• Cұхбаттар
  • 07 Қыркүйек, 2023

Рүстем ҚАДЫРЖАН, философия ғылымының докторы: Ұлт тағдырына немқұрайды қарауға болмайды

Немқұрайдық пен енжарлық, қарақан бастың қамын ойлау мен әділетсіздікке көз жұма қараудан ада болсақ, экономикамыз бен әлеуметтік саламыздағы, рухани өміріміздегі ауыр зардаптардың алдын алуға, тым құрығанда кедергілерді барынша айналып өтуге болар еді. Осы ретте тіл мәселесі, әлемде, қоғамда болып жатқан түрлі саяси-идеологиялық оқиғалар төңірегінде Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Рүстем Қадыржанмен сұхбаттастық. 
 

– Абай «қартайдық, қайғы ойла­дық...» деген жасқа дейін Кеңес Одағы­ның, ол жас­тан соң Тәуелсіз Қазақстанның азаматы атандыңыз. Тіл мәселесі бұрын қандай еді, қазір, сіздің ойыңызша бұл мәселенің түйіні қалай шешіліп жатыр?
– Қарағанды қаласында туып өстім, сонда мектеп бітірдім. Анам жоғарғы сот мүшесі болды, белді қызмет атқарды. Қарағанды, өзіңіз білесіз, өндіріс орталығы. Жұмысшы табының дені өзге ұлт өкілдері еді. Алматы – ол уақытта бас қала. 1990 жылдары орыстілділері басым шаһар. Сондықтан, Қарағандыда да, Алматыда да қазақ тілінде сөйлейтін адам аз. Мені тәрбиелеген апам қазақша тәрбиемен өсірген-ді. 
Үшке келгенде, қарындасым дүниеге келді. Кейін апам анама «екі баламен маған қиын соғады» деген емеурінмен анама мені балабақшаға беру туралы ұсыныс айтқан. Міне, сол балабақшаға барғаннан кейін, шамамен 3-4 айдан соң орысша сөйлей бастадым. 
Бірде таңертең мені балабақшаға әкеле жатса, алдымыздан тәрбиеші шығып анама: «Жоғары білімді адамсыз, күйеуіңіз де білімді. Бірақ балаңыз бір ауыз орысша сөз айтпайды» деп сын айтыпты. Қарындасым да әуелі апамыздың тәрбиесінде жүргенде қазақша, кейін балабақшада орысша сөйлей бастады. 
Мектепте оқып жүргенімде әкем: «Қазақша неге сөйлемейсің?!» – деп ренжіп қалатын. Сол уақыттан бастап ана тіліміздің қадірін білуге тырыстым. 
Ал осы күні қазақ тілінің аясы кеңіді. Жас ғалымдардың түгелге жуығы мемлекеттік тілді жақсы біледі. Олармен қазақ тілінде емін-еркін пікір алмасуға болады. Иә, орталық қалаларда тұратын, жасы өзім қатарлы ғалымдармен орысша сөйлесуге тура келеді. Себебі, олардың кейбірі қазақша түсінгенімен, өкінішке қарай, академиялық тұрғыда пікір алмасқанда орысшаға ойысып кетеді. 
Өзім қыздарымды қазақ мектебіне оқуға бердім. Миллион тұрғыны бар ол кездегі Алматыда қазақша оқытатын тек бір ғана мектеп бар-тын. Бұрынғы Киров, қазіргі Бөгенбай көшесінде орналасқан 12-мектеп – балаларын қазақша оқытқысы келетін азаматтардың аяулы ордасы еді. 
Қазір, шүкір қазақ мектебі біршама бар. Ал азамат өз перзентін неліктен мемлекеттік тілде оқытатын мектепке апарғысы келмейді – ол басқа мәселе. 
– Джон Локк деген ойшыл заң бәрінен жоғары тұратын, адамның табиғи ажырамас құқы мен бостандығын мойындайтын мемлекетті жақтаған екен. Отбасынан қоғам, мемлекет мәселесіне ойыссақ... Бүгінгі саяси философия бағытындағы ғалымдар мемлекеттің осындай құрылы­мына қатысты қандай ой айтады?
