• Руханият
  • 31 Тамыз, 2023

О заманның оқуы

О заманның оқуы… Қай заманды да қараламақ ой жоқ. Ел басынан ауыр бұлттай ыңыранып, күңіреніп өткен кезеңдерге салауат сөзі бұл. Нәубет пен зұлматта да қазақ баласын оқытқан. Молдадан. Интернатта. Соғыс жылдарында да сауат аштық. Соның шежіресін әдебиет жазды. Бүгінгі мектептің терезесінен қараған оқушыға бұл жылдардың бейнесі көрінбесе керек. Бүгінгі бала білім алудан өзгені ойламаса керек. Оқудың жүз жылдық жылнамасының жыртылған парағы көп-ақ. Мұны да сол жоғалған беттердің бірі дерміз.
 

Ұмытпасам, бұдан табан­датқан 14-15 жылдар бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйінде жиырмаға тарта баланы алқа қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. О кез Мекалайдың аузынан жалын шығып тұрған шағы еді. Ал, бұ күнде Мекалайдың жалыны түгіл, әуелі қабірін таба алар ма екенсің. Бұ күнде ондағы ызғарын төгіп отыратын Мәжекең де, бет-аузы ақпандағы алабас бураша сорағытып, ақ сабауға қош айтысып, қыжырайып, төсегінде жатыр. Пай-пай-пай! Көрінде өкіргір, Қожаекем-ай! Жөнсіз қатал едің-ау, жарықтық! «Бибіден» дабыл жесең де, жаназадан құр қалсаң да, ашуыңды балалардан алушы едің-ау! Өткен күннің белгісі жоқ қой, әйтпесе нағыз... Әйтеуір бесті айғырдан да шақар оқытады. Қожасы бар болсын, оның басын ауыртқалы отырғам жоқ, әшейін аузыма түсіп жатыр. Со кезде қожадан талай бала оқиды. 

***

...Қартқожа әр болыста ауылнай, үшкөл деген бар деп естіді, пәленшенің, түгіленшенің балалары сол үшкөлде оқып жүр, екі-үш жылда орыс тіліне судай болады екен, сонсоң, тілмәш, періуатшік болуға жарайды екен, деген сөздерге құлағын салатын болды. Ол былтыр кірестиански нашалніктің періуатшігін көрген. Ол қандай еді! Үсті-басы аппақ! Сары ала түйме! Шашын қайырған. Аяғында әмірқан етік. Нашалніктің алдында аузы-аузына жұқпай судыратқанда кісілер таң қалмаушы ма еді?! О л бір стражнікпен орысшыласып-орысшыласып, жеңіп кеткені қайда! (Орысшыласқан кісілер қай көп сөйлеп бастырмалатқаны жеңіп кетеді деп жоритын). Әбілда періуатшіктің стражнікті жеңіп кеткеніне Қартқожа қатты сүйсінген. 
«Қартқожа». 
Жүсіпбек Аймауытов. 

Ауыл Досқа көшкенде ол Жаманшұбардың солқылдақ жас шілігінен бір бумасын ала келеді. Бұтағы аршылған бұл шіліктер молда баланы арқаға тартып жібергенде, жездей иіліп сынбайды, тиген жерін тіліп түседі. Балалар сабаққа жиналғаннан тарағанға шейін бұ шыбық молданың қолынан түспей, жыландай ысылдайды да тұрады. Молдаға қылығы жақпаған баланың арқасына шыбық шып ете қалады. Шыбықтың жазасы аздай-ақ, молда қылығы жақпаған баланың құлағын бұрап та, тілін бұрап та азаптайды. Ең, ауыр азап — жұма күндері балаларды дүреге жығу. Бұл жазадан айыпты бала да, айыпсыз бала да құтылмайды. Жұма күні балалар сабақтан шығарда молда аздап оқитын әйел балаларды «ей, намахтарм!» деп, көйлектерінің, етегін ғана шыбықпен үш рет салып қап босатады да, еркек балалардың бәрін етпетінен жатқызады, киімдерін түреді, содан кейін қолының күші жеткенше жалаңаш етке көк шыбықпен үш реттен шықпыртады. Шыбық арқасын қылыштай тілгенмен, баланың дыбыс шығаруға хақысы жоқ. Егер дыбыс шығарса, жаза үстеледі, қашан дыбысы сөнгенше, молда баланың арқасынан шыбықты айырмайды... Әке-шеше де, басқалар да, баланы арашалауға тиісті емес, өйткені олардың ұғымында, молданың шыбығы тиген жер, о дүниеде тамұққа күймейді. 

«Өмір мектебі». 
Сәбит Мұқанов.

Дәрібай (бажырайып қарап, мысқылдап). Көп жасаңдар!.. Сабаққа келіп пе едіңдер?! Әбден жарайды, оқи қойындар. Молда болып шыққандарың жақсы. (Әйелдер бірін-бірі тасалап, шыға жөнеледі.) Көрдіңдер ме, ылғи бетімен кеткендердің ісін? Бұлар оқып не болмақшы екен?!. Әй, бұзылған заман- ай!.. Көрмегенді көрсеттің-ау?! Осы мұғалім де бір жағынан елді бүлдіріп болды. (Жан-жағына алаңдап қарайды. Керегеде ілулі кеспе әліпби көреді.) Мына біреуі дұғалық па екен. Әбден сопының үйінде осындай жазулар болушы еді. (Ленин суретіне көзі түсіп кетіп, тұрып барып үңіледі.) Жаным-ау, мынасы несі? Өзі орыс қой. Әй, әулиелігім бар ғой: шоқынған деп едім ғой, тұп-тура келгенін көрдің бе?! (Орнына отырып.) Бұл құдайдың қырсығы қайдан тап келеді дерің бар ма? Әттең бұрынғы күйім жоқ, әйтпесе, заманым барында мұндай ши аяқтарды ел маңынан жүргізер ме едім! Жұрттың өзі миғұла болып кеткен ғой деймін: кеше Құдайбергенді шақыртып алып айттым: «Келіндерді аздырып жүрер. Баяғыдан бері әйелді оқытпай да ел болып жүр едік қой, қойғызыңдар...» – деп. 

«Ауыл мектебі». 
Бейімбет Майлин.

Бізді қалаға әкелгенде, шанадағы 9 баладан бесеуіміз тірі жеттік.
…Бізді Ырғыздағы панасыздар үйіне орналастырды. Онда тіпті қиын екен. Арық-тұрақ, өзі аш балаларды бит жеп өлтіргенін көзім көрді. Қыстың ұзақ түнінде таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп ойлап, оның қасындағы тақтай қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға дайындаған сексеуіл сияқты төбеге дейін тіреп, жиып қойған өзім құрпы кішкентай балалардың өлі денесін көрдім. Сол жерде құлап қалыппын. Артынан біреу-міреу ішке кіргізіп тастапты.
…Нендей дерт екенін біл­мей­мін жаңа ғана сүт ішіп, нан жеп отырған бала оқыс қисая кетіп қылғына бастайды да көзі ақшаңдап жүріп кетеді. Менімен бір кереуетте жатқан бес бала осылай өлді.
…Жазғытұрым ауруханадан шықтым. Киімді беріп жатқан орта жастағы қазақ әйелі еңіреп жылады. Мен «неге жылайсыз?» дедім. Сонда әлгі кісі көз жасын сүртіп: «Осында келген 50 баладан әне бір-екеуің ғана тірі кетіп барасың. Өмірің ұзақ болады екен» деді.

Өтебай Қанахин.
 «Естеліктер».

Аян екеуміз бір партаға отыр­ған­быз. Бірінші күннен-ақ ол зеректігімен көзге түсті. Мұға­лімнің тақтаға жазған әріптерін айна-қатесіз қағазға түсіріп, тез жаттап алып жүрді. Тіпті келе-келе күніне бір-екі әріптен ғана өткенімізге көңілі толмай: 
– Барлық әріптерді тезірек неге үйретпейді екен. Шіркін, ағама хат жазар едім, – деп күңкілдейтін. 
Әрине, майдандағы әке-ағамызға хат жазу бәріміздің де көкейіміздегі асыл арманымыз еді. Сонымызды сезгендей Иманжанов та бізге тезірек хат танытуға бар күшін салып бақты. Сөйтіп, бас-аяғы бірер айдың ішінде әріптерді тегіс жаттап, бірлі-жарым сөздерді құрап, жаза алатындай халге жеттік. Ал Аян болса кәдімгідей: «Аса жаннан артық көретін аға...» деп бастап, хат жазатын болды. Ендігі оның қуанышында шек жоқ еді. Күнде сабақтан кейін үйіне келісімен төр алдына етбетінен түсіп, сиялы қарындашты тілімен жалап қойып, бет-аузын сия-сия ғып ағасына хатты үсті-үстіне жазатын да жататын. Күніне екі-үш хаттан жазады. Кейде әжесінің айтқанын жазса, кейде өз бетінше жаза беретін. ...Дәл біздің хат тануымызды күтіп жүргендей-ақ екі айдан кейін Иманжанов қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалды. Бір қол, бір аяғынан паралич болған. Басқа мұғалім келмеді. Осылайша, біздің оқуымыз да келер жылға дейін тоқтаған еді.

«Жусан иісі». 
Сайын Мұратбеков 

Қыс бойы сағынып жүрген, қыс бойы көре алмаған. Тіпті, онкүндік кезінде де. Алыс­та, басқа бір қыстауда болды. Сондықтан бара алмады. Басқа бір бала барды. Үшінші класта оқитын ересек бала. Үйлері Ертайлармен бірге екен. Онкүндікте де, алтыкүндікте де барды. Онкүндікте де, алтыкүндікте де Ертайды көріпті. Кішкене ақ тон киіп алған дейді. Басында қаракөл малақай, аяғында сырма пимасы бар. Тентек дейді. Боқтампаз дейді. Бірақ Нартай қайшымен жапырақтап қиылған газеттің бетіне салып беріп жіберген аттың, қошқардың, текенің суреттерін алыпты. Қатты қуанған көрінеді. Ағама апарып бер деп екі бауырсақ жіберіпті. Алтыкүндік демалыс кезінде Нартай сәлемдемеге ат үстіне мінген батырдың суретін жіберді. Бір бет ақ қағаз тауып алып, көк қарындаштың тұқылымен әдемілеп салған. Ертай бір бауырсақ беріпті. Шеті кішкене тістелген. Нартай үш бауырсақты көпке дейін жеген жоқ. Тіпті, қарны ашқанда да. Жаңа ақ киізден тігіп жасалған портфелінің түбіне сап қойды. Ертайды қатты сағынған кезде алып көретін. Ақыры жазғасалым, өзегі талып, көзі қарауытқан ұзақ күндердің бірінде сабақ соңынан жеді. Тас боп қалған екен, тісі өтпей, көп кемірді.

«Бір атаның балалары». 
Мұхтар Мағауин. 

Бүгін сентябрьдің бірі. Па­радтағы солдаттай жаңа формамды қатып киініп, мектепке келе жатырмын. Қолымда су жаңа сары портфель, мойнымда желбіреген қызыл галстук. Кепкамның қалай тұрғаны тәуір болар екен деп, әлгінде айна алдында бірталай машақат шегіп, ақыры, оң жақ шекеме таман сырғытып киіп едім. Соны байқамаққа көлеңкеме көз қиығымды салып қоям. Көлеңкем ұп-ұзын болып созыла түсіп, қалмай келе жатыр. Оның бір аяғы екінші аяғынан қысқа. Кепкамның сиқы да пәлендей әсерлі емес, төбесі қодырайып шығып кеткен. 

«Менің атым Қожа».
 Бердібек Соқпақбаев.

14009 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы