• Cұхбаттар
  • 14 Қыркүйек, 2023

НҰРЛАН БАЛТАЕВ: АДАМ ТАҒДЫРЫН БІР ДӘРІГЕР ШЕШПЕУІ КЕРЕК

Ел ішінде еңбек адамдары көп елене бермейді. Біз бүгін нағыз «Еңбек ­адамы» онколог дәрігер Нұрлан Балтаев туралы әңгімелеуді жөн көрдік. Ол онкология бойынша еліміздегі жетекші маман, Онкологиялық аурулардың терапиялық тактикасы бойынша сарапшы, қатерлі ауруларға, шұғыл және жоспарлы хирургияда онкологиялық және онкологиялық емес хирургиялық операциялардың кең спектрін орындаушы, асқынған ісіктерге, қатерлі ісіктердің жергілікті рецидивтеріне, сондай-ақ басқа медициналық мекемелерде жүргізілген сынақтан және радикалды емес араласудан кейін қайталанатын операцияларға арналған әртүрлі сипаттағы және күрделі операцияларды жасайды. 
 

– Нұрлан Анарқұлұлы, әңгімемізді алдымен сіздің жұмысыңызды танысты­рудан бастасақ?
– Мен көбіне ісік процесіне көрші мүшелер қатысқанда (екі немесе одан да көп мүшелерде, бауырда, ұйқы безінде, асқазанда, тоқ ішекте, қуықта, несеп ағарларда және ірі тамырларда) кейіннен реконструкциялаумен бірге көп мүшелі аралас операцияларды жасаймын. Сонымен бірге, ультрадыбыстық және КТ басшылығымен биопсия жасаймын. Осыған дейін жасалған күрделі оталардың саны 10 мыннан асты. 
– Қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін ғылыми дәлелденген факторлар бар ма?
– Рактың пайда болуына әсер ететін, көп зерттеумен дәлелденген факторлар бар. Әр обырдың факторы әртүрлі. Мысалы, тоқішекке – фасфуд, етті көп жейтіндер, сыра көп ішетіндер душар болады. Өкпенің қатерлі ісігіне темекіні көп шегуі, бауырдың ісігіне гепатит В, С, асқазан ісігіне асқазандағы жаралар қатерлі ісікке алып келетін бірден бір факторлар болып келеді. 
Әрине, бүгінде онкология үлкен және өзекті мәселе болып қала береді. Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де. Өте маңызды аспект, онкология жасарып, жыл сайын, өкінішке қарай, көбейіп келеді. Мұның себебі – өмір салтынан бастап, қоршаған ортаның жағдайына дейінгі көптеген әртүрлі факторлар және бұл бөлек талқылауға арналған тақырып. Бірақ халық арасында онкологияның өсіп келе жатқаны шындық. Онкологиялық аурулар өлім-жітім бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр. Мәселен, жатыр мойны обыры адам папиллома вирусынан туады. Бұл – ең көп таралған вирус. Ол жыныстық жолмен беріледі. Вирустың геномдары ағзада ондаған жыл бойы өмір сүрсе де, иммунитет одан қорғап тұрады. Бірақ иммунитет әлсіреген кезде виурс қатерлі ісік туғызады. Сыртқы факторларға зиянды әдеттер: темекі шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдану жатады. Тамақтанудың да ықпалы бар. Дұрыс тамақтанбау да – зиянды әдеттің бір түрі. Күнделікті стресс, жүйкеге артық жүк түсуі, демалыс пен жұмыс режимінің дұрыс болмауы да иммун жүйесіне кері әсер етеді. Қоршаған орта да маңызды. Ауаның ластануы, айналадағы технологиялар. Радиотолқын да қауіпті. 
– Диагнозын ерте біліп, уақтылы ем алатын науқастар санын көбейту үшін не істеу қажет? Скринингтен өту жиілігі қандай болу керек?