– Джон Локк-эмпиризм мен либерализм өкілі. Феодализмге қарсы күресте буржуазия тарихи прогрестік рөл атқарды. Оның басшылығымен феодалдық қа­рым-қатынастардың үстемдігі жойылды, өндіргіш күштердің тезірек дамуына жағдай туды, бұл ретте ғылым мен техниканың дамуына мүмкіндік ашылды. Ұсақ шаруашылықтардың бытыраңқылығы жойылды, еңбек қоғамдастырылып, оның өнімділігі артты. Өнеркәсіптің дамуына қарай буржуазия қаланы ауылдан үстем қылды, ұлттық нарық құрып, Жер шарының барлық бөліктерін экономикалық жағынан бір нарыққа біріктірді. Буржуазиялық революцияларда буржуазия бостандық, теңдік және туысқандық ұранын ту қылды. Бірақ халық күшімен мемлекеттік билікті қолға алғаннан кейін, ол ұранды қанау ұранына айналдырды. Капиталды жұмсау саласына қарай буржуазия өнеркәсіп, ­сауда, банк, ауылшаруашылық буржуазиясы болып сала-салаға бөлінді. Жеке капиталистер және буржуазияның басқа да топтары қосымша құнды бөлісу үшін өз арасында күрес жүргізді, ал пролетариат пен еңбекшілерге біртұтас қанаушылар тобы болып қарсы шықты.
Буржуазия феодалдық қоғамның қойнауында пайда болып, дами бастады. Қолөнердің, тауар өндірісінің дамуы нәтижесінде қала халқы жіктеліп, олардан буржуазия элементтері бөлініп шықты. Буржуазия табы саудагерлерден, өсімқорлардан, дәулетті цех шеберлерінен, ауылдың жоғарғы топтарынан, феодалдардан құралды. Өнеркәсіп пен сауданың дамуына қарай молая түскен байлық пен ақша капиталын буржуазия иемденеді.
Мемлекет – өздерінің орнатқан ортақ зандары бойынша біріккен және сот жүйесін орнатқан, өзара керістерді шешу және айыптыларды жазалау үшін құ­рылған адамдар бірлестігі. Басқа ұжымдық (отбасы, байлар биліктері) ұйымдардан мемлекеттің ерекшелігі ол саяси билікті, яғни меншікті сақтап, реттеу мақсатында заңдар шығаруға құқылы, осы заңдарды орындауға күш жұмсай алады, әрі мемлекетті сырттан жасалған шабуылдардан қорғайды. Саяси либерализм негізін қалаушылардың бірі Джон Локк жеке тұлға еркіндігін қамтамасыз ете алатын саяси институттардың теориялық негіздерін қалады. Дж. Локктың пікірінше, мемлекеттің калыптасуына дейін адамдар ешкімнен рұқсат сұрамай, ешкімнің еркіне тәуелді болмай, өз қадір-қасиеті мен меншігіне толықтай құқығы болған. Барлық билік пен құқықтар өзара тиімді жағдайда және ешкім артықшылыққа ие емес еді, яғни теңдік үстемдік кұрды.
Локк мемлекеттің пайда болуын адамдардың табиғи құқықтарын, бос­тан­дығы мен еркіндігін, жеке меншігін берік камтамасыз ету мақсатындағы келісім арқылы құрған саяси қауымдастығы деп ұйғарады.
Джон Локк қоғамда билік тар­мақтары арасындағы дау-жанжалдан басқа, өте қауіпті дау-жанжалдың барын айтады. Ол – азаматтар мен тиран арасындағы дау-жанжал. Міне, осы дау-жанжалды шешу барысында Локк Джон халықтың көтеріліске шығу құқын қолдайды. Дегенмен, көтеріліске шығу, наразылық білдіруді халықтың саяси белсенділігінің бір түрі ретінде қарастырсақ, онда саяси жүйенің сипатын, басқару түрін өзгерту халықтың қолында екенін негіздеген деп қорытындылауымызға болады.
– Француз саясаткері Алексис де Токвиль шектен тыс демократияның кем­ші­лік­терін, оның жетілмеген тұстарын атап көр­сетті. Оның пікірінше, ең алдымен демократияға индиви­дуализм, эгоизм, азаматтар­дың саяси енжарлығы кауіп төндіреді. Біз саяси белсенді қоғамбыз ба, әлде енжармыз ба?
– Алексис де Токвильдің ең атақты еңбектерінің бірі – «Америкадағы демократия туралы». Демократия деп ешбір сыртқы іс-әрекеттің қатысынсыз, халықтың таза таңдауына негізделген саяси жүйені айтады. Сайлау – демократияның басты принципі.  ОБСЕ бақылаушылары елде өтетін сайлауды тексеріп, қарап, сараптап, қорытындылап кетеді. Халықтың көп бөлігі сайлау кезеңінде дауыс беруге бармайтынын бәріміз білеміз. Бірақ, нем­құрайды­лық­ты жою керек. Бұл – біздің ата-бабамыздан қалған ел. Ал елдегі болып жатқан мәселелердің бәрін бір биліктен көре беруге де болмас. 
– Көрші үйдегі айқай да көңіл күйді бұзады. Ал көрші мемлекеттегі кез келген күрделі жағдайдың көлеңкесі өзгеге түспеуі мүмкін емес. Философ ретінде қоңсы жатқан елдердегі соғысқа көзқарасыңыз қандай?
– Көрші Ресей мен Украина арасындағы соғыста аса аңғарымпаз болуымыз керек. Күнбе күн шетелдік ақпараттарды оқып, саралап жүремін. Себебі, таяқтың бір ұшы біздің мемлекетке де тиеді. Еліміздің жергілікті тұрғындарының арасында дауыс қақ екіге бөлінді. Бірі Ресейдің жеңісін қаласа, енді бірі Украинаны қолдайды. Біржақты пікір еш уақытта болмайды ғой. 
Алайда Украинадағы соғыстың қашан аяқталатынын нақты болжау мүмкін емес. Украиналық тарап қақтығысты бейбіт жолмен шешуге және өз аумағын толығымен басқару тетігіне ұмтылғанымен, саяси және әскери қиындықтар бұл процеске тосқауыл болып тұр. Сонымен қатар, Ресейдің араласуы, аймақтағы экономикалық және әлеуметтік мә­селелер және халықаралық қол­даудың болмауы соғысты ұзақ мерзімге дейін апаруы мүмкін.
Ұзақ соғыс ел экономикасы үшін ауыр жағымсыз салдарға әкеледі. Негізінен, қарулы қақтығыстар инфра­құ­ры­лымның бұзылуына, зауыттар мен кәсіпорындардың жойылуына, жұмыс орындарының қыс­қаруына және жұмыс­сыздықтың артуына себеп болады. Мұндай қиын жағдай экономикада үлкен мәселе туғызады, бұл өнді­рістің төмендеуіне және халықтың жалпы әл-ауқатының нашарлауына әкеледі.
Соғыс жүргізу біршама ресурстарды қажет етеді, бұл мөлшерден тыс әскери шығындарға әкеліп соғады. Қару-жарақ сатып алуға, әскерлер мен әскери базаларды ұстауға, медициналық көмекке және әскери персоналды тасымалдауға кететін шығындар – ұлттық экономикаға кері әсерін тигізеді. Олар әлеуметтік бағдарламаларға, елдің дамуына және халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға қолжетімді қаражат қорын азайтады. 
– Украинадағы оқиғалар біздің бүгінге дейін қалыптасқан бірлігі­мізге, ын­тымағымызға да әсер етіп жатқанын, пси­хологиялық фонның үлкен өзгеріске ұшырағанын айтасыз сұхбаттарыңыздың бірінде. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс елімізге қай сала жағынан кері до­минат­тылығын көрсетіп жатыр? Бұл мәселенің ұтымды жолы қандай?
– Қазақстанда азық-түлік бағасының күрт артуы, мұнайдың қымбаттауы, теңгенің құнсыздануы сынды бірқатар мәселелер алдымыздан шыға бермек. Сонымен қатар бұл фактор Қазақстанның гео­графиялық жағ­дайымен байланысты екенін ескерейік. Еуропа мен АҚШ-тан барлық транзит Ресей Федерациясының аумағында жүретіні белгілі. Шынында да, Азиядан, соның ішінде Қытайдан көптеген тауар Қазақстанға Санкт-Петербург порты арқылы жеткізіледі. Теңіз жолы – ең арзан жол. 
Бұл соғыс туралы заңгер, саятсаткер, экономистердің айтары бар. Міне, соларға құлақ түруіміз керек. Заңгер Ержан Есімханов шексіз тепе-теңдікті сақтау үшін бейтараптық қажет болғанымен, күндердің күнінде елімізге тек бір кеменің басын ұстайтын уақыт келетінін айтады. Бұған қоса, бассыздықтың алғашқы себепкері болған мемлекеттен алшақтап, тіпті «Еуразиялық экономикалық одақ» мүшелігін тоқтату туралы ұсыныстар да ғалымдар тарапынан айтылып жүр. 
Соғыс пен санкциялардың эконо­микалық салдары – Қазақ­станның экономикасына, халықтың тұрмысының нашарлауына әкелетін ауыр соққы. Ұлттық валюта құнсызданады, ірі компаниялардың акциялары позициясын жоғалтады, мұнай сатып алушылар Ресей мен Қазақстанның шикізатынан бас тартады.
– Ежелгі саясаттағы азаматтық концепция идеясының ойшылы Кау­тилья мемлекеттік қызметке тағайын­далатын лауа­зымды адамдарды таң­даудың аса маңыз­дылығын ескерді. Құзіретті қызметке қай­сы­бір адам­­ды тағайындамастан бұрын бірқатар сынақтан өткен екен... 
– Президентіміз министрлерді та­ғайын­­­­дамастан бұрын және орнынан алып тастағанға дейін түсініктеме берсе, бәрі­мізге ұғынықты болар еді деп ойлаймыз. 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Парламенті палаталарының бір­лескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жол­дауын жариялады. Бұл жолдауда экономика бен ұлттық қауіпсіздікке ерекше мән берілгенін аңғардым. Әскери өнер­кәсіп, сумен қамту, электр энергиясын өндіру сияқты көп бағыт бойынша елдің қауіп­­сіз­дігін күшейту керек сынды идеялар айтылды. Қазақстан жеке дербес мемлекет болуы үшін ресурс, кадр, шикізаттың тү­гелге жуық өзімізден болуы керек екенін баса айтты. 
Президентіміздің «Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды та­ғайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді» дегеніне де маңыз беріп қарағанымыз абзал. 
– «Ана тіліне» берген 2012 жылғы пікіріңізде «Ұлттық мүдде тіл саясатында қатаң ескерілуі тиіс» деп атап өттіңіз. 
– Иә, республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі – қазақ халқының игі­лігі, оның рухани және мәдени құндылығы, тұлғаның барлық дең­гейлерде қалыптасуына қажетті фактор, басқа тілдерді меңгерудегі базалық тіл, мәдени-тілдік қоғамдастықты дамыту мен көркейтудің кепілі және күшті идентификаторы, ондағы әлеуметтік-адами қатынастарды реттеуші, жалпы­адамзаттық және ұлттық білімдер, құндылықтар жүйе­сінің аккумуляторы және трансформаторы. Ана тілінен тамырын үзген адам – осы байлық пен бағасыз игілік­тен айырылған жан. Сондықтан Қазақ­стандағы үштілділіктің әрбір компонент-тілі осы тілдің басым­дығына бағынуға, соған қызмет етуге тиіс. Тіл саясатындағы тек осыдан кейінгі кезектегі, екінші басымдық – Қазақстандағы көптілділік, өйткені қазақ, орыс және ағылшын тілдерін мең­герген ҚР-ның әр азаматы өз білім капиталын айтарлықтай еселей алады, олай болса оның бәсекеге қабілеттілігі жо­ғары және мүмкіндіктері артық болмақ.
1989 жылғы тіл туралы заңда Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі деп жарияланды. Алты жылдан кейін 1995 жылы ҚР Конституциясында орыс тілі туралы тұжырымға өзгерістер енгізілді. Тілдерге арналған Негізгі Заңның 7-бабында «1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. 2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» делінген. Бұл өзгерісті қалай түсіндіруге болады? 
1989 жылғы тілдер туралы Заң іске асырылған алты жыл ішінде билік пен қоғам тек қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жариялады және ол ресми шаралары екеніне толық сенімді болды. Қолдау мен ілгерілету елдегі тілдік жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жеткіліксіз. Қазақ тілі қоғамда түбегейлі түрде басым болған жоқ. 
Мәдени интеграция саласындағы жағдай мүлдем басқа. Мұнда Ресейдің тілдік, мәдени, ақпараттық және басқа салалардағы фиксациясының деңгейі жо­ғары. Бұл орыс тілін этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде бекітуге ықпал етеді. Сол себепті қазақ тілі өз алдына мемлекеттік тіл ретінде үстемдігін орната алмай отыр. 
– Астанада биылғы оқу жылына 26 650 бала бірінші сыныпқа қабылданды, Оның 15 929-ы – қазақ тілінде білім алса, қалған 10 571-і орыс тілінде білім алады. Тіл бала жастан балаға қандай құндылық береді? Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған бір арнайы жоба ма? 
– Қоғамда екі түрлі ой қалыптасты: бірінде ата-ана баласының ана тілінде оқуын мақсат етсе, екінші топ балаларының – нақты өмірде де іске асатын білімді алғанын қалайды. 
PISA рейтингі Қазақстанның 2025 жылға арналған мемлекеттік стратегиясына енген. Ел билігі бұл рейтингідегі жағдайын жақсартуды көздейді.
Дүниежүзілік экономикалық форум «Білімге жаңа көзқарас» Халық­аралық есебінде ХХІ ғасырдың табысты адамының 16 түрлі білімі мен дағдысын айқындады. Мұнда үш негізгі блок қамтылады: «Базалық дағдылар» (қаржылық, мәдени және аза­маттық сауаттылық, АКТ дағдылары), «Құзы­реттер» (креативтік, байланысқа бейімділік, мәселелерді шешу) және «Мінез-құлық түрлері» (топта жұмыс істеу дағдысы, лидерлік қасиеті, ынталылығы). 15 жастағы білім алушылардың оқу жетістігін баға­лайтын PISA халықаралық зерттеуі аталған құзыреттіліктерді кешенді бағалауды қарастырады. 
Жоба үйлестірушісі – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ). PISA зерттеуі Консорциум арқылы алдыңғы қатарлы халықаралық ғылыми ұйымдардың қатысуымен іске асырылады. Олар: АҚШ педагогикалық тестілеу қызметі (Educational Testing Service, ETS), WESTAT Америкалық ұйымы, Pearson Education Британдық білім баспасы және бағалау қызметі, cApStAn Linguistic Quality Control Белгиялық лингвис­тикалық орталығы. Оқушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылықтарын баға­лайтын негізгі бағыттары болып қала береді. Сонымен қатар, PISA зерттеуінің әр кезеңінде үш облыстың біріне басымдылық беріледі. «Оқу сауаттылығы» пәні 2018 жылы білім жетістіктерін бағалаудың басты бағыты болды. PISA-2018-де PISA-2009-дағыдай оқу сауаттылығы басым бағыт болды.
Бұл зерттеу 15 жастағы білім алушы­лардың оқу, математикалық және жаратылыстану ғылымы сауаттылықтары бойынша дағдыларын бағалайды. Осы бағыттардың біреуі әр 3 жыл сайын негізгі бағыт. Бұл берілген сұрақтардың жартысына жуығы белгілі бір бағыт бойынша басым болатынын білдіреді. PISA тесті оқушылардың ака­демиялық білімдерін анықтауға емес, функционалдық сауаттылықтарын анық­тауға, яғни, алған білімдерін қолдана білуге, талдауға, сыни ойлауға бағытталған. 
Қазақстан оқушыларының PISA нәти­желері өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, ал 2012 жылға және 2015 жылға қарағанда 2018 жылы қатты құлдырап кеткені байқалады. Бұл Қазақстан оқыту саласындағы сапасыздық, жүйесіздік, біліксіздік және жемқорлық дерттерімен қатысты, екі тілмен, тіпті үш тілмен жас балалардың ми жұмысының бәсеңдеуіне алып келген істің жемісі.
Сіз айтып отырған мәселе де осыдан шығатындай сыңай танытады. 
– «Нақтылық саяси жүйенің сапалық жақсаруына әкеледі. Нақты мерзімдерді белгілеудің арқасында саяси күштер өз әрекеттерін жоспарлай алады. Бұл саяси үдерістің жалпы даму векторын нығайтуға көмектеседі». Ұлттық идеямыз бар ма? Ұлттық идея дегеніміз не? 
– Ұлттық идея негізі – туған жерге сүйіс­пеншілік, халықтың тарихына, тіліне, әдебиетіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына, ырымдары мен тыйымдарына, жора-жосынына қызығушылық арқылы қалыптасады.
Мемлекеттің болашағын ой­лаған адамға маңызды нәрсе ол ұлттың тағдыры. Ұлттың тағдырын шешетін нәрсе оның құндылықтары, құндылықтарын сақтай алмаса ұлт қанша мықты болғанымен ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан, қай уақытта да елдің күші, мәдениеті мен өркениеті құндылықтарды ақыл таразысына салып, ұлттық мүддені қорғаудан, оның өмірін жалғайтын дүниелерді ойлап табудан (қалыптастырудан) шығып отырған.
Ұлттық идея деп – халыққа, ұрпаққа ұлттың игілігі мен болашағына ортақ тәжірибелер мен білім түрлерін, дана­лықтың үлгілерін айтамыз.
Ұлттық идея – ұлт пен оның өкілі жеке адамның рухани түп қазығы. Ұлттық идеямен тәрбиеленіп өскен адам кейінгі буынға игілік болып саналатын құндылықтарды табыстап отырмақ. Атап айтсақ, ұлттың тілі, атамекен, дін мен діл, дәстүр, дәстүр мен мәдениет туралы кемел түсінік адамның танымына ұлттық идея арқылы енеді. Ұлттық идеяның негізінде, әсіресе, оны ұрпаққа насихаттауда құндылық білімдері жатыр.

Әңгімелескен 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

1850 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы