• Cұхбаттар
  • 14 Қыркүйек, 2023

Жастықтың серті – адалдық

Президент Жолдауында жастарға қатысты тың ой да көп айтылды. Бұл орайда Жолдауға қатысты жастардың өзі не айтады, олардың мақсаты, мұраты Жолдауда айтылған пікірмен үндесе ме – мұны да білу маңызды. Жастардың өкілі Айнұр Бақытжановаға сөз бергендегі мақсатымыз – Жолдаудағы «Адал азамат» ұғымы мен жұмыссыздық, өзге де мәселелерді бірлесе талдағымыз келген еді... 
 

– Айнұр, қалай ойлайсыз, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағ­дары» Жолдауының Қазақстан жас­та­рының болашағына ықпалы қандай болмақ?
– «Әділетті Қазақстанның эконо­ми­калық бағдары» атты Жолдауда алдағы уақытта елімізде болатын экономикалық реформалар айтылып, оны іске асыру кезінде «Адал азамат» концепциясының негізінде «Әділетті Қазақстанның» экономикасы дамитыны, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратыны айтылды. 
– Жолдауда жастарға қатысты айтыл­ған ой-пікірдің маңызын тарқатып айтып берсеңіз?
– Ең алдымен, білім беру сала­сындағы өзгерістердің жастарға әсері туралы айтыл­ған ой ұнады. Президент ұрпақтар арасын­дағы сабақтастық пен мемлекеттегі жас­тар және балаларды қорғау мен қолдауға қатысты ойын әркез айтып жүр. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы кезіндегі мемлекеттегі жас­тар мен балаларға қатысты пікірі де маңызды. Жолдауда Президент балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қолға алынғанын атап өтті. Қазір қала мен ауылдағы балалардың бірдей сапалы мектептерде білім алуын, сол мектептердің қауіпсіз болуына аса мән беретінін тапсырды. Сапалы медицинаға, аурухана санының артуына нақты назар аудартқан. 
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам ден­сау­лық сақтау нысаны салынып жатыр».
Мемлекет басшысы 2020 жылдың 27 мамырында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы кезін­де Қазақ­стандағы білім беру жүйесіне қатысты пікірін айтып еді. Қазақстанда сапалы білім беру кезінде бөлінетін қаржының көлемінің, сондай-ақ мектептердің инфрақұрылымының, жабдықталуының әлсіздігі жастардың білім сапасына тікелей әсер ететінін атап өткен болатын. 
Иә, әрине Қазақстан оқушыларын әлемдік аренада сапалы білім тұрғысынан бәсекелес ету үшін көп инвестиция мен салым салу керек. Салыстырмалы түрде, Қазақстан мектептегі бір білім алушыға бір жылда 1 мың доллар жұмсайды, ал PISA рейтингінде жоғары көрсеткіштегі мемлекеттер бір балаға жылына 10–14 мың доллар жұмсайды екен. Мемлекет қазір балалар­дың, жастардың сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасауы керек. Сондай-ақ шалғай және халқы тығыз аймақтарда білім беру сыныптары мен топтарында білім алушылар санының аз болуы, білім беру мекемелерінің сан емес, сапаға жұмыс істеуі де маңызды деген ойдамын. 
«Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден аса спорт залдарын салу жоспарланып отыр» – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында.
Жолдауда айтылған Қазақстан жас­тарының қауіпсіздігін, сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Мемлекет басшысы еліміздегі жастардың демографиялық үлесін айтып, мемлекеттегі орта жас – 32 жас екенін атады. Тұрғындардың үштен бірі жастар болғандықтан, қазір үкімет демо­графиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға пайдалану керек.
Жолдау барысында Мемлекет басшысы әрбір жастың бойында әділеттілік пен адалдық сезімдерінің болуын, ал бұл мінезді аға буын жастарға дарыту керегін атады. Мемлекет басшысы сондай-ақ, жастардың, жасөспірім ба­лалардың психикалық саулығына қатысты да өте маңызды жайттарды атап өтті. 
«Білім беру мекемелеріндегі пси­хо­логиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зом­былыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», – деген болатын Президент.
Жолдауда айтылған балалардың қауіпсіздігі мен білім берудегі сапа туралы мәселелер де ерекше атап өтуге тұрарлық. Елімізде мектептердегі буллингтен басқа, зорлық-зомбылық, кемсіту, құқық бұзушылық бары БАҚ ақпараттарынан айқын көрінеді. Мысалы, ЮНИСЕФ мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда балалардың 63 пайызы зорлық-зомбылық пен кемсітудің куәсі болған, 44 пайызы құрбан болған және 24 пайызы мектепте басқа балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсіту әрекеттерін жасаған.
Сапалы білім беруде оқытушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арт­тырудың маңызына да Жолдауда назар аударылған.
«Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұға­лім­дердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», – деген болатын Президент. 
Еліміздің шалғай аймақтарындағы білім баршамызды алаңдатады. Себебі, осындай аймақтарда «сапалы» және «заман талабына сай» білім беретін оқытушылардың саны аз болып немесе олар мүлде жоқ болуы да ықтимал. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы «Адал азамат» тұғырнамасы туралы маңызды жайтты тұтқа етіп алды, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар да осы тұғырнаманы ұстануы керек деген пікірдемін. 
– Жұмыссыздық мәселесіне қатысты да жайттар Жолдауда қозғалғаны белгілі...
– Иә, дұрыс айтасыз. Жұмыссыз­дық­пен қатар, бүгінгі заман ағымына қатысты маңызды мәселелердің бірі Интернет жылдамдығы туралы да пікірімді білдіргім келеді. 
Жеке өз мысалымнан айтсам, Алматы қаласының шекарасында тұрамын. Интернет дұрыс ұстамайды. 
«Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қол­жетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», – деген болатын.
Бұл жерде интернет мәселесіне қоса қазақ тіліндегі цифрлық ресурстардың аздығын да назарға алсақ деймін.
Ал жастарды жұмыспен қамту мә­селесі жастардың өздері үшін де, жалпы қоғам дамуы үшін де өте өткір жайт.
Президент Жолдауында: «Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.
Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдық­тарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек», – деді.
Сөзім анығырақ болуы үшін деректер келтіре кетсем. 2023 жылдың бірінші тоқсанында 15 және одан жоғары жастағы халықты жұмыспен қамту деңгейі 65%, жұмыссыздық деңгейі (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша) 4,8%, жұмыссыздар саны (ХЕҰ әдістемесі бойынша) 453,4 мың адамды құрған. Жұмыспен қамтылмаған, білім алмайтын, оқымайтын NEET жастарының үлесі – 7,9%. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылдың наурыз айының соңында халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген адамдар есебінде 57,2 мың адам жүгінген. Барлығы 36,4 мың адамды жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар қарастырылып, кәсіптік даярлауға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға 13 мың адам жіберілді, қоғамдық жұмыстарға 12,7 мың адам қатысқан.
Жастарды жұмыспен қамту туралы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында былай деген болатын: 
«Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет».
– «Әділетті Қазақстанның эконо­микалық бағдары» атты Жолдаудың жастар болашағына ықпалы қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстан – терең тарихы, бірегей құндылығы, саяси жолы мен бағыт-бағдары айқын іргелі мемлекет. Бейбітшілік жолын ту етіп көтерген ел. Ел тұрғындарының да сақтауы, ертеңге жеткізуі маңызды аманаты мол. Ата-бабамыздан жеткен жәдігерлер мен асыл сөзді де қадірлеп, қасиетін таныта білуіміз маңызды. 
Біз, жастар, мемлекетті кемел болашаққа жеткізушілерміз. Біздің бұл жолдағы еңбегіміз кішкентай дүниелерден де көрінеді, мысалы жай ғана «Адал азамат» болу мен адамгершілігімізді сақтаудан байқалса дейміз. Себебі, жастықтың серті адалдық қой, білгенге!
Қасым-Жомарт Тоқаев іс-сапарлары кезінде әрдайым жастармен, балалармен кездеседі. Сондай кездесулерде жас ұрпақтың ашықтығы мен еркіндігі тамсандырады. Олар Президентпен еркін сөйлесіп, өз ойын ашық айтып жүр. 
«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында мемлекеттің эко­номикалық реформалар негізінде дамуы­ның кілті айтылған, дегенімен оның астарында адамдардың мінезіне, болмысына қатысты идеялар да бар. Бұл Жолдауды оқып, түсінгендер Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасын байқайды дегім келеді.

Әңгімелескен 
А.Айдарқызы

2235 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы