсенбаев пен Нәубет Қалиевтың әңгімелері және Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасы бар. Бәрінде жер бетінде ашық сыналған атом бомбасының әсерінен тірідей сынаққа ұшыраған адамдардың күйзелісі, табиғаттың тартқан зияны суреттеледі. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін сол шығармалар там-тұмдап шыға бастады. Семейдегі ардақты жазушы Медеу Сәрсеке ағамыздың ені бір қарыс болатын «Семей қасіреті» деген деректі еңбегін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Деректі оқиғаларға негізделген бұл шығарманы орыс және ағылшын тілдеріне аударып шетелдерге де тарата бастады.
Осы аталған шығарманың бәрімен таныспын. Қаламгерлердің бәрі де жан-дүниесімен жазғандықтарын сезініп, бәріне құрметпен қараймын. «Мәңгілік бала бейне» ширек ғасыр бойы театр сахнасынан түспей келеді.
Менің «Қасірет пен тағдырымның» айырмашылығы көркем шығарма ретінде жазылуында. Аяулым деген қазақ қызының өмірі арқылы Қазақстанның шығысы мен орталығындағы қазақтардың атом бомбасынан тартқан зардабын суреттедім. Деректермен дәлелдедім. Енді сол қасіреттің әлі үш ғасырлық дерті барын түсіндірдім.
Өз еңбегім туралы басқаша айта алмаймын. Дилогия жайлы жарық көрген пікірлерге тоқталып өтсем, жазушы-философ Дидар Амантай: «Күллі шығармасы дерлік – қазақтың ұлы мұңы – Семей полигоны құрбандары туралы екен. Тақырыбы да сол. Автор Семей, Қайнар, Қарқаралы өңірін түгел біліп алыпты. Ауыл, жыра, сай, тау-тас аттарын, жол сілемін жатқа біледі. Еркін сілтейді. Шұрайлы кестелейді. Жазуға енді жеткендей, асығып, сағынып жазады. Көркем мәтінге құштар. Қаламгер әлеуметтік мәселені, жеке адамның қайғы-шерін бүкілхалықтық драма деңгейіне көтере білген» – дейді. «Бұл кітап несімен құнды? Ерекшелігі неде?» деген сұрақтарға филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақова: «Семей полигоны туралы біршама шығарма жазылды. Бұл романда оқиғалар желісі зар мен қасіреттің, жоқтау мен біреуге кінә артудың төңірегінде ғана өрбімейді. Семей өңірі тұрғындарының көрген жан мен тән азабы қарапайым жас отбасы мен оның маңайындағылардың азапты өмірі арқылы жан-жақты ашылып, терең суреттеледі. Семей полигонының жабылуына байланысты нақты іс-әрекеттердің басында болған белгілі азаматтардың атқарған істері мен есімдері тұңғыш рет осы романда, көркем шығармада аталып отыр десек те болады» – деген еді.
40 жыл ішінде 470 ядролық жарылыс жасалған
– Дилогияңыздың бірінші бөлімін жазуға үш жылыңызды арнапсыз. Жалпы жазушылардың сонша еңбектеніп жазған еңбегі оқыла ма?
– 700 беттен тұратын дилогияда кеңестік идеологияның құрбаны болған тұтас бір халықтың атом ядросынан көрген орасан зор қасіреті көрсетіледі. Мұнда сирек кездесетін архив материалдары, видеотаспалар қолданылған. Сол сұмдықтар болған жерді – Абай елін аралап, куәгерлермен де сөйлестім. Жүректен өткізіліп жазылған шығарма.
«Қасірет пен тағдыр» Қазақстанда көп оқылған кітаптар бойынша жоғары рейтингке ие болды. Өйткені ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүргізілген «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бойынша таңдаулы роман атанды. Содан бері жүйелі түрде насихатталып келеді. Қазір кітап оқылмайды дегенге мен сенбеймін. Оқырмандарыма ризамын. Іздеп оқып, бас қосқан жерге жүздесуге шақырып отырады.
– Аса ауыр тақырыпқа қалам тербедіңіз, тарих беттерін парақтадыңыз. Романды жазу үстінде қандай сезімдерді бастан кешірдіңіз? Семей полигоны туралы зерттеген деректерден жан шошытарлық, есіңізде мәңгі қалатын оқиғаны айтсаңыз.
– 1949 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы 22 тонналық атом бомбасы жарылған. 1989 жылға дейін 40 жыл ішінде 470 ядролық жарылыс жасалған. Оның 354-і жерасты, 28-і жерүсті, қалған 90-ы әуеде жарылған. Осылайша, Семейде 40 жыл бойы сыналған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түсіпті.
Уақыт таспаға түсірген тарихты ғаламдық өлшеммен «жетпіс жыл бұрын болған» деп айтуға ғана оңай. Сол жылдардың қатпарында ғаріп күй кешіп, өмірінің дал-дұлы шыққан, көзінен жас орнына қан сорғалаған, аузынан қарғыс ақтарылған жетпіс мың тағдыр бар. Жартысы кебінге оралып, жер қойнына кетті, топыраққа айналды. Қалған жартысы көңін сүйретіп, кебенегін іліп, тұқымының тұздай құрып кетпеуінің қамын жасамасқа амалы қалмаған. Бұл зобалаң кәріні де, жасты да аяған ба? Жан сауғалатпасына қойған ба?! Міне, бұл қасірет емей немене?! Әлемде адамдар мен жан-жануарлар өмір сүріп жатқан жерге атом жарған – жалғыз Қазақстанда болған «Семей сынақ алаңы». Оны жасаған – социалистік жүйе.
Кеңестік физик ғалым, академик Андрей Сахаровтың жобасымен жасалған алғашқы термоядролық бомба 1953 жылы 12 тамызда Семей полигонында сыналды. Міне, осы еңбегі үшін оған Сталиндік Мемлекеттік сыйлық пен Социалистік Еңбек Ері атағы қосып берілді. Дегенмен ғалым өзі жасаған бомбасының адамзат тарихындағы ең жойқын қару екенін, үлкен қауіп тудыратынын басқаларға қарағанда ерте түсінеді. Кейіннен өздерінің бұл істерінің қылмыс екенін мойындап ағынан жарылады.
А.Сахаров: «Ядролық сынақтан 6 миллион адам опат болады. Сұмдық қылмыс жасалып жатыр», – деп жазған өз естеліктерінде. «Шыңғыстаудың етегіндегі бір кездегі көкмайса жайлаудың орнында қураған қурай мен шаңы шыққан топырақ жатыр. Жарылыстан түзелген апандардың кейбіреуінде су орнына ернеуінен аса жап-жасыл у кілкілдеп тұр. Бір заманда айбарлы тау болған аңыз Дегелең үгітілген тасқа айналған. Гранит жартастардың беті шұрық-тесік. Сом жартастар ауырсынып, ыңырана дауыс шығаратындай. Арқат таулары қайғыдан күңіреніп, көз ұшында қарауытады. Қарауылтөбенің басына адамдар қолдан оба тұрғызыпты. Әр ауылдың желкесінде не етегінде қаптаған зираттар. Жердің үстіндегілерден астындағылар көп пе дедім...» (261 б.) «Қасірет пен тағдыр».
Романға материалдар жинау барысында осындай сұмдықтарды оқыған сайын жүрегім ауырып, есеңгіреп қалатынмын. Осы екі романды бітірген соң жүрегіме екі ота жасалып, стенд қойылды, ковид қосылып аяғында біраз денсаулығымнан айырылдым.
– Полигонның жабылуына үлесін қосқан, қасірет тақырыбына қалам тербеген, Семей өңіріндегі бірегей тұлғалар туралы, олардың еңбектері жайында мәліметтер бердіңіз. Осы тұста сіз ерекше атап өткіңіз келетін, Семей полигонын жабу жолында ерекше қайраткерлігін, ұлтқа деген жауапкершілікті сезінген қай тұлғаны айтар едіңіз?
– «Қасірет пен тағдыр» деген кітабымды жазу барысындағы іздеп тапқандарымнан және Семей өңірін аралап, ел ішіндегі өмірді көріп, оқыған кітаптарымнан, ғаламтордан, бұқаралық ақпарат құралдарынан көргендерімнен қорыта келе, «Полигон жайлы алғаш дабыл қаққандар шындығында кімдер екен?» деген ойға қалдым. Семей полигоны зардаптарын 1957 жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріскен көрнекті ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры болған Бахия Атшабаров екен. Ол кісіге тапсырма берген – Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев. Ал Қаныш Сәтбаевқа заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің 60 жылдық мерейтойында туған жеріне барған сапарында халқының жағдайын көріп, Дегелеңдей «тауы өліп», топырағының тозы шығып, суы уға, ауасы радиацияға айналғанын көріп, қасірет шегіп оралады. Кейін Қаныш ағаға жағдайды айтып, зерттеу жасауын өтінеді. Содан Қаныш Имантайұлының кеңесімен Бақия Атшабаров арнаулы ғылыми экспедиция құрып, полигонның кеселдерін жан-жақты анықтап, республика басшылығына жазбаша мәлімдеген, бірақ біздің басшылар Кремльдің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырып, атақты академик Сайым Балмұхановтың зерттеулеріне де тыйым салыпты. Кітабымда мұны таратып жаздым, осы зерттеулерден кейін ғана атомды жер бетінде сынауды тоқтатқан.
Полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың тағы бірі Мұхамедғали Әленұлы Сужиков болған. Мұхамедғали Әленұлы Семей облысына бірінші хатшы болып барғаннан тыным таппай, ядролық жарылыстардан зәрезап болған шерменде халықтың мүддесін қорғап, сынақ жасап жатқан әскери зонаның бастықтарымен, әскери кешеннің жетекшілерімен жиі сөзге келіп қалып жүрген.
С.Балмұхановтан білген М.Сужиков зорға деп обкомның бюро мүшелерінің келісімін алып, Семей полигонындағы атом және термоядролық қаруды сынаудың зардаптары туралы 1959 жылы КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н. Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Беляевке құпия ашықхат жолдаған болатын. Мұхамедғали Әленұлы өзі айтқандай, «халық өліп жатқанда үндемей, үнсіз келісіп, әрекет етпей отыра алмаған». Өйткені Мұхамедғали Әленұлының ар-ожданын әркез халық қамы, соның мүддесі басқаратын. Жазушы Ғаббас Қабышев полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың бірі Әнуар Әлімжанов екенін былай баяндайды: «Атом-ядролық сынаулардың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дүниеге келген жерде жасалғанын алғаш айтып ашынған адам мемлекет және қоғам қайраткері, сан елге, сан жұртқа белгілі қаламгер Әнуар Әлімжанов еді. Ол айтарын көшеде, алаңда ұрандап, аттандап жүріп емес, халықаралық конференциялардың мінберлеріне шығып тұрып айтты», – деп екі мысалмен дәлелдейді.
Ал 1989 жылдың ақпан айының 20 жұлдызында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдаса отырып, М.Горбачевке Семей полигонының зардабы жайында жіберген жеделхаты тарихта полигонды жабуға жол ашқан күрестің басы болған.
Кешірім Бозтаев басын бәйгеге тікті. Бірінші болып мәселе көтерді.
Ол – батыр адам! Мәскеуге хат жазды. Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды.
Әр қазақ біздің оқырман
– Енді тақырыпты сәл өзге бағытқа бұрсақ. Қазақ әйелінің болмысы қандай? Ұлттың ұйысуындағы қазақ әйелінің рөлі қаншалықты маңызды?
– Қазақ қоғамында қашан да әйелдің орны ерекше болған. Ұлттың жадында сақталған Тұмар, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Айғаным, Зере, Абақ, Бегім деген ханшалар мен ұлы аналардың отаншылдығы, ел мен жерге деген сүйіспеншілігі, ерлік істері бүгінгі ұрпаққа да өнеге. Олар ақыл-парасатымен, қайсарлығымен ел билеп, көсемдік көрсеткен. Жаугершілік заманда жарларымен бірге қол бастап тарихта есімдері рулы елге берілген. Шежіре жылнамасында руға айналған аналар баршылық.
Қазір де ұлтты өсіретін, ана тілімізді сақтайтын, дәстүр-салтымызды жалғастыратын да әйелдер. Отанасының жүріс-тұрысы, ұстанымы, ағайын-туыспен, ел-жұртпен қарым-қатынасына орай әулетке ғана емес, үлкен бір елге баға беріледі.
Ұлттың ұйысуында да әйел адамның алар орны ерекше. Себебі ол шаңырақтың берекесі. Ал ұлт әр отбасындағы адамдардан құралады. Сондықтан көп нәрсе әйелдің ниетіне, талап-тілегіне, арман-мүддесіне тікелей байланысты екенін ұмытпайық! Терең ойлап, ықыласпен қараған әйелдің қолында кө-ө-өп билік бар. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен Әлемді тербетеді» деп ұлы Мұхтар Әуезов бекер баға бермеген.
– Жазушының шығармашылық ой шеберлігі деген сіз үшін қалай өрнектеледі?
– Өз шығармашылығыма қалай баға беремін? Білетінім – тәулік бойы прозаммен біргемін. Қайткенде соның көсегесін көгертемін деп еңбектеніп келемін. Маған Алла әу баста жазу миссиясын маңдайыма жазғанын сезінемін. Аралықта біраз уақыт басқа бағытқа ауытқып барып, қайтадан өз жолыма түстім.
– Полигонның зардабын тартқан қазақ халқының басына түскен қиын жағдайын әлем жұрты біле бермейтіні өкінішті. Әр қазақ бас болып, осы мәселені көтеруі үшін қандай іс-әрекеттерді атқаруы керек? Қандай жобаны қолға алмақ керек деп ойлайсыз?
– Қазақтың қасіретін әлем білу үшін жазған еңбектер көптеген шет тілдеріне аударылуы керек. Оқырмандардың іздеуімен дилогия төрт рет қайта басылды. Ең негізгісі – мемлекет басшылығы назар аударып, қаржы бөлініп, кітап болып шығып, кино болып көрсетілуі қажет.
Менің романдарым бар болғаны орыс, жапон тілдеріне аударылды. Биыл көктемде Жапон елшілігі мен «Невада – Семей» және «ЮНЕСКО» қорларының ұйымдастыруымен Жапония еліне бардым. «Қазақ пен жапон тағдырлас халықтар», – деп Хиросима мен Нагасаки қалаларының мэрлері және Ұлттық мұражайының Бас директорлары қабылдап, кітабыма жоғары баға берді. Қазір АҚШ-тың Чикаго университетінде академиялық аударма жасалып жатыр ағылшын тілінде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

5105 рет
көрсетілді0
пікір