– Диагнозын ерте білген, уақтылы ем алатын науқастар санын көбейту үшін әр адам өзінің денсаулығына өзі жауапты болғаны дұрыс. Ең бастысы, профилактикалық тексеруден өтіп тұрғаны жөн. Скринингке шақырғанда, барып өтіп тұрғаны керек. Бізде Қазақстанда скринигтің үш түрі бар, ол тоқ ішектің, тік ішектің қатерлі ісігінің скринингі, сүт безінің қатерлі ісігінің скрнингі және жатыр-мойын қатерлі ісігінің скринингі. Оның барлығында ерте, уақтылы барып тұрған жөн. Барлық науқас 40 жастан кейін жылына екі рет тексеріліп тұрғаны тиімді. Тексерілмесе болмайды. Ісік ертерек анықталса, емдеудің нәтижесі мен қорытындысы да жақсы болады. Мысалы І сатыда болатын болса, толық емделіп кету 90 пайыздан жоғары. Онкологиялық аурушаңдылық көне ғасырдан бері бар. Ол жастар арасында да, қарт адамдар арасында да болған. Қатерлі ісікпен көбіне 50-ден асқан адамдар ауырады. Алдында айтып өткендей, 55-74 жас аралығындағы адамдар жиі ауырады. Балаларда жиі кездесетін аурулар болады (ақ қан, ретинобластома, нефробластома, саркома). Балалар мен жастар арасындағы профилактикалық қараулардың нашарлап кетуі, балалар мен жастар арасындағы ауруларды көбейтіп, әрі ушықтырып жатады. Ол тек жастар арасында ғана емес, орта жастан асқан адамдар арасында да кездеседі.
– Рактың алдын алуға бола ма?
– Ракты алдын алудың ең бастысы темекі тартпау, арақ-шарап ішпеу, денсаулықты сақтау, қазір трендте жүрген дұрыс тамақтану барлығы рактың алдын алуға көмектеседі. Бірақ медицинада жақында көптеген инновациялық өзгерістер орын алғандықтан, тіпті үмітсіз де емес. Қазір онкологиялық сырқатты емдеу өте қарқынды дамып келеді. Инновациялық емдеу әдістерін, әртүрлі операциялар түрлерін, аз инвазивті технологияларды, арнайы препараттарды, соның ішінде химиотерапиялық препараттарды, мақсатты жасушаларға, яғни ісікке тікелей әсер ететін мақсатты препараттар деп аталатын әдіс тұрақты түрде енгізіліп жатыр. 
Барлық түрі болмаса да, қатерлі ісіктер адамдарда тұқым қуалауы мүмкін. Сүт безінің, аналық безінің қатерлі ісігі бар әйел адамдардың қыздары, немерелері ауруы мүмкін. Асқазан, ішек жолдарының қатерлі ісігі бар әкесінің балаларында түрлі онкологиялық аурулар шығып жатады. Сондықтан, ата-анасы немесе ата-әжесі қатерлі ісікпен ауырып, содан қайтыс болса, балалары жылына бір рет болса да медициналық тексеруден өтіп тұруы артық етпейді. Қазіргі уақытта түрлі «чек ап» бағдарламалар кез келген онкологиялық орталықта бар. Ал егер бір ауру белгілері бар болса, уақыт кешіктірмей дәрігерге көрінген дұрыс.
– Ерте диагностика мен емдеу тиімділігін арттыру үшін не істеу керек?
– Әрине, бастапқы сатысында анықталған қатерлі ісіктер жақсы емделеді, соңғы сатыларында емдеу қиын, кей жағдайларда емге де жарамай қалуы мүмкін. Ал аурудың кеш сатысында емдеу әрқашан қиын, ұзақ әрі қымбат тұрады. Ал ауру қаншалықты ерте анықталса, жылдам әрі жеңіл емделеді. Ол өз кезегінде құлан таза жазылып кетуге мол мүмкіндік тудырады. Біздің орталықта 11 мыңнан астам адам қатерлі ісік диагнозымен тіркеуде тұр. Олардың 55 пайызға жуығы 5 жылдан астам уақытқа өмірін жалғастырып жатыр. Ол – диагностикалау мен емдеу стандарттарының сапасының артқанының арқасы.
Ерте диагностика мен емдеудің тиім­ділігін арттыру үшін әрбір азамат уақы­тында тексеруден және скрнингтен өтіп тұруы керек. Қазақстан Республикасында онкологиялық науқастың ең алғашқы қадамы, алғашқы әрекеті, ең бастысы жергілікті емханаларда терапевтке көріну қажет, керек болса онкологқа жібереді. Әр емханада онколог дәрігер бар. Соның бәрінде тексеруден, диагностикадан өткен дұрыс. Ең бастысы, ауруды ерте анықтау қажет. Өйткені онкологияның 90 пайыз немесе одан да көп толық емделуі ерте сатысында. Ал бастапқы кезеңде емдеу­ге кететін шығындар бірнеше есе аз, ал емдеудің өзі де, тиімділігі де, керісінше, жоғарырақ.
Бірақ ерте анықтау үшін тұрғындарды жүйелі профилактикалық тексеруден өткізу қажет. Өйткені, егер қатерлі ісік ауруы анық көрінсе, яғни ауырсыну басталып, басқа белгілер болса, онда бұл кем дегенде үшінші жетілдірілген кезең және мұнда табысты нәтиже туралы айту өте проблемалы. Сондықтан мерзімді түрде, мысалы, жылына бір рет скринингтен, яғни профилактикалық тексеруден өту өте маңызды. Оның үстіне, Қазақстанда бұл мемлекеттік міндетті медициналық көмек (ММК) аясында аумақтық емханаларда мүлдем тегін жүргізіледі.
Бүгінгі таңда көптеген аурулар ерте кезеңінде анықталады. Бұған жатыр мойны обыры, сүт безі қатерлі ісігі және тоқ ішек обыры жатады. Заманауи жабдық кез келген дерлік қатерлі ісіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Ал, қайталап айтамын, ісік неғұрлым тезірек табылса, сауығу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады, яғни бірінші кезеңде ол (рак) толық жазылады. Тиісінше, тиімді операция жасауға, аурудың ошағына әсер етуге, профилактикалық ем жүргізуге және адамды толық сау деп санауға болады.
– Балалар мен жасөспірімдердің қатерлі ісікке шалдығуы қай деңгейде және оның алдын алу мүмкіндігі қандай?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын 19 жасқа толмаған 400 мың баладан онкологиялық ауру анықталады. Рактың лейкоз, мидың қатерлі ісігі, лимфома, нейробластома сияқты түрлері жиі кездеседі.
Кешенді медициналық қызмет көрсетілетін, табысы жоғары елдерде балалардың 80 пайызы ауруынан айығып кетеді. Табысы орташа немесе төменгі елдерде 30 пайызы ғана аяққа тұрады. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жылда елде 600 балаға рак диагнозы қойылады. Ресми дерек бойынша, науқастардың 70 пайызы жазылып шығады. Балалар рагын скрининг көмегі­мен анықтап, алдын алу мүмкін емес. Америкалық онкологиялық қауымдастықтың дерегінше, баланың денесінде кішкене төмпешік немесе ісік пайда болса, күш-қуаты кеміп, беті бозарып, үнемі денесінің бір жері ауырса, аяғын ақсаңдап басып, себепсіз қызуы көтерілсе, ұзақ ауырса, басы ауырып, құсса, көру қабілеті нашарласа, жүдей бастаса, дереу дәрігерге қаралу ауруды ертерек анықтауға септеседі.
– Жуырда Түркияда қате жасалған отаға қайта ота жасағаныңызды естідік. Жалпы елімізде онкологияны емдеу мүмкін емес деген теріс көзқарас бар, науқастар сол үшін шетелге баруға тырысады. Қазақстандық онкологтардың жұмысы туралы айтсаңыз?
– Алматы онкология орталығында қазіргі заманауи технологиялық барлық емнің толық циклдары өтеді. Жәй сөзбен айтқанда хирургиялық тәсіл, химиятерапиялық тәсілмен және сәулемен емдеу барлығы бар. Жыл сайын бізде 20 мың науқас емделіп шығады. Қазіргі кезде қалыптасып кеткен жайт, барлығы тренд болды ғой, «шетелге барып емделіп шығамын» дейді, оның барлығы бос сөз. Қазіргі глобалды, цифрлы заманда шетелде – Германияда болсын, Түркия, Америкада болсын, барлық емнің хаттамалары бірдей. Қандай химиятерапия болсын, Америкада қалай қолданса, Қазақстанда да дәл сол схемамен емделеді. Дәрінің барлығы жеткілікті. Мемлекет барлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен. Ал хирургиялық тәсілге келсек, қазіргі заманауи технологиялар тәсілімен жасалатындардың барлығы бізде емделеді. Көп азаматтар шетелдік дәрігерлерге сеніп, Түркияға, Кореяға барып, қаншама қаржысын жұмсап, өзімізге қайта келіп емделіп жүреді. Өкінішке қарай, ол белгілі жайт, айта кетерім, Алматы онкологиялық орталықта барлық емнің тәсілдері бар, кеспей жасайтын емнің бәрі жасалады. Мемлекет тарапынан тегін ем алуға мүмкіндігі бар. Шетелге емделуге барып, асқындырып келген науқастар өте көп. Жарты жылдың ішінде он шақты науқас шетелде ота жасатып, асқындырып келген. Өкінішке қарай, біздің азаматтар тек үлкен ақшаны тастап келеді. Ал емнің нәтижесі де, қорытындысы да бірдей. 
Иә, «Қазақ дәрігерлері емдеуді, күрделі ота жасауды білмейді, мысалы, Кореяда, Түркияда немесе Израильде мұның бәрін жоғары деңгейде жасайды» деген пікір бар. Алайда, біз пациенттердің ұзақ уақыт шетелде емделіп, ол үшін қыруар қаржы төлеп, содан кейін өліп кету үшін елге оралған көптеген мысалды білеміз. Біздің мамандар жоғары кәсіби деңгейде тамаша орындай алады. Минималды лапароскопиялық, минималды инвазивті деп аталатын, кез келген мүшелерге – өкпеге, өңешке, асқазанға, қуық асты безіне, қуыққа, тоқ ішекке, тік ішекке – осы операциялардың барлығы толық көлемде орындалады, ең бастысы, бұл тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген ауқымында. Мысалы, Кореяда асқазанды лапароскопиялық алып тастау 30 000 доллар тұрады. Бізбен – емделуші үшін толығымен тегін, мемлекет есебінен.
– Ел ішінде «медицина бизнеске айналды» деген пікір бар?...
– Осыған байланысты фактор да бар – біздің елде, өкінішке қарай, жағдайды анық бақылайтын және делдалдар мен әртүрлі шетелдік клиникалардың өкілдері болып табылатын, тиісінше, өзіндік экономикалық пайдасы бар әртүрлі жеке шетелдік құрылымдардың өте күшті лоббиі бар. Сонымен қатар, шетелдік әріптестеріміздің жоғары медицинасы мен кәсіби біліктілігін ешкім жоққа шығармайды. Оның үстіне біз де олардан көп нәрсені үйрендік және үйренуді жалғастырамыз. Бірақ бұл дәл объективті көрініс. Әрине, дәрігерлер үшін мамандықтың гуманистік негізі бірінші орында тұр. Онкологияға келетін болсақ, дүние жүзіндегі онкологтар емдеудің жаңа әдістерін, дәрі-дәрмектерін, әдістерін және технологияларын жасау үшін күш біріктіріп жатыр деп айта аламын. Бұл жерде қазақстандық мамандар соңғы орында тұрған жоқ. Біз де түрлі халықаралық конференцияларда сөз сөйлеп, семинарларға қатысып, өз мақалаларымызды үнемі жариялаймыз.
Бұл жерде тағы бір маңыздысы, онкология­ның күрделі ғылым екенінде. Бұл тек хирур­гия немесе химиотерапия емес. Мұнда көптеген маман – рентгенолог, диагностик, химиятерапевт, хирург болуы керек. Әрине, онкологияны емдеу өте қиын мәселе. Өйткені онкологиялық аурулардың әрбір жағдайы ерекше. Мысалы, біздің орталықта бір дәрігер ешқашан қорытынды шығармайды. Әрбір жаңа жағдайды мультидисциплинарлық топ деп аталатын топ қарайды, онда әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер қателік ықтималдығын азайту үшін науқасты талқылайды. Яғни, бір дәрігер адамның тағдырын шешпеуі керек. Шешім барлық пікірді ескере отырып қабылданады. Әрбір нақты науқас үшін емдеу тактикасы әзірленеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1745 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